Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жастық

Ана үйге қатты күйініп келді. Келіні туралы естіген сөз өне бойын тітірентіп, мазасын алып барады.

— Шынымен-ақ сорлағаным ба, — деп күрсінді.

Ананың көз алдына мұнан екі жыл бұрын майданда қаза тапқан жалғыз баласы Жүніс елестеді. Бұрын: «Мен өлгенім жоқ, тірімін, әлі-ақ қайтып ораламын», — деп тұрғандай болушы еді, бұл жолы ана көзіне басқаша көрінді ол. «Өлгенмін мен, енді қайтып көре алмайсың, апатай», — деп мұңайып тұрған тәрізденді ғазиз баласы.

Қалайша бүгін бұлай көрінді анаға? «Өлді» деген сөзге екі жыл бойы иланбай келген ананың дәл қазір мойын сұнып отырғаны қалай? Сүйеніші, демеуі не еді бұған дейін? Келін, келін, — деп тұрғандай болды жүрегінің соғысы. Иә, иә, келін еді сүйеніші. Баласы есіне түскен ауыр қасіреттер үстінде: «Мұңаймашы, апатай, мен, мен бар емеспін бе жанында», — деп жұбататын еді ол. Зіл болып басқан ауыр қайғыдан сейілгендей ана шүкіршілік ететін сол шақта.

— Жаным, Назымым, таянышым, — деп көз жасын жеңімен сүртіп, келінінің маңдайынан иіскейтін.

Дәл сол сәтте келіні оған нақ баласындай болып көрінетін. «Өлді» деген анық хабарға көзі жете тұрса да, келінің өзіне медеу ететін де, жаманат туралы ойламауға тырысатын.

Сол медеу, сол үміт енді үзілді. Тағдыр өз кесімін айтты, табиғат өз заңын алға тартты. Жұбаныш етіп жүрген келіні ерге шығады... Не деген суық сөз! Бұрын, бұрын ана мұны ойлап па еді! Жоқ, жоқ, ойламаған. Ойласа да, дәл мұндай толғанып көрмеген.

— Келінің бір дәрігер жігітке тигелі жүр, — деген сөз барлық үмітті талақ етіп, ауыр азапты үйіп отыр ана басына.

Мүмкін, әлде өсек шығар бұл? Бұрын ешбір сыбысы естілмеген еді ғой. Бірақ, жел тұрмаса, шөп басы қимылдамас болар... Соңғы кезде түрлі сылтаумен сабақтан да кеш қайтып жүрген жоқ па сол келін...

— Уһ, енді қайттім, шынымен-ақ кешегі ауыр күнде серігім, демеуім болған келінім кете ме?.. Сенбеймін... Бірақ, өз құлағыммен естідім емес пе. Кетеді... кетеді... Жалғыз қаламын... Неге егілемін. Неге көзіме жас аламан. Неменесін қимаймын сол шіркінді. Мейлі, балам өлгенде де күн көргенмін... Қайтейін, бұл да бір уақыт болар, — деп күбірледі ол. Осы күбір үстінде оған бір ой келді. Сол ойға арқа тіреді де, келінінің келуін күтті.

2

— Апа, ақырғы емтиханды да тапсырдым, — деді Назым есіктен кіре бере масаттанып. Енесінің солғын екенін аңғарды да:

— Түсіңіз неге қашып отыр, апа? — деді.

Күйініп отырған ана көкірегін билеген ащы ызаны лық еткізіп ақтара салғысы келді де, бір оймен сабыр етті.

— Жан, әшейін.

Назым енесінің мойнынан құшақтап, алақанын оның маңдайына тосты. Ана келініне тесірейе қарады, көзіне көзі түсті. Күлімсіреп тұр екен көзі. Бұл анаға осыдан екі жарым жыл бұрынғы бір суретті елестетті. Назымның Жүніске жаңа қосылған кезі еді ол. Жүніс екі-үш күнге қаланың жанындағы бір колхозға кеткен. Ана іс тігіп, үйде отырған да, келіні сыртта жүрген. Кенет, келінінің Жүніс деген даусын естіп, терезеден тысқа үңілген. Баласы мен келіні терезе алдында кездесіп тұрды сол бір минутта. Ана көзі бір қуанышқа кенелген. Назым екі көзі жайнап Жүніс алдында еркелі бір пішінмен сылан қағып тұр екен. Келінінен ерекше бір жайдары жүз көріп өн бойы балқып, тамашалай қараған еді. Қараған сайын құмартып, тоймастай, бір шырын өмірді көріп еді екі жастың күлімдеген көзінен. Бойын аналық мақтаныш билеп, ішінен шүкіршілік еткен де:

— Өмірін ұзақ қыл екеуінің жаппар нем, — деп тілеген.

Сол бір көрініс айла көкірегінде сақталып қала берген. Ана содан кейін келінінің көзінен ондай отты көрген емес-ті. Оның топшылауынша, сол от сөнген тәрізді еді. Әлдеқалай көзіне көзі түскенде от орнына қара көздің аясында іркіліп тұрған жасты көретін.

Ал бүгін ше? Бүгін басқаша. Бүгін сонау естен кетпейтін қуаныш отын, жастық отын көріп отыр.

— Назым, — деді ана, — немене сабағыңды бітірдім дейсің бе?

Иә, бітірдім институтты.

— Енді қайда бет алғалы тұрсың?

Келіні таңданғандай енесінің бетіне қарады. Осы арада қалдыратын болғанын мұнан бұрын да өзіне айтқан емес не едім. Білмейтін кісіше қайталап сұрап отырғаны несі деп ойлады да:

— Осында қаламын да, — деді көңілсіз пішінмен.

— Жоқ, мұнда қалмайсың, Елге барамыз. Ағайын-туманың арасында болғаным жөн.

— Апатай, ол не дегенің. Қалада тұрған жақсы. Ел дегенмен, онда да ет жақын шамалы ғой.

— Құдайдан қорықсаң ақ шашты сыйласаң ересің, әйтпесе, осында қала бересің. Ал, мен елге кетуге бел байладым. Қазір барып жұмыстан шығамын. Ендігісін өзің білесің — деді ана келте қайырып.

Мұнша шұғыл кеткенін ана алғашқыда өзі де аңғармады. Әлде бір асау сезім: «Айт, кесіп айт», — деп тұрғандай болды да, ойдың алды-артын жиғызбады. Бірақ, артынша тағы да бір ой: «Неге мұнша морт кеттің, өмірі жүз шайыспаған келінінің көңіліне қарасаң нететін еді», — деп тұрған тәрізденді. Ана дереу орнынан тұрды да, фабрикаға жөнелді.

Назым міз бақпай тұрып қалды. Төбесінен біреу суық су құйып жібергендей өне бойы мұздап, тітіреп кетті.

— Жазығым не, апатай, осынша қатты айтатын? — дейін деп еді, оны айта алған жоқ.

...Жүніспен бірге өткізген алты ай айрықша ыстық еді оған. Бар болғаны алты ай! Алты жылға емес, алпыс жылға да бергісіз еді осы алты ай! Қыз күнінде оған кейбір жеңгелері: «Сүйген жігітін он жақта ғана қызық, ерің болған соң қадірі кетеді, жастық толқындар саябырлай бастайды» дейтін. Бұған ол нанбаушы еді. Дегенмен, шыныменен солай бола ма екен деп ойланатын да:

— Жоқ, мүмкін емес, Жүніске деген сүйіспеншілігім өмірі суынбайды, — дейтін өзіне сенгендей.

Расында да, солай болған еді. Жүніспен қосылғаннан кейін сүйіспеншілігі қайта арта түскен. Жүніс оған кейде жан досы, кейде жігіті, тіпті кейде тіл жетпестей жақын адамы болып көрінетін. Неге екенін кім білсін, Жүніске қарағысы, көргісі келіп тұратын үнемі. Қаншама қарамайын-ақ десе де ықтиярсыз қарайтын.

Сол Жүнісі бір күні майданға аттанды. Бірақ, сүйіспеншілік сезім өршімесе, өшкен жоқ. «Ертең, күні ертең келеді» деген үміт бір үлкен күш болып демеді. Шаршауды, шалдығуды білмеді. Оқыды, алаңсыз оқыды. Обалы нешік, енесі де жақсы көмектесті оған.

— Заман болса мынау, жалғыз балам қан кешіп соғыста жүргенде үйде отырғаным келіспес, — деп тігін фабрикасына жұмысқа орналасты. Ал, келініне:

«Оқи берден» басқаны айтпады ол.

Олар қиыншылық та көрді. Бірақ ертең-ақ соғыс бітеді. Жүніс қайтып оралады деген сенім жүдетпеді, жасытпады оларды.

Сөйтіп жүргенде «Жүніс қаза тапты» деген хабар жетті бір күні. Суық хабар ана мен келіннің төбесінен жай түсіргендей болды.

Жүректерін қайғы басты.

...Күндер өтті. Біріне-бірі сүйеніш болып, ене мен келін де жүріп жатты. Бір күні Назымның ең бір жақсы көретін оқытушысы Варвара Ивановна оған:

— Сен күн сайын жүдеп барасың, Назым. Мұның жарамайды. Уайымдағанмен өлген адам қайтып келе ме. Өзіңе-өзің тоқтау сал, — деп ақыл айтты.

Назым оқытушының бұл сөзін көңіліне ауыр алып қалды. «Қайғы дегенді жүректен сылып тастай салу оп-оңай дей ме екен. Басына түспеген соң білмейді ғой» деп ойлады.

Көпті көрген қарт оқытушысы Назымның қабақ шытысынан оның ұнатпай қалғанын сезді де:

— Қайғының ауыр екенін жақсы білемін, Назым. Сол ауыр қайғыдан арыл демекпін... Сен әлі жассын, келешегін алда, — дей беріп еді, Назым:

— Қайдағы келешек, — деп мысқылдаған пішінмен суық жымиды.

— Қателесесің, балалықпен айтасын мұндай сөзді. Өмірге нағыз шындық көзбен қарау керек болады. Адам тіршілік етуге, артына із қалдыруға, мұра қалдыруға тиіс. Сенің халқыңның тамаша ақыны:

Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалаң, — деген емес пе еді. Рас, сен ең жақын досыңнан айрылдың. Ауыр қаза. Бірақ сен онымен бірге өшуге тиіс емессің. Ол ел құрбаны болды. Терең ойлап, толғана көз жіберсең сол құрбандықтың орнын толтыруға қарыздарсың.

— Ұқпай қалдым сөзіңіздің төркінін.

— Жас өміріңді өксіте берме бүйтіп, дос таңда өмірлік.

— Қалай деп кеттіңіз? Ерге шығуым керек пе сізше?

— Шамданба, Назым, сөзіме. Әуелі бажайлап ой түбіне көз жіберіп ал. Құлағына жат естілген сөздің мәнін сонда ұғасың. Өлген досыңның арманына жетудің орнына гүлдей сола берсең кім болғаның. Рас, қайғыру жүрек ісі. Бірақ, біле білсең, сол қайғының құрдымына бата бермей, өзіңді-өзің одан арашалауын, керек емес пе.

— Арашалаудың төте жолы өрге шығу болғаны ма.

— Дос қайғысын дос құшағы ұмыттырады. Жалғыздық ауыр жүк, қызық-қуанышсыз тұл өмір. Мұны өзің сияқты саналы адамның есінен шығаруы жөнсіз.

Қарт оқытушы аз ойланып отырды да сөзіне қайта кірісті.

— Иә, шырағым, солай. Адамбыз ғой, адамша өмір сүруіміз керек. Өмірдің бүгіні мен ертеңін ұмытсақ не болғанымыз. Оны ұмытуға қақымыз жоқ. Жаңадан жар сүй, қызық өмір сүр, қызмет ет. Артында із қалдыр, ұрпақ қалдыр.

Қарт ұстазың саған осыны тілейді.

Қарт оқытушының сөзі Назымды көп ойландырды. Кейін ой дүниесіне бір өзгеріс туа бастаған тәрізденді. Назым бұл құбылысты алғашқыда өзі де сезбей қалды. Жүректе сөнді деп жүрген жастық оты өзінің кезегі келгенде қайта лаулады. Бұрын айналасында не болып жатқанын аңғармайтын ол өмірге зер сала қарайтын болды. Қараған сайын көңіл тоқтарлық, көз тартарлық қызық көрді. Ең аяғы, көктемнің әсем күнінен қорек алып, гүлдеп келе жатқан гүл-бәйшешек, ағаштар да оның көз алдына тіршілікті елестетті. Өз үйінің терезесі алдында қураған кәрі терек болушы еді. Оның да көктеп келе жатқанына көзі түсті. Осынын бәрі тегін емес сияқтанды. Бір өмір кетсе, оның орнына екінші өмір келеді. Екі шетіне көз жеткісіз, тізбектелген ұзақ бір керуен...

Бұл ой, әсіресе, жиыннан, сауық кештерден қайтқанда айрықша түсетін болды оған. Екі-екіден қолтықтасқан сүйген жандар, олардың өзара айтқан әзіл-наздары, сүйкімді күлкілері қатты әсер етеді, ой салады, оның да сүйгенімен солардай сыр шерткісі, тәтті қиялды бөлісіп, назданғысы келеді. Осындайда жайшылықта аңғармайтын жалғыздық түседі басына. Қыз-келіншек достары мұндай минутта оның ойын бөле алмайды. Бұлар қаншама жақын көрінсе де сүйген адамның орны бөлек болады да тұрады. Кейде олар сүйгендерімен кететін кездер де болып қалады. Мұндайда ой деген қаптап, толас бермей кетеді. Іші пысады, жас жүрек алып-ұшып, жан серік іздейді...

Жүректің терең түбіне орнаған қайғыны өмірге ұмтылған жарқын ой бірте-бірте ығыстырып шығара берді. Осының аяғы Назымды үлкен бір өзгеріске жеткізді. Алғашқы махаббат қайғымен бірге ығысып, жаңа махаббатқа жол берді. Ол жар сүйді. Иә, жар сүйді. Жаңа махаббат басталды. Бұған Назым алғашқыда мойынсынбай, әшейін бір жай нәрсе деп қарады. Бірақ. келе-келе зорайғанын, алғашқы махаббаттың сағымдай бұлдырап ұмыт болып бара жатқанын сезді... Кей күндері:

— Мұным не? Жүніс қайда? — деп қынжылатын.

Осы минутте оның көз алдына Жүніс келетін. «Сен мені ұмыт, сәулем. Мен өлімін. Жаңадан жар сүй, қызық өмір сүр, өз бағыңды өзің байлама», — деп тұрған тәрізденетін ол.

Осыдан кейін оның есіне енесі түсетін. Аяйтын оны. Ол байғұс келінінің қас-қабағына қарап, ренжімесе екен дейтін. Кейде Назым үйге кеш қайтқан күні ішінен жаратпаса да, сырттан білдірмейтін. Мұны Назым да жақсы түсінуші еді. Енесінің көңілін аулап, баласын ойлатпау жағын көздейтін. «Мұңаймаңыз, сіздің көз жасыңызға қалмаспын» дейтін ішінен. Осылай ойларын ойласа да, артынан өзінен өзі қатты қысылатын. Шынында, бүгін болмаса ертең, ертең болмаса бүрсігүні айырылуға тура келетіні анық болып сезілуші еді. Қалай айырылады? Ол арасын ойлағанда басы мең-зең болып кететін. Бір жағынан, оның сүйген жігіті қосылуға асығып жүр.

Өз тағдырын қалап шешерге білмей соңғы кезде Назым ауыр ойда еді. Енесінің жаңағы сөзі мұнартқан ойын қоюлата түсті.

— Тегі, біреуден біз туралы естіген ғой. Енді оны не деп жұбатамын. Қарауға ұяламын. Әрі қимаймын. Елге көшемін дейді. Ол кісі ашу үстінде айтса да, ойланбай айтпайды. Көшеді. Сонда мен қайтемін? Шешуім керек.

3

Біреу есік қақты, шырт ұйқыда жатқан дәрігер жігіт оянып орнынан тұрды да, аяғын самарқау басып есікке келді.

— Кіріңіз, — деді есіктің ілгешегін ағытып.

Хат тасушы әйел кіріп, дәрігер жігітке хат ұсынды.

— Рақмет!

Әйел кетісімен дәрігер жігіт төсегіне отырды да, конвертті ашып оқуға кірісті.

Шәріп!

Қысқа жазамын. Ашық жазамын. Қыз басымды төмен иіп, әлденеше жолықсам да, хат жазсам да бір илікпей қойдың. Сондағы тапқаныңды да көріп жүрмін. Оқасы жоқ, өзіңізге сол лайық болған шығар. Сен мені жақсы білесің. Менің саған деген сүйіспеншілігімнің де шегі жоқ екенін жақсы білесін.. Бірақ, білсең де жылымайсың. Қандай тас бауыр жан едің! Білмейсің ғой қыз жанын. Әйтпесе, бүйтер ме едің. Ол жоқ, төзе алмадым. Назым! Маған кедергі болған сол Назым. Соның ызасынан булықтым да, кеше тігін фабрикасына барып, енесіне бәрін де, бәрін де айттым. Сенің жататын бөлмеңе дейін айттым. Шыдай алмадым. Айттым, айттым! Енді олар көшкелі жатыр дейді, ақырында, күйеуі өлген әйелдің жұртында қалдың, сері жігіт, шоқ, шоқ!

Күлше.

P. S. Мен десең жолық бүгін. Содан кейін, мүмкін, көрісе де алмаспыз.

Кешір, Шәріпжан. Ашу үстінде не жазғанымды өзім де білмеймін».

Бұл хатта Шәріп үшін ешбір жаңалық жоқ еді. Мұнан бұрын осы сарындас сөзді хат жазып отырған қыздан естіген-ді. Жалғыз-ақ оның қытығына тиген «ақырында күйеуі өлген әйелдің жұртында қалдың, сері жігіт!» деген сөз болды. Ол хаттың осы жерін қайта-қайта оқыды. Оқыған сайын намысына инедей қадалды. «Жоқ, ешкімге де күлкі бола алмаспын!» — деді ішінен.

