Тұтқын
Жыпырлаған көп бөлменің бірін жеке алып, бір жігіт жатыр. Көзін жұмады да ашады. Екі жамбасына кезек-кезек аунақшиды... Тыныштық таппайды. Басын көтеріп, біраз отырған соң, тісін шақырлатып қайрап қойды. Жан-жағына қарады. Қалтасынан битімдей айна алып, сол айнадан күлтілдеген, запыран түсті бетін, қос шараның түбінде жайнаған ызалы көзін көріп, азырақ қамықты... Сөйтіп, орнынан тұра берді де сылқ отыра кетті. Табанын ұстап:
— Айуандар, жыртқыштар! — деді, тыжырынып. Табаны жара, талаураған ісік тізесіне дейін жеткен. Аяғын баса алмаған соң тізесімен, шынтағымен еңбектеп есікке келді. Ызаланып есікті қойып жібергенде, қолы қан қақсады. Екі алақанының қанталаған ісігі шынтаққа жетіп тоқтаған. Арқа да cay емес, толып жатқан қара дақ, көк ала қойдай, бір адам.
Есіктің түбінде ол шошайып отыр. Дамыл-дамыл құлағын салып тың тыңдайды. Уақыт түн ортасынан ауып барады. Келген ешкім жоқ. Әлден уақытта аяқтың тықыры естілді.
— Маған келе жатыр, — деді сол кезде. Тықырмен қоса, ақырған дауыс, алқынған дем, ащы тілдер шыққанда:
Қинап жатыр доңыздар, доңыздар... — деп түнереді, оңаша бөлмеде жалғыз өзі күңіренеді. Сонда да оның түрінде жасығандық белгі жоқ, темір шарбақтың ішінде қамаулы арыстанша ашулы, айбатты.
Бір кезде есік ашылып, құралды екі адам кірді. Екі жағы да тіл қатпай, көзбен арбасып біраз тұрғаннан кейін:
— Жүресің, — деді келгендер.
— Әуелі бір тілім нан болар ма еді?..
— Тұр, сөзді қой!
— Тұруға әлім жоқ.
Екеулеп тұтқынды сүйрей жөнелді. Оның тайталасқан даусын сыртқа шығармау үшін, басын қаптап, аузын тығындап алды. Қорғанның ішінде оқшауырақ тұрған бір үйге әкеле жатыр.
Тұтқын жігітке бұл белгілі үй. Ол үйге кеше де, алдыңғы күні де келген. Онда бес-алты кісілеп әкеліп еді, бүгін екеуі - ақ әкеліп, осы үйдегі төренің алдына, тартқан табақша қоя салды.
— Мен бүгін жақсылап сөйлесемін, сізбен, — деді төре, кіріптар адамға қарап, мұртың ширатып отырып, — Ер көңілді Эдуард, жара жазылады. Ашу басылады. Шыныңды айтқанда бұның бәрі де болмайтын еді. Өзіңе өзің қылдың. Оқа емес, енді айтсаң да болады. Сонда, мен сені басқа қалаға бастық қылып жіберер едім. Оңалып әлі-ақ теңеліп кетер едің...
— Неғыл дейсің маған?
— Коммунистер қайда?
— Ел ішінде.
— Тап басар қып айт!
— Басқа айтарым жоқ.
— Эдуард, ашумен сөзді ұқпай тұрсың. Қатын-бала бар, олардың қамын да ойлау керек. Мен сенен қиын нәрсе сұрап тұрғаным жоқ... Ұясын, бірер басшы адамын айтсаң құтыласың, сонда сені барлық арманыңнан шығарамын, — деп, төре Эдуардқа жақындай түсті. Ол жақындаған сайын Эдуард кірпідей жиырылып, алақанымен бетін қалқалап тұрып сөйледі:
— Таянба, таянбашы, аузыңнан сасық леп шығады! Наразыларды құртпақ болсаң жалпақ елді құрт!..
Төре үндеместен, есік жақта тұрған үш-төрт қара киімділерге иек көтерді. Олар шығып кетті де, бір жәшікті төртеулеп көтеріп әкеліп, төренің қасына қойды. Бұны көріп отырған Эдуардтың мазасы кетіп, қобалжи беріп еді, қара киімділер қауіптеніп, анталап, ұстауға келіп қалды.
— Қоян жүректер! — деді Эдуард, әлсізсіңдер, сондықтан қорқасыңдар! Ойлаңдаршы, менен қазір қорқуға бола ма? Қолым жара, аяқ жара. Денемде cay жер жоқ, құтырған иттер, талап, жыртып бітірдіңдер. Тілім, көзім, жүрегім ғана сау. Оны қинау үшін сақтап отырсыңдар. Мә, ал керек болса жанымды, бірақ арымды, сырымды бере алмаспын сендерге!..
Төре бұл жолы көнтерлілік істеді. Күндегідей ашуланып, ақырмады, резинка қамшымен шыпылдатпады, қыл бұрау салуды, табанға, алақанға, тұяққа ұруды да қойды. Бұлардың орнына Эдуард сөзін болған кезде, жәшікті ашып, істікке түйреулі адамның бір басын шығарды. Баста шаш жоқ, тақыр басты Эдуардқа көрсетіп тұр.
— Мынаны танитын шығарсың айтқанға көнбесең, сенің шашың да осылай бір талдап жұлынады.
Эдуард бас киімін алып, басқа бас иді.
— Хош жолдасым, бауырым, өлімің ардақты, арманыңа арттағылар жетсін!
Төре, жәшіктің екінші қақпағын ашып көрсетті. Іші толған жылан екен. Жыландар решеткелі ішкі қақпақтан бастарын шығарып, жарық дүниеге қарасты.
— Көріп қой, көнбесең осыларға жем қыламын, — деді төре. Сөйтті де, жәшіктің үшінші қақпағын ашты. Бұнда қалпымен бір адамның еті жатыр. Турап-турап салып қойыпты.
— Оп-оңай өлемін деме, бәріне болмасаң, осылайша кескілеп өлтіреміз.
Төре қинау түрлерін көрсетіп болған соң, тағы да ақылын айта бастады.
— Қолға түскеннің бәріне мұны істей бермейміз. Жолынан қайтып, қатарымызға енсе, азапты рахатқа айналдыруымыз оңай!..
Төренің сыпайы сөздері Эдуардқа шаншудай тиіп отырды. Сөзді ақырына дейін тыңдауға ол шыдамады, тағы да ызаланып, көтеріле жөнелді:
— Аштықтан белің бүгіліп, көзіне көк шыбын үймелесе, балаларың аузын ашып, жас балапандай шулап жатса, арқаңды бит, тапқаныңды ит жеп, өмір бойы еңбегің еш болса, ондай тәртіпке темір адам ғана шыдар! Шыдамадым — сөйледім, шыдамадым — іздендім! Сол үшін мені қинайсыңдар. Мендейлерді балталап, кескілеп, құртпақсыңдар. Бірақ, олар көп, құртқан сайын көбейе түседі. Олар халық! Халық құрымақ емес, найсаптар!.. — деген кезде, төре шыдамады. Орнынан ұшып тұрып, столды жұдырығымен қойып-қойып жіберді:
— Қысқарт! Бұнда ССРО жоқ. Білемісің, Германияда... Гестапода отырғаныңды? Дереу қайт жолыңнан, жығыл мына ұлы адамның аяғына, сүй суретін, — деп Гитлердің кішкене суретін тосты алдына. Эдуард қағып жібергенде, сурет анадай жерге ұшып кетті.
— Тарт! Қаныпезерден жаным безер!.. Өзің - ақ тұмар қылып тақ! Әкел Тельманның суретін, өлер болсам құшып өлемін соны!.. Есіл ұлы неміс халқы, азғаның ба, алдағаның ба, бұл? Су орнына қан, қан орнына оқ берген зұлымдардың қылығына жарылмай қалай шыдап тұрсың?!... — деген кезде, анталап тұрғандар бас салды. — «Москва! Арманым да, сенімім де сен, Москва!!» деп талып кетті Эдуард.
1937