Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 сағат бұрын)
Салауатты өмір салты
Тақырыбы: Салауатты өмір салты
Мақсаттары:
Білімділік: оқушыларға адам денсаулығының қымбаттылығын, өмір сүру үшін қажеттілігін, бағалы байлық екендігін түсіндіру.
Дамытушылық: сын тұрғысынан ойлау, шығармашылық қабілеттерін дамыту, сөйлеу шеберлігін жетілдіре отырып қорытынды жасай білуге дағдыландыру.
Тәрбиелік: оқушыларды дені сау, білімді, тәрбиелі, мейірімді, ұстамды, өзін - өзі тәрбиелей алатын жеке тұлға ретінде қалыптастыра отырып салауатты өмір салтына баулу.
Көрнекілігі: слайд, видео, плакат.
Жабдығы: компьютер, интерактивті тақта, үнтаспа, ватман, фломастер, стикерлер.
Әдіс - тәсілдері: сын тұрғысынан ойлау, талдау, пікірлесу, тренинг.
Түрі: дәстүрлі емес
Формасы: шығармашылық - ізденушілік, зерттеушілік.
Эпиграф: «Ұлт денсаулығы - біздің табысты болашағымыздың негізі»
Н. Ә. Назарбаев.
Барысы
1. Мұғалім: Құрметті қонақтар, «Салауатты өмір салты» атты 10 сыныбында өтілетін ашық сабағымызға қош келдіңіздер! Бүгінгі сабағымыздың дәйексөзі ретінде Елбасының мына сөздері алынды: «Ұлт денсаулығы - біздің табысты болашағымыздың негізі». Сабағымыздың мақсаты ұлт денсаулығы табысты болашақтың негізі екенін жан - жақты талдап түсіну және салауатты өмір салтына дағдылану. Әдеттегідей сабағымызды шаттық шеңберінен бастайық.
Шаттық шеңбері. Тренинг «Әлемге денсаулық!». Оқушылар жүректерге тілек жазып глобусқа жапсырады. Хормен «Әлемге денсаулық тілейміз, болашаққа денсаулықпен бірге барайық!».
2. Ойланайық, пікірлесейік. Сұрақтар:
Слайд №1. Неліктен мына адам тынықса да шаршағаны басылмайды?
Слайд №2. Мына суретке қарап темекі туралы не айтасыңдар?
Слайд №3. Темекінің зиянын біле тура неліктен адамдар шылым шегеді?
Слайд №4. Алкоголь мен сәбидің арасында қандай байланыс бар?
Слайд №5. Мына сурет сендерге қандай ой салады?
Слайд №6. Ішімдік адамды қандай жағдайға ұшыратады?
Слайд №7. Мына сурет қандай ой салады?
Слайд №8. Алкоголь мен суицидтің байланысы қандай?
Сабағымыздың келесі кезеңі оқушылардың шығармашылығы, тақырыпқа байланысты қосымша мәліметтерді тыңдайық.
3. Шығармашылық жұмыс. Оқушылар жұмыстарын қорғайды.
Ермек: Қоғамның ілгері дамуына кері әсерін тигізіп, жас ұрпақтың санасы мен өмірін уландыратын ауыр кеселдің бірі – маскүнемдік, араққұмарлық. Ішімдіктің зияны: Ішімдік ішетін адамда ең алдымен қуаныш сияқты жеңіл сезім пайда болады. Сосын бас ауруы, көздің сүзілуі, өзін бақылай алмау, жүру қиындығы, тепе - теңдіктің сақталмауы, жерге құлау әрекеттері орын алады. Ми, жүйке, бауыр, бұлшық ет, ткань сияқты органдардың қызметі бұзылады, көз қимылының үйлесімі бұзылады, аяқ алысы ебедейсізденіп қисалаңдайды, тілі күрмеледі. Ақыл кемиді және дұрыс естімейді. Басқа адамдармен қатынас жасалып, жыныстық аурулар тарайды. Ми қабығын ұйытатындықтан адам өзін билей алмай, билік ішімдіктің қолына өтеді. Қарындағы алкоголь 2 минуттан соң қанға өтеді. Қан оны организмнің барлық клеткаларына таратады. Ең соңында есінен айрылады. Материалдық залалымен қоса дененің ауруларға қарсы тұру қабілеті кемиді. Ішкіш адамдарда дін, отбасы, бала, отан, ұлт сүйіспеншілігі деген болмайды. Ұялу сезімін жоғалтатындықтан ең намысты адамдардың өзі адамгершілікке жат қылықтар жасайды. Алкоголь ішімдіктерін ішу үлкен күнә. Алкоголизм әдет емес, ол - ауру. Алкоголизм - организмдегі үрей мен жарымжандықты сипаттайтын ауру. Организмге сіңген алкоголь бірден жойылмай, оның зиянды әсері 1 - 2 тәулікке дейін сақталады. Сондықтан күн сайын жарты литрден жүзім шарабын немесе сыра ішкен адамдар ұзақ уақыт алкогольмен уланған хәлден айыға алмайды. Сырада алкогольден басқа, көптеген көмірсу болады, ол лезде майға айналады. Сыраны көп ішетін адам денесінің толықтығын денсаулық белгісі деуге болмайды. Бұл - зат алмасудың бұзылуы туралы берілген сигнал. Алкоголь ішу зиянды, оның кез келген мөлшері - у! Өкінішке орай Қазақстан ішімдікті тұтынуда әлем бойынша алғашқы бестікті құрап отыр.
Айгерім: Шылым шегу арқылы оның құрамындағы улы заттар ауыз және өкпе арқылы қанның құрамына өтеді. Бұл заттарды үш топқа бөледі: никотин, смола заттары және ысты газ. Сонымен қатар темекі түтінінде синилдік қышқыл, канцерогенді және радиоактивті изотоптар бар. Заттардың ішіндегі бәріне белгілісі – никотин. Ол өкпеден қанайналым мүшелеріне өтеді де басқа әртүрлі органдарға жағымсыз әсерін тигізеді. Никотин – у, оны үлкен мөлшерде қолданғанда: тамыр соғуын жиілетеді, басты айналдырады, вестибулярлық аппараттың жұмысын бұзады, салқын тер шығып, құсықты тудырады және адам бозарып кетеді. Темекіде смола заттарының көп мөлшері болады. Ол заттар шылым шеккенде дене мүшелеріне жеңіл түрде өтіп кетеді. Егерде адам күніне бір пачкі сигарет тартатын болса оның өкпесіне 700 гр смола түседі, оның құрамында 100 - ге жуық әртүрлі канцерогендік заттар (қатерлі ісік тудыратын заттар) бары анықталған. Темекі түтінінің радиоактивті заттары өкпе талшығында, сүйек мүжігінде, лимфа түйіршіктерінде, ішкі бездерде жинақталады да айлап мейлі жылдап, ұзақ уақыт бойына сыртқа түзіліп шықпай, өздеріне сай зиянды әсерлерін жалғастыра береді. Темекі радиоизотоптарынан әсіресе полоний - 210 және қорғасын - 210 қатерлі ісіктерді тудыратын ең басты улы заттар болып табылып отыр. Бұл заттар темекі шегушілердің генетикасын зақымдайтын ең негізгі себептер. Адамды 200 рет рентгенге түсіргенде денеге өтетін радиациялық мөлшерді, адам күніне 20 сигарет тарту арқылы - ақ қабылдап жатады. Тақырыпқа байланысты сұхбат жүргізген болатынмын. Экранға назар аударайық.
Толғанай: Дұрыс тамақтану мәдениеті. «Ауру астан» деген қанатты сөзді айтып кеткен бабаларымыз ас - ауқатына баса мән бергені белгілі. Осы заманғы медицинада әр түрлі ауруларды емдеу тәжірибесі мол, ол жөнінде бір дәрігер «адамның денсаулығымен біз айналыспаймыз, әр адам өзінің денсаулығына өзі жауапты» деген екен. Біз өзіміздің тамақтануымызда нені өзгерте аламыз? Тиімді тамақтанудың мәні - тағамдардың дұрысын таңдау. Салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметі тамақтану пирамидасын ұсынады. Жуырда Украинаның бір топ тамақтанушы - ғалымы ең қауіпті азық - түлік түрлерінің рейтингісін жасап шығарды. «Ондыққа» енген тағамдар улануларға, аллергиялық реакцияларға жиі себеп болады екен. Дәрігерлердің айтуынша, бәрі де мөлшерге байланысты. Шамадан тыс желінген кез келген тағам денсаулыққа зиян. Ағзамыз үшін ең қауіпті тағам түрлерін білу - әрбір адам үшін маңызды. Дәмді деген астың өзі күтпеген жағдайларға алып келуі мүмкін. Расында да, Біздің ағзамызға қандай азық - түлік қауіпті? Мектеп оқушыларынан сауалнама жүргізген болатынмын. Тамақтану режимін сақтайсыз ба? деген сауалға 25% кейде, 60% пайызы үнемі, 15% сақтамаймын деп жауап берді.
