Толыбай сыншының баласы
Бір күні ауылға кенеттен жау тиіп, қалмақ шапқыншылары бір топ саяқ атты айдап, соған қоса он төрт жастағы Қарабасты тұтқындап әкетеді.
Арада бірнеше күн жол жүріп өздерінің мекеніне жеткен жаулар аяқ-қолы бұғауланған жас өспірім Қарабасты басқа да олжамен бірге қонтайшыға әкеледі. Қонтайшы Қарабасты бір қалмақ шонжарының қарамағына жіберіп, тұтқын баланы кісендеп ұстауды тапсырыпты.
Дұшпандар қолға түскен жас баланы келеке етіп, аяғына кісен салып, бетіне күйе жағып, өздері оған мәз болыпты. Бір күні тұтқын бала кісеннің шынжырын сүйрете жүріп, тезек теруге барғанда, жылқының бас сүйегін тауып алып, әрі-бері аударып қарап, оның тұлпардың басы екенін таниды. Ол басты өзі жататын қамыс лашыққа алып келеді. Сол баспен Қарабас ылғи мұңдасады екен. Сонда ол оған: «Сені тұлпардың басы деп кім айтар?» деп мұңын шағады екен. Қазақ баласын күзететін қартаңдау қалмақ жас жігіт кезінде қазаққа тұтқын болып,
сонда қазақ тілін үйренген екен.
Күзетші қалмақ бір күні жылқының қу басын қолына ұстап, өзіне-өзі сөйлеп отырған Қарабастың сөздерін сыртынан келіп тыңдап алады да, қалмақ шонжарына барып оның әкесіне тартқан сыншы екенін айтады.
Қарабастың түр-тұлғасына қарап жоңғар шонжары да оны тегін бала емес деп ойлаған екен. Енді оның ойын күзетші шал расқа шығарып тұр.
Жоңғар тайшысы күзетші шалға Қарабасты алдырады.
Қалмақ тайшысы:
— Сен қазақтың қай батырының баласысың? — деп сұрапты.
Қарабас:
— Мен Толыбай сыншы ордабасының ұлымын, — деп тура жауап қайтарыпты. Қалмақтың шонжары оған тағы да:
— Сен ат сынауды білесің бе? — деп сауал қояды. Қазақ баласы:
— Ептеп ат сынауды білемін! — деп жауап береді. Қонтайшы:
— Менің жылқыларымның ішіндегі тәуір аттарды іріктеп, оның ішінде тұлпар бар ма екен, біліп бер! — дейді.
Қарабас қалмақ тайшысының үш мың бес жүз жылқысын аралап, тәуір ат болуға жарайтын асауларды көрсетіп, жылқышыларға ұстатып, үйреттіреді. Алайда бес жүздей жақсы аттың ішінде бір де тұлпар жоғын Қарабас қалмақ шонжарына ашық айтады. Табылса, құнын артығымен төлеп, сатып алмақ болып келісіп, қасына Қарабасты ертіп, бірнеше қалмақ байларының жылқыларын аралап, аттарды сынап
көргенде, тұлпар таба алмайды. Сонда олар ауылына қайтып келе жатса, бір өзеннің жағасындағы лашықты көреді. Ол бір қалмақ балықшы шалдың лашығы екен. Сол үйдің маңында екі жылқы жүргенін Қарабас алыстан көреді. Сыншы қазақ баласы:
— Ана екі жылқыны көре келейік, — деп өтініш қылады. Екі жылқының бірі — торы ала бие, бірі — арық қара кері ат екен. Қарабас аттан түсе салып, биені де, атты да айнала жүріп қарап шығып:
— Арықтығына қарамаңыз, қаракер бесті нағыз тұлпар болатын жылқы екен. Орнына жетектегі аттардан екі ат беріңіз де, осыны алыңыз. Ал ана бие де жақсы екен, бірақ ол тұлпар болатын құлын таппайды, — депті. Жоңғар тайшысы балықшы шал мен кемпірді шақырып алып, оларға екі күйлі ат беріп, арық қара кер бестіні алып кетіпті.
Ауылына бір күндік жер қалғанда, олар тағы да өзен бойында отырған екі балықшыға кез болады. Сыншы Қарабастың айтуымен жоңғар тайшысы екі балықшыға екі-екіден төрт ат беріп, екі арық бесті атты жетелеп жүре беріпті.
Үйіне оралған соң, тайшыға Қарабас үш арық бесті атты күтуді өз міндетіне алатынын айтқан екен. Тайшы енді Қарабасты еркіндікте ұстайтын болыпты. Қазақ баласы үш арық бестіге жем-шөпті мөлшарлеп беріп, оларды жақсы бағады.
Аттарды баққанына бір жыл толғанда тұлпар емес, тор атты сойғызыпты. Сонда торы аттың бел омыртқасының сүйегінен екі сүйемдей жері қызыл-қоңыр болып, арқа сүйегінің басқа жері түгелдей ағарғанын көріпті. Қарабас: «Тұлпардың сүйегі түгелдей ағаруға әлі біраз уақыт бар екен!» — депті қалмақ тайшысына.
Арада тағы бір жыл өткен соң, Қарабас жоңғар тайшысына айтып, тұлпар емес көк атты сойғызыпты. Бала оның сүйегінің екі елі жері әлі ағармағанын байқаған екен.
Үшінші жылы күздің басында тұтқын қазақ баласы қаракер тұлпарды мініп, әрі-бері жүріп, атты ылғи суытып, таң асырып қояды. ол тұлпарды өзі баптап күту үшін жоңғар шонжарынан рұхсат сұрапты. Қалмақ тайшысы оның тілегін қабыл алыпты.
Қарабас әкесінің және басқа да атбегілердің сәйгүліктерді қалай таңдап, қалай баптағанына көзі қанық болып өскен жас екен. Ол оны іс жүзінде өзі де қолдану үшін үш жыл бағып, сүйегін ағартқан қара кер тұлпарды мініп, әуелі аса көп, қатты жүрмей, аз ғана шыға жүріп, үнемі суытып, таң асырып қойып жүрген екен. Ол тұлпарға жем ретінде тазаланған арпа, не сұлы және жылқыға жұғымды қара шөп беріп отырыпты. Жемді қаракерге шамалап, ретімен беріпті. Себебі аяңдатып, кейде желіп, кейде шоқытып, кейде шауып жүріп, келгеннен соң
кермеге байлап, суытып, таң асырып, терін алған атқа жемді ел жата, түн ортасы ауа, таңға жақын беру керектігін Қарабас жақсы біледі екен. Тұлпарды баптап жүрген ол ұйқыны азайтып, сергек жүріпті. Талай таңды көзімен атырған екен. Әдетте ол тұлпарды суытқан соң, отқа қоятын бопты.
Суытпаған, не таң асырылып тері алынбаған жылқы семіз кезінде тез бұзылатынын, яғни қызыл май болатынын Қарабас жақсы біліпті. Тұтқын қаракер тұлпарды күз, қыс бойы баптап, бәйгеге қосуға жаратыпты. Тұлпармен еліне жетуді армандаған Қарабас қалмақ тайшысының «таңдаған қызыңды әперем» дегеніне де амалсыз келісіп, қыз көруді кейінге қалдырыпты. Құдай оның көктен тілегенін жерден беріп, жаздың басында қонтайшының інісінің баласы келіншек алатын болып, оның тойына зор дайындықпен баратын болыпты. Сонымен қатар ол тойда болатын ат жарысына Қарабас баптап, қыс бойы оқтаудай боп жараған қаракер тұлпарды қосатын сәт туды. Атқа Қарабастың өзі мініп шабатын болған екен. Сондықтан ол тұлпардың кекілін түйіп, үкілеп, жалын тарап, құйрығына шоқ тағыпты.
Ат айдаушы жүйріктерді белгілі жерден жіберер алдында астындағы ер-тоқымының үстіне екі басына орталап құм салынған қоржынды байлап, үстіне өзі отырып, аттардың артында кете барады. Бәйге аттарға мінген балалар тиісті жерге жетіп қонып, ат тынықтырып, өздері де дем алыпты. Ертеңінде ат жарысы басталған кезде де Қарабас қаракер тұлпардың екі бүйіріне құм салған қоржынның екі басын теңдеп алып, сәйгүліктер қарасын үзгенше артында келе жатыпты. Бәйге аттардың алды ортасынан ауды-ау деген кезде тұлпардың құлақ шекесі аздап терлей бастайды, көзі шырадай жанып, ілгері қарай шаба береді. Сол шақта ол тізгінін тартып, ат басын тежеп, қоржынды ат үстінен алып тастап, жұлдыздай аққан тұлпардың көздерін жібек орамалмен сипай сүртіп, екі тізгінін іркіп ұстап отырып, барлық жүйріктерді басып озыпты. «Қазақ, Қазақ!» деп ұран салып, қарақшыдан өте шығып, ат басын тежеп, жоңғар тайшысына қарап: «Бәйге сенікі, тұлпар менікі. Ер туған жеріне, ит тойған жеріне. Қайыр қош, аман болыңдар!» — депті. Дереу ат басын бұрып алып, жолға түсіп «Алаштап» ұран алып, ілгері қарай жөнеле беріпті. Былай шыға Қарабас астындағы қаракер тұлпарға: «Жануар, қалмақ байына бәйге әпердің, енді мені еліме аман-есен жеткізе көр!» — депті де, бүйірі қызған тұлпармен еліне аттанып кетіпті.
Толыбай сыншы Дәулетұлының бәйбішесі Ақбілек — орта жүз, оның ішінде арғынның бес мейрамдағы сүйіндік әулетінен шыққан Айдабол би Құлболдыұлының жалғыз қызы, әрі тұлабойы тұңғышы екен. Ақбілек заманында данышпан әйелдердің бірі болыпты. Сол Ақбілек бәйбіше бір күні таңертеңгі шайға ауыл қорғауға қалған балаларын, қайын інілерін, ауыл адамдарын шақырып алып: «Мен бүгін түс көрдім, түсімді өзім
жорыдым. Менің Қарабасым тірі екен, тұлпар мініп жаудан құтылып келе жатыр екен. Тұлпардың бүйірі қызса, әбден болдырып жығылмай тоқтамайтыны бәріңе мәлім. Таудың тасына соғылып тоқтайды дейтіндей жерімізде тау жоқ. Сондықтан бір тоқтаса, ағашқа тоқтар, бірақ баланы мерт қылып жүрер. Баланы аман қалып үшін бірнеше жерден мықты қазықтар қағып, әр жерден жолына арқан керіңдер», — деп тапсырма берген екен. Ол кезде жаудан елді қорғау үшін Толыбай сыншы қол бастап, азаттық жолындағы соғыста жүріпті. Сол себепті ұлын
сау-саламат алып қалу үшін елге бұйрықты Ақбілек ана өзі берген екен.
Ақбілек ананың жарлығын екі етпей, әлеумет жолға бір неше жерден мықты қазықтар қағып, арқанды керіпті. Ақыры көп ұзамай Қарабас сол арқан керілген жерге жетіп, атты тоқтатайын десе, тұлпар тоқтамай, керілген арқандардан қарғып өте беріпті. Сонда асқан шапшаңдықпен үзеңгіден екі аяғын босатып алған Қарабас тез еңкейіп, соңғы керілген арқаннан ұстап қап, ерден сыпырылып түсіп қала беріпті.