Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
ХҮІІІ ғасырдағы дүние жүзі. Ағартушылық дәуірі
Сабақтың тақырыбы: § 2. ХҮІІІ ғасырдағы дүние жүзі. Ағартушылық дәуірі.
Сабақтың мақсаты: XVIII ғ. дүние жүзі елдерінің әлеуметтік - экономикалық және саяси дауымен жеке елдердегі өндіріс дамуының ерекшеліктерін ашып, олардың аграрлы өмірінде және өнеркәсіптік төңкерістің жеке елдердегі маңызын, сипатын ашу:
- бұл төңкеріс тұтастай жүз жылға созылған аса ірі қоғамдық процесс екендігін түсіндіру;
- сол кезеңдегі азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуын түсіндіру барысында оқушылардың ой - өрісін дамытып, өзіндік шығармашылық белсенділігін арттыру
Сабақтың түрі: пресс - конференция.
Сабақтың әдісі: сұрақ - жауап.
Көрнекі құралдар: XVIII ғасырдағы дүние жүзі картасы, кесте, сызба, тақтаны пайдалану.

Ағартушылық бастауы. Жаңа заманда адамдар өздері өмір сүрген әлемді ретке келтіруге ұмтылды. Әлі де болса жеткілікті түрде күшті болып қалған Құдайға деген сенім екінші кезекке ысырылды, ол ақыл - парасатқа сенім және адамдардың данышпандық қуаты көптеген білімді адамдар үшін жаңа дін тәріздіге айналды.

Сол кездің алдыңғы қатарлы адамдары өздерін ғылымда, білімде саясатта, қоғамдық іс - әрекетте, өнерде көрсетуге тырысты. Идеялары мен іс - әрекеті замандастары мен ұрпақтарының өміріне үлкен ықпал көрсеткен адамдарды ағартушылар деп атады.
Ағарту ғасырының білімді адамы – бұл кітаби мәдениет адамы. Оның өміріндегі білім дәстүрлерге қарағанда анағұрлым үлкен рөл атқарады. Ағартушылық идеялары Англияда пайда болып одан кейін бүкіл Еуропаны қамтып, мұхиттардан әрі асып, ағылшын және испан отарлық иеліктеріне дейін таралды.

Қайта өрлеу мен Реформациядан кейін Ағартушылық ғасыры үшінші рухани төңкеріс болды және Еуропада ортағасырлық қоғамдық қатынастарда толық жою ісін жүзеге асырды.
Ағартушылық ғасырында ғылымға деген ынта күшті болды. Ғалым, ойшыл, философ адамдарды халық ерекше құрметтеді. Олардың ғылыми және философиялық тақырыптағы әңгімелері зайырлы қоғамның белгісі деп саналды. Ғалымдарды ақсүйектер жиналатын арнаулы орындарға шақырып, зор ынтамен тыңдайтын еді.

Халық мәдениеті. ХҮІІ ғасырда кейбір герман княздіктерінде міндетті түрде бастауыш білім беру енгізілсе де, бірқатар адамдар, соның ішінде Пруссия королі ІІ Фридрих қарапайым халықтың білім алуына қарсы болып, түрлі кедергілер жасап отырды. Бұл жағдай жоғарыдағыдай, мен төмендегілер арасындағы теңсіздікті әрі тереңдете түсті.

ХҮІІ – ХҮІІІ ғасырлардағы Еуропаның мәдени өміріндегі өзгерістер негізінен ағартушы элитаны тудырды, оларға жаңа ой салды. Ал қарапайым халық жаңа идеяларды қиындықпен түсінді, оны, шынайы қалпында қабылдауға шамасы келе бермеді, Ағартушылар өздерінің кітаптары, пьесалары ме мақалалары арқылы өз елдеріндегі қоғамдық пікірге елеулі оқиға ықпал ете алды. Олар абсолюттік билік тәртібін, шіркеулік қараңғылық пен сол заманғы білім беру жүйесін, адамгершілік азғындауды сунға алды.

Ағартушылық ғасырының аса көрнекті қайраткерінің бірі - Вольтер – шын аты Франсуа Мари Аруэ (1694 - 1778) болды. Ол католик дінбасыларын қатал сынға алып, шіркеулік әдет - ғұрыптар қарапайым халықты қараңғылықта, надандықта ұстау үшін ойлап табылған әдіс дегенді айтты.
Абсолютизмді жақтаушы бола тұрып, Вольтер монарх өте сауатты, данышпан философ болуы керек деп есептеді. Ол үстем таптардың зорлық - зомбылығын, басыбайлық тәртіппен феодалдық артықшылықтарды жоюға шақырды.
Ғылым. Ағартушылық ғасырының ғалымдары жаратылыстану ғылымына ерекше көңіл аударды. Ғалымдардың пайымдауынша, физика, химия, биология, геология және басқа жаратылыстану ғылымдарын жер бетінде болып жатқан барлық құбылыстарды түсіндіре алуы тиіс деп саналды, тек неміс философы Иммануил Кант (1724 - 1804) адамдарға «Сенің қолыңнан бәрі келе бермейді, сенің санаң шектеулі, дүниеде сен түсініп біле бермейтін заттар көп» деп ескертті.
Ағартушының дәуірінің ірі ғұламаларының бірі Исаак Ньютон (1643 - 1727) өте діндар адам бола тұра, адамзат баласы Құдайдың құдіретін танып – білуге жақындай түсуге ұмтылуы керек деп есептеді.

Бұл топтың бір өкілі Пьер Лаплас (1749 - 1827) Күн жүйесінің құрылу сызбасын жасады. Император І Наполеон одан: «Бұл ғылыми жаңалығында Құдайға қатысты нәрсе бар ма?» - деп сұрағанда «жоқ» деген жауап берген.
Діни көзқарастар. Протестант дінін ұстаушы елдерде ғылым мен дін арасында қайшылық көп болмаған. Ал католиктік елдерде ағартушылар мен шіркеу арасында елеулі келіспеушіліктер болып тұрды. Францияда көптеген ағартушылар католиктік шіркеуден қол үзіп, оларды сынға алды.

Бұл ағартушылар, яғни Құдайды жоққа шығарушы құдайсыздар – атеисттер – дүниені ешкім жаратқан жоқ, ол мәңгілік және шексіз деп санады. Сонымен бірге, табиғат адамның санасынан тыс және тәуелсіз өмір сүреді дейтін ағартушылар – материалисттер болды. Францияда Гольбах, Жюлень Ламетри, Дени Дидро, Клод Гельвеций сияқты аса ірі атеисттер мен материалисттер болды. Олар жанның өлмейтіндігіне, дүниені Құдайдың жаратқанына, табиғаттан тыс күштердің бар екеніне сенбеді, олар Құдайға сенушілік табиғаттың барлық құпиялары ашылғанда өзінен - өзі жойылады деп есептеді.

ХҮІІІ ғасыр ағартушыларын адамзат тарихының мәселелері, оның даму барысы, өткен өмір мен қазіргі өмір айырмашылықтары, оның себептері, т. б. толғандырды.
Қоғам дамуы туралы ойлар. Адамның ақылына сене отырып, ағартушылар адамзаттың болашағы жарқын деп есептеді.
Фанцуз ағартушысы Жак Тюрго (1727 - 1781) қоғамның прогресін шаруашылықтың. ғылым мен техниканың дамуымен байланыстырды. Философ Антуан Кондорсе (1743 - 1794) адам өзін - өзі шектеусіз жетілдіре алады деп сенді.

Француз ойшылы Жан Мельенің (1664 - 1729) пайымдауынша, барлығы бірдей тең және ортақ мүлікке ортақ иелік ететін қоғам ең әділетті қоғам болады. Зұлымдық төркіні халықтың надандығында, ал игілікке жетудің жолы кедейлердің байларға қарсы күресінде деп есептеді.
Мұндай көзқарасқа француз тарихшысы және саяси ойшылы Габриэль Бонно Мабли (1709 - 1785) жақын тұрды. Ол адамзаттың алғашқы қалпына, яғни мүлікке барлығы бірдей ортақ билік ететін заманға оралуды ұсынды.

Бұған қарама - қарсы пікір ұстанған шотландық экономист әрі философ Адам Смит (1723 - 1790) болды. Оның ойынша адам өзінің жеке мүддесін ойлай отырып онымен қатар өмірін де жақсарта түседі және оны байытады.
Адамдық қоғам дегеніміз – адамдар арасындағы мемлекеттің араласуынсыз және оның шеберін тыс тұрған қарым-қатынастардың жиынтығы. Мемлекеттік құрылысты құлатуға тікелей шақырмай, ағартушылар адамның сана – сезіміне қоғамды қайта құру үшін өздерінің ерік - жігері мен білімі жеткілікті екендігі туралы ойды кіргізді.

Сұрақтар мен тапсырмалар.
1. Ағартушылық ғасырының алдыңғы қатарлы адамына қандай қасиеттер тән деп ойлайсыңдар?
2. ХҮІІІ ғасырдағы ағартушы элита мен қарапайым халық арасында қандай айырмашылықтар болды.
3. Ағартушылық ғасырының қандай ұлы қайраткерлері болды?
4. Ағартушылар және олардың идеялары деген кесте құрастырыңдар.
5. Құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам туралы ағартушылардың идеяларын қазіргі біз өмір сүріп отырған қоғамнан көруге болама? Жауаптарыңды дәлелдеңдер.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама