- 27 қар. 2019 00:00
- 262
Қыз қылығымен
Қарақия ауданы Мұнайшы ауылының
№5 орта мектебінің
Бастауыш сынып мұғалімі
Жылқыбаева Фариза Әділбекқызы
Көпшілік ата-аналармен сөйлесе қалсаңыз, қыз балаға қарағанда ер бала тәрбиесі әлдеқайда қиын екендігін айтады. Шынында, қай баланың болса да өзінің ерекшелігі, өзіне тән қиыншылығы болады. Бала тәрбиесі күрделі процесс. 11-12 жастан бастап бала организмінде физиологиялық, психологиялық өзгерістер басталады. Мұндай өзгеріс кезеңі қыз балаларда ертерек байқалады. Сондықтан да 4-5 сыныптарда қыз балалардың ерекше белсенділігі алдыңғы ретте болып шешуші рөл атқара бастауы жиі кездесетін құбылыс.
Бұл кезеңде балалар өз бойындағы кемшілікті, мінезіндегі шәлкестікті жасыра алмайды. Бейнелеп айтқанда ашық майданға шығады. Бірақ 2-3 жыл өтіп, 7-8 сыныпқа келгенде олар сол мінездерін жасырып, үлкендердің көзіне түсірмей істейді. Бұдан қыз баланың ішкі дүниесі, мінез-құлқы өзгермейді. Тек сырт көзге бойы өсіп, ойы кемелденіп, мінезі қалыптасып қалғандай көрінеді. Бірақ, шын мәнінде ызақорлық, долылық, көкіректік мінездердің барлығын ол ішке бүгеді, ал 9-10 сыныпқа барғанда ондай қыз балалар табиғи мінездерін сыртқа шығармауға машықтанып алады. Осыдан келіп бұл жастағы қыз балалардың тұйықтығы, үлкендерге сенбейтіндігі, сыр ашпайтындығы пайда болады. Осындай қыз балалар үлкен өмірге шыққанда, енді қоғамның тең мүшесі болдым, өз еркім өзімде деп, баяғы алғашқы “ересектену” кезеңіндегі шартпа шұрт төбелес, өзімшілдік, өктемдік мінез құлықты құрал етіп шыға келеді. Міне, ұжымда жұғымсыз, еңбекке қырсыз, жақын жуықтарымен тіл таппайтын, сөйлесе, сөз бермейтін, үлкенді сыйламайтын, кішіге қамқор бола алмайтын үлкенді кішілі әйел жолдастар осылайша қалыптасқан мінез-құлықтардың нәтижесі.
Мектеп жасындағы қыз балалар тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады:
Бірінші кезең. Бастауыш сыныптар кезеңі-бұл кездегі тәрбиенің басты мақсаты: тазалыққа. ұқыптылыққа, жинаққылықа үйрете отырып, көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту.
Екінші кезең. 4-7 сыныптар арасына өткен кезеңдегі тәрбие түрлерін ілгері қарай дамыту болмақ. Осы кездегі жас ерекшелігіне орай, қыз бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қалт еткен нәрсені айтып келеді.
Үшінші кезең. 8-10 сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтың тәрбиесі алдындағы өткен кезеңмен тығыз байланысты. Егер алабұртқан, алып ұшқан екінші кезең қалыпты да дұрыс, жүйелі тәрбие берсе, бұл ересектену кезеңі қиын болмайды.
Адамға деген махаббат, қамқорлық, бала кезден ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға оның анасы мен мұғалімі алдымен өзін сыйлатуды, сүйе білуді, қамқор болуды үйретсе, келешекте одан елін, жерін, халқын шын сүйетін, өз отбасын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, нәзік жан, қайратты ару шығатыны сөзсіз.