Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
"Құнти, кедей, құнти"

Ертеде бір тақыр кедей болыпты. Кедей болғанымен өнерлі, тапқыр адам екен. Өнерінің ішінде атбегілік, құсбегілік, саятшылық та бар екен.

Қолына бірегей жүйрік ат ұстапты. Сол жел жетпес жүйріктерді ел ішін аралап жүріп өзі сынап тауып, өзі мәпелеп баптапты.

Жігіт жаз шыққан кезде байларға жалданып, мал тауып, жұмыс істейді. Қыста жапан далада, сай-сайда, орман мен тау ішін сүзіп жүріп қасқыр, елік қуып, қарсақ пен түлкі қағыпты. Суыр, қоян аулап, тиын мен күзен алып кәсіп етіпті.

Күндердің күнінде басқа елдің баукеспе бес ұрысы осы жігіттің жел жетпес жүйрігін естиді. Олар қалай ебін тауып, сол жүйрікті қолға түсірудін амалын ойласады. Бірақ тақымына басқан жалғыз атын жігіт көз алдынан таса етпейді.

Ұрылар күндіз-түні торыса да жүйріқ атты қолдарына түсіре алмайды. Амалы таусылып, мысы құрыған ұрылар жігітке өшігіп, ерегіседі.

Сөйтіп, жігіттің аң аулап, дала кезетін кезін андиды. Ақыр аяғында қарақшылар ізін анднды. Иек артпадан кезектесе, ұтылай қуып, абайсызда ұрып жығып, атын олжалап кетпек болады.

Қыстың қиыршық қары борап, қызыл шұнақ аязы шандатып тұрады. Тоқал ешкі мүйізіндей Едірей дейтін төбелердің ішінен жүйрік ат мінген жігітті ұрылардың көзі шалады. Айтылған уәделері, байласқан сөздері бойынша Едірейдің иек артпа кезеңінен бесеуі кезек-кезек ұтылап ізін бағып, жігітті өз еліне беттетпей, бірінен соң бірі қуа береді, қуа береді.

Жігіт андыған жаулардың астындағы атын алмай қоймайтынын біледі. Жасанған адамдарға жалғыз өзі көзсіздікпен қарсы тұра да алмайды. Аттың жалы, қылыштың жұзіндей қысталаң жерде жұрт есінде, ел аузында, бала санасында қаларлық бір сөз айтып қалуды ойлайды. Сонда ол қары бораған құба төбелерді айнала шауып жүріп: «Құнти кедей, Құнти! Құнти, кедей, құнти!» деп айқайлап қашады. Ұрылар жабылып жүріп, жігітті сойылға жығады да, жүйрік атын олжалап кетеді...

Жаз шығып, жайлауда ет жеп, қымыз ішіп еліріп отырғандарында ұрылар өздері ұрып кеткен жігітті мазақ етіп күліседі.

— Сол жігіттің, тегінде,акыл-есі дұрыс па өзі?..

— Иә, өзі мертігіп, атынан айырылатынымен ісі жоқ, «Құнти, кедей, құнти!» деп, беталды айқайлай бергені несі?..

Қарақшылардың бұл сөзі ауыл балаларының құлағына шалынады да, олар бірін-бірі қуалап, алысып ойнағанда, қашақтағаны: «Құнти, кедей, кұнти!» деп зымырайды. Қуалағаны: «Құнтиды ұста!» деп жүгіреді. Балалар бұл сөзді ұмытпай қысы-жазы ойнағанда айтып жүреді.

Арада жыл өтеді. Жігіттің жарақаты жазылып, ел жинайды. Жүйрік атынан айырылғанына қатты күйінеді. Ақыры намысы қозып, жаяу ел аралайды. Табанын тоздырып жүріп сұрау салады.

Бірақ ешбір сыбыс, хабар біле алмайды. Ұры-қарысы көп дейтін алыстағы бөтен елдің ішін шарлайды.

Күндердің күнінде жылқысы көп, желісі ұзын бір ауылдың ту сыртында ойнап жүрген бір топ балаға кезігеді. Байқап тұрса, балалардың қуғаны да, кашқаны да: «Құнти, кедей, құнти!» деп жүгіріседі. Жігіт сол арада балалардан бұл ауыл кімнің ауылы екенін, әлгі сөздің қайдан шыққанын және осындағы елдің өте әділ, сөз қадірін білетін ақсақалының кім екенін сұрап, жай-жапсарды біліп алады.

Содан кейін жасы сексеннен асқан Отарбай деген ауыл ақсақалына барып сәлем береді де, өзінің басынан кешірген оқиғаны айтады. Төрінен гөрі көрі жуық ақсақалдан тендік, әділдік тілейді.

Отарбай ойланып, толғанады. Әрі кедей жалғыз жігітті аяйды. Әрі істің анығына, жігіт сөзінің растығына көзі жетіп, көңілі сезеді.

Сөйтіп, бес ұрыны шакыртып алады да:

— Адам өлсе де, сөз өлмейді, – дейді Отарбай қарт, — Мал жоғалса да, сөз жоғалмайды.Қашан да арам жеңіледі, адал жеңеді. Адамға адалдық, әділдік керек. Жас бала үйренбесе өтірік айтпайды. Олар үлкендерден естігенін айтып, ылғи да көргенін істейді. Балалы үйдің ұрлығы жатпайды. Мына жігіттің табан ақы, мандай терімен тапқан жалғыз атын қазір өзіне кайтарындар. Ақылды жігіт пен жақсы аттын айыбы үшін бесеуің бес бесті мойнына қосак, соңына тіркеу етіп беріңдер!..

Мойындарына су кетіп, бұлтара алмаған қарақшылар:

— Сөз тапқанға қолқа жоқ, қылша мойнымыз мұнша! –дейді.— Атың да, айыбың да дайын. «Кұнти, кедей, құнти!» деген сөзді текке айтпаған екенсің. Оны енді білдік...

Сөйтіп, кедей жігіт бір атына бес бесті ат қосып алып, еліне қайтқан екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама