Баймағамбет хан қасында Сырымның баласы Қази би бар, тағы да ерткен бірнеше нөкерлері бар үгітпен патшаның үкіміне көндіремін деп жүріп, Адайдың елін аралайды. Адайдың елін аралап жүрсе, алдынан алты-жеті салт атты көрінеді. Қази би Баймағамбет ханға: «Адайдың Атақозысы келе жатыр», — дейді. Сонымен қарсы келіп, аман-сау сұрасып, «мына кісінің тым арығын-ай!» — депті Баймағамбет хан Атақозыға. Атақозы:

— Оның дұрыс тақсыр хан,
Өлеңді жерде өгіз семіреді,
Өлімді жерде молда семіреді.
Қаралысында қатын семіреді,
Қайғысыз хан семіреді деген — рас сөз.
Енді маған келсек:
Бұлт тұр малыңды аламын деп,
Әзірейіл тұр жаныңды аламын деп,
Кәпір тұр дініңді аламын деп.

Бір түнде тоғыз оянамын, тоқсан ойлаймын, осы күйде қалай семіремін, — депті де, жөніне жүріп кетіпті. Ұялған Баймағамбет хан Қазы биге:

— Атақозының бұлай екенін неге аңғартпадың», — депті.

— Егер де мұндай сөзді айта алмаса, адайдың Атақозысы келе жатыр, — деп едім деген екен Қазы би Баймағамбет ханға.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр