- 03 там. 2018 00:00
- 238
СҚО-да «ақылды технологиялардың» арқасында агроөнеркәсіптегі өнімділік 30 пайызға артты
Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданына қарасты «Атамекен-Агро-Тимирязев» ЖШС-не инновациялық технологияларды енгізудің нәтижесінде өнімділік 20-30 пайызға артқан.
Басылым мәліметінше, Докучаев ауылдық округі аумағында орналасқан шаруашылықтың өнімділігі инновациялық сипатқа ие бағдарламалардың арқасында 20-30 процентке артқаны байқалған.
«Атамекен-Агро-Тимирязев» ЖШС басшысы Айдархан Қадырханұлының айтуынша, «ақылды технологиялардың» ауылшаруашылығына берер пайдасы көп.
«Ақылды технологиялар» арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуды игерудеміз. Оның минералдық тыңайтқыш сіңірудегі, зиянкестермен, арамшөппен күресудегі, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудағы маңызы орасан. Жаңа бағдарламалар адам факторына, ауа райына тәуелділікті азайтып, артықшылықтарын тиімді қолдануға зор мүмкіндік береді», – дейді А. Қадырханұлы.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтерудің бір жолы – машина-трактор паркін жаңарту. Уақыт көшінен қалмауды басты мақсат еткен мұнда техника күші жеткілікті. Жоғары өнімді 14 егіс кешені мен 37 астық комбайны, 57 «К-700», «МТЗ-80» тракторы, 21 «КамАЗ» жүк көлігі көктемгі, күзгі дала жұмыстарының бел ортасында жүреді. Техникалардыжаңалауға 258 миллион теңгебағытталып, 87 миллион теңгеге«Тукано 570» маркалы комбайн сатыпалынған.
Сондай-ақ, агрокешенде «дәл егіншілік» жүйесі қолданылып, ол өз кезегінде шығын көлемін азайтуға әсер етіп жатыр.
«Бұрын гербицид егістік алқаптарға тұтас шашылатын. Енді техникаға навигациялық қондырғылар орнатылғалы шығын көлемі 20-25 процентке дейін азайтылды», - дейді шаруашылық комбайншылары.
Бұған қоса, комбайндар мен тракторларға арнайы бағдарламалары бар планшеттер қойылған. «GPS» құрылғылары бар комбайндарда бидайдың салмағы мен сапасы монитор арқылы көрсетіледі екен. Жанар-жағармай шығыны да нақты есептеледі. Егіс алқаптарының электронды картасы жасалып, жер серігінің көмегімен мониторинг жүргізіледі.
Мақаладағы мәліметке сәйкес, шаруа орталығында егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да жақсы дамып келеді. Осы ретте, «электр бақташы» құрылғысы сатып алынып, малшылардың жұмысы әлдеқайда жеңілдепті. Малдың қай жерде жайылып жүргені компьютер мен смартфон арқылы бақыланады. Барлық ветеринарлық ақпараттар электронды базаға енгізілген.
Аталған агроқұрылым 2004 жылы ауылдағы «Жаманшұбар» серіктестігі негізінде құрылған. Қазір жалпы жер көлемі 50 мың гектар. Оның 32,9 мың гектары егістік алқабына тиесілі. Биыл 25 мың гектарға дәнді дақыл, 7443 гектарға майлы дақыл егілген.