Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Халық суретшісі

Әбілхан бала жасынан сурет салуға құмар болды. Төңірекке көз тастап, жападан жалғыз ұзақ отыратын. Табиғат көріністері оның қиялын қозғайтын. Көргендерін әрнеге ұқсатады. Аспанда көшіп бара жатқан бұлт түйелі керуен секілді. Ирелеңдеген қисық бұтақ жылан тәрізді. Тастардың, ағаштардың бедерінен жан-жануарлардың мүсінін таниды.

Сурет салайын десе қағаз-қарындашы жоқ. Әке-шешесі өліп, жетім қалған. Жалданып, біреулердің қойын бағады. Ауылда ешкім де сурет салуды білмейді. Үйрететін ешкім жоқ.

Бала қой бағып жүріп қарап отырмады. Ағаш ойып, тас қашап, түрлі мүсіндер жасады. Біреуі қойға, біреуі жылқыға, біреуі дөңгелек киіз үйге ұқсады. Қолы епті екен. Ағаштан түйін түйеді. Жасаған бұйымдары жұрттың көзін қызықтырды.

Баланың шеберлігін таныған Түймебай ұста бұған әдейілеп кездік, өткір біз жасап берді. «Сенен түбінде бірдеңе шығады» деп, арқасынан қақты. Бала мақтау сөзге қанаттанып, талпынып, өз бетінше іздене түсті. «Әттең, қағаз, қарындаш, бояу болса» деп, армандады. Сонда көргендерін қағазға түсірер еді.

Баланың сурет салуға бейімділігін аңғарған Сағымбай ақсақал оған ақыл айтты. «Қойды таста да қалаға барып оқы. Сен өнерлісің,» – деді. Әбілхан бала бұл сөзге сенді.

Туған ауылы Шежінді қимаса да, Жәркент қаласына аттанды. Оқу басталып кетіпті. Кешігіп қалыпты. Біреулердің көмегімен өз бетінше оқыды. Білуге құмартты. Тым зерек болды. Бір естігенін ұмытпайды. Өлең-жырларды тез жаттап алады.

Қатарға қосылып, өзін-өзі асырауы керек. Сол үшін ол Түрксіб темір жолы құрылысына жұмысқа орналасты. Нағыз бозбала шағы. Құрылыста тас тасиды, жер қазады. Қолы боста қара маймен жартастың бетіне сурет салады. Тапқан ақшасына қағаз, қарындаш, түрлі-түсті бояулар сатып алды. Енді жұмыстан кейін отыра қалып сурет салуды ғана біледі. Ерінбейді. Көзіне көрінгендерді қағаз бетіне түсіреді. Қиялымен жырдағы батырларды көз алдына елестетеді. Солардың жекпе-жек ұрыстарын салғысы келеді. Қайта түзеп, қайта салады.

Жанашыр біреулер бұның суреттерін Алматыға жіберіп, көрмеге қойғызды. Қазақтан шыққан тұңғыш суретшіні Алматыға шақыртты. Әбілхан Қастеев осылайша сурет өнеріне біржола берілді. Бар өмірін сурет салуға арнады. «Менің қолымнан келетіні – сурет салу деп білді.

Әр нәрсеге қызығумен, құмартумен болды. Таңырқап, таңдану, жақсыны тамашалау – оның әдетіне айналды. Өзі де жақсы суретімен елді таңдандырғысы келді.

Әбілхан Қастеевтің салған суреттері көген топтама суреттері үшін оған Мемлекеттік сыйлық берілді. Ол Қазақстанның халық суретшісі атанды. Елінің құрметіне бөленді. Өле-өлгенше сурет салумен болды. Алматыдағы мемлекеттік өнер мұражайына Әбілхан Қастеевтің есімі берілді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама