«Жантәсілім» туралы
(астары тікенді саясаттың қазақ даласындағы жемісі туралы шығарма жайында)
Саясат — құрбандықсыз жүзеге асырылуы да мүмкін. Ал әу баста құрбандыққа, қиянатқа негізделген астарлы, отарлау саясаты жер шарының зерлі белдігіндей көз тартқан, қазақтың сары белдеу киелі сайын даласына көз сұғын қадап, іші-тысын әбден зерттеп, білек сыбана, ойындағысын іске асыруға төтелеп келген саясатқа не дерсіз! Ата мекені киелісіне айналған, құдыреттің өзі рухын биік жаратқан қазақтың жеріне қанды шеңгелін батыра, алпыс екі тамырына зәрін тарата, уын жая, обал-сауапқа көзін тарс жұмып келген басқыншы саясаттың жымысқы пиғылы «күркіреп келген жаудан да күлімдеп келген жау жаман» екендігін өз ісімен дәлелдеп тынды.
Қазақ өзі табынған, бас иген, қасиетті санаған болмысына «ақ» деген сын есім — айқындауышты қосып айтар еді. Ақ патша — әділдіктің нышанындай көрінетін. Сол ақ паштаның саясатымен ата-жұртын басқыншылықтың қанды-көбік толқынды теңізі жайлап, топырағына шым-шымдап сіңіп жатқанын түйсінген бірлі-жарым бас көтерген ерлердің әрекеті дер кезінде аяусыз жаншылып тарихта «... бастаған шаруалар көтерілісі» деген атын қалдырып, мұрағатта қатталып, өткен күннің еншісіне өтті де, алып империя Ресей билігі шыққан тегін де, өзгені де аямасқа бел буған халық мүддесін «көксеген» қызыл айдарлы үстем таптың қолына көшті.
Төңкерілгеннің не жақсы дейсіз. Қазан төңкерісі алдымен орыс халқының тегі тарихқа енген қаймағын аямай сыпырып, ажалы жетпегенін шекара асыруға мүдделі қылса, іргелес қошынасы жері бай, өзі тоқ қазақты да, оның атақонысын да, бүкіл байлық-қазынасымен қоса ата-мұра асыл салтын, қасиетін, дінін, ділін, тіпті ата-бабасының сүйегі жерленген көне моласын да толқын-толқын үстемелеп келген саяси науқандарымен түгелдей астаң-кестеңін шығарып, төңкеріп тынды.
Сүттей таза, айрандай ұйыған ұлттық қадір-қасиетін іркіттей ірітті. Жұрдай қылып тынды. Құрық бойламайтын қитұрқы саясаттың құрбанына айналған болмысынан сенгіш, пейілі мен ақ дәмін қонағынан аямаған халықтың қуғын-сүргіннің құрбанына айналғанын тарих жылнамасына «Елім-айлап» еңіреп енгенінен менің замандастарым еміс-еміс болса да біліп өсті.
Біздің сауатымызды ашып, замана талабына сай білім берген кеңестік мектептің, оқу орындары — білім ордаларының қай-қайсысы да кеңестік саясаттан өзге саясатты ұстануға хақысы болмағандықтан, тарихтың да бет-пердесі көлегейленгенін заман жасырғанымен, мұрағат деректері түгел «өртеп» жіберген жоқ. Тарих шеруі ел зердесінен тұтас өшіп қалмады.
Өмір айнасы — көркем әдебиетті жасаушылар ешқандай дерек көзіне сүйенбей-ақ, өздері өмір сүріп отырған ортаның, дәуірдің шындығын айна-қатесіз суреттеп, небір құм-қатпарлы тарих белдеулерін аршуға кіріскелі қай заман. Аты-жөні исі қазаққа мәлім зерттеуші қаламгерлер қай заманда да ұлтының тарихына бей-жай қарамаған.
Бір айыбы, мұндай шығармалар кеңестік сүзгіден өтпей қалды, мұндай шығармалар халықпен қауыша қалса, саналарға саңылау түсіруден үрейленген кеңестік цензура мен үш әріптің «қырағы жендеттеріне» шен алуға негіз болумен ғана тынып, жарық көре алмады, оқырманға жеткен жоқ.
Сондай шығармалардың бірі де, бірегейі, кеңес үкіметі құламай жатып-ақ «мызғымас одақтың» қазанамасын әзірлеген көркем шығарма — Мағира Қожахметованың «Жантәсілім» романы болатын. Баспа сөресінде он екі жылын өткеріп, ақыры оқырманымен қауышқан кезең — егемендігін алып, қаз тұрған қазақ елінің экономикалық қиындықтардан енді-енді еңсе көтерген кезімен тұспа-тұс келді. Бұл кезең кітап сүйер қауымның қоғамдық-әлеуметтік қиындықтарға жан-дәрменімен төтеп беріп, рухани құндылықтарға әлі де ден қойып үлгермеген кезі болатын. Сондықтан да оқырманға кітап оқымайды деп сын айту әбестік болар еді. Өйткені, қай заманда да қандай халық болмасын, әуелі күнкөріс, экономикалық мүдде, отбасының қажеттілігі өтелмей жатып рухани құндылықты көксей қоюы қиын шаруа. Халық аузындағы «ораза, намаз — тоқтықта» деген сөз өмірден алынған.
Шүкір, бүгін ел болып еңсе көтердік. Етек-жеңімізді түгендеп, өтпелі кезең өткен шаққа айналған уақытта жарқын болашаққа бет түзеген қазақ елінің дүние жүзіне танылып отырғаны, экономикалық соны сүрлеу, тың соқпақ салуда қиындығы мол кезеңдерді бастан кешіріп, қай салада болмасын, қабілет-қарымдылық деңгейімен төңірегін таңқалдырған ел екендігі зерделеген адамға аян.
«Жантәсілім» романы Жанғаным кейуананың бір қарағанда тұрмыстағы күйбең тірлік әрекетінен басталады.
Сырттан кіріп келген Тоқсейіт әшейінде қолы әлденеге тиіп кетсе «опасыз боқ» деп қайталай жүріп бар шаруасын бітіретін кемпірінің бүгінгі әуре-сарсаңына таң қалады. Қазақ ырымында әлі дүниеге келмеген нәрестеге арнап киім-кешек немесе т.б. керек-жарақтарын түгендемейді. Дегенмен, он тоғыз жыл құрсақ көтермеген келіні Сананың бойына бала біткенін естіген енесі Жанғаным әкесінің замандасы — Күжбан қарияның тұқымы көпбалалы Көпжасардың «шөп болсаң да көп бол» дегендей, өскен тұқым деп, ырым етіп балалары жатқан бесігін, он бала тапқан келіншегінің қырық жылғы сарғайған ескі шәлісін «болашақ немеремнің жөргегінің арасына салайын» деп жалынып сұрап әкеледі.
Романда бүкіл бір атаның үрім-бұтағы жетпіс жыл бойына басынан кешірген дәуір Тоқсейіт шалдың көз алдынан тізбектеле өтіп, бұғылылықтардың тыныс-тіршілігі арқылы бүтін бір халықтың үш буыны (Дәмаға, оның балалары мен немерелері) басынан кешірген хал-жәйді суреттеу арқылы кеңестік қоғамның болмысы баяндалады.
Шығарма оқиғасы Тоқсейіт қарияның тебіреніс-толғанысымен өткенді барлау, бүгінді шолу, зерделеу арқылы өрбиді.
Ойлап отырса, қуғын-сүргіннің зұлматын басынан кешірген кейіпкер — кеңестік саясат нысанаға алып көзін жоюды көздеген тұлға, ұлт қасиетін бойына жинаған текті тұқымның өкілі. Ал Нұрхан болса (Айғаным мен Жанғанымның туған бауыры) көзі ашық әрі зерделі, ұлтының болашағы. Мұндай тұлғалар қызыл саясаттың ұстанымына сәйкес жойылуы тиіс болды. Шығармада Тоқсейітпен қатарлас өзге кейіпкерлер — Құрман айтқанға көніп, айдағанға жүріп дегендей, жан сақтаудың жөнін білген, заманның ығына мойынсұнған жан. Итемгеннің жөні басқа, мұндайлар мүлдем дүниеге келмесе ғой, әттең, шіркін! «Іштен шыққан жау қауіптірек!» Бұл қай заманда да ұранға айналатын сөз! Итемген не істемеді! Шығарманы оқып отырып оған зауал күтесің (пендеміз ғой). Бірақ жазушы Мағира оны анау айтқан зауалға кезіктірмейді, «иттен әрі, адамнан бері» тіршілік иесі ретінде жаңа заманға алып келеді. Рахман үйінің тұсында Итемгеннің атын сүріндіру, Теңдіктің зиратына барып, құран бағыштауға ниеттендіру арқылы Итемгенге арғы-бергі өміріне өзіне ойша болжам жасатып, тәубесіне бет бұрғызады. Өмір шындығы солай. Роман — ертегі емес! Итемген бейнесінде адам-пенде бойындағы небір сілімтік азғындықтарды суреткер-жазушы нанымды көрсетеді.
Бүкіл халықтың, қоғамның азып-тозуына Итемген сияқтылардың пиғылынан туған әрекеттері себепші болатыны сөзсіз. Дегенмен, Итемген озбыр саясатқа негізделген қоғамның қолшақпары, бақытсыз жан.
Шығарма кейіпкерлері — өзі өмір сүріп отырған қоғамда бей-жай өмір сүрмейді. «Адам — қоғам айнасы» деген қағиданы Мағира жазушы «Жантәсілімде» жеріне жеткізе суреттейді.
«Қара дүкен» төңірегіндегі қазақ тірлігі, көп балалы Көпжасар шаңырағындағы шырғалаң арқылы суреттелген шындықты оқығанда, қазақ ауылындағы қазақ отбасының басынан кешіріп жатқан күйкілікке қу жаның шыжғырылады, қаның басыңа тебеді. Қазақ болашағының көмескілігі — жазушы идеясы арқылы оқырманды ұлт арашашысы болуға жетелейді.
Жанғанымның шала-бүлінген әрекетінен Тоқсейіттің ойына қай-қайдағы оқиға оралып, мазасы кетеді. ...Көпжасар дүниеге келген шілдехана үстінде Итемгеннің сатқындығымен Нұрханды ұстап әкетеді үндеместер. Нұрханға шырылдап ара түсіп, тиісті орындарға шағымданып, қуынған Тоқсейіт те кешікпей қудаланып, өзі де ұсталады. Қызыл жендеттердің қолынан өзі құрысқан қоғамның жауы деп танылып, көрместі көреді. Ақыры, істемеген ісін «мойындап» итқорлықпен айдалып кете барады...
Рахманның шаңырағы опырылғанын әріректегі оқиғаға санағанның өзінде, бір мезгілде бір әулеттен үш шаңырақ (Нұрхан, Құрбан, Тоқсейіт) бас иесіз, төрт сәби (Октябрь, Кеңес, Қалқан, Дастан) әкесіз жетім, үш ана (Жанғаным, Айғаным, Теңдік) халық жауының әйелі атанып шыға келеді. Соның бәрі Итемгеннің сатқындық «еңбегінің жемісі». Ең сорақысы — психологиялық тұрғыдан алғанда Нұрханның жесірі — Теңдікті Итемгеннің азғыруына көндіруі — Рахман әулетіне күйрете соққы берумен барабар.
«Бөрікті қарағайдың» қазасы — ата-мекен киесінің тәркіленуін Тоқсейіттің толғана айтқан: «...Мен байғұс еңіреп келе жатқаныммен тындырған түгім де жоқ. Ең ақыры ... қалың орманымның бетке ұстар жалғызын, сұңқарын — бөрікті қарағайды немереме аманат ете алмадым» (72-78-б, 2-кітап) деген жолдардан оқыған адам бей-жай қала алмайды. «Тегін тамақ, тегін жатақ» деп балаларын білім, ғылым жолына жетелеуден гөрі қайтсе күнкөрісін жеңілдетем деп, саналылық жолында емес, әйтеуір өлместің қатарында санға ілігіп күн кешуден аспауы — халықтың зиялылықтан алшақтауын, тобырға айналуын, ата-баба зираты тұсындағы Жалғыз ағаштың қалқиған тұрысы — «жалмауыз кемпір» атанған ағаштың өзге құрыса да (бір әулеттің үрім-бұтағы жерленген қауымның тың игеру желеуімен жартылған егістіктің астында қалуы) жалмауыздықтың символындай қақшиып тұруы әруақты келеке еткен биліктің басынуын (259-б, 1-кітап) білдірсе, «қара дүкен» — бүкіл ырыс-несібесін табиғатпен етене араласып, мал өнімінен алған, байлығы да, күнкөрісі де төрт түлікке телінген халықтың ендігі жерде ашыған қара бөлке нан әкелетін күркелі машинаның ертелі-кеш жолын тосып, ұзыннан шұбалған кезекке тұрып бір-екі бөлке нанға қол жеткізгені «жанның рахатына» бөленіп, соған мәз-майрам болысқан ауылдың ендігі кейпін суреттейді.
«...Аядай қара дүкеннің іші ығы-жығы, бірдеңе түссін, түспесін, салпиып текке тұруды ешқайсысы ұят санамайды. Кешегі елеусіздеу иба, ізет атаулыны мынау кезек дегені, не болса соған таласып — тармасулары мүлдем жойғандай...» (275-б, 1-кітап).
Иен даланы тың игеру дақпыртымен жосадай қылып түрендеп, ата-баба зиратын тып-типыл тегістеп, көл-көсір ғып жоспарсыз егілген егіннің пісіп, орылып үлгермей жауын-шашынның астында қалып, шіруі, оған «малға жем мол болады» деп өздерін өздері алдаусыратуы — тұтас қазақтың жеткен жері.
Тарих тақырыбына айтулы қалам иелері толымды еңбектерін арнап, тер төгіп жүргенін баспасөз беттерінен оқып та, жарық көрген кітаптарынан қанығып, ащы да болса шындықтың беті ашылар күн туғанына тәуба қылып жүрміз. Ол еңбектері — көкейде жүрген, үн шығарсаң үндеместің құрығына ілігетін кеңестік кезеңде-ақ көкейкесті арман болған тақырып екенін де зерделі қауым жасыра алмайды...
«Жантәсілім» романы желісі сымдай тартылған жып-жинақы екі кітап. Оқиғаның өрбуі оқушыны бір әулеттің тілегін тілете отырып, Бұғылы ауылының жетпіс жылдық тарихымен көздестіреді. Жиырма жылдай бір шаранаға зар болған келіні Сананың құрсақ көтергеніне жүрегі жарыла қуанып, жақсы ырымды жарым ырысқа балап ниеттеген Жанғаным ананың жанды бейнесін нанымды суреттеуден басталған тарихи көркем шығармада Рахман — Дәм-аға әулетінің жетпіс жылда басынан кешірген зобалаңы, тұтас бір ауылдың тыныс-тіршілігі арқылы баяндалады.
Романның басты кейіпкерлері азып-тозған ауылдың тұрғындары, санасы сансыраған ұлт. Аналық, әйелдік, кісілік келбеттен айырылған келін (Жаңыл, Шекер — екеуі де шаңырақты ұрпаққа кенелтіп, қойындары құтты болғанымен, діндері қатты. Бірі ішкілікке салынып, отбасының берекесін, азаматының абыройын қашырса, екіншісі ыдыс-аяқ сылдырынан айықпас дау-шар тудырып, ата-ене, азаматының, ішінен шыққан балаларының берекесін алады). Тәрбиені тәрк еткен ұрпақ. Шарасыз ер-азамат, жоғарыға бас шұлғудан басқаны білмейтін, мәңгүрттенген жергілікті билік өкілдері. Қалқан сияқты ұлттық санасы сарқылмаған бірлі-жарым ұлт перзентіне жабайы адамға қарағандай қоғамдағы көзқарас...
Үрім-бұтақ зәузаты қор болған кейуана Айғаным сырқатының асқынуына, түптің-түбінде ажалына ұлт басына төнген жойылып кету қаупіне төзбестік білдірген ананың ашынуы, басқыншылық саясаттың құрбанына айналған әкесінің, туған бауыры Нұрханның, т.б. қайғысы себепші болады. Ақырғы өсиет ретінде ағайын туғанына «ата-баба қорымына қойыңдар» деген өтініш қалдырады. Оған себеп — жылдар бойына таң алдында ұйқылы-ояу халде естіп келген «Дәм-ағаң қасына шақырады» деген дауыс оның санасына сіңісіп, осыны аян ретінде қабылдауы. Айғанымның ақырғы осы өтініші санасында саңылау өшпегендерді шарасыз халге түсіріп, шиыршық аттырады. Ескі қорымды қалпына келтіруге билік иелерінен рұқсат ала алмай, алашапқын күйге түсіп, әбігер болады.
Бұл — шығарма оқиғасының шарықтау шегі іріп-шіріген қоғамның да жантәсілімімен қабаттаса келеді. Бір әулеттің көксеген ұрпағы — Сананың құрсағындағы нәрестенің мезгілінен бұрын, айы-күнін толтырмай толғақтың қысуы — жаңа заманның атпай қоймайтын жаңа таңы іспетті. Жаңа қоғам — шар етіп дүниеге екі кештің арасында келген шарана, аса мәпелеуді, сақтықты, өрелілікті, жауапкершілікті талап етеді.
Аудан мен ауылдың арасында — жол бойында толғақтың басталуы, Сананың аман-есен жеңілденуі, шарасыз Тоқсейіттің батар күннің шапағын туар күннің рауанына ұқсатуы — кездейсоқтық емес. Сәтті суреттеу шығарманың заман жүгін қайыспай көтеріп, діттеген мақсатты нысаналы жерге арқалап жеткізгенін көрсетеді.
Бұл жерде адам таңғалатын бір заңдылық — роман кеңестік дәуірдің тұяқ серпу кезеңі қарсаңында жазылып, дәуірлеп тұрған кеңестік биліктің ылдиға бет алғанын болжаған туынды екендігінде. Баспа цензурасынан өтпей, жариялануға рұқсат етілмей, баспагерлердің сөресінде жылдар бойы жатып қалса да, бір ерекшелігі тәуелсіздік алған соң он жылдан кейін ғана құмнан аршылған кесек алтындай халыққа ұсынылған шығарма екендігінде. Зерделіге ой салатын, ұйқыдағы зердеге саңылау бітіретін ой туындысы, қаламгер еңбегінің жемісі.
Романның көркемдік ерекшелігін байқамауға болмайды. Ең алдымен, атынан көрініп тұрғанындай, «марқұм» кеңестер одағының тұяқ серпу сәтіне орайлас жазылып, ат қойылуы. Романдағы бөлімдердің аты екі кітапта да «Маздап оты үміттің; Ағынында күдіктің; Ғасыр сырғып барады; Илеуінде тірліктің...» деп жалғаса береді, осылайша тақырыптардың соны сипатта берілуі бүкіл романның оқиға желісін бір ауыз сөзбен баяндап отырады. Өзгеше формада, ұтымды берілген.
Романда соғыстан, қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан қайтыс болған, із-түссіз жоғалған бұғылылықтардың тізімі беріліп, оқырмандарға «өз ауылыңызда осындай опат болғандардың тізімін жасаңыз» деп ұсыныс айтып, бос парақтар қалдырылған.
«Жантәсілім» романының оқырмандары — жаңа дәуірдің, опасыздық атаулыға жол бермейтін, ондайды көрмеуге тиісті азат сананың иелері екендігінде дау жоқ. Тек қана, ата-ана, ұстаздар, көненің көзін көрген бірен-саран зерделі тұлғалардың олармен сұхбаттасуға, ой бөлісуге, тіл табысуға ниет білдіріп, әрекет етуі, уақыт таба білуі керек. Осы керекке бірінші кезекте көңіл бөлейікші, ағайын!!!
Мағира Қожахметова шығармашылығының ерекшелігі де, құпия сыры да, болашаққа бағдар нұсқайтын ұтымдылығы да оның өз кейіпкерлерінен идеал тұтарлықтай дара тұлға жасап шығаруға құлшынбайтындығында. Әр кейіпкерді (тіпті ол типтік бейне болсын не елден ерекше дара тұлға болсын) өз толғанысы, ішкі тебіренісі арқылы ішек-қарынын жарқыратып рентген сәулесімен айқындағандай анатомиялық тұрғыдан емес, жан-дүниесін, ішкі сарайын қалтарыссыз өзіне өзін әшкерелетеді.
Бұл тұрғыда, Тоқсейіттің, Құрманның, Жанғаным мен Айғанымның ескі қорымды іздеп барған тұстағы апалы-сіңлілілердің аңыраған жоқтауы мен әркімнің өз ойымен өзі болып ішкі сырын ақтаруынан өкініш, нала, мұң араласқан монологтарын (260-272бб. 1-кітап) оқығанда көз жеткізуге болады.
Тарихтан тағылым алған ұлт қана небір жойқындықта жұтылып кетпей, ұрпағы Отан-Анасын қастерлей алатыны, өз ордасы — Отанында ғана қанын жоймаған қасиетті ұрпағын қадірлеп өсіретіні шындық. Егемен елдігіміз баянды, ұрпағымыз ырысты болғай!
Қалампыр Кенжеғалиқызы, оқырман, журналист