Үйсін Бөлтірік батыр
Кең сахарада Алатаудың төсінде кең жайлап жүрген үйсіннен Кенесары жылқы алып кетті. үйсіндер қуып жеткенше ұзап кетті. Таң ата қуғыншылар таяу келіп, айқын дала жағын алып, Кенесарының қолын ығыстырып, бір үлкен көлге қарай бетін бұрды. Бұл көлдің шетінде ұзақ жері ми былқылдақ, өтуі қиын жер екен. Мұны Кенесарының қолы білмейді.
Қол жылқыларды алдына салып өздері артынан сойыл, үстінен сойыл салып айдады. Тай-құлындар мида қалқып жатыр. Түс ауған мезгілде мидың шетіне Кенесары шықты. Кенесары өз бетімен қашпайды. Алдынан екі кісі, артынан екі кісі, жанынан саргардан батырлар жүреді.
Сол жолы Ағыбайдың бәйбішесі Талшыбықтан туған он бес-он алты жаста Аманжол бірге еріп шыққан. Ағыбай жан-жағына қараса, еріп келе жатқан баласы Аманжол жоқ, ізінше қайта қайтып келе жатса, Аманжолдың астындағы күзеулі кер милап жатыр екен. Аманжол аттан түсіп бір томаршаның басында жылап тұрғанын көріп, қасына келіп: «Кімнің баласысың?» — деп сұрағанда, «Атамның баласымын». Ағыбайдың әкесі Олжабай. Ағыбай «кімнің баласысың?» деп сұрағанда, «сенің балаңмын» деп айтар ма екен деп сұрағаны. «Жарайды, атаңның баласы болсаң», — деп қолынан ұстап, артына мінгестіріп, күзеулі керді «шу, жануар!» дегенде, Ағыбайдың даусын естіп, кісінеп, барлық күшімен бірақ секіріп мидан шықты.
Күзеулі керді жетектеп, Аманжолды мінгестіріп құрғаққа шықты. Сол мезгілде үйсіннің қуғыншылары көз көрім жерге кеп қалған екен. Бұлардан жеке қара біреу ұзап шықты. Сол уақытта Кенесары жан-жағына қарап: «Көсе қайда? Дәуде болса, осы Бөлтірік шығар, ей, Көсе сен бар, ұзын етек үйсінді шолтаңдатпай жайғап кел?!» — деп әмір етті. Ханның жарлығы екі бола ма? Ағыбай ақжелек, тоғыз қазықтан қиған найзаны оң қолына, ұзын қылышты сол қолына алып, Көкбестіні ортекедей секіртіп қарсы шапты. Бөлтірік ұрандап, қамданып, бұ да бетін бұрмай қарсыласуға лайықтап, астындағы тор жорғаға қамшы басып ұмтылды. Найзаны Бөлтірік сала бергенде, Ағыбай қағып жіберіп, өз найзасымен киімнен үш түйреп, жерге жықты. Тор жорға да аяң да, желіс те жоқ, жорғадан басқа шабыс та жоқ. Сонда Бөлтірік батырдың айтқаны:
— Ей, Ағыбай! үлкенді сыйламағаның қалай? Ағыбай:
— Ей, әз аға! «Жауды аяған жаралы қалады» деген қайда? Қарсыласқан екеумізде өлімдеміз, бұ да менің аяғаным, сіздей әз аға табылмас деп.
— Жарайды, Ағыбай! «Жауың да, дұшпаның да, достың да ер болсын» деген, жарайды, тор жорғаны ұстап бер? — деген соң, әкеп берді.
— Ей, әз аға! «Ер кезегі үшке дейін» деген, қайтыңыз, бұл сапарда жолыңыз болмайды, енді қарсыласпаңыз, — деп өз бетімен қайтып кетті.
Ағыбай келгенде Кенесары сұрады:
— Ұзын етек үйсінді жайғадың ба? — деп. Ағыбай айтты:
— Найзасын қағып сындырып, киімнен үш түйреп жерге құлаттым. Кене оған:
— Неге өлтірмедің? — дегенде, Ағыбай айтты:
— Ей, хан! Жау дұшманыңды мерт қылма, екіншіде байқап жүреді, Бөлтірікті өлтіріп, үйсіннің белін сындырайым ба? Киіз туылдырықты қазақтың арын төгіп, сатайым ба? өзі де қайтты. Бөлтірік қуғыншыларын алып қайтып кетті.
Бөлтірік екінші жыл үйсінге ұран салып, қол жинап, ат-тондарын сайлап жатқанын естіп, баршыға Кенесары екі кісі жіберді. «Қоңыратпыз деп аралап, ел шетінен біліп қайтыңдар?» — деп. Бұлар шалғыншылар тезінен қайтып келді: «саптанып, қамданып жатқаны рас екен» деп. Кенесары Ағыбайға айтты: «Былтыр-ақ жайғап тастайтын немені тірі жіберіп, шолтаңдатып қойдың? Қазақтың белі, ары сынады деп, енді қолға хабар салайын, қарсы барайық». Қол шеру тартып үйсінге жөнелді. Бөлтірік о да шеру тартып келе жатқанда, Кенесары қолына ұшырасты. Екі қол шектесіп тұрды. Бөлтірік батыр:
— Ей, үлкен ағалар, кіші інілер! Кенесарының қолы көп, не қылғанмен бізді жеңеді, көбіңді қырғызып қатын-балаларыңды жетім-жесір қылғанша, мен жекеге шығып сайысайын, өлсем мен де бір ұл иә туар, иә тумас, Ағыбайдан басқасы шықса, берді Құдай! Ағыбай болса, кезекті берер ме екен?» — деп ұрандасып жекеге шықты.
Кенесары:
— Ей, Көсе! Аяма, қазақтың намысын жыртпа? Жайғап кел, иә болмаса өл! Хан жарлығы екі болмайды. Ағыбай көк бестіні текіректетіп қарсы шапты. Ағыбай жауынан бұрын қимылдайды екен. Соның найза-қылышын аңдып, саймандарын бағып, өзіне дарытпай не қағып сындырып, не болмаса ыңғайына келсе, тартып алады екен. Әгарда бұл екеуі болмаса, тоғыз қазықтан қиған найзаны мылтықтай атып жібереді, найзаның түбінде құлаш төс жара қайыстан шыжымы болады, найзаны тартып алатын. Бөлтірік батыр оң қолына қос желек найзасын алып, семсерін сол қолының қарына іліп, қаһарланып, ашуланып, түксиіп қарсыласа бергенде, Ағыбай тор жорғаның бүйірінен найзаны атып жіберіп құлатты. Бөлтірік атпен бірге құлады. Құлап жатып айтқаны:
— Ей, Ағыбай! Ханың Кенесары жүзге келмес, сен мыңға келмессің, ешкімнен Кенесары күшті емес, «түпсіз Уәли ханның, сарттың баласы» деп өсектеуші еді арғы атасын, абиырын қазақтың баласы сен жауып тұрсың ғой, енді елімді жетім- жесір қылғызба, саған тапсырдым, — деп қолдарын тоқтатып, қайтты.
Ағыбай аман-есен келгенде Кенесары айтты:
— Ұзын етек немені былтыр ғана жайғап тастайтын еді, бұл шолтаңдағанын қоймайды? Ағыбай айтты:
— Арпа ішінде бір бидай өлсе, үйсінде бас көтерер кісі жоқ, ол енді шолтаңдамайды. Шолтаңдаса, біткен жері «ер кезегі үшке дейін». Мен Бөлтірікке уәде беріп келдім, осы сапар еліне тимеске, жесір-жебір, жетім қылмасқа, қайтайық.
Кенесары үш күн жатып не қыларын біле алмай, Ағыбайдан күніне үш мезгіл айтады:
— Шауып қайтсақ, не қылады? Сонда Ағыбай айтады:
— Иә, Кене хан! «ер жігіт екі сөйлесе — өлгені, қара жерге тірідей көмілгені».
— Ұзын аққан Алатаудың төсінде
Мекен қылған үйсін де.
Аласы-бересіміз жоқ еді ғой,
Бөлтірік сықылды батырды өлтіргенде.
Арғы атам бір қазақтың баласымын,
Бөлтірікті өлтірсем, үйсіннің белін сындырамын.
«Ерді намыс, қоянды қамыс» дегендейін,
Қазақтың арын төгіп не қыламын?!
Ағыбайдың сөзін Наурызбай әм қолдың бәрі мақұлдады. Кене ағаң риза болмай қайтты.