Ұлы Отан соғысының үш кезеңі. (1941-1945 жж.)
1941 жылы 22 маусымда таңертең гитлерлік Германия Кеңес Одағына шабуыл жасады. Германияға Румыния, Венгрия, Италия мен Финляндия жақтасты. Жаулаушылардың әскери жасағы 5,5 млн. жауынгер, 190 дивизия, 5 мың ұшақ, 4 мыңға жуық танк және өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы, 47 мың зеңбірек пен минометтен тұрды.
Екінші Дүниежүзілік соғысының Еуропада жүргізілуі
1940 жылы жасалған «Барбаросса» жоспарына сәйкес Германия аз уақыт ішінде (6-10 аптада) Архангельск – Волга – Астрахань жолағына шығуды жоспарлаған. Бұл блицкриг – аяқасты соғысқа қадам еді. Осылай Ұлы Отан соғысы басталды.
Ұлы Отан соғысының негізгі кезеңдері. Бірінші кезең (22 маусым 1941 ж.–18 қараша 1942 ж.) соғыс басталған уақыттан бастап кеңес әскерінің Сталинград түбіндегі шабуылының басталуына дейін аралық. Бұл КСРО-ға ең ауыр кезең болды.
Шабуыл жасау мақсатында жауынгерлер мен әскери техникасын сақадай сай дайындаған неміс әскері біршама сәттілікке қол жеткізді. 1941 жылдың қараша айының соңына дейін қарсыласының күшіне төтеп бере алмаған кеңес әскері жауларына ұлан-ғайыр жерді тастап, артқа шегінуге мәжбүр болды. Осы аралықта олар көптеген жауынгерлерінен айрылып, із-түзсіз жоғалғандар саны көбейді, 5 млн.-ға жуық адам тұтқынға түсті, сонымен қатар мыңдаған танктер мен ұшақтарынан айрылды.
1941 жылдың күзінде фашистік-неміс әскері бар күшін Мәскеуді жаулап алуға салды. Мәскеу үшін шайқас 1941 жылдың 30 қыркүейегінен бастап 1942 жылдың 20 сәуіріне дейін жалғасты. 1941 жылдың 5-6 желтоқсанында Қызыл Армия шабуылға көшіп, қарсыластың қорғаныс майданын бұзады. Фашистік әскер Мәскеуден 100-250 км-ге айдатылды. Мәскеуді жаулап алу жоспары іске аспай қалады, шығыстағы аяқасты соғыс жоспары құрдымға кетеді.
Мәскеу түбіндегі жеңіс халықаралық үлкен мәнге ие болды. Жапония мен Түркия КСРО-ға қарсы соғысқа қатысудан бас тартты. Халықаралық аренада абыройға ие болған КСРО антигитлерлік коалиция құруға сеп болады. Алайда 1942 жылдың жазында кеңестік басшының қателігінен (ең алдымен Сталиннің қателігінен) Қызыл Армия Солтүстік-Батыс, Харьков түбінде және Қырымда ірі жеңілістерге ұшырайды. Фашистік-неміс әскері Волгаға – Сталинград пен Кавказға жетеді. Кеңес әскерінің осы бағыттардағы қажырлы қорғанысы, сонымен қатар ел экономикасын әскери жолға бағыттау, әскери шаруашылықты жөнге салу, жау тылындағы партизандық қозғалысты дамыту сияқты стратегиялық жұмыстар кеңес әскерінің шабуыл жасауына оңтайлы әсер етті.
Екінші кезең (19 қараша 1942 ж. –1943 ж. соңы) – соғыстағы түбірлі өзгеріс кезеңі. Қорғаныс ұрыстарында жауды әбден титықтатып, әлсіреткен кеңес әскері 19 қараша 1942 жылы Сталинград түбіндегі 300 мың адамы бар 22 фашистік дивизияны қоршап алып, қарсы шабуылға көшті. 2 ақпан 1943 жылы бұл топ жойылды. Осы уақытта жау әскері Солтүстік Кавказдан да қуылды. 1943 жылдың жазына дейін кеңес-германдық майдан тұрақтанды.
Майданныңөздеріне ыңғайлы кескіндемесін пайдалана отырып, фашист әскері стратегиялық бастамасын қайтарып алу мақсатымен және Курск доғасындағы кеңес әскери тобын жаулап алу үшін 5 шілде 1943 жылы Курск түбінде шабуылға шығады. Қиян-кескі ұрыс барысында қарсыластың шабуылына тойтарыс беріледі. 23 тамыз 1943 жылы кеңес әскері Орел, Белгород, Харьковты жау қолынан босатады, Днепрге шығып, 6 қараша 1943 жылы Киевті босатады.
Жаз-күз шабуылы кезінде қарсыластың жарты дивизиясы ойрандатылып, Кеңес Одағының бірқатар шекарасы босатылды. Фашистік одақтың ыдырауы басталды, 1943 жылы Италия соғысудан бас тартады.
1943 жыл майдандағы жауынгерлік әрекеттерге түбегейлі өзгеріс әкелген жыл болып қана қоймай, кеңестік тыл жұмыстарына да өзгеріс әкелген жыл болды. Тылдың жанкешті еңбегінің арқасында 1943 жылдың соңында Кеңес Одағы Германияны экономикалық тұрғыдан жеңді. Әскери өнеркәсіп 1943 жылы майданға 29,9 мың ұшақ, 24,1 мың танк, 130,3 мың зеңбіректің барлық түрін берді. 1943 жылы Кеңес Одағы соғыс техникасы, қарудың негізгі түрлерін өндіруден Германияны біршама басып озды.
Үшінші кезең(1943 жылдың соңы – 8 мамыр 1945 ж.) – Ұлы Отан соғысынқорытындылаушы кезең. 1944 жылы кеңес экономикасы соғыс жылдарындағы ең биік белеске көтерілді. Өнеркәсіп, көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы дами түсті. Әсіресе әскери өнеркәсіп тез көтерілді. Танктер мен өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар 1943 жылмен салыстырғанда 24-тен 29 мыңға көтерілді, ал соғыс ұшақтары – 30 мыңнан 33 мың данаға өсті. Соғыстың басынан 1945 жылға дейін 6 мыңға жуық кәсіпорын іске қосылды.
1944 жыл Кеңес Қарулы Күштерінің жеңісімен есте қалды. КСРО-ның барлық шекарасы фашистік басқыншылардан тазартылды. Кеңес Одағы Еуропа елдеріне көмекке келді – Кеңес Әскері Польша, Румыния, Болгария, Венгрия, Чехословакия, Югославияны босатты, қарқынды ұрыспен Норвегияға дейін жетті. Румыния мен Болгария Германияға соғыс жариялады. Финляндия соғыстан шығып кетті.
Кеңес Әскерінің сәтті шабуылдық әрекеттері одақтастарды 6 маусым 1944 жылы Еуропада екінші майдан ашуға итермеледі – генерал Д. Эйзенхауэрдың (1890-1969) басқаруымен англо-американдық жасақтар Францияның солтүстігіне, Нормандияға түседі. Бірақ кеңес-германдық майдан бұрынғышаЕкінші дүниежүзілік соғыстың басты және белсенді майданы болып қала берді.
Қысқы шабуыл барысында 1945 жылы Кеңес Әскері жауды 500 км-ден астам жерге шегіндірді. Польша, Венгрия мен Австрия, Чехословакияның шығыс бөлігі дерлік жаудан босатылады. Кеңес Әскері Одерге шығады(Берлиннен 60 км). 25 сәуір 1945 жылы Эльбада, Торгау ауданында кеңес әскери жасағының америкалық және ағылшын жасақтарымен тарихи кездесуі болады.
Берлиндегі шайқастар қиян-кескі және қажырлы сипатқа ие. 30 сәуірде рейхстагқа Жеңіс туы орнатылады. 8 мамырда фашистік Германияның қарсылықсыз тізе бүгу актісіне қол қойылады. 9 мамыр – Жеңіс күні болып белгіленеді. 1945 жылдың 17 шілде 2 тамыз аралығында Берлин маңы – Потсдамда КСРО, АҚШ пен Ұлыбритания үкімет басшыларының Үшінші конференциясы өтеді. Басшылар соғыстан кейін Еуропада бейбітшілік орнату, неміс мәселелері және басқа да сұрақтарға қатысты маңызды шешімдер қабылдайды. 24 маусым 1945 жылы Мәскеуде Қызыл алаңда Жеңіс шеруі өтеді.
Германия мен Кеңестер Одағының арасындағы өзара шабуыл жасаспау туралы келісім бойынша Орталық Еуропаның бөлінуі. Сол жағында — 23 тамыздағы протоколдар бойынша болжалғаны, оң жағында — іс жүзінде болған бөлініс. Сарғыш түспен КСРО-ға кететін жерлер, көк түспен Германияның үлесіне тиген жерлер, күлгін түспен Германия басып алған жерлер боялған (Варшава генерал-губернаторлығы мен Богемия және Моравия протектораты)
КСРО саяси және әскери тұрғыда ғана емес, экономикалық тұрғыда да жеңіске жетті. Бұған 1941 ж. шілдеден бастап 1945 жылдың тамыз айы аралығында КСРО жерінде Германияға қарағанда әскери техника мен қару әлдеқайда көп шығарылғаны дәлел бола алады. Назарларыңызға нақты мәліметтерді ұсынамыз (мың дана):
КСРО | Германия | Арақатынас | |
Танкілер мен өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар |
102,8 | 46,3 | 2,22:1 |
Әскери ұшақтар | 112,1 | 112,1 | 1,25:1 |
Түрлі калибрлі зеңбіректер | 482,2 | 319,9 | 1,5:1 |
Пулеметтердің барлық түрі | 1515,9 | 1175,5 | 1,3:1 |
Соғыстағы бұл экономикалық жеңіс Кеңес Одағының жетілген экономикалық ұйым құрып, оның барлық қорын тиімді пайдалана алуының арқасында мүмкін болды.
Жапониямен соғыс. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы. Алайда Еуропадағы әскери амалдардың аяқталуы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы дегенді білдірмеді. Ялтада қабылданған принципті келісім-шартқа сәйкес (1945 жыл, ақпан) Кеңес үкіметі 1945 жылы 8 тамызда Жапонияға соғыс ашады. Кеңес әскері шабуылдық әрекеттерін 5 мың км-ге созылған майданда бастайды. Ұрыс әрекеттері орын алған географиялық және климаттық жағдайлар өте қиын болды. Шабуылшы кеңес әскеріне Үлкен және Кіші Хинган жоталары мен Шығыс-Маньчжур тауларын, терең және толқыны қатты өзендерді, сусыз шөлдерді, өтуге қиын ормандарды бағындыруға тура келді. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан жапон жасақтары жойылды.
Қиян-кескі ұрыстардың барысында 23 күн ішінде кеңес әскері Солтүстік-Шығыс Қытай, Солтүстік Корея, Сахалин аралының оңтүстік бөлігін және Курил аралдарын жаудан босатты. Қарсыластың 600 мың жауынгері мен офицерлері тұтқынға алынып, көптеген қарулар мен әскери техникалар тартып алынды. КСРО мен оның соғыстағы одақтастарының (бірінші кезекте АҚШ, Англия, Қытай) қарулы күштерінің соққысына шыдас бермеген Жапония 2 қыркүйек 1945 жылы қарсылықсыз тізе бүгеді. Сахалиннің оңтүстік бөлігі мен Курил тізбегінің аралдары Кеңес Одағының иелігіне өтеді.
АҚШ, 6 және 9 тамызда Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын лақтырып, жаңа ядролық кезеңге жол ашады.
* * *
Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстың маңызды құрамдас бөлігі болды. Бұл соғыстың басты ауыртпалығы Кеңес адамдары мен оның Қарулы Күштерінің иығына түсті. Қайтпас қайсарлықтарының арқасында гитлерлік Германия мен оның одақтастарына төтеп беріп, тарихи жеңіске жетті. Фашизм мен милитаризм күшіне қарсы күресте антигитлерлік коалицияның да қосқан үлесі зор болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың басты сабағы – бейбітшілік сүйгіш күштердің бірігіп әрекет етуіне мұқтаж екенінде. Екінші дүниежүзілік соғысқа дайындық барысында оның алдын алуға болар еді. Көптеген елдер мен қоғамдық ұйымдар бейбіт жолмен шешуге тырысқанымен, бірігіп шешім қабылдау мүмкін болмады.