- 07 қаң. 2020 00:00
- 215
Таң бұлбұлы
Күй қуалап, ізденіп жүрген жас Әшім, бір жылы Көкқамыр баурайын аралай келіп Қайшы, Шірке жайлауында болады. Барған жегжатының Әшіммен шамалас бір ұлы бар екен. Екеуі кешқұрым сауындағы биені өрістетіп жіберіп, кешкі айтыс өлеңге барып, таңға жақын қайтады да, өрістегі жылқының маңына, бұлақ бойындағы бітік бозтал арасына келіп көз шырымын алады. Таң рауандап келе жатқанда Әшім ояна кетеді. Тал арасынан бір бұлбұлдың сайрап тұрған үні құлағына шалынады. Әшім сан әуенді бұлбұл үніне қатты қызығып ұйып тыңдайды. Бұлбұл үні тоқтаған кезде Әшім домбырасын қолына ала салып, әсем саз шығарып, бұлбұлға дыбыс береді де, қайтадан тоқтата қояды. Бұлбұл қайта сайрай жөнеледі. Бұл тұста Әшім домбыра үнін көтеріп әсем күйге басады. Мұны естіген бұлбұл сайрауын тоқтата қояды. Жайлаудың жайлы таңы, табиғаттың ерке, шешен құсы мен өнер қуған жас домбырашы Әшім әрі өнер жарысында отырғандай әрі тәтті әуенмен сырлас қандай болады.
— Мен бұл іске қатты таңырқадым, — деуші еді Әшім, осы жайлы сөйлегенде, — бұлбұлдың сайрағанына назар аударғаным да сол екен. Бұлбұл ұшып жақындап келеді де, тағы сайрайды. Бұлбұлдың әсем әніне берілгендігімнен қасымдағы жігітті де оятпаппын, күн қыза келе бұлбұл ғайып болды, қалың бозтал ішінен оның бойын да көре алмадым. Табиғаттың осы бір еркесімен «сырласып» отырып, биені де кеш жиып қайттық. Адам сезіміне осындай ерекше ықпал жасалмаса, шабыт қайдан келсін! Мен «Таң бұлбұлы» деген күйді осылай шығардым.