Оның көз алдына Назым келді. Кешегі кездескені елестеді. Дәл осы үйде, осы арада сырласып тұрып еді онымен. Сонда Назым:

— Не істедік, Шәріп-ау? — деп қара көзін бір төңкеріп, сырт айнала берген. Шәріп оны уатып, құшағына алып, бетіне бетін тақап біраз үнсіз тұрған еді. Жарып өрген мойылдай қара шашын ақырын ғана сипап, ойлы пішінмен наздана қараған Назым оны алғашқы рет көргендей тандандырған. Неткен әдемі, неткен сүйкімді кескін еді!

— Назымжан, қарасам көзім тояр емес саған, — деген Шәріп күлімсіреп.

— Сондай сөзді айту саған жараспайды, қойшы.

Ол әлі сәби сияқты, ойы да, тілегі де жас адам. Бойына біткен балалық тәтті мінез, биязылық, иба оған сондай келісетін еді.

Мұны Шәріп бүгін ғана емес, сан рет аңғарған.

Сондай асыл жанға мін тағады, қорлайды хат жазған қыз. «Сонда, сонда, — деді Шәріп ойланып, — өзінің неменесі артық екен. Қызбын деген атқа мәз ғой ол. Қыз болу мәңгі жазылды ма екен пешенесіне. «Білмейсің ғой қыз жанын» деп мінейтінің қайтерсің тағы. Ал, жігіт жанын біле ме екен сол сұлу? Жоқ, жоқ, біле алмадың, уға алмадың жігіт жанын. Ау, өрісің тар, ойын шолақ болса оған қалай айыпты боламын мен?...»

— Кіруге бола ма?

— Кіріңіз, — деді Шәріп ойдан серіліп.

Өзінің досы, жас ақын Құрмаш екен.

— Сағат он болды. Бұл қай жатыс, — дей кірді ол.

Дәрігер жігіт орнынан тұрды да Құрмашқа қыздың хатын ұсынып:

— Оқы мынаны, — деді. Содан кейін Назыммен екеуінің арасында болған кешегі оқиғаны қысқаша баяндап өтті.

Құрмаш әңгімені тыңдап болып, хатты оқып шықты да:

— Дұрысында, біреудің келінін әурелегенше, осы қызды алып тынбаймысың... Әсіресе, сайтанның көзі жақсы, — деді күліп.

«Бойда қайрат, ойда көз».

Болмаған соң айтпа сөз», ақын жолдас.

— Білмейсің, білмейсің. Көз деген қасиетті мүше. Адам бойындағы барлық қасиет көз арқылы көрінеді. «Адамның көзі — терезе. Басқа келген, басқа жиылған ойдың бәрі сол арқылы көрініп тұрады» деген ғой бір мықты жазушы. Көз, әдемі көз! Не жетсін оған! Қарақаттай қара көз күлімсіреп қарап тұрса, жүрек шіркін май болып еріп кетпей ме.

— Ау, тоқта, шығандап барасың ғой өзің...

— Жоқ, көздің қасиетін ұқпай отырсың.

— Жә, жетті. Қалың қалай өзіңнің? Соны айтшы. Не жазып жатырсың? — деді Шәріп, әңгіменің бетін басқа жаққа бұрып.

— «Адам» деген поэма жазуға дайындалып жүрмін.

— Дұрыс. Ал менің поэзиям — адамды емдеу, ол өзіңе мәлім, — деді Шәріп күліп.

— Өй, — деді кенет Құрмаш, — көз, қыз, келіншек, сүйіспеншілік, поэзия, — деп отырып қалыппыз ғой. Күн болса демалыс. Баққа бару керек. Тұр, киін! Салқын сыраға бір қандыр, содан кейін қандай тақырыпта сөйлесемін десең де, мен әзірмін.

Шәріп күліп, киінуге кірісті. Құрмаш бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүре бастады. Сәлден соң терезе алдына барып, көшеге қарап тұрды да, шошынып:

— Өлтірді-ау байғұсты, — деп айқайлап жіберді. Сөйтті де, ашық тұрған терезеден қарғып түсіп, сыртқа жүгірді. Шәріп те тысқа үңілді...

4

Ана фабрикадан кеш қайтты. Неге екені белгісіз, барған жұмысы тез бітсе де, ұзақ жүріп қалды. Оған мұндағының бәрі де ерекше әсем көрінді бүгін. Бәрінен де бұрын өзімен істес болған тігіншілерді қимады. Үйреніскен осыларды тастап, жылы орнымды суытып қайда барамын деген ойға да келді. Әсіресе, ана ойына үлкен қозғау салған ақырғы минут болды. Цехқа кіріп:

— Жұмыстан шықтым, көшетін болдым колхозға. Қош болыңдар бәрің де, деуі-ақ мұң екен, тігіншілер:

Бірі әже, бірі апа, бірі мамалап, ананы қоршап алды.

«Не деген жақсы адамдар еді өздері» деп ойлады ана. Бәрінен де директор баланы айтсаңшы, өзінің туған анасындай мені құрметтеп:

— Ең болмаса биылша болыңыз, өзіңізді курортқа, демалыс үйіне жіберейік, — деп отырып алмады ма!

Не деген жақсы адам директор бала! Қиын күнде қандай көмектесті ол маған...

Ананың көз алдына фабриканың комсомол ұйымының секретары Петров, жас жұмысшылар: Абдолла, Жібек, Гриша, пионер Есентай келді. Ананы қимағандай, бәрі де мұңайып тұрған тәрізді. Қандай жақсы балалар! Осылардың бәрі де ананың үйіне сан рет келіп, қолқабысын тигізіп, қамқорлық жасап отырмады ма...

Кенет, ананың есіне дәрігер жігіт түсті. Ол ана көзіне тым сүйкімсіз болып елестеді. Міне, бұл жаман адам. Қандай анадан туды екен сол неме... Мүмкін, ол да жақсы адам шығар. Көрмей тон пішпес болар. Қайдам... Біле алмаймын.

Ана орнынан тұрып төргі бөлмеге беттеді. Есік ашып қалған бетте оның көзі төр алдында ілулі тұрған үлкен суретке түсті. Бұл баласы мен келінінің бірге түскен суреті еді. Оңаша үйде, қаннен-қаперсіз күлімсіреп тұр екен екеуі де.

Ананың өн бойы балқып, түнерген қабағы ашылып, жабырқаған көңілі жадырап сала берді. Көз алдында қос шырақ жанып тұрғандай, кәрі көзінің жанары жайнап кетті. Бірақ, бұл тәтті көрініс көп баяндап тұра алмады. Ой ағыны ғазиз баланы көз алдынан алысқа әкетті де, кіреуке тартқан жасты көздің аясында бұлдырап келіні ғана тұрып қалды... Қайда өзі? — деді ана ойланып. Жігітіне кетті ме? Олай болғанда несіне отырмын? Барайын мен оларға, көрейін мен оларды...

Ана сыртқа қарай беттей берді де, сәлден кейін өзек жарған бір ащы ой түсіп кетті де, кілт тоқтады. Мен барған уақытта екеуі құшақтасып отырса қайтемін, сүйісіп отырса қайтемін.

Ана қайтып өз орнына келді. Не де болса таңның атуын күтті. «Ертең демалыс күн ғой. Үйінде болар әлгісі. Барайын...» деген ойға тірелді.

Шәріпке жолығып қайтып келе жатқан Назым үйіне таянған сайын қысылады, ұялады. «Қалай кіремін үйге? Есікті ашады ол, кездеседі. Мен деймін сонда?» — деп қынжылады. Бірақ, бұл жолы есікті іштен ілуді ана ұмытып та кеткен еді. Назым есік алдына келіп, аз уақыт үнсіз тұрды. Содан кейін тұтқасынан ақырын тартып еді, есік ашыла бастады. Аяғын ептеп басып, төргі үйге өтті. Төсегіне келіп, киімшең қисайды.

Ауыз үйде дөңбекшіп ана жатыр. Келініне барып, тіл қатпақ болды да, әлденеден именгендей, батылы бармады. Әлден уақытта ақырын орнынан тұрды. Аяғын ептеп басып төргі үйдің есігінен сығалады. Назым төсегінің үстінде әлдебір суреттер мен қағаздарға үңіле қарап мұңайып отыр екен.

Ана іші-бауыры елжіреп, аяп кетті. «Қайтсын, өзі де қиналады ғой... Жас қой. Жастық не істетпейді.»

Қайтып орнына келіп жатты. Ұйқысы ұйқы емес. Келіні түні бойы көз алдынан кетпеді. Көзі сәл ілінсе болды, ол алдына келіп тұрады. Кейде ол: «Қош, мен кеттім» дегендей болады. Кейде: «Апа, апатай, мен ешқайда да бар.маймын» — деп құшақтайды, еркелеп мойнына оралады...

Ана да, келін де көрер таңды көздерінен атқызды. Келіні тұрып, шай қойды. Кемпір бүгежектеп үйдің ішін жиыстырумен болды.

Ана шай үстінде:

— Жұмыстан шықтым, ондағы балалар барлығын да реттеп берді. Енді аялдайтын ештеңем қалған жоқ, ақырғы еткен жақсылығың болсын, маған поезға билет алып бер! — деді.

— Апа, тым болмаса...

— Жә, не айтарыңды білемін. Мә, ақша, маған құдай үшін билет алып бер.

Келінінің алдына ақшаны лақтырып тастап:

— Мен қазір келемін, — деді де үйден шығып кетті.

Назым не вокзалға барарын, не енесінің соңына ерерін білмей дағдарды.

Ана дәрігер жігіт жататын мейманханаға қарай бет алды. «Барғанда не деймін?» деген ой келді жолшыбай. Осы ойдың басқа келуі-ақ мұң екен, ана көңілі бей-жай болды. «Ақ шашыммен алдына барғанымда, түсінсе жақсы, түсінбесе, жерге кірмеймін бе» деген оймен кілт тоқталды. Бірақ, бір үміт, ақырғы үміт: «Барып қайт, ұғар» деп демеді. «Баранын», «бармайын» деген екі сезіммен алысқан ана дәрігер жігіттің үйіне жетіп қалғанын да аңғармады Осы кезде көше бойлап ағып келе жатқан бір машина дүниенің бәрін ұмытып, ауыр оймен арпалысып келе жатқан анаға мүйістен шыға келген бетте тап бола кетті. Қапелімде ананың бұрылуға мұршасы да келмеді. Машина қағып жіберді.

Өлтірді-ау байғұсты, — деп терезеден қарап тұрған Құрмаш айқайлап жіберген еді дәл осы минутта.

Жұрт жиылып қалды. Құрмаш пен Шәріп те келді. Талықсып ана жатты.

— Жедел жәрдем көрсету керек.

— Бишара-ай, демін әрең алып жатыр.

Шәріп елім халінде жатқан ақ шашты ананы көріп, аяп кетті. Өліп бара жатқан адам алдында қол қусырып қарап тұру ерсі сияқтанды оған. Жоқ, көмектесу керек, тез көмектесу керек деді ішінен. Ананы қағып кеткен машинаның шоферіне бұрылды.

— Кел бермен!

Шофермен екеуі ананы көтеріп машинаға салды. Одан кейін Құрмашқа қарап:

— Ауруханаға кеттім. Баққа, мүмкін, кешке шығармыз, — деді.

5

Ана операция бөлмесінде. Кезекші дәрігер:

— Іштей қансыраған. Дереу қан құйып, операция жасамаса өледі, — деп мазасызданып тұр.

Ананың қаны тексерілді.

— Қан жоқ, қан жоқ! — деді бір сестра тұрып. — Қан құятын ауруханаға апару керек.

Ана бозарып әлі бітіп бара жатты. Бұл қалпында енді аз жатса, өліп кететініне Шәріптің де, кезекші дәрігердің де көзі айқын жетті. «Жоқ, адам өлуге тиіс емес». Осыны ғана ойлаған Шәріп:

— Менің қанымды алыңдар, группасы дұрыс келеді. Бол, болыңдар! — деді.

Жас жанның ыстық қаны әлсіреп, бітіп бара жатқан кәрі денеге шымырлап сіңген сайын, өмір кең құшағын анаға қайта ашып, тіршілік, үміт дүниесін жақындатып алып келе жатты...

— Қайдамын, Назымжан, қайдамын мен? — деп күбірледі ана әлден уақытта.

Өз кабинетіне барып, едәуір уақыттан кейін қайта оралған Шәріпке сестра:

— Сізді іздеді, — деді.

— Мені қайдан біледі екен?

— Ол есін жиғаннан кейін жағдайды сұрастыра бастады. Біз оған сіздің еткен жақсылығыңызды түгел айттық.

Шәріп ананың қасына келді.

— Әлгі балаңыз осы, — деді кезекші дәрігер анаға.

Келші, балам, жаныма келші... Жүзің жылы екен, ұлым.

Көзіңнен бір жарық сәуле көрдім ғой... Менің де дәл өзіндей ұлым бар еді, — деді де, кемсендеп аржағын айта алмады.

Дәл осы кезде өні құп-қу болып Назым кіріп келді. Ол келген бетінде:

— Апа, апатай, — деп ананы құшақтай алды. Ана еміреніп:

— Жалғызымның — көзі, жалғызым, — деп мейрімді құшағын жайып сала берді.

Шәріп аялдап тұра алмай, тысқа беттеді.

6

Ана төсегінен тұрып, терезе алдындағы террасқа шықты. Бұл оның осында жатқалы даланы алғаш рет көруі еді. Үш қабат биік үйдің террасынан айналаның бәрі самаладай болып көзге түсті. Көк аспан қол шатырдай төбеде төңкеріліп, дүние манауратып тұр екен. Көше де, барлық төңірек те жап-жасыл. Қала осы әсемдікке бөленіп, балқып тұр. Сол ғажайып дүниенің аясында жас өмір қайнап жатқан секілді. Көшелермен ерсілі -қарсылы ағылған адамдар осы өмірдің бейне бір әміршісі сияқты. Әлдеқайдағы заводтан естілген мотор даусы қаланын жүрегі тәрізденіп, дамылсыз соғады. Тамаша өмір, тамаша дүние! Осы кереметтерді ана бұған дейін аңғарды ма екен. Оның шынайы сырына терең бойлап, шомды ма екен.

Ол бұрын келінінен басқа қамқоршы жоқ деп ойлайтын, Бар жақыны, бар қызығы сол келіні ғана болып көрінетін. Енді ойлап отырса, олай емес екен. Ол білмесе де, оны білетін, қадірлейтін жақсы адамдар көп екен. Бір кезде сүйкімсіз көрінген дәрігер баланың өзі қандай. Сол емес пе жүрегін қайта соқтырған. Сестра, бұйра шашты сестра қызды қалай ұмытпақ. Ол сарғая түн күзетіп, ауыр дертіне шипасы болмады ма! Өмірі көрмеген, білмеген ақын бала да Назыммен бірнеше келіп, оның халін біліп тұрмады ма.

Осының бәріне көз жұмып қарауға бола ма? Осылардан безінер не жөнім бар. Кіммін сонша мен? Өз анасындай қадірлеп, иіліп төсек болса, ондай баланын не бөтендігі бар маған!

Назымжан, жазғырсам да аяймын сені. Не жазық бар сенде! Не деген тас бауыр жан едім мен! Қызық көрме, сөн деймін қызғалдақтай жас жанға...

Осы кезде Назым мен Құрмаш террасқа шықты. Олар сауығып қалған ананы көріп қуанды.

— Міне, енді жазылғансыз, шеше, — деді келген бетінде Құрмаш ананың екі қолын қаусыра ұстап.

— Шүкір, шырағым. — Сөйтті де ол: — жүдеп кетіпсің ғой өзің, — деді Назымға еміреніп.

Бұл сөзді айтарын айтса да, ыңғайсызданып қалды.

— Назымжан, дәрігер баланы шақыршы.

— Мен шақырайын, — деді Құрмаш.

Ол Шәріпті өз кабинетінен тапты.

Күлше жайындағы хабарды естідің бе? — деді Құрмаш келе жатып.

Шәріп жұлып алғандай:

— Жоқ, не болыпты? — деді.

— Мұнда тұрмаймын деп, Москваға кетіпті дөкейің!

— Дұрыс болған.

Олар террасқа шыққанда ана да, Назым да төмен қарап үнсіз отыр екен. Ана Шәріпті көріп, еңсесін көтерді. Амандасып болғаннан кейін, сөзге кірісті.

— Балам, — деп бастады сөзін ол, — көп қиналдым, көп ойландым соңғы күндері. Ақыры жас тілектің назасына қалғым келмеді. Тоқсан ойдың тобықтай түйіні осы болды. Жалғыз-ақ тілегім — Назымжан мені шығарып салсын. Ақырғы рет армансыз қоштасып, мауқымды басайын.

Ана осыны айтты да, көз жасын төгіп, үнсіз отырып қалды. Назым Шәріпке, Шәріп Назымға қарады. Бірақ, ешқайсысы тіс жарып пәлен дей алмады.

Әлден уақыттан кейін Шәріптің көзі анаға түсті. Қарт ана қаланын сыртындағы жасыл орманға бөленген асқар тауға сұқтана қарап отыр екен.

«Шіркін ана, ғазиз ана, сенің құшағыңнан кең, сенің махаббатыңнан биік не бар екен! Аттамаспын назаңды», — деді ішінен Шәріп. Ол бойын тез жиды да:

— Ана, сіз ешқайда бармайсыз. Осында қаласыз. Үшеу болып өмір сүреміз. Мен анадан жастай қалдым. Маған ана, сізге бала керек, — деді.

Ана Назымға сүйенген бойы жасыл дүниеден, жас дүниеден көз алмай үнсіз қарауда болды. Оның бұл қарасы: «Мұндай жасыл атқан жас дүниеде, мұндай адамдар арасында жалғызбын деп жабығу да қате екен» дегендей еді.

Жаны рахат тауып, сүйсінген жас ақын:

— Болды қызық, адам туралы дастан басталды енді, кіріспесін тойда оқимын, — деді шаттанып.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама