Тайсалмауға болмайтын заман еді...
Жұмекен тереңнен нәр, биіктен нұр емген жыр бәйтерегі.
Әбіш Кекілбаев
«...Мағжанның атын Жұмекен өзі қойды. Ол жылдары репрессия құрбаны ақын Мағжан Жұмабаевтың атын баласына қоймақ түгілі, аузына алып, атауға қорқатын заман еді. Ақын Мағжан ресми түрде ақталмаған кезең болатын. Жұмекеннің мұндай батылдығына жазушылар қауымы қайран қалысты. Бұл сол кездің көзімен қарағанда үлкен тәуекелге бел буу еді. Ақынның ақталып шығатынына көзі жетті ме екен? Әлде заманның бетбұрысын ақын жүрегі сезген болса керек...» деп, Нәсіп апам ұлының дүниеге келу қуанышын Жұмекен аға достарымен қалай бөліскенін еске ала отырып, өзі де көзіне жас алды. Ол бір хикая. Түн ішінде перзентханадан қоңырау шалғаннан кейін ағаның ақ көйлекке сәнді галстук тағынып, костюмін киіп алып достарына дүбірлетіп телефон соғуы, ...одан арғысы белгілі ғой! Қуаныштан жүрек жарылардай боп, айдай әлемді сол жүректің жеті бояулы жарқылына бөлеген ақын... бес бөлмелі үйдің ішіндегі өздеріне тиесілі (ол кезде Жазушылар Одағы үйсіз жүрген ақын-жазушыларға бір шаңырақты екі жанұяға бергені, уақытша бір шаңырақтың астында бөлек пәтер алып алды-алдына көшіп кеткенше тату-тәтті тұрғандары өз алдына бір тақырып) екі бөлмесі мен ас үйдің арасында сапырылыс басталды да кетті емес пе!? Жұмекеннің қуанышына куә болғандар, тілек айтқандар көп болды ол кеште!
Жұмекен аға бір қараған адамға заты жуас кісі болып көрінгенімен, оның сыртқа сыр алдыра қоймайтын ішкі әлемі буырқанысқа толы жан болғаны күндер өткен сайын айқындала түсуде. Өлеңдерін оқыған сайын, астарына үңілмесең бойлатпайтын тұңғиық тылсымына енген сайын, ол кісі туралы тосыннан естілген қарапайым әңгіменің өзінен Жұмекен болмысын, тереңдігі мен асқақтығын байқамау мүмкін емес. Заманның тұлғасына ғана тән бір ерекшелігі — оның керек жерінде ештеңеден қаймықпайтын тәуекелшілдігі дер едім. Оған куә — көп зарықтырып күткен ұлына Мағжанның есімін беру болса, енді бірі...
Өзімен рухтас Арман Қаниев деген жас ақынға қол ұшын бергендігі. Жаны жүдеу бір жігіттің, жігіт болғанда да қазақ тағдырының болашағы беймәлім (сол тұстағы саясат үшін мәлім еді ғой) заманда түн түнегінде қыннан суырылған күміс кездіктей көз қарықтырған қылығымен үстем таптың назарын аударған, одан былайғы тағдыры мен бақ-талайы талан-таражға түсіп жүре берген бозбалаға қол ұшын қалай бергенін біреу білсе, біреу білмейді. Қол ұшын беріп қана емес-ау, он бес жасар Арманның өмірдегі сол заманның көзімен қарағанда «мызғымайтын берік», ұлы халық деп саналған өздерінен басқа ұлттың еркіндігі мен мүддесіне келгенде тас керең империяның алып дуалына «тас атқаны» жерден жік шыққандай еді. «Жас ұлан» ұйымының жеткіншек ұйымдастырушысының — «жарқылы мен күркірінен» талайды жасқаған саясаттың етек-жеңін бір жинатып күйбеңге түсірген, тіпті үш әріптің өзін де күйбелеңге салған ұлтжанды жас ақын Арманның өнердегі де, өмірдегі де жолын ашқаны Жұмекен ақынның көзсіз тәуекелге баруы демегенде не дейміз!?
«Жас ұланды» дүниеге әкелген Керекудегі мектеп-интернаттың өрімдей ұландары. Кейін олардың ілгері аттаған қадамы кері кетті, жоғары білім алмақ түгілі, орта білім туралы аттестаттың өзіне қол жеткізу мұңға айналды. Білім, бақ-дәрежені көксеу көзден бұл-бұл ұшты.
Қарымды журналист Жанболат Әлиханұлының «Ашылмаған аралдар» атты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің әлеуметтік маңызды әдебиет тізіміне енгізілген кітабындағы публицистикалық мақалаларын оқып отырып, «SOS белгісінен» — «бөгде ойлы адамдар» тізіміне кірген, бесіктен белі шықпай жатып диссидент атанған он бес жасар жеткіншектің тағдыры жайлы хикаядан Жұмекеннің адамгершілік бейнесінің тағы бір қырымен таныстым. Дереу Арман Қанидың телефонын тауып, қалай, қандай жағдайда болғандығын одан да гөрі анығырақ білгім келді. Әрине, Жанболаттың мақаласында түсінікті де анық жазылғанында дауым жоқ, дегенмен, тағы да бір айтылмай, ескерілмей қалған тұсы бар ма деген қызығушылық атын естігенім болмаса, бейтаныс А.Қаниевтің телефон нөмірін тергізді.
Арманды күтіп жүрмін. Нақтырақ айтсам, Арманның қоңырауын күтіп, күн санап жүрмін. Аралықтағы үзіліс ұзаққа созылып бара жатқан соң интернетке жүгініп, Арман жайындағы деректерде не бар, не жоғына үңіліп отырып А.Қаниев турасында біраз мәліметке тағы қанықтым. «Бір жоқты бір жоқ табатыны» қандай жақсы деймін іштей. Жол-жөнекей тағы біраз көңіл сусынын басып, ұлтжанды азаматтың біраз өлеңдерін де оқып шықтым.
Зарықтырып келді-ау, Арманның электронкасы. Компьютерді ойлап тапқан «басы бар» адамға рахметімді бір жаудырып алдым да хатты оқи отырып, осы мақалаға тікелей өзек болатын тұстарын тере бастадым, екінші «терезені» ашып қойып... Жоқ, Арманның жазғанын түгел беруді жөн көрдім...
Иә, тайсалмауға болмайтын заман еді. Бірақ тайсалмайын деп тайсалмады ма. Тайсалдырмаған ұлы мүдде еді ғой. Ұлттың мүддесі, жүректің қалауы. Не дерсіз? Осындайдан қазақтың қаймағы сыпырылды емес пе талай! Талай бас кетті емес пе? Ендеше, басын қатерге тіккен ұлт ұландарын бір мың тоғыз жүз сексен алтының желтоқсанына осындай қаршыға қанат текті ерлердің бастап әкелгеніне күмәніңіз қала ма?
Қияның мұзбалағы қыран ақын Жұмекен мен жас қанат ақын Арманның еліне еткен еңбегі бір ғұмырға өзек боларлық, уақыт өлшемімен алғанда бір кезеңде екі алып жүректен пісіп-жетіліп, жемісін берген, бірақ заман бастарына ат ауыздығымен су ішкендей күн тудырған Жұмекен де, Арман да желтоқсанда алаңға ешкімді жетектеп апарған жоқ... Алайда сол ызғарлы сәтке дейін екеуі де қазақтың рухын оятып үлгерді. «Менің Қазақстанымдап» тербете берді жүректерді бірі, тербете берді. Ал екіншісі «жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегізіп, тілі де, ділі де жойыла бастаған өлкені дүр сілкіндіріп еді. Еңбектері «елеусіз қалған» жоқ... Бірі өз деңгейінде қызметке тұра алмай, бес баласын асыраудың жолында баспаның қара жұмысына күшін сарп етіп, жанын қоярға жер таптырмаған ақындықпен қызметтен кейінгі уақытта, тынығатын уақыттың есебінен ғана айналысып, шығармашылықпен еркін қауышуына көзге көрінбейтін шектеу қойылды, күш-қуаты күнінен бұрын сарқылып, өлеңді қоя алмай...
Екіншісі жоғары білім туралы аттестаттың өзін алуға құқы кем болып, трәктір зауытында қара жұмыстан титықтап, «өлең сені қоя алман...» деп, жалынды жүректің басылмайтын алауына шарпылып, өлеңін жазып жүргенінде...
Арманның өз аузынан...
«Менің Қазақстаным» әнінің қазақ поэзиясы мен музыкасындағы орны тіпті ерекше екені әрбір қазаққа мағлұм! Бұл бірегей туынды Қазақстанның әнұраны болып бекімей тұрған кезеңнің өзінде еркіндік сүйгіш елдің егемендік туралы асқақ әні ретінде танылды. 1986 жылдың Желтоқсанында, Алматыда бодандыққа қарсы бас көтерген жастардың Орталық алаңда ақ бұрқасынның өтінде, көк мұздақтың үстінде тұрып «Менің Қазақстанымды» егіле, төгіле шырқауы соның бір айғағы. ...Осынау тегеуірінді ән жасөспірім шағымның зердемде буалдыр тарта бастаған сәттерін есіме түсіреді. 1968 жылғы жаз айларының қоңырқай кештерінің бірінде, Керекуде бірнеше жасөспірім трамвайға міндік. Салонның артқы жағында масаңдау күйде масайраған әйел-еркектер тобы дөңгелене тұра қалып, орысша ән айта бастады. Кеудемізде ұлттық намысымыз атойлап оянып, буырқанған сезімге берілген біз «Менің Қазақстаным» әнін бастап жібердік! Олар бізбен ерегескендей дауысын көтере түсті, ал біз рухты әуенді одан ары екпіндете, асқақтата шырқадық! Ақыры, не керек, әлгі топтың шашыраңқы үні жастықтың дауылпаз даусымен тайталасуға шыдамай, біртіндеп бәсеңсіп барып өшті. Ал есігі мен терезесінен «Менің Қазақстаным» әні аспанға әуелеген трамвай кешкі қала төсін қақ жарып келе жатты!..
Өз басым «Менің Қазақстаным» мен Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын», Мәдидің «Қаракесегін» ес білген шағымнан айта бастадым десем, әсіре қызыл сезімге берілгенім емес. Өйткені әжем Кәсіп — «Үш Жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның» қызы, атам Қани — әйгілі Мәдидің аталас ағайыны болатын. Осы себепті Арқаның екі күрескер ақын-композиторының әндері біздің шаңырақта жиі шырқалатын, екеуінің өмірі мен өнерниетін өзіме өнеге тұтып өстім, содан әндері жадыма жастай сіңіп қалған. Ал, «Менің Қазақстаным» әу бастан-ақ қазақтың жан-тәнімен бірге жаралғандай, қазақтың әр баласының жүрегіне бірден ұялайтын киелі ән. Өлең авторы Жұмекен Нәжімеденовтың өзімен еш туыстық байланысым жоқ, тіпті ол кезде оның бет-әлпетін де көрген емеспін, солай бола тұра жырларымен поэзия әлеміне бастар жолда өзімдей өрендерді тәнті еткен нар тұлға болды.
Жұмағамен кейін, ер азаматтығы бар ағалардың қолдауына мұқтаж болып көңілім жадау тартып жүрген шағымда, бірақ, дер кезінде жолықтым. Тағдыр әу баста-ақ шырғалаңмен басталған менің шығармашылық өмірімнің күрделі түйінін сәтті шешу үшін екеуіміздің жолымызды түйістірген тәрізді.
...1969 жылы, Павлодар қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы №3 облыстық мектеп-интернатта (қазіргі облыстық гимназия-интернат) оқып жүрген кезімде ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымын құрып, жұртшылықты кеңестік отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған өлеңдер жазып, үнпарақтар таратқанбыз. Жасырын ұйымды МҚК (КГБ) Павлодар облыстық басқармасы әшкерелеген соң, бірнеше серігіммен бірге «Ұлттық саясат мәселесіндегі өрескел идеялық-саяси қателігі үшін» деген айыппен комсомол қатарынан шығарылдым, оқу-үлгерім табеліме тәртібі «3» деген баға қойылды, «өз өтінішім бойынша» мектептен қуылдым. Сөйтіп, бар болғаны он бес-ақ жасымда «саяси сенімсіз» адамдар санатына жатқызылдым, білім алу құқыма қол сұғылып, баспасөз бостандығыма шектеу қойылды, кәмелет жасына жетпей жатып білек түріп, қара жұмыс істеуге мәжбүр болдым.
Жергілікті газетке берген өлеңдеріме түрлі себеп айтылып, жариялануына жол берілмеді. Шынтуайтында, «КГБ-ның қара тізімінде тұрған саяси сенімсіз адамның өлеңдерін облыстық партия комитетінің органы болып табылатын газетке басу — саяси қателік» деп танылған екен. Мұндай ауызша шешім шығарылғанын бертін білдім және оның әлеуеті мен қаһары қатты екендігін кейін түсіндім...
1981 жылы газетке ұсынған «Малайсары батырдың сауыты» атты мақалам бір жылдан аса уақыт редакция тартпасында жатып, 1982 жылдың 30 наурызында жарық көрді, соның өзінде жарияланымға «Бұл — нағыз қаны сорғалап тұрған ұлтшылдық!» деген баға берілді.
Шығармашылықтағы құрсаудан құтылар жол таба алмай қамығып жүрген шағымда, дәлірек айтқанда, 1982 жылдың шілде айының соңында қазақ әдебиетінің Павлодар облысындағы күндерін өткізу үшін Алматыдан бір топ қаламгердің Керекуге келе қалмасы бар ма! Ақын-жазушылардың оқырмандармен кездесу кешіне керекулік әдебиетке құштар, жырқұмар жұртшылық, журналистер, талапкер ақындар жиналды. Шара соңында Жұмекен Нәжімеденов өзгелерден сәл оқшаулағанда жанына барып, сәлем бердім де, өзімнің жұмысшы екенімді, өлең жазатынымды айттым.
Жұмағам өлеңдерімнің қолжазбасына көз жүгіртті де, бірден: «Өзің ақын жігіт екенсің ғой» — деп қолымды қысты. Аздаған әңгімеден кейін маған 10 сом ұсынып, дүкеннен шүберек сөмке сатып алып, өзі орналасқан «Ертіс» қонақ үйіне әкеліп беруімді сұрады. Үлкен ақынның қолынан ақша алуға қымсынсам керек, «ЦУМ-ға барып өзіңіз ала салмайсыз ба?» дедім, «ұялған тек тұрмастың» кебін киіп. «Қаланы білмеймін ғой...» деп жауап қайырды ол жайбарақат үнмен. Жөн сөзге айтар уәж таба алмай, он сомдық купюрді (кеңестік ақша жүйесінде бұл ірі сома болып есептелетін) уысыма қысып жүгіре басып орталық әмбебап дүкенге бардым. Байқасам, дүкен сөрелерінде үлкенді-кішілі сөмкелердің, қалталардың неше түрі ілулі тұр. Солардың қайсысын сатып аларымды білмей, Жұмекеңе сөмкенің қандайы керек екенін және білмей абыржыдым. Ақыры, бір шешімге бел байлап, көлемі үлкен, орташа және кішкене үш сөмкені бірдей сатып алдым. Сөйтіп, қажеттісін өзі таңдап алар деген оймен салып ұрып қонақ үйге барсам, Жұмекен ағам келмепті. Дәлізде отырған кезекшіге жайымды айтып едім, бөлмесінің кілтін берді. Сондағы үстел үстіне үш сөмкені бірінің үстіне бірін қойып, ең үстіне тауардан артылып қалған ақшаны қойдым да, құтты бір үлкен жұмыс тындырып тастағандай алшаңдай басып өз жөніме кете бардым.
Көп уақыт өтпей-ақ, сол 1982 жылдың 6-тамызы күні «Қазақ әдебиеті» газетінде Жұмекен Нәжімеденовтың сәт сапар тілеуімен менің шағын топтама жырларым жарық көрді. Онда аға ақынның мынадай игі лебізі жазылған:
«Арман Қаниев — Павлодар трактор заводында жұмысшы. Маған ұсынған шағын топтама жырлары «Тамшылар» деп аталады. Расында да, әр шумағы тасқа тамған тамшыдай сыңғырлап тұр. «Тамшылар» мен «Трактор заводы» деген екі ұғымды өзара кіріктіру мүмкін емес тәрізді...
Арман — ақын жігіт. Бұдан артық бағаның ол үшін әзір қажеті жоқ.
Жас талантқа сәт сапар тілеймін».
...Жұмекен ағамыздың шығармашылық сапардан Алматыға көтеріңкі көңіл күймен оралғанын, айналасындағы қаламгерлерге «Павлодарда ақын жігітті жолықтырдым, өзі жұмысшы екен!» — деп, қуана хабар таратқанын белгілі ақын-жазушылар — Жұматай Жақыпбаев пен Мейрам Асылғазиннің аузынан кейін естідім. Бір сөмкенің орнына үш сөмкені бірдей әкеліп тастаған менің қылығымды жолдас-жораларына мәз-майрам болып күліп айтып, «өзін-өзі ұстай алмай жүрген асқан таланттар ғана осындай іс-әрекетке барады» деп, сол қылығымның өзін жақсылыққа жорыған көрінеді.
Келесі 1983 жылы, Алматыда өткізілген Қазақстан шығармашыл жастарының «Жігер» фестиваліне Павлодар облысынан мен қатыстым.
Алматыны алғашқы көруім, өзге облыстардан келген өзім сияқты жас талапкерлерді де бірінші рет көруім, бәрі қызық, бәрі таңсық. Бірқатар жастар өздерінен асқан ақын жоқ тәрізді екпіндете сөйлеп, бір-біріне дес бермей шабыттана өлең оқиды. Сондай жастардың ортасында тұрған бірі (Оңтүстік өңірден болса керек) мені иегімен нұсқап:
— Мәссаған, Павлодардан да ақын келіпті, әй!.. Біреуің барып сөйлесіңдерші, өзі қазақша біле ме екен?.. — деді әзіл-шыны аралас. Бұл сөздердің астарында «Павлодардың қазақтары тұтастай орыстанып кеткен, барлығы қазақ тілінен мақұрым қалған, сондықтан ол жақтан ақын шығуы мүмкін емес» деген мегзеу жатқанын сездім, дегенмен жауап қайтаруды жөн көрмедім. Мырс етіп езу тартуым бұл топшылаудың жаңсақ екенін ұқтырғандай еді...
Фестивальде жас ақын-жазушылар үш топқа бөлінді, әрқайсына белгілі қаламгерлер жетекшілік етіп, туындыларын талқылады, пікірлерін білдірді, кеңестерін айтты. Абырой болғанда, Қадыр Мырзалиев пен Жұмекен Нәжімеденовтің қарауына белгіленген топтағы тізімге мен де іліндім, әрі оқыған өлеңдерім Қадыр ағамыздың да көңілінен шықты. Жұмекен аға науқастанып жүрген көрінеді, жолығудың сәті түспеді...
Қызылордалық Шәкизада Әбдікәрімов, шымкенттік Әмзе Қалмырзаев тәрізді бірнеше талантты ақынның қатарында «Жігер» фестивалі дипломының иегері атандым сол жолы. Жұмекен ағам тұсауын кескен өлеңдеріме берілген жоғары бағаның айғағындай дипломды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сол кездегі төрағасы, «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген!» деп жырлаған ұлтшыл ақын Жұбан Молдағалиевтің қолынан алу мен үшін аса үлкен мәртебе еді!
1985 жылы «Жалын» журналында қазақтың тарлан ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаев топтама өлеңіме жылы лебізін білдіріп, шығармашылығыма сәт сапар тіледі. «Ар алдында» деген атпен 2001 жылы жарық көрген алғашқы жыр жинағым туралы қазақ поэзиясының тағы бір тарланы, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбай өте жоғары пікір білдірді. Осылайша, әу бастан-ақ шығармашылық жолымды кес-кестеп алға жылжытпай тұрған қара жолақтар осындай жайсаң жанды, мәрт мінезді ағалардың кең пейілінің, қамқорлығының арқасында біртіндеп азайып, алдымнан маздаған жарқын сәулелі үмітті күндер есігін ашты.
Тәуелсіздік кезеңінде түрлі мерзімді басылымдарда «Жас ұлан» ұйымын құрып, бодандыққа қарсы әрекет еткен жасөспірімдердің ісі ерлікке жетеғабыл» деген тәрізді пікірлер де айтыла бастады. Мұндай игі лебіздер оқушы кезімдегі бірінен соң бірі өткізілген мектептің жалпы жиналысында, комсомолдар жиналысында, ата-аналар жиналысында, педагогтер кеңесінде, қалалық комсомол комитеті бюросында моральдық соққы мен психологиялық қысым арқылы бізге көрсетілген қорлық пен жәбір-жапаның және ұзақ жылдарға созылған саяси қудалаудан туындаған зардаптың өтеуі іспетті...
Дегенмен, қазақ поэзиясының астанасы Алматыдан жырақ жатқан әрі қазақ ұлтының үлестік пайызы барынша азайған, қазақ тілінің өрісі мейлінше тарылған, әдеби ортадан шалғай өңірден жасөспірім ұлтшыл ақынның бой көрсетуі... Ұлтшылдық пиғылы үшін комсомол қатарынан шығарылған, «сенімсіздер тізіміне» ілігіп, қудалауға ұшыраған оған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Ж. Нәжімеденовтың кез болып қолдау көрсетуі... Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан комсомолы Орталық комитеті бірлесіп ұйымдастырған фестивальге сол «ұлтшыл» ақынның қатысып, диплом иеленуі тіпті шындыққа кереғар, ойдан құрастырылған қисынсыз жайттар секілденеді. Алайда бұл — ақиқаттың нақ өзі! Осылай болуын Жаратқан иеміз қалаған тәрізді, басқадай түсіндіру мүмкін емес қой деймін.
Сондай қиын кезеңнің өзінде ұлтшылдық, азаматтық мұрат-мүдде бағытынан тайған жоқпын деп азаматтық жүрегіммен батыл айта аламын! 1986 жылы Алматыдағы желтоқсаншылардың талап-тілегіне Павлодар қаласында жұмысшы жолдастарыммен бірге үн қосуға әрекеттендім, 1989 жылдың ақпанында Олжас Сүлейменов Қазақстан телевизиясы арқылы Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы жасаған ашық мәлімдемесіне іле Павлодар қаласындағы орталық алаңға таяу тұста қолыма плакат ұстап тұрып қолдау көрсеттім және жұртшылықты осынау бейбітшіл мәлімдемені қолдауға шақырдым. 1990 жылдары «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстарының, «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық ұйымдарын құруға атсалыстым. Орта мектепті (1976 жылы, өз тұстастарымнан бес жыл кейін) және жоғары оқу орнын (С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1995 жылы, қырық быр жасымда) өз құрбы-құрдастарымнан көп уақыт кейін, сырттай оқып тамамдадым. Қазіргі кезде де облыстың қоғамдық, саяси, мәдени, әдеби өміріне белсене араласудамын.
Ал Жұмағама деген менің шексіз алғысым мен түгесілмес ілтипатым жырларымнан көрініс тапты.
«Жауыздықпен жас күнім өлтірілген…
Мен Ақиқат іздермін жер түбінен!
Көп таланып қотанда төбет итке,
Еркін өскен елсізде бөлтірік ем!
Енді ұлысам көкжалмен қатар тұрып,
Бөрі дүние бөрлігіп, жатар ұлып!
Ұлы даусым Ертістен уілдеген
Ақ Жайыққа құйылар қотарылып!
Боз Далада боздаған, ақ аруана,
Мен — Жұмекен жоғалтқан боталы үміт!
Жүрмін қазір, тұп-тұтас Ғаламшарды
Жұдырықтай жүрекке Отан қылып!...»
Сөз соңында Жұмекен Нәжімеденов сынды қазақтың айбоз ақындары жалғастырған жақсылықтар Жер бетінде өрістей беруін және Жұмағамның жаны жаннатта жайлануын тілеймін.
Арман ҚАНИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Павлодар қаласы.»
Ақыны ақынына қол ұшын берген қазақтың қос перзенті туралы бір үзік сыр айтуды, көпшілік оқырманның назарына ұсынуды парыз көрдім. «Болар елдің баласы бірін бірі батыр дер...» деген көнеден қалған есті сөз бар.