Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қыз сыры

Умей отдавать свою душу,
Умей свою душу хранить

В. Брюсов

Қыз жүрегі сыр бүккіш. Талай сырды тұйық сақтап, білмегенсіп, сезбегенсіп іште ғана түйеміз. Орынсыз әзіл айтқан кейбір ұрыншақ жігіттерге тіл қатынастан көзімізді бір төңкеріп, іштей күліп тұратын да кездеріміз болады. Осындайдан оңай ұғып, біз туралы кейбір кезде арзан сындар айтыла салатыны да мәлім.

Сыр — адамның жан дүниесі ғой, оны ұғу оңай боп па. Білмейді деп біреуге сын тағудың өзі қиын. Ішімдегіні ойлап тап деуден аулақ болғым келеді менің. Ішке түйген сырды сыртқа да бір шығарып көрген дұрыс. Мүмкін сырым қыз бойына лайықсыз, анайы боп көрінер. Мұның несін айтасың деп кейбір қыздар намыстанып, мін тағар. Тақса тақсын, оған да мен көнемін. Жалғыз-ақ, солар сынау, мінеу оңай да, ал бар қиындық адам жанын білуде екенін ұғына білсе болғаны.

Өз басым кемшілікті жасырып, жақсы болғым келмейді. Сондықтан да қыздарға тән тұйықтықты былай қойып, бар шынымды, бар сырымды алдарыңа саламын, құрбыларым.

1

— Шолпан, сен оқыған кітаптарыңның кейіпкерлеріне еліктейсің, — деді ол маған бүгін бір сөздің ретінде.

Жұлдыздың осы сөзі маған қатты батады. Рас, оның маған жаманшылық ойламайтыны да, кейбір қыздар құсап күндемейтіні де мәлім. Ол айтса тегін айтпайды. Ойлап айтады, жүрегіндегі шынын айтады, өзінше менің қамымды жеп айтады.

Мұның бәрін жақсы білемін мен. Алайда, намысым келеді. Ол менің ойымша, ақылды қыз, білетін қыз. Бірақ, мен де өзімді қуыс қураймын деп есептемеймін. Мен де өмірді өзімше түсінем, өзімше ұққым, өзімше өмір сүргім келеді. Романды көп оқысам — оның кейіпкерлеріне еліктеу үшін емес, ой-пікірімді, білімімді өрістетейін деп оқимын. Неге ұқпайды мұны ол!

— Жұлдыз, — дедім мен қызарақтап. — Түсіндірші маған сөзіңнің мәнісін. Меніңше, негізсіз айтылған сөз.

— Ауыр тиді-ау, өзіне бәлем! — деп күлді ол.

— Рас, ауыр тиеді. Мен қуыс кеуде, шүйке бас қыз емеспін ғой, менің жаным тәкаппар екені, басқаға болмаса да саған аян.

— Романтикалы қызбын дейсің ғой. Міне, осыныңның өзінде де романның әсері жүрі — деді ол шын сөзімді әзілге шаптырып.

— Жоқ, жоқ, мені досым дейтін болсаң, сөзіңнің қазір себебін айт.

— Сеніңше, мен бүгінгі сабаққа бармай-ақ қоюым керек-ау. Оның жөні келмес, бикеш.

Содан кейін ол аз ойланып тұрды да:

— Ерген демалыс күн ғой, сонда отырып айтайын, — деді әзілді қойып, байсалды пішінмен.

Ол сабағына кетті. Мен сабақ. үстінде лекциядан асығыс жазып алғандарымды жинақтап, қайта көшіруге отырсам да, кежегем кейін тартып, жазуға мойным жар бермей қойды. Қаншама өзімді зорласам да ештеңе шықпады. Жазуға шұғылдана бастасам, Жұлдыздың әлгі сөзі есіме келеді де, басқаны ұмыттырып жібереді.

«Романның кейіпкерлеріне еліктейсің!» — деді ол. Ғажап екен! Оған қандай дәлелі бар? Мұнысы, сен қуыс қурайсың, өмірге өз көзіңмен қарамайсың дегені де. Мүмкін, мен шынында да солай шығармын? Өз бойымдағы кемшілікті көре алмай жүрген болармын. Өзіме өне бойы өз көзіммен қарамай, кісі көзімен де қарауым керек шығар.

Сен кімсің, Шолпан, ә? Оқыған қызбын, білетін қызбын деймісің? Осыдан басқа айтарың бар ма? Мүмкін, сені улап жүрген осы ұғым болмасын.

Міне, мен басқаның көзімен де қарап көрдім өзіме. Оның айтқаны осы ғана болды. Мен, тіпті, босқа қиялданып отырған болармын, адам өзіне басқаның көзімен қарай алмай жүрмесін...

Өміріме көз жіберіп көрейін. Балалық шақты не қылам, бой жетіп, сылана бастаған кездерімді шолайын. Орта мектепте оқыдым, жақсы бітіріп, институтқа түстім. Қазір институттың III курсында оқып жүрмін. Айтуға оңай-ақ. Бірақ бұл өмірімнің сыртқы тұлғасы ғана. Ал ішкі дүниеде осы уақыттарда қандай өзгеріс болды?..

Мен көркем кітапты жастай оқыдым және таңдап емес, қолыма түскенін оқыдым. Маған жөн сілтерлік үйімде білімді адам болмады. Жұлдыз айтқандай, бір кезде оқыған романдарымның кейіпкеріне елігіп те жүрдім. Бірақ мұның бәрі қиялыма, ойыма ғана әсер етті. Бар болғаны сол.

Бұл, әрине, өткен шақ. Ондағыдай емес, дүниеге көзқарасым өзгерді. Романның өзін де талғап оқитын дәрежеге жеттім. Сөйткен мені романның кейіпкерлеріне еліктейсің деп кінә тағады досым.

Әлде, ол менің сүйіспеншілік сезімдерімнен бір осалдық таба ма? Жақыппен жүргенімді ұнатпай ма? Иә, иә, ол Жақыпты жақтырмайды. Сол жігіттерді ұнатпаймын, зымиян, берекесіз сияқты болып көрінеді деген кеше маған. Тым қатты айтылған осы пікірің үшін, Жұлдызжан, мен саған қандай ренжимін. Қалай, қалай аузың барып айттың сол сөзді. Мені жақсы көргенін сол ма? Мен оны қандай сүйетінімді, мені ол қандай сүйетінін білесін бе сен? Бұл туралы өзіне талай айтпадым ба?

— Шолпанжан, сенің қуанышың — менің де қуанышым демеуші ме едің. Сүйткен досыңның көңіліне қарамай, ауыр сөзді аузың барып қалай айтады екенсің.

Тіпті, менің жар сүюіме, сүйген адамыммен қызық өмір сүруіме қарсымысың сен? Жоқ, жоқ, қарсы емессің білемін...

Сен де романтикалық қыз екеніңді білемісің Жұлдыз! Өзіңді қарапайым қызбын дегің келеді. Бұл сенің өз көзқарасың. Бүгінгі мен сияқты, өзіңе басқаның көзімен қарап көрдің бе, сірә?..

Махаббат! Махаббат! Осыны ұғамыз ба біз? Ұға алмаймыз көбіміз. Өмір дария болса, сол дарияны ұстап тұрған махаббат қой, құрбылар.

Әйел мен еркек арасында болатын махаббатты білесіңдер ме, қыздар? Білеміз, білеміз дейсіңдер, сендер. Дұрыс, білесіңдер. Ал қайдан білесіңдер? Оқып білеміз, естіп білеміз, ойлап, сезіп білеміз дейсің кейбіреуің. Білмейсің деймін мен ондайларға. Махаббат — достық, махаббат — ыстық сезім, кіршіксіз адал сезім. Осындай сезімге бойлап көрмесең білемін деуін қате, ол әшейін сезу, жорамалдау ғана.

Шын сүйген адамда жалған сезім болмайды. Ол алдай да, арбай да білмейді. Ол өз сезімін сүйген адамынан жасыра да алмайды. Осыны басқа білмесе де, Жұлдыз біледі. Неге десең бұл оның өз басында бар. Алыс қалалардың бірінде армияда жүрген Шәңгерейді оның жанындай сүйетіні, арман етіп, келуін асыға күтуі, оған тұрмысқа шығу тәтті қиял екені маған мәлім. Сүйте тұрын менің сүйіспеншілігіме мін тағатыны қалай?

Менің сезімім қазір жас қыздардың басында бола беретін көрсе қызар, ұшқыр, балалық сезім емес, шын сүйіспеншілік сезімі. Жұлдыз не десе де, Жақыпты жанымдай сүйемін. Оған жүрегімді бергенмін. Оны қайтып алуға құдіретім енді жетпейді де. Бірақ сүюді мен романнан үйренгенім жоқ, өмірден үйрендім. Маған оны табиғаттың заңы өзі үйретті...

Біреу есік қақты.

— Кіріңіз! — дедім мен тәтті ойымды бұзғанға жақтырмаған пішінмен.

Жақып екен. Қуанып кеттім. Ол әдеттегі жайдары жүзбен амандасып қасыма келіп отырды да:

— Тапшы қызметті тастап неге келгенімді? — деп бетіме күлімсіреп қарай қалды. Оның күлімдеген өткір көзіне көзімді қадай қойып едім, күліп жіберді де:

— Жұлдыз қайда кеткен? — деді.

— Төртінші курстың студенттері түстен кейін оқиды ғой, сабағына кетті. Оны не қыласың айтшы, тез! — дедім.

— Демалысқа жігіті келе жатыр дейді. Үйіне телеграмма келіпті. Бізде қызмет істейтін бір көршісі айтты.

— Шын ба, жаным-ау, шын ба? Қуантайын қазір Жұлдызды, — деп мен орнымнан ұшып тұрдым.

— Тоқта, дос қызыңның жігіті келгенін айтқаныма сүйінші бермеймісің, — деп күлді ол.

— Қалағаныңды ал.

— Қалағанымды кейін ойланып айтармын, ал дәл қазір бір сүйгізуің керек, — деп жарасымды бір пішінмен құшағына қысты. Мен үндемедім...

Неге екенін білмеймін, үйден шығып бара жатып Чернышевскийдің бір кейіпкерінің: «Өліп бара жатсаң да, махаббатсыз сүйгізбе» деген сөзі есіме түсті. Қызық-ау адам дегеннің ойы! Бұл не, күмәндану ма?.. Мен сүймесем сүйгізбес те едім ғой...

Шәңгерей, досымның аузынан тастамайтын Шәңгерейі, алғашқы көргенімде маған ұнамады. Бір беткейлеу, тіпті мінезі тікшіл жігіт болып көрінді. Неліктен былай көрінгенін өзім де білмеймін. Ол маған пәлендей еш нәрсе деген де жоқ. Бірінші көргенде адамды адам ұната қоя ма, содан шығар.

Қалай дегенмен де, жақын деген адамың туралы ойлаған ойыңды ұмыта қою оңай ма, себебін іздеп, қиялға шомдым.

Кеше төртеуміз «Ер Тарғын» операсына бардық. Не сөйлестік? Еске түсірейінші. Шәңгерей көп сөйлеген жоқ. Әңгіменің тізгіні Жақыпта болды. Бір сөздің ретінде ол:

— Ақжүністің бейнесі Медеяға ұқсайды.

Шәңгерей:

— Мүмкін, — деп жымиды да қойды. Үзілген сөзді мен жалғадым.

— Жоқ, Медея тым қан ішерлеу ғой, Ақжүніс Стендальдың «Қара мен қызыл» атты романындағы Матильда қыздың бейнесіне ұқсайды, — дедім.

— Мүмкін, — деп Шәңгерей тағы күлді.

— Немене, сен, бәріне де мүмкін дейсің. Содан басқа айтарың бар ма? — деді Жұлдыз жігітіне қарап еркелі бір назбен.

— Өмірді әркім өзінше ойлап, өзінше түсінеді, Жұлдыз. Ол олай емес, бұлай деп жатудың өзі мұндайда орынды бола бермейді, — деді Шәңгерей.

Жұлдыздың айтуынша, ол әдебиетті жақсы білетін адам болса керек еді. Дәл осы арада сонысы маған сезілмей тұр. Мүмкін, бізден жүрексініп тұрған шығар. Мүмкін, Медеялардың кім екенін білмейтін шығар деген ой сап ете қалды маған. Қайдан келеді екен осындай үстірт ойлар. Кейде өз шамамызға қарамай, мін таққышақпыз-ау!

— Шәңгерей құрбым, сөзіңе қарағанда, Ақжүніс жөнінде өзіңше пікірін бар сияқты ғой, айтсайшы, естиік соныңды, — деді Жақып сиқырлана күліп.

Шәңгерей түсін өзгерте қойды да:

— Ақжүніс, менің ойымша, Медея да, Матильда да, басқа да емес, ол кәдімгі қазақ, қызы Ақжүністің өзі, — деді.

— Сен Ақжүніс жөніндегі пікірге қосылмасаң одан да зорын айтайын, — деді Жақып дауысын құбылта сөйлеп, — «Ер Тарғын» «Айда» операсының көшірмесі дер едім. Нанбасаңдар, екі операның мазмұнын ойлап, салыстырып көріңдер.

— Либреттода кейбір мазмұн ұқсастығы болса, сол үшін бір операны екінші бір операға тели қою, барып тұрған бишаралық болар еді. «Ер Тарғын» музыкасы — қазақ музыкасы, қазақ, тұрмысы, олай болса, нағыз қазақ, операсы. Ал «Анда» болса...

Үшінші қонырау соғылды да, ішкі залға кірдік. Келесі үзілісте опера туралы әңгімені ешкім қайта жаңғыртқан жоқ.

Өткен кеште болған азды-көпті әңгімеміз осы ғана. Айтпақшы, бұдан басқа да бір әңгімелер тағы болды. Ең соңғы үзілісте төменгі залды аралап жүр едік. Біздің институттың бірінші курсында оқитын екі қыз кес-кестеп келіп алдымызға түсті.

— Қарындастар, театрға кісі жігітімен келмей ме екен, өздеріңіз ғана жүргендеріңіз қалай? — деді Жақып әзілдеп.

— Жоқ жігітті сатып аламыз ба, қазақ, жігіттері жүрмейді бізбен, — деді біреуі артына бажырая қарап.

— Екеуің де жас бала екенсіңдер, жастықпен де айтатын боларсыңдар, алайда, мұнан былай мұндай бетпақ болып, беті ашылғам кексе әйелдің сөзін айтушы болмаңдар, қарындастар. Ол сендерге лайықсыз. Қыз бағасы мұндаймен артпас болар. Қыз әрі тәкаппар, әрі намысшыл, әрі биязы болуы керек, — деді Шәңгерей салмақты пішінмен.

Қыздар үнсіз тайып тұрды.

— Сен қызық екенсің, Шәңгерей. Театрға, тегі, қыздарға мораль оқу үшін келгенсің ғой, — деді Жақып сақ-сақ күліп.

— Бұл мораль оқу болмайды, дұрысын айту болады. Адамға адамша қарау керек, қайда, қашан болса да, кемшілігін тура бетіне айту керек. Одан әлгі кісі пайда көрмесе, зиян көрмейді.

— Жоқ, бұл теорияң барлық жерде бірдей дұрыс бола бермейді. Айтайық, жаңағы қыздар сенің жаның ашып айтқан сөзіңе түсінді деп ойлаймысың. Сөзге түсінетін адам әлгідей сөз айтпас та еді. Әрине, түсінген жоқ. «Біреуді жөнге саламын деп әуре болып не қыласың, ең алдымен, өзіңді жөндеп алсаң да жетер», — деп кетті. Құдай біледі, сүйден кетті. Оған шәгің болмасын.

— Мүмкін, солай да шығар. Егер мен айтқан сөзді олар екінші біреуден естісе, сөз жоқ, ойланатын болады. Ал кісі өзі туралы көп ойланса, кемшілігін де көре бастайды. Кемшілігіне көзі әбден жеткен адам жөнделудің жолын іздейді. Адамның ортаға бағынатынын білесін ғой. Егер өзіңіз сияқты құрбылар адам өміріне жауаптылықпен қарап, жақсылық жолмен әсер етсе, өміріміздегі кемшілік жойыла береді. Біздің көбімізде бұл жоқ. Кейбір оқыған жігіттеріміз қыздарға тәрбиеші болудың орнына, жаман әдеттің шыңырауына итермелейді.

— Достым, әлі бала екенсің өзің, мұның бос идеал ғой. Көрінген жерде адамға яғни қыздарға тәрбиеші боламыз деп жүріп шашымыз ағарар. Жоқ, бұл менің натурама келмейді, — деді Жақып мысқылдай күліп.

— Рас, адамгершілік сезім әбден бойына сіңіп жетпеген кісіге бұл солай. Ол адаммен іштей түсінісу де қиын. Өйткені, адамгершілік сезім аз күн ішінде адам көкірегіне нұр болып тола қалмайды, тек мысқалдап кіреді, ұзақ тәрбиенің жемісі ғой ол. Біз бірімізбен біріміз, бәрібір, түсінісе алатын түріміз жоқ көрінеді. Онан да, бұл әңгімені қойғанымыз жөн, — деді Шәңгерей.

Ол бұл сөзді шын жүрегімен, сыр етіп айтып тұрғанға ұқсады. Кім біледі, мүмкін шын ниетімен-ақ айтқан болар. Бірақ маған оның дәл қазіргі бір пішіні құбылмалы болып көрінді.

— Солай-солай, — деді Жақып суық жымиып, — сенде адамгершілік жоқ дегің келе ме маған. Онай қортынды жасауға жаныңыздың құмарыншы, құрбым.

— Жақып, көңіліңіз ауыр алмасын, сіз солайсыз дегенім емес бұл. Жалпы, бәріміз туралы айтып жатырмын. Мен біреуді мінеп, мұқатайын дейтін ниеттен аулақ адаммын. Ал бірақ жалған өмір сүргім келмейді. Ойланғанымды құрбыларымның бетіне тура айтуды абзал көремін.

...Үйді-үйімізге тарадық. Жолда Шәңгерей мен Жұлдыздан бөлінген соң Жақып:

— Әрі аңғал, әрі анайы жігіт екен. Көп нәрселерді балаша ұғынады, — деді.

Осы ой менің басыма да келді. Осы оймен әлі әуреленіп отырмын.

Адамгершілік! Адамгершілік! Оның ойынша, Жақыптың бойына адамгершілік сезім сіңіп болмаған. Күлерлік нәрсе екен. Оны қайдан біле қойыпты. Соған жауап бере ала ма екен өзі?.. Бұл балағаттау ғой біреуді. Біздің жазығымыз оның келгеніне қуанып, төбемізге көтеріп, қадыр тұтқанымыз ғана. Сыйлағанды білмейтін осындай бір құрбыларға кейде қарның ашады...

Адамға әділ болу керек қой. Иә, иә, адамға әділ болу керек. Олай болса, менің де әділ болуым керек. Сын таға отырып, ойды салмақтап көргенім жөн. Сыйлағанды білмейді дегенім Шәңгерей сияқты жігіт үшін тым орынсыз болмасын. Меніңше, ол мұнан да зорды ұғынатын, түсінетін жігіт. Сөйтсе де ол маған ұнамайды, мінездерін тосаңқырай беремін сол жігітті.

Жайраңдап Жұлдыз келді сабақтан.

— Келші, сәулешім, сені асыға күтудемін.

Біз түнде кеш жаттық. Таңертең тұрып сабаққа кеттім. Мен институттан қайтқан соң сабағына ол кетті. Сөйтіп, бір бөлмеде тұрсақ та, сөйлесе алмадық емес пе.

Ол келген бетінде балаша еркелеп менің мойныма оралды. Қандай құлпырып кеткен өзі бүгін! Шіркін, сүйіспеншілік-ай! Адам жанын шыбынсыз жаз ете де, қаһарлы қыс ете де білесің-ау.

— Қалай екен Шәңгерей, шыныңды айтшы, ұнады ма саған? — болды оның бірінші айтқан сөзі.

Ей, жүрек-ай, мұнша өзімшіл болармысың! Басқаның жайынан да өз жайыңды бұрын ойлайтының бар-ау, сенің...

— Неге үндемей қалдың, ұнамай ма? — деді ол маған, тесіле, күле қарап.

Не деймін оған? Шынымды айтуым керек шығар. Әлде...

— Сенен несін жасырайын, кейбір мінездерін онша ұната қоймадым, Жұлдызжан.

— Ғажап емес, өзім де солай ойлап едім. Ал сен оған қатты ұнағансың.

«Мен оған қатты ұнағанмын! Қызық екен! Өзім де солай ойлап едім», — дейді. Міне, ғажап! Біздің Жұлдыз бара-бара данышпан болар деймін.

— Жұлдызжан, Жұлдызжан, — деп орнымнан ұшып тұрдым, — өзің айтам деп едің ғой, айтшы, қазір айтшы маған қоятын кінәңді. Романға еліктейтін де, адамгершілігі жоқ жігітті тапқан да мен болыппын ғой...

— Жә, жетер, — деді Жұлдыз күлімсіреп. — Өзін әбден ренжіген екенсің. Мейлің. Тек дос жылата, дұшпан күлдіре айтады дегенді есіңнен шығармасаң болғаны.

Содан кейін орнынан тұрды да бетіме үңіліп:

— Кемшілігімізді жасырмай бетімізге айтып отырайық дейтініміз қайда? — деді қиылған пішінмен.

— Ренжімеймін, Жұлдызжан, ренжімеймін. Адам өз көзі жетпеген кемшілігін біреу айтса, көңілге түйткіл болатынын білесің ғой. Тек сол түйткіл мазамды кетіріп барады.

— Айтпақшы, қазір Шәңгерей келеді. «Абай жырлары» кино-картинасын көруге уәделескен едік. Дайындал, басқа ойды әзірше ұмыта тұр, — деді Жұлдыз.

— Жоқ, ешқайда бармаймын. Басым ауырып отыр, — дедім мен.

— Жоқ, барасың, Шәңгерей сенімен барайық деген.

Дәл осы сөздің айтылуын күтіп, кідіріп тұрғандай есік қағып Шәңгерей кіріп келгені бар емес пе. Ол ашық жайдары жүзбен менің қолымды алып амандасты да:

— Түсің қашып отыр ғой, Шолпан, — деді жүзіме қарап.

— Ауырып отырмын.

— Олай болса, таза ауада жүріп қайтқаның жөн. Сонда басын жазылады. Жүр бізбен, — деді.

Олар қанша қиылып өтінсе де, мен түрлі сылтау айтып, киноға бармай қалдым.

Ол кеше «сіз» деп сөйлескен еді, бүгін сен деп сөйлесті, Бірақ осы «сені» менің құлағыма сүйікті аға айтқан жылы сөздей болып естілді. Ол кеше менің көзіме адамға жақындығы жоқ, жат мінездеу көрініп еді, дәл қазір биязы, ақжарқын жігіт сияқтанып көрінді. Кеше оны көңілсіз адам ба деп шамалап едім, тегі соным да қате болған ба қалай?..

Ойлай берсең ой таусылмайды. Және көңіл-күйің әр саққа жүгіргенде адам әр түрлі болып көріне беруі де мүмкін. Адамды сырттан, бір-екі ауыз сөзбен топшылау былай тұрсын, сырласа жүріп біліп алсақ та аз болып па!

— Менің сырым, жігіттер, емес оңай, — деп пе еді данышпан Абай.

2

— Қызықсың-ау, сен, Шолпан. Бірдемені ойласаң егжей-тегжейіне жетпей қоймайсың. Бүгіп әңгімелеспесек, ертең әңгімелесерміз. Оның не өкініші бар. Менің де шашпауымды көтеретін жөні бар емес пе. Кеше екеулеп осынша қиылғанымызда киноға бармай қалдың, бүгін осында отырғанына өкінесің, жөн бе осының — деді Жұлдыз, Шәңгерей ауыз үйге шығып кеткенде, маған.

Шынын айтқанда, мен Шәңгерейдің үйіне келгеніме өкініп те отырғаным жоқ. Тек бір көңілсіздік пайда болып отыр. Әлденеге аландай беремін. Әлдекімдер жетпейтін сияқты. Сол үшін де:

— Жатақханаға қашан қайтамыз, қашап әңгімелесеміз? — деген едім. Оның Жұлдызға ұнамапты. Дұрысында, дос жүрегімен де есептесу керек қой. Неге ескермеймін осыны мен?

Ауыз үйден Шәңгерей мен оның жеңгесі келді.

— Неге көңілсіз отырсыңдар, қыздар? Сендердей күнімізде ән салып, өлең айтып, үйді басымызға көтеруші едік. Ал сендер сын қонақ болып сызылыпсыңдар да қалыпсыңдар, — деді жеңгей жайраңдап.

Осы жеңгей бір жақсы адам. Оны, оның ерін едәуір уақыттан бері білемін. Ол Жұлдыз екеуімізді бұдан бұрын да бірнеше рет жатақханаға келіп, үйіне ертіп апарған. Өзіне әбден үйреніп кетіппіз. Баладай еркелеп тұрамыз.

Ал ол кісінің ері де ізгі адам бір. Сай қосылған екеуі... Аға, шын аға. «Өтірік аға да болушы ма еді» дейсіңдер ме, қыздар?

Иә, өтірік ағалар да жоқ емес бізде деймін мен.

Осы үйге келген сайын маған бір ой түсіп қайтамын. Көңілді. Қызық өмір көремін де қызығамын, қиялданамын. Менің де солардай жақсы өмір сүргім келеді. Содан кейін осы тәтті өмірдің арқауын іздеймін... Сөз жоқ, мұны сендер де іздейсіңдер, қыздар. Ал соған жауап таптыңдар ма?

— Арқауы махаббат, — дейсіңдер біреулерің. Мен де бұған қосылайын. Бірақ бұл толық жауап бола ма? Махаббат — сүйіспеншілік. Сен сүйіп, ол сүймесе — қызық емес. Қайта у болып жабыспай ма жүрекке.

— Ол да сені сүйетін болсын дейсіндер. Мұны қайдан білу керек, біреудің ішіне кіріп шыға алмайсың. Әңгіме, әңгіме осында жатыр-ау. Осыны ойлайықшы.

...Біз ұзақ отырдық. Ән салдық өлең айттық. Сағат түнгі он бірлер шамасында жатақханаға қайттық. Міне, Совет көшесімен жүріп келеміз. Қасымызда Шәңгерей.

— Шолпан, басың жазылды ма? — деп күледі ол.

— Жазылып келеді, — деймін мен.

— Бірақ көңілім қош емес де.

— Неге қош болмасын.

— Жасырмай-ақ қой, мен бәрін де білемін. Ренжулісің бізге. Солай емес пе?

Жұлдыз. Жұлдыз, мұның қалай, жаным? Не болды саған? Сыр шашпайтының қайда? Бәрін де, бәрін де айтқансың ғой тегі, деп ішімнен қынжылдым. Бірақ, ол буынсыз жерге пышақ ұрмайды. Кімге сыр айтып, кімге сыр айтпасын біледі. Алайда, осы жолғысы орынсыз.

— Жоқ ренжіме, бауырым. Адал дос досының өміріне немқұрайды қарай алмайды. Сондықтан да, ол дос өміріне араласуға кейде мәжбүр болады. Мұның өзі оның досына алғашқыда ерсі де, орынсыз да көрінуі мүмкін.

Ол осы сөзінің қандай әсері болды екен, білейінші дегендей менің бетіме қарады. Мен үндемедім.

— Ашық айтамын, Жұлдыз да, мен де Жақыпты жақтырмаймыз. Саған тең емес деп білемін. Рас, мен оны бір-екі-ақ рет көрдім. Соның өзінде оның қандай жан екенін аңғарған сияқтымын. Адамды сөзіне қарап та айыруға болады. Сөз адам жанының, ақыл-ойының айнасы ғой. Жан күйі сөз арқылы сыртқа шығады, ақыл-ой сөз арқылы көзге көрінеді. Меніңше, сол жігіттің, дүниеге көзқарасы тым таяз тәрізді. Ал ондай адам өмірге,- махаббатқа терең үңіліп қарай алмайды...

— Достықтарыңызға рақмет, ал әркім өз өлмесін біледі ғой.

— Қателесесің, Шолпан, адам өз әрекетін өне бойы біле берсе, данышпан болып кетер едік бәріміз де... Біз Жақыппен жүрме деп азғырмаймыз сені. Ондайдан біз аулақпыз. Жалғыз-ақ досты сыртқы шырайымызбен алдағымыз келмейді. Бұл саған ауыр тиеді. Адалдық анайы болып көрінеді. Сезіммен ойнағың келе ме деп ойлайсың. Сүйіспеншілік сезімнің не екенін мен де білемін. Менде де сезім бар, менде де жастықтың оты бар... Бірақ дос қатесіне көріп тұрып үндемей қалуға тағы болмайды. Ойлан, өз ақылыңның сарабынан өткіз бәрін де.

Ол содан кейін аз ойланды да, тағы да сөзіне кірісті.

— Сен өмірде ешкімнің ықпалына кетпей, тұрмыс мәселесін өзінше шешпек боласың, Шолпан. Бірақ, сонымен бірге, аңқаусың әлі. Өмір мәселесіне аңғалдықпен қарайсың. Жұрттың бәрін өзіңдей көресің, өзіңше түсінеді деп ойлайсың. Досқа деген адал жүрек бар сенде. Барлық жүректің соғысы осы өз жүрегіңнің соғысы сияқты болып сезіледі саған. Жоқ, жаным, адамға олай оңай қарауға болмайды. Біз түстей бірімізге қандай ұқсамасақ, іштей де сондай ұқсамаймыз, ала-құламыз. Жақсымыз, жаманымыз да, асылымыз да, жасығымыз да бар ішімізде.

— Шәңгерей аға, мен адамның бәрі бірдей деп ойлап көргенім жоқ. Дәл сіз айтқандай аңғал да емеспін-ау деймін. Мен оны-мұныларды оқыған қызбын. Қыз сынаған жігітті біз де сынап жүрміз. Ол да есіңізде болсын.

— Шәңгерей күлді.

— Сенің оқығаныңда дауым жоқ, Шолпан, білесің де. Бірақ әлі өте аз білесің. Көп нәрселер оқыдым, бәрін біліп алдым деп ойлауды басыңнан шығар. Білім — өмір. Ал, өмір сарқылмас дария екенін ұғасың ғой.

Біз әңгімемен жатақханаға қалай жетін қалғанымызды да байқамаппыз.

— Шолпан, сен маған ренжіме. Егер сен дұрыс тең тауып, қызық өмір сүрсең, қуанғаннан басқа, бізде бөтен ниет жоқ. Тек мынаны ескер: сені мен біз әлі жаспыз. Жақсы адамдарды көп көрдік, сырлас болдық дей алмаймыз. Адам жанын, көбінесе, тек кітап арқылы ғана білеміз біз. Бұл жеткіліксіз. Мен манадан бері әңгіменің бәрін сен білмейді, ұқпайды ден айтқаным жоқ, сен айтса ұғатын да, білетін де адамсын. Дегенмен, бір нәрсені ұға алмай келгенсің, — деп күлімсіреді ол бізбен қоштасып тұрып.

— Мен нені ұға алмай келіппін, айтыңыз.

— Махаббаттың күшін ұға алмай келгенсің.

— Түсініксіздеу мұныңыз.

— Сенің ойынша, Жақыпта мін жоқ сияқты көрінеді. Оның аузынан шыққан сөзі, жүріс-тұрысы ұнап тұрады саған. Иеліктен бұлай? Осыны білемісің? Есінде болсың, — деді ол даусың көтеріп, — шын сүйген адам сүйген кісісінің кемшілігін көрмес болар. Оны айтасың, көргісі де келмейді. Өйткені оған сүйіспеншілік сезіммен, адал ниетпен қарайды. Тіпті оның көзге көрініп тұрған кемшіліктерін аңғармауға, маңыз бермеуге тырысады. Егер сүйген адамыңда мұндай сүйіспеншілік сезім болмаса, қақпақылға айналдырады сені... Сен Жақыпты романның кейіпкерлері сияқты тез, шексіз сүйгенсің де, оның жан сырын білуден қалғансың, Шолпан.

Не айтып тұр осы жігіт, не естіп тұрмын мен? Жұлдыз, жан досым Жұлдыз, сенің де айтпағың осы екен ғой... Ұқпаймын, ұқпаймын. Ұзақ ұзақ ойлануым керек мұны ұғу үшін.

Адалдық па, арбау ма бұл? Қалай деп ойлайсыңдар, қыздар? Айтыңдаршы, білсеңдер?..

3

Бейбіт, бейқам жүрек бар еді менде, тыпшымды алып, ойға душар етті осылар мені. Ой деген қазір досым болып алды, Ойлап-ойлап келемін де, шыныммен-ақ, қателесіп -жүрмін бе деймін. Осы кезде көз алдыма күлімсіреп Жақып келеді.

— Неге, неге ғана көп ойлайтын болдың. Екеуміздің ойымыз бір-ақ емес пе еді, ұрлағаның жөн бе екен менен оны, Шолпанжан! — деп қынжылғандай болады. Содан кейін шат жүзбен:

— Біздің махаббатымызға ешкім ара тура алмайды, біліп қой! — деп күледі. Қасыма келіп, шашымды сипайды... Мойнымнан құшақтайды... Сүйеді... Ал мен болсам, ұйқысы келген адамдай маужырап, барлық ойды ұмытамын. Тек екі көзім жаудырап сүйген жанның бетіне жалтақ-жалтақ қарай беремін. Ол ежелгі әдеті бойынша:

— Әйел жаны еркелеткенді сүйеді. Ұқпайды осыны біздің маубас жігіттер! — деп көзің ойнақшытып маған наздана қарайды.

Кенет ол көз алдымнан ғайып болады. Ой соқпағына қайта түсемін мен... Бұл не, қыздар? Сендер мені: «Жаның тым нәзік екен, құрбым, — деп кінәлап та отырсыңдар, білемін. Сүйіп көргендерің бар ма іштеріңде? Мұндай сезімді солар біледі... Қыз шіркін ұната да, еліге де береді. Ол бәріміздің де басымызда болған. Бірақ, бір-ақ сүю, шын сүю — ол басқа сезім, ол жай сезімдей тез өше қалмайды, ол өсе береді, есейе береді...

Мен Жақыпты шын сүйемін. Сүйгендіктен де ол туралы айтылған әрбір сөз менің мазамды кетіреді. Сүйген адамымның жаны өзімдей кіршіксіз болғанын жақсы көремін, махаббатымды қорлағым келмейді. Бұл мен үшін ауыр жүк. Тағдырым менің өз қолымда. Осы тағдырымды дұрыс шешу — ең алдымен өзіме байланысты. Бұл менің қыз басыма сын. Өз өмірімнің қожасы болып отырып дұрыс дос тауып, дұрыс өмір сүре алмасам — өз жамандығым, өз айыбым. Біз осылай ойлауға тиіс емеспіз бе, қыздар.

Иә, иә, осылай ойлауға тиіспіз. О, жоқ, ойлау да аз. Тағдырымызды іс жүзінде осылай шеше де білуіміз керек қой. Міне, бұл қиын... Жүрек досың дұрыс таңдай білу керек дейсіңдер ме! Дұрыс таңдау — адам жанын мүлтіксіз білу деген сөз ғой. Күні бойы шеше алмай отырғанымыз да осы емес пе?..

«Сүйген адам сүйіктісінің кемшілігін көрмейді...» — деді ол. Осының жаны бар тәрізді ме қалай?.. Көз жіберейінші Жақыптың жан дүниесіне.

Жақып, сен кімсің? Досымбысың әлде қасымбысың? Ту, қызықпын осы мен. Қалайша аузым барады бұған менің. Ұят екен. Сырт сөздің осынша әсер еткеніне таным бар. Сырт сөз дедім бе мен? Шын достарымның сөзі сырт сөз болғаны ма? Шын дос екенін қайдан білемін?.. Жә, жетті, бара-бара өзіме-өзім сенуден де қалармын. Жаным, Жақып, саған сенемін. Жаным Жұлдыз, саған да сенемін. Сен өзіңнің адал жүрегіңді айтасың. Бірақ сенің қателесуің мүмкін.

Әлде мен қателесіп жүрген болармын. Ойлайыншы, ойланшы тағы да...

Жақыппен танысқаныма бүгін тура екі ай. Осы екі айдың он бес күнін есептегім келмейді. Бұл Шәңгерейдің Алматыда болған күндері. Ал бұл күндерде өмірімнің көбі оймен өтті. Сонда қырық бес күн қалады. Осы қырық бес күн ішінде Жақыпқа шын жүрегіммен толық беріліп болған екенмін. Тым шұғыл кеткен сияқтымын енді ойлап отырсам. Тәкаппар, өркөкірек-ақ қыз емес пе едім осы мен. Қалай ғана тез беріліп қалдым екен. Бағым ба, сорым ба, соған деген бір ыстық сезім аз күн ішінде-ақ бойымды билеп алмады ма? Жігіт дегенді оп-оңай білемін деген бір сезім басымды айналдырмады ма?

Ол оқыған жігіт, білімді жігіт. Оны қайдан біліппін мен. Институтты бітірдім, Отан соғысы майдандарында болдым, соғыс біткен соң Шымкент қаласында біраз күн қызмет істедім. Одан осында жіберді деген өз сөзінен басқа мен не білемін... Шүбә деген жамансың-ау, жүрекке келіп бір сіңсең, терең түбіне жатып алып адамның ойын оңға бастырмауға тырысасың. Сырласамын, сүйемін, сөйтіп тұрып білмеймін деймін шүбәға еріп... Шыныңда да, білмейтін шығармын. Сырты жаз, іші мұз, қар жүзді, қу жігіттер жоқ деймісің. Сен оған шын беріліп, адал сырыңды айтасың ол өзінің арамза ниеті үшін саған өз сырын айтқан болып, сүйіспеншілігіңді өршітіп, жаныңды улай береді.

Жоқ, жоқ! Ондай жігіт Жақып емес. Жақып жанын білемін мен. Мен оны қандай сүйсем, ол мені сондай сүйеді.

— Шолпанжан, өзімнен басқанын бәрінен де қызғанып тұрамын сені. Тек өзімнің ғана қасымда жүрсең екен деп ойлаймын! — деп бір емес, сан айтпайтын ба еді, ол маған шын сыр етіп.

Қызғаныш — сүюдің бір белгісі емес пе. Сүймеген адам қызғана ала ма? Аңқаумын, аңқаумын мен әлі. Қызғану — шүбәлану, шүбәлану — сенбеу деген сөз ғой. Сенбеу — жете білмегендіктен, дұрыс ұғыныса алмағандықтан туады емес пе. Әсілі, сезімі асыл жандар, басқаны да өзіндей көреді, ол аяғын қия басса, күманданады да тұрады. Бүйтіп сүйген жүрегін өзі-ақ алсын ондайлар!

Он бес күн! Соңғы он бес күн! Сен мені таңдандырасың. Сен маған менен басқа да сүйген адамның жүрегін көрсеттің.

Рас, олар да менше сүйеді. Бірақ оларда қызғаныш сезімі жоқ, біріне бірі күмәндану жоқ. Кісі сүйгендіктен қызғанады десеңіз олар нанбайды, күледі. Әлі есімде, бір күні Жұлдыздан:

— Сен осы қызғану дегенді білесін бе, — дедім.

— Білемін, — деді күліп, — жігітің кейде қыз ертіп келіп жүреді, неге қызғанбайсың дегің келіп тұр ғой, солай ма? Оның басқамен жүрмейтінін мен жақсы білемін, сондықтан қызғанбаймын, түсінікті ме. Махаббат пен жолдастықты ажырата білуің керек сенің де, Шолпан.

Ол аңқау қыз емес. Мұны оның көзі жетіп айтады. Дос жүрегін әбден ұғынған. Оның жанын өз жанындай біледі. Мұндайда жүректің түбінде қызғанышқа орын да қалмайды.

Мен ше? Мен Жақыпты басқадан қызғанамын. Ол туралы әлденеге сезіктене беремін... Демек, біз екеуміз бірімізге біріміз сенбейтін болғанымыз ғой. Ендеше, әлі ұғынысып жетпегенбіз де...

Жаным-ау, қайдан ғана келе берді, осындай жаман ойлар. Шүбә, аулақ, аулақ жүр енді менен. Басқаның маған керегі жоқ, өз жүрегімнің қалауымен ғана жүремін мен. Жаным Жақып, мен уәдеме берікпін. Берік бол, өзін де уәдеңе. Мен сендік. Ертең жоқ бүрсігүні той. Есіңде бар ма ол? Солай деп уәделескен едік қой, әзірлен!

Ертең жоқ, бүрсігүні той! Тұрмысқа шығамын. Өмірімде жаңа дәурен басталады!

Келер күн келеді екен, не дайындап... Білесіңдер ме, қыздар?..

4

Нені сезесің, жүрегім? Қатты, қатты соғасың ғой. Қуанғанда да осындайын болушы ма еді сенің?.. Жақыпқа, Жақыбыма қарайыншы, қандай екен дәл қазір оның жүзі. Солғын ғой, жаным-ау. Қуанбай ма әлде ол? Сол да сөз болып па. Қуанбай нетуші еді... Әне, ол көзінің астымен маған қарады. Жоқ, күні бойы қарап отырған ғой, соны да аңғармаппын ғой. Қой, өз орныма барайын.

— Жұлдызжан, өз орныма отырайын. Жалғызсырап қалады ғой Жақып.

— Барсаң бар, — деді ол солғын ғана.

— Шәңгерей ағаның біздің тойымызда бола алмағанына өкінемін, Жұлдызжан!

— Несі өкініш, енді бір үш-төрт айлардан кейін өзі де біржолата келеді. Сонда біздің тойда кездесесің онымен! — деді Жұлдыз көңілді пішінмен.

Жап-жаңа көңілсіз еді, Шәңгерейдің аты аталғанда жайраңдап қалғанын қарашы. Сүйіспеншілік, неден ыстық болдың екен сен!

Мен өз орныма, Жақыптың жанына келіп отырдым. Осы кезде азғана қонағымыздың ең үлкені Керей деген жігіт орнынан тұрып:

— Жігіттер, — дей беріп еді, бір қыз сөзін бөліп:

— Ағай, мұнда тек жігіттер емес, қыздар да бар, оларды да ұмытпауыңыз керек! — деп әзілмен қағытып тастады.

— Дұрыс, дұрыс, қарындас, өзіне бір мықты соққы бердің-ау бәлемнің!

— Олай болса, жігіттер мен қыздар...

— Жоқ, қыздарды бұрын айттыңыз, ағай.

— Оның да болсын, қарындасым. Сонымен, қыздар мен жігіттер...

— Жалғыз қыздар Мен жігіттер ғана емес, мұнда келіншектер де отыр. Немене, оны сіздің көргіңіз келмей ме? Мәселен, мына Күлшелер, — деп біреу, сөйлеуші жігіттің өз әйелін көрсетті.

Отырғандар ду күлді.

— Ой, оны қойшы, ол біздің кемпір ғой.

— Оны кемпір десең өзіңді шал де.

— Қойдым, қойдым. Жанжалы құрсын, — деді сөз алып тұрған жігіт, қутыңдап, — қыздар, жігіттер, келіншектер, менің айтайын дегенім мынау: бұл өзі ғой екі жастың үйлену тойы яғни тату, тәтті болашақ жас семья тойы. Ал татулықтың шарабы да тәтті болу керек шығар, қалай деп ойлайсыңдар. Ащы шарапты тұщытуға болмас па екен демек едім.

— Оңбайсың Керей, оңбайсың.

— Ащы, ащы, — деп шу ете түсті біреулер.

— Қойыңдар, қазақ дәстүрінде ондай жоқ.

— Жоқ болса жоқ болсын, ащы екенін жасырамыз ба!

Жұрттың назары бізге ауды. Жақып сүйісейік дегендей маған бетін тақай қойды.

Дәл осы минутта біреу есік қақты. Бәріміз де солай қарадық. Қалаша киінген бір жас келіншек кіріп келді.

— Ғапу етіңіздер, құрбылар, бұл, үй кімдікі, той жасап жатқандар кім? — деді әйел сөзін келте қайырып.

Шу су сепкендей тына қалды.

— Той менікі, менің үйлену тойым! — деді Жақып зілді дауыспен.

Әйел тіл қатпастан аяңдап біздің жанымызға келді. Мен әлденеден сескенгендей, орнымнан ұшып тұрдым. Ол әуелі Жақыптың, содан кейін менің бетіме аларып бір қарап алды да:

— Құрбылар, думандарыңызды бұзғаныма кешірім өтінемін. Мынау жігіт менің күйеуім еді, иә, иә, төрт жыл отасқан күйеуім еді, — деді жыламсырағандай болып.

«Сұмдық! Сұмдық! Төбемнен әкеп жай түсірді мына әйел! Жаным-ау, бұл не керемет еді! Өнім түгіл түсімде көрем деп пе едім мұндайды мен! Жаным Жұлдыз, қайдасың, қайдасың сүйей бер мені!..»

— Мен мұны кешегі ауыр күнде арымды ақ малтадай азық етіп, сарғая күткен едім-ау, — деді әйел сөзін созып, — бұл есуас соны да білмеді ғой. Осыдан үш ай бұрын армиядан біржола босап келіп, бір айдай бірге тұрды да, Алматыға қызметке жіберді, барып орналасқан соң алдырамын деп кетіп отырды. Алдырғаны сол, бір рет хат жазды ма екен содан бері. Күйеуің біреуге үйленейін деп жүр деген бір сыбыспен келіп тұрған бетім еді бұл. Кешікпеппін, той үстінен шықтым. Я той болар, я бата оқырың болар бұл, сен есуастың!

— Жетті, қысқарт сөзіңді, — деді Жақып шыжалақтап, — бірдеме көрерсің менен!

— Бұдан артық не көрсетпекші едік тағы.

— Шолпан, бұл әйелді тастаппын. Менің әйелім сенсің.

— Ар бар ма мұнда. Жүзінің жанбауын қарашы, — деп әйел жиіркенішті пішінмен маған қарады.

Оның бұл сөзі жүрегімді тіліп түсті. Бірнәрсе дейін деп едім, аузыма сөз түспеді. Әйел бетіме біраз тесірейе қарап тұрды да:

— Мүмкін, сенде жазық жоқ шығар, байғұс бала! — деп күбірледі.

Осы сөз мұз болып қата қалған жүрегімді, от болып жылытып жібергендей әсер етті. Жазықсызбын, апатай, — деп бетінен барып сүйіп алғым келді. Бірақ намысыма бағып, сазарған күйімде тұрып қалдым.

— Тұрма бұл үйде, тұрма, жаным, жүр! — деп Жұлдыз сыбырлап маған есікті меңзеді.

— Тоқташы, Жұлдыз! Қал, әйелім сенсің деп тұрғанын естимісің? — дедім суық жымиып. Содан кейін Жақыпқа қарадым.

— Қал дедің бе, сен, маған?

— Иә, қал сенсің менің сүйгенім.

Бұл не деген арсыз жан еді! Жүзі бір жансайшы! Шын бейнесі көзіме жаңа ғана айқын көрінді ғой. Адам бейнелі сырт пішіннің ішінде маймыл жанды әбілет жатыр екен ғой. Әбілет, маймыл! Көз алдымда күлімсіреп Жақып тұр ғой десем, жансыз, махаббатсыз бірдеме тұр ғой. Жиіркенемін, енді сенен, аулақ кет.

— Жоқ, жоқ, саған, сен сияқты өзге жар бола алмаспын енді мен! — дедім тепсініп.

— Солай ма, мен үшін бәрі бір. «Менің жүрегім барлық сұлулардікі» деген ғой Дон Жуан». Осының өзі қызық маған, — деді ешбір шіміркенбестен күлімсіреп.

— «Дон Жуан» деймісің. Бұл туралы оқысаң жақсы ғой, тек біреуден естіп алып, кекиді сендейлер! — деді Жұлдыз ызаға булығып.

— Дон Жуанды оқып не қылсын, өзі де Дон Жуан көрінеді ғой сабазын! — деді біреулер мысқылдап.

Жүрегімді намыс пен ащы ыза билеп алды. Қаным қайнап, өн бойым от болып жанып бара жатқандай тәрізденді. Әлдебір сезім мойыма, ашына түс, деп тұрғандай болды. Осы кезде әлгі әйелге көзім түсті. Ол мұңды пішінмен маған қиыла қарап тұр екен.

— Апатай, адал махаббатымызды қаралаған адамсымақ азғынды ұмытайық! Көштен қалған күшіктей жұртымызда қалсын, қарғыс айтып кетіңіз! — дедім қиылып.

Қалай айттым бұл сөзді, қайдан ойыма келді, өзім де білмеймін. Әйел күлімсірегендей болды. Мүмкін, тіпті, күлімсіремеген де шығар, әйтеуір, маған солай көрінді. Алақай! Қазір махаббаттың кесімін айтады ол. Көп алдында қара бет етіп қалдырамыз ездікті. Әне, ол сөйлейін деп тұр. Тыңдаңдар, тыңдаңдар, құрбыларым!

— Қыз шіркіннің жүрегі қызықсың-ау, сен! Тез күйініп, тез суынар әдетің де бар сенің бір.

Өмірдің төбесінен қарағың келеді, әр нәрседен де әсер алғышсың сіңлім, ойын ұшқыр, жанын сезімтал жан екеніңді аңғартады бұл. Ал мен өмірге олай қарай алмаймын. Әрбір құбылысты өз тұлғасында, өз қалпында көруге тырысамын. Мен мына тұрған сылқымның сырын төрт жыл отасқанда білмей келді деп ойлаймысың жоқ білемін. Біле тұрсам да сүйемін. Жаман-жақсы болсын, бірқалыпты тұрмысқа дағдылану, әдеттену, бұл да өмірге алданыш бола алады. Мен оған үйренгенмін, үйрене жүріп сүйгенмін. Естіп отырсың ба үйренгенмін, сүйгенмін. Мүмкін, мұным сүйіспеншілік те емес шығар... Алайда, одан айырыла алмаймын. Таңданасың ба, сен? Таңданбай-ақ қой. Бұл солай.

«О, махаббат, қауіпті софист, түсінемін мен сені», — деп пе еді Дидроның бір кейіпкері, қыздар! Кімдікі оң, кімдікі теріс, ажырата алатын емеспін қазір мен. Тек өмірден алған сабағымды айттым. Әділ төрелікті құрбылар өздері айтар...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама