Сен өмірге керексің
(Шекер Кәрімқызына арнаймын)
Екеуміздің арамызда екі жас айырма бар. Соған сәйкес әртүрлі кластарда оқыдық. Бірақ мінезіміздің сәйкестігінен шығар, жасымыздағы айырмашылық достығымызға бөгет бола алмапты. Мектеп ауылымыздан екі-үш шақырымдай жерде болды да, барып келіп оқыдық. Совхоз орталығына күнделікті қатынайтын екі-үш шақырымдық жол үстінде, үйде жүргендегі барлық бос уақытымызда, бір-біріміздің жанымызда қонып қалатын кездерімізде де сөйлесе берсек сөзіміз таусылмаушы еді. Еш жан бөгет жасамастай оңашаға шығып алған соң, сәби жанымыздың айнасындай, бір ұзақ әңгімеге кірісетінбіз... Ондай сәттерде кішкентай жүректерімізді тәтті қиял кернеп, бар жанымызбен сол әңгімеге берілетінбіз. Ондайда досымның көздері ерекше бір шуаққа малынып, дәл қазір әлдеқайда ұша жөнелетіндей, жайнап кететін. Оның сол бір нұр шашқан жүзіне қарай, мен де шексіз қуанышқа кенелетінмін. Иә, мен сол бір қиялдан туған әсем болашақтан да досымның кіршіксіз жанының хабаршысындай болып елестейтін оның қос жанарына қарап жадыраушы едім.
Сөйтіп жүргенде досым кенеттен қатты науқасқа ілікті. Оның үнемі сәуле шашып, жайнап тұратын, мейірім төгіп, аялай қарайтын қарақат көздерінен енді мен жиі-жиі ауыр бір мұңды, жан күйзелісін аңғаратын болдым. Көрген жерде үнемі уәйімдемеші, бәрі ақ әлі ұмыт болады деп жалынғым келетін. Барлық жылы сөздерімді айтып, жүрегінде тұнған бүкіл шерден арылтуды армандайтынмын. Бірақ бата алмаушы едім. Ол жөнінде әңгіме бастауға екеуміздің де көңіліміз дауаламайтын. Бірде мен екі-үш күндей тұмауратып қалғанда ғана осы тақырыпта сөз қозғалып, ол: бәрін де маған бер мұндай күйдің, сенің жаның сырқаттықтан жапа шегуге тиіс емес деп, — жылап жіберген. Есіңде ме екеуміздің болашақ туралы айтатын таусылмайтын тамаша әңгімелеріміз, сен соған сол бір тамаша күндерге алаңсыз жетуге міндеттісің деген ол. Оның тілегі шынында да осылай дегендей, мөлдіреген жас тамшылары омырауына қарай жарыса құлап жатқан-ды...
Көп ұзамай біз басқа жаққа көшіп кеттік. Енді хат жазысып тұрдық. Бір хатында ол: "Мен кіммін?" деп сұрасам, сенің: "Заманың келешекке даярлап жатқан жаңа дәуірдің ұрпағысың," — деп, жауап берер едің. Мен, шынымен, өз заманыма ризамын. Еркін өсіп, ержетіп келемін. Қайда барсам да жолым ашық, талабыма тежеу бар деп білмеймін. Бірақ мен өз үлесіме тиген сол мүмкіндіктерді пайдалана аламын ба? Егер жағдайым баяғы кездегідей болса мұндай сұрақ тумаған да болар еді-ау... Ал қазіргі жағдайда өмір мені өз қажетіне жаратады деп жиі ойға қаламын," — депті.
Досымның ащы шындықтан туған бұл сұрағы мені қатты қинады. Алайда қанша жаным ауырып кетсе де, оның сөздерінен бір бүркемек күй сезгендей, жай таба алмадым да, өз ойларымды әбден екшеп алып, жауап хат жазуға отырғанмын. " Қымбатты досым, екеуміздің таң бозына дейін таусылмайтын тәтті қиял мен сұлу армандарға толы тамаша әңгімелеріміздің шындыққа айналарына мен ешқашан да күмән келтірген емеспін және осы сенімімнен ешқашан да айнымаспын. Ал шынайы бақытқа барар жолда кедергілердің де аз болмайтыны туралы біз аз айттық па?! Меніңше, сенің көңіл күйіңе қазір әсер етіп жүрген солардың біреуі. Сондықтан жасуға хақың жоқ досым. Сен осыны ұмытпа! Сен де, өзіміз көп айта беретін, ұлы өмірдің жасаушысысың. Өмір болу үшін, өмірдің нұрлы болуы үшін сенің, сен сияқты мөлдір сезімді және жан дүниесі кіршіксіз таза миллиондаған адамдардың өмірі қажет. Сен олардың қатарын кемітуге тиіс емессің досым!". "Хал-жағдайым жақсы, — деп жазыпты ол соңғы хатында, — қазір алдыма қойған үлкен мақсатым бар. Сол себепті көңіл күйім де ойдағыдай. Болашақты өз қолымызбен жасау ісіне өз үлесімді қосу үшін бар ниетімді жұмылдырып, емделудемін. Жеңісіме деген сенімім де күн сайын нығая түскендей. Мен өмір үшін күресудемін."
Тезірек жазыл, досым! Біздің өміріміз өмір үшін қажет. Өмір деген ұлының өзі қыбырлаған жәндіктің өмірін қоса есептегендегі барлық өмірлердің жиынтығынан тұратынын ескер!
1967-жылы Семей облысы Аягөз аудандық «Алға» газетінде жарияланды.