Ақпар: Денсаулық - адам өміріндегі басты құндылық. «Бірінші байлық - денсаулық» деп халық тегін айтпаған. Адам мықты денсаулықтың арқасында өмірде кездесетін ауыртпалықтарды жеңуге, қабілет - дарынын дамытып, шығармашылық деңгейге көтеріле алады. Сондықтан денсаулыққа саналы қарап, спортпен шұғылданып, уақытында тамақтанып, дене ахуалының бабында болуына жағдай жасау керек. Спортпен шұғылданбайтын адам аурушаң болып келеді. Аурушаң адам толыққанды жұмыс істей алмайды, өзінің сүйікті кәсібімен айналыса алмайды. Ал дені сау адам еңбекке қабілетті болады. Жастар, болашақ мамандар әлсіз, денсаулығы нашар, білімсіз, зиянды әдеттерге әуес, жалқау, тәрбиесіз болса, мемлекет қашан да әлсіз, қорғансыз. Еліміздің президенті Н. Ә. Назарбаев: «Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі» деп айрықша атап өтті. Сондықтан біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты. Дені сау адам өмірдегі ең бақытты адам. Ендеше, денсаулықты нығайту, ширақ, жігерлі, сымбатты өсу әрбір адамның өз қолында. Баршаңызды спортпен айналысуға шақырамын! Біздің мектеп оқушылары салауатты өмір салтын барынша ұстануда. 70% спорт секциясына, 30% би үйірмесіне қатысады.
Альбина:
“Салауатты өмірге кері ықпалын тигізетін
жағымсыз әрекет – ол нашақорлық”
Н. Ә. Назарбаев.
Дәл қазіргі таңда әрбір жанұяның есігі мен терезесіне үңіліп, үй айналасын торып, ғасыр індеті жүр. Бұл індеттің аты – нашақорлық. Халқымыздың денсаулықты байлық пен басқадан да жоғары қоюынан - ақ оның қадірі қаншалықты екенін білуге болады. Осындай баға жетпес байлықтың қадірін түсінбей, өз өміріне өз қолдарымен балта шауып жүрген жандар қаншама! Абайдың сөзімен айтқанда: “ Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтықтан” азады. Есірткі қазіргі таңда көп түрі кездеседі мысалы: марихуана, кокаин, морфин, LSD, героин және тағы басқа түрлері адамның миына, психикасына, орталық жүйке жүйесіне қатты әсер етіп, рухани және физикалық тепе – теңдікті бұзатын зиянды заттардың бірі. Нашақордың есірткіден улануы оның бүкіл психикасы өзгереді. Біріншіден, жүйке жүйесін бірден улайды, елтіріп жібереді, ақылмен істейтін жұмыстардан бас тартатын болады, өмірге қажетті барлық жұмысты орындауға ынтасы, белсенділігі пәс болып тұрады, енжар өмір кешеді. Тіпті, жеңіл - желпі науқастанған нашақорларды емдеудің өзі күрделі екен. Сондықтан да олардың көбі мидың қабынуынан, жүрекке салмақ түсудің салдарынан қайтыс болып жатады. Есірткі адам психикасына өте қатерлі. Нашақордың есіл - дерті қайдан болса да есірткі заттарды тауып ішуде болады. Ең қатерлісі – нашақор есірткіге ақша табу үшін кісі тонаудан бастап, тіпті жақын адамын өлтіруден де тайынбайды. Ойы тұнық, санасы таза ұрпақ қана еліміздің көсегесін көгертіп, ілгері дамуына үлес қоса алады. Бұл туралы Елбасының өзі де халыққа жолдауында сан мәрте айтып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттермен күресуге шақырып келеді. «Өмір» атты кемеде тұңғиыққа батпай, шексіз - шетсіз ғарыш кеңістігінде бізге аманат еткен тәуелсіз мемлекетіміздің алтын кілтін жоғалтпай, көк туын көкке қарай биік көтерейік достар! Статистика: ШҚО - да 2013 жылғы мәлімет бойынша 3446 нашақор тіркелген. Қазақстан бойынша 1991жылы 11000 адам, 2000 жылы 38000 адам, 2010 жылы 50000 нашақор тіркелген.
Айжан: «Тәтті ұйқы – тән шипасы». Атақты Шопенгауер «Сағат үшін оның серіппесін бұрап жүргізу қандай қажет болса, адамға ұйқы да сондай қажет», дейді.
• ұйқыға ертерек жатуға дағдыланған жөн. Ағзаны бір мезгілде ұйықтауға үйрету – денсаулыққа өте пайдалы. Ерте жатып, ерте тұрудың ағзаға өте пайдалы екенін ғалымдар жиі ескертеді;
• Мамандардың жатар алдында жылы сүт ішуге кеңес беретіні бар. Себебі, сүт құрамында қажетті амин қыш¬¬қылы кездеседі.
• Кешкі асты барынша аз ішу керек. Өйткені, тамақ толық қорытылуы үшін 3 - 4 сағат уақыт қажет. Ащы, тәтті тағамды кешкі асқа қолдануға болмайды.
• Ұйықтар алдында ауа тазартып алғанның да маңызы жоғары.
Жалпы алғанда, адам – өзінің сапалы әрі ұзақ ғұмыр кешіруіне өзі ғана себепші бола алады. Статистика: Ұйқы режимін 42% кейде, 50% үнемі, 8% сақтамаймын деп жауап берді.
Асель: Адам аз қозғалып, қимыл белсенділігі азайғанда бұлшықеттер семіп гиподинамия ауруы пайда болады. Гиподинамия — аз қозғалу, жеткiлiксiз қимыл белсендiлiгi.
Негізгі белгілері (симптом):
- Әлсіреу;
- Жүрек соғысының және пульстің тез соғуы;
- Қан қысымының жоғары болуы;
- Қажығыштығу, тiптi ептеген жүктемелерде;
- Эмоционалдық тұрақсыздық, күйгелектік.
Ағзаға әсері:
- Сүйек ұлпасының құрамында кальций төмендейдi, ұйқысыздық, жабығу пайда болады. Өзім қозғалыс - өмір негізі деген қағиданы ұстанамын. Адамды белсенді қозғалысқа әкелетін би өнерін жақсы көремін. Би өнер ғана емес спорт түрі деп те санаймын. Ұзақ жасаймын десеңіздер үнемі қозғалыста болып қимыл белсенділігіңізді азайтпаңыздар! Экранға назар аударайық.
4. Сергіту сәті. Бой жазу.
Мұғалім: Шығармашылық жұмыстарыңа, ізденістеріңе рахмет. Өздеріңе қажетті ақпарат алдыңдар деп ойлаймын.
5. Ақпарат. Келесі кезекте қосымша ақпарат. Зиянды әдеттердің салдары. Экранға назар аударайық (бейнефильм).
Мұғалім: Адамның өз денсаулығына жауапсыздығы осындай ауыр зардаптарға әкеледі, мұны еш уақытта ұмытпаңдар! Жалпы бұл жеке адамның немесе отбасының ғана емес, қоғамдық, мемлекеттік деңгейдегі проблемалар. Денсаулық кез келген мемлекеттің басты назарында. Өйткені дені сау ұлт - ел болашағы. Елбасымыз да бұл бағытта көрегенді де салиқалы саясат жүргізіп отыр. Экранға назар аударайық (видео).
6. Елбасының жолдауы (видео).
Салауаттылық – біздің таңдауымыз! (видео)
7. Тыныштық сәті «Табиғатпен үндесу». (Баяу әуен ойнап тұрады).
Мұғалім: Денелеріңді түзу ұстап ыңғайланып отырыңдар. Ауаны терең жұтып, еркін тыныс алыңдар. Бақытқа, махаббат пен шаттыққа толы таза, шипалы ауаның тұла бойларыңа толғанын сезініңдер (оқушылар көздерін жұмып бақытқа бөленеді).
8. Қорытынды. Осы айтылғандарды ой - електен өткізіп қорытынды жасаңдар. Бұл қорытындыны «Денсаулықтың кепілдері және денсаулықтың жаулары» атты диаграмма түрінде көрсетіңдер. Оқушылар екі топқа бөлініп постер қорғайды.
Мұғалім: Бүгін денсаулық тақырыбына арналып көп мағлұматтар айтылды. Бұл саладағы білімдерің кеңейіп өзгелерге де ақыл - кеңес беретін дәрежеге жеттіңдер деп ойлаймын. Мектебіміздің оқушыларына арнап тәрбиелік әсері мол үндеу жазуларыңды сұраймын.
Балалардың үндеуі.
Шығармашылық жұмыс. Жоба. Үндеулерін сәтті, мағыналы шықты. Енді осы үндеуді жүзеге асыру үшін қандай жоба ұсынар едіңдер?
1 топ: Темекі шегуді болдырмаудың жолдары;
2 топ: Ішімдікті шектеудің жолдары.
Мұғалім: Шығармашылық жұмыстарыңа рахмет.
Тренинг «Сиқырлы сатушы».
Мұғалім: Бүгін бізге сиқырлы сатушы қонаққа келіпті. Бойымыздағы кемшілігімізді қағазға жазып сиқырлы сатушыға берсек орнына қымбат құндылық сыйлайды.
Сиқырлы сатушы: Рахмет, достарым. Сендерге осындай қымбат құндылықтарды сыйлағаныма қуаныштымын. Сау болыңдар!
Оқушылар: Сау болыңыз сиқырлы сатушы, сізді асыға күтеміз!
Тренинг «Менің көңіл күйім». Сабақтан алған әсерлеріңді бұлт немесе гүл таңдау арқылы білгім келеді.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама