Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Тамырластық

Сары ала күздің тамылжыған жаймашуақ күні. Атасы биыл бесінші сыныпта оқитын немересімен бақ ішінде серуендеп жүрген. Әжесінің сырмаққа салған ою-өрнегіндей сан алуан түске боянып, көз жауын ала қаз-қатар қаулай өскен ағаштарға тандана зер салған Абзал кенет:

— Ата, мына қызыққа қараңызшы, — деді.

— Е-е, ол не қызық, балам?...Мен ешқандай қызық көріп тұрғаным жоқ, — деп қулана жымиған атасы оның қасына таянған.

— Мына тал-теректерді айтам. Былтыр ғана тіп-титтей секілді еді, енді бойлары сорайып, жапырақтары жайылып, айналасындағы шыршаларды басып озып кетіпті. Таяп келіп қарамасаң, шыршалар тіпті байқалмайды да.

— Иә, балам, оның рас. Қарағаш, терек, үйеңкі тез бой алатын өсімтал ағаш. Ал шырша, қарағай, самырсын секілді қылқан жапырақтылар өте байыппен, баяу өседі.

— Сонда, терек, үйеңкілер үздік оқушылар да, шыршалар нашар оқушылар сияқты болғаны ма?

— Жо-оқ, олайша екшеп, баға беру жөн бола қоймас, Әбеке (Салмақты мәселе қозғар кезде атасы мұны осылай атайды).

Кеңкілдей күлген атасы терең бір әңгіме бастардағы әдетінше  немересін арқасынан сипай қасына алып, жиектегі ағаш орындыққа жайғасты.

— Халқымызда «Әсіре қызыл тез оңар» деген нақыл бар. «Шабан үйрек бұрын ұшады» деп те жатады. Қызылды-жасылды түрге еніп, көз жауын алып тұрған мына теңге жапырақтарынан айырылған бұл ағаштар күні ертең-ақ бар көркін жоғалтып, сойдиып шыға келеді. Сонда айналасына, бұл төңірекке мәңгі жасыл реңімен жарқырай өң беріп, әрі ауасын тазартуға септігін тигізетін де осы шыршалар болады әлі. Ол қыстың қатал ызғарынан да қорықпайды. Бойы баяу өскенімен, төзімді, берік, қоршаған ортасы үшін пайдасы мол ағаш.

— Олай болса... менің теңеуім керісінше болып шыққаны ғой?... — деді ұшқарылау ойынан ыңғайсызданған Абзал өз қатесін тезірек түзеткісі келіп.

— Дәл солай. Жалпы, бұларды адамға теңеуің орыңды-ақ. Осы болмысында бұлар да тұп-тура адамдар сияқты.

— Сонда қалай?...

— Адамдардың ішінде де нағыз азаматтары және азаматсымақтары болады. Азаматсымақтары, яғни өтірік азамат болып көзге түскісі келетіндері дәл мына тал-терек секілді үнемі алға шығып, оқ бойы озыңқы жүреді. Барлық жерде де бірінші болуға тырысады... және солай болады да.

— Ал азаматтары ше?

— Ал азаматтары мына шыршалар сияқты жайшылықта көп көзге шалына бермейді. Жаңағы азаматсымақтардың тасасында елеусіз болып жүре беруі де мүмкін. Олардың алмас қылыштай жарқылдап, көш бастар сәті — қатал қыс мезгілі сынды ел басына күн туған сын сағат. Міне, сондықтан да олардың табиғи жаратылысы мына жасыл шыршаларға ұқсас, қайтпас, қайсар болып келеді.

— Абзал!

Атасы мен немересінің тәтті әңгімелерін бұзған Абзалдың командалас достары екен.

— Кеттік! Бол, тез! Бүгін 6-шы сыныппен ойнаймыз, — деп, футболға шақырып тұр. Атасының сөзіне айналып отырып байқамаса керек, әріректегі алаңқайға біраз бала жиналып қалыпты.

 — Бар, бара ғой, — деді жүзіне қимастықпен қиыла қараған немересін арқасынан қаққан атасы.

— Ойнап қалыңдар. Қазір күн қысқа. Шамалыдан кейін-ақ қас қарая бастайды. Мен де біраз бой жазып қайтайын. Кері қайтарда соғармын.

Орнынан жайлап көтерілген атасы бір оңтайы келгенде, немересіне тек, тектілік жайлы да түсіндіріп, құлағына құйып қоюды ойлап бара жатты. «Иә, жаратылыс сырының құпия кілті сол түп тамыр мен текте жатыр ғой!... Шырша, арша дегендер де тамырын тереңге жайған текті ұрпақ секілді қасиетті ағаштар қой, жарықтық».


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама