Ханның үш ұлы
Бір ханның үйелмелі-сүйелмелі үш ұлы болыпты. Үшеуі де отау иесі жасына жеткенімен, бірде-бірі үйленбепті. Хан бір күні уәзірін шақырып алып:
— Балаларым ер жетті, енді үшеуін де үйлендіремін, кімнің қызын алады екен, таңдаған, сүйген қыздарын өздері айтсын, қалың малы қанша болса да беремін, дәулетім жетеді, үшеуінің тойын бір күні жасаймын, сен балаларымды жеке-жеке шақыр, ақылдасайық, – деді. Уәзір алдымен үлкен ұлын шақырып келеді.
— Балам, – дейді хан, — жасың жетті, сені үйлендіремін, жасау-жабдығың дайын, қалыңмалға беретін мал-мүлік, алтын қазынам да жетеді, осы шаһардан таңдаған қызың болса айт, дереу құда түсемін де іле-шала той жасаймын.
— Сіз кімнің қызын ұйғарсаңыз, соны алайын, – дейді үлкен ұлы.
— Жоқ, онда болмайды, сен өзің таңда, кейін дәм-тұздарың жараспаса, обалдарың менде қалады, – дейді хан.
— Маған ерікті шынымен берген болсаңыз, осы шаһардағы саудагер Сиямның қызын аламын, – деп жауап береді бала.
— Мақұл, дереу құда түсемін, – деп, хан уәдесін беріп шығарады.
Енді ортаншы ұлын шақыртып, оған да:
— Дереу біреуге құда түсіп, қалыңмалын айдатып, той жасап, келіншек алып беремін, кімді алатыныңды айт, – дейді хан.
— Менің тілегімді беретін болсаңыз, саудагер Сиямның қызын аламын, – деп жауап қайырады.
— Мақұл, дереу құда түсемін саудагер Сиямға, – деп уәдесін беріп, оны да шығарады.
Кезек кенже ұлына келеді.
— Ата, сіз шақыртқан екенсіз, соған келдім, не тапсырмақшы едіңіз? – деп, тағзым етіп тұра қалады.
— Үш ұлдың кенжесі бола тұрсаң да, сен де ер жеттің, отау иесі болдың, екі ағаңмен бірге сені де дереу үйлендіріп, келін түсірейін деп отырмын, осы шаһардағы қалың қыздан сүйіп таңдаған біреуің бар шығар, соны айт, бүгіннен қалдырмай үшеуіңнің тойыңды бір-ақ істеймін, – дейді атасы.
— Сіздің бөтен пікіріңіз болмаса, осы шаһардағы саудагер Сиямның қызын алар едім, – дейді кенжесі.
— Мақұл, құдалық сөйлесіп, той жасауға қамданамын, – деп, оны да шығарады.
Үш ұлының бірінің басын біріне қоспай, тұтқиыл ақыл салғанда, бәрінің бір қызға ғашық екені білініп қалды. Енді қайту керек? Бәріне де өзінің айтқан сөзі бойынша бір қызды алып беретін болып уәде ұстатты.
Хан үш ұлын қайта шақыртады да былай деп билік айтады:
— Үшеуіңнің әрбіріңе жүз түйе тоғанақ артып, отыздан нөкер қосамын. Сауда қылып, ел аралап келесіңдер. Өздеріңе тиесілі жүз түйе жүкке қайсының қымбат бағалы бұйым әкелсеңдер әрі көп пайда түсіріп келсеңдер саудагер Сиямның қызын соныңа алып беремін.
Үш ұл үш жүз түйе тоғанақпен жолға шығады. Әрбірі өз бақтарын сынамаққа, талайларынан көрмекке үш бөлініп, үш шаһарға кіреді.
Үлкені дүкендерді аралап сауда жасаудың қамында жүргенде, бір адамның бір айна көтеріп:
— Айна сатамын, айна сатамын, мұның құны - жүз түйе жүк, – деп айғайлап жүргенін көреді.
— Жүз түйе жүкке сататын айнаңның не қасиеті бар солғұрша? – деп жанына келеді.
— Айнаның қасиеті сол, айлық жердегіні осы айна арқылы көруге болады, – деп, айнаны оның алдына әкеледі. Айтса айтқандай, айнаны қолына алып қараса, айшылық жерде қалған өзінің шаһарын, әке-шешесін көреді. Енді бір айналдырып Сиямның қызына түсірсе, ай мен күндей болып, оның отырғанын көреді.
— Мақұл, жүз түйе жүкке алайын айнаңды, – дейді де қолма-қол құнын төлеп айнаны алады.
«Екі інім қайда жүр екен» деп, оларды іздестіріп еді, екі шаһарда жүрген ол екеуін де көреді. «Енді інілерімді ертіп алайын да үйіме қайтайын» деп, ортаншы інісіне қарай жол тартады.
Ортаншысы бір қалаға кіреді де дүкендерді аралап келе жатып, кілем көтеріп сатқалы жүрген біреуге тап болады.
— Кілем сатамын, кілем сатамын, бұл кілемге отырса болды, кісіні қалаған жеріне қас қағымда жеткізеді, – деп айғайлайды ол.
«Кілемді алайын да шаһарыма қайтайын, Сиямның қызына да тез жетемін, ағам мен інім мұндай нәрсе таба алмаған болар» деп ойлаған ол құнын сұрайды кілемнің.
— Жүз түйе жүк, – дейді. Бала дереу келіседі де жүз түйе тоғанаққа кілем алады. Саудасын бітіріп тұрғанда, жанына ағасы келеді. Екеуі інілерін іздеп жолға шығады.
Кенжесі ағаларынан бөлініп кеткен беті бір шаһарға келеді. Талай дүкенді аралайды. Нелер қымбатты бұйымдарды көреді,бәрін жақтырмай жүргенде:
— Алма сатамын, алма сатамын, – деп, жалғыз алманы көтеріп, ұшып-қонып жүрген біреуге кезігеді. «Осынша жүгіріп жан таласқанда еңбек төленерлік не хикметі болғаны бұл алманың? Жөнін білейінші» деп, шақырып алады жанына.
— Алманың ерекшелігі мынау, өлгеніне үш күннен аспаған адамның қандайына болсын, алманы иіскетсе тіріледі, алманың қасиеті - осы, – дейді алма сатушы. Құнын сұраса, жүз түйе жүк екенін айтады, «бұдан асыл қымбатты бұйымды екі ағам таба алмаған болар, осыны бар ақшамды берейін де алайын» деп ойлап, бала саудагерден алманы алады.
Алманы алып тұрғанында, жанына екі ағасы келіп қалады. Үшеуі де саудасын жасап болғанын айтады біріне-бірі. Ортаға салғанда, бәрі де дүниеде жоқ қымбат бағалы бұйымдар алған болып шығады. Айнаны қолдарына алып, үшеуі шаһарларын көреді. Ата-анасын көреді. Қайта айналып, саудагер Сиямның қорасына түсірсе, жабырласқан қалың адам көрінеді. Сүйтсе олар Сиямның қызы өліп, соны жерлеуге жиналған кісілер екен.
Тағат қылмай үшеуі кілемге отырады да шаһарларына келеді. Бұлар келгенде, қызды қабірге салып, бетін жауып жатқан кез екен. Дереу қайта аштырады да қызға алманы иіскетеді, қыз:
— Паһ, нағып қатты ұйықтап қалғамын, – деп басын көтереді. Бұдан кейін қызды үшеуі аларманға келеді. Қайсысы алу керек, қыздың аман қалуына бәрінің де үлесі, еңбегі бар, тағы да талас, қызғаныш туылады.
— Қыздың өлгенін мен сатып алған айнамен көрмесек, кешігіп келетін едіңдер, тез хабар жеткізген мен, қызды мен алуға тиістімін, – дейді үлкені.
— Айнадан көрген күнде де кілем болмаса, уағында келе алмайтын едік, бәрі мен сатып алған кілемнің арқасы, қызды мен алуға тиістімін, – дейді ортаншысы.
—Уағында көргенмен, келгенмен, қызды тірілтерлік алма—дәрі болмаса, барлық еңбек зая болатын еді, сондықтан алманы мен таптым. Қызды мен тірілттім, қыз маған тиесілі, – дейді кенжесі.
Қайсысының алуына, еңбектерінің зор екеніне төрелік айта алмай, жұрттың да бастары қатады. Осы кезде атасы отырып билік айтады:
— Сиямның қызын үлкен балам алуға тиісті, үйткені менің істемек болған тойым — тұңғышымның тойы, бәрінен бұрын сол үйленуге тиісті, екінші, үшеуі ағаласқан күнде де қашан да жол үлкендікі болады. Үшінші, Сиямның қызын аламын дегенді айтқан алдымен үлкен ұлым, төртінші, айнамен бұрын көрген сол, ол хабар бермей кешігіп қалар болса, қыз дүниеде жоқ еді. Қаншалық еңбектері болғанмен, екі інісі алдымен ағасын үйлендіріп жеңгелі болу керек, онан кейін жастарына қарай үйленеді.
Жұрт та бұл әділ төрелік болды деседі, кейінгі екі ұл да аға алда болуға тиіс деседі.