Интернеті қатаң түрде шектелетін Солтүстік Корея мен Қытай жұрты қалай өмір сүріп жатыр
Интернеттің арқасында жер шарының арғы жағынан жаңалық оқып немес дос тауып ала аласыз және сіздерді бөліп тұрған нәрсе тек сағаттық белдеу ғана болады. Ертең сіздің бұндай мүмкіндігіңіз болмай қалса, жағдайыңыз қандай болатынын елестетіп көріңізші. Дәл қазіргі уақытта әлемдегі миллиондаған адамдар қалаған адамымен хабарласа алмай, өздеріне ұнаған сайттарға кіре алмай жүр. Олардың Facebook, Youtube немесе басқа да танымал әлеуметтік желілерде аккаунттары жоқ. Әңгіменің дені қытайлықтар мен солтүстіккореялықтар жайында болып отыр. Бұл елдерде интернеттің қалай істейтініне шолу жасап көрейік.
Қытайдағы интернеттің шектелуі
● Өз сайтыңызды құру үшін Өндіріс және ақпараттық технологиялар министрлігінде ұзақ және адамды жалықтырып, түңілтіп жіберетін тіркелу процедурасын бастан өткеруге тура келеді. Кері жағдайда веб-парақшаңызды жариялауыңызға ешкім рұқсат етпейді.
● Қытай үкіметі оқтын-оқтын бүкіл «Википедияны» немесе оның кейбір парақтарын бұғаттап тастап жүр. «Жанға бататын» тақырыптар, мысалы 1989 жылы наразылығын білдірген студенттерге қарсы танктерді қолданып, нәтижесінде көптеген адамдар нақақтан нақақ зәбір көрген Тяньаньмэнь алаңындағы қанды қырғын туралы материалдар үкіметтің қаһарына ұшырап жатады. Бұғаттау бұқаралық ақпарат құралдарындағы зорлық-зомбылықты насихаттауға қарсы күрес аясында жүзеге асырылады.
● Мемлекетке қызмет ететін блоггерлер немесе умаодандар армиясы бар. Олардың бейресми атауы — «50 центтік партия»: ондағы қызметкерлердің әрқайсысы интернеттегі жазған мақаласы немесе пікірі үшін осы мөлшерде ақы алады. Бұл армияның басты міндеті — үкіметтің іс-әрекетіне оңды баға беру. The Guardian-ның есептеуінше умаодандардың жалпы саны 300 мың адамға жетіп жығылады. «50 центтік партияның» мүшелері мемлекеттің абыройына нұқсан келтіретін кез келген мақаланы сол сәтте-ақ теріске шығарады немесе келемеждеп, күлкіге айналдырады.
● Интернетті пайдаланушы қытайлықтар цензурадан өтпейтін мәтіндерді шифрлауды үйреніп алды. Ол үшін олар «марс» тілін — шығу тегі әртүрлі иероглифтердің (көбінесе әдейілеп қате жазылатын), араб сандарының және ағылшын тілінің сленг сөздерінің қоспасын пайдаланады.
● 2003 жылдан бері Қытай үкіметінің азаматтарын шетел сайттарына кіруін шектейтін «Алтын қалқан» атты арнайы жобасы бар. Оның бейресми атауы — «ұлы қытай файрволы». Осы жоба шетелдік БАҚ және блогтарға қосып беретін гиперсілтемелерді де қадағалап отырады. Бар гәп арнайы рұқсатсыз бірде-бір қытай сайтының шетелдік БАҚ сілтеме жасай алматынында және олардың жаңалықтарын аударып жариялай алмайтынында.
● Қытайлықтарға YouTube, Twitter, Gmail, Google Play, Google Docs, Flickr, WhatsApp және Facebook тақылеттес жаппай қолданысқа ие сервистерді пайдалануға тыйым салынған. Бұл сайттар ол елдің аумағында қолжетімсіз.
● Қытайдағы әлемдік әлеуметтік желілердің ең ірі аналогы — ол вейбо (ағыл. Sina Weibo). Ол желіге тіркелу үшін интернет пайдаланушы өзінің төлқұжаттық деректерін және нақты тұрғылықты жерін енгізуі керек.
● 2013 жылы интернеттегі сыбыс (халық арасында тараған алып-қашпа әңгіме) туралы заң қабылданды. Егер интернет пайдаланушы расталмаған ақпаратты жариялап, онысын 5000-нан астам адам оқыса немесе 500-ден аса адам көшіріп жарияласа, оны 3 жылға түрмеге жіберуі мүмкін. Заңның бұзылғанын анықтауға Piyao жасанды интеллекті — «сыбысты теріске шығарушы» пайдаланылады.
Солтүстік Кореядағы оқшау қалған интернет
● Бұл елде дүниежүзілік желіні пайдалануға ресми түрде алған рұқсаты бар ұйымдар ғана құқылы. Олардың ішінде 3 университет, бірнеше ғылыми зертхана, қауіпсіздік қызметтері және министрліктер, мысалы сыртқы істер министрлігі бар. Ол жерлердегі компьютерлердің барлығы тек рұқсатнама арқылы кіруге болатын арнайы бөлмелерде тұрады.
● Басқа кәрістердің бәрі кванмен деп аталып жүрген интранетті (ұлттық интернет) пайдаланады. Түрлі есеппен ол желіде 1 000-нан 5 500-ге дейінгі сайттар істеп тұр. Оларды санап шығу өте қиын, өйткені олардың көбі жаһандық интернетті пайдаланушылар үшін қолжетімсіз болып отыр.
● 2017 жылы америкалық бағдарламашы кез келген адам әлемнің кез келген жерінен кіре алатын солтүстіккореялық сайттардың тізімін желіге жайғастырды. Олар соншалықты көп емес екен — бары-жоғы 28 сайт.
● Солтүстіккореялық желінің кеңістігінде орналастырылатын ақпараттың дені мемлекет басшысы, оның ішінде ел басшысының егжей-тегжейлі күн тәртібі туралы болып келеді. Алайда, фильмдер, рецепттер және туристерге арналған кеңестер берілетін көңіл көтеруге арналған порталдар да бар.
● Олардың тіпті «Менің елім» деген ортақ чаттары да бар. Ол компьютер, кино, өнер т.б. белгілі бір салаға қызығатындарға арналған кіші чаттарға бөлінген. Facebook немесе Twitter сияқты әлеуметтік желілер оларда жоқ. Болуы да мүмкін, бірақ сырттағы әлем ол жайында ештеңе білмейді.
● Әрбір компьютер полицияда тіркеуде тұруы тиіс. Осы үшін 2004 жылы құрылған арнайы «109 топ» бар. Топтың мүшелері әрбір құрылғыны электрондық контрабанданың бары-жоғын анықтау үшін жоспарлы және бейжоспарлы түрде мезгіл-мезгіл тексеріп тұрады. Әдетте шетелдік фильмдерді, музыканы іздейді.
Ал басқа елдердегі жағдай қалай?
● Әлем халқының 44 % кедей болуы себепті немесе өз елінің саясаты салдарынан әлі күнге дейін интернетті пайдалана алмай отыр.
● Эфиопиядағы 100 млн адамның бары-жоғы 15 млн ғана Әлемдік желі қолжетімді. Басқа себептермен қоса бұл интернетке деген бағаның ұшып тұрғанына байланысты: ең арзан тарифтің бағасы $ 26 (оның үстіне бұл тарифтегі трафик тез бітіп қалады), ең қымбат тариф — $ 155. Ал жұрттың көпшілігі қымбат интернет тарифінің бағасына тең айлық алады.
● Францияның азаматтары торренттер мен басқа да лицензиясыз өнім ұсынатын сайттарға қорқа-қорқа кіреді, өйткені олардың үкіметі фильмдер мен музыканы заңсыз жүктеп алуға қарсы барын салып күресіп отыр. Торрентке бірінші рет кіргеніңіз үшін сізге енді бұлай істемеуді өтінетін хат жібереді, екінші рет кірсеңіз — тағы бір хат аласыз, ал егер тыйымды үшінші рет бұзсаңыз — басқа шаралар қолданылады. Интернетсіз қалдыруы да мүмкін.
● Үндістан билігі бүкіл аймақтағы интернетті өшіріп тастау құқұғын пайдаланады. Егер ол аймақтың тұрғындары қандай да бір заңсыз нәрсеге келісіп алғанынан күдіктенсе, ол жер оффлайн болып шыға келеді.
● Қазақстанда да жағдай жетісіп тұрған жоқ. Бізде де билік кез келген уақытта интернет трафигін азайтып немесе интернетті мүлдем бұғаттап тастай алуы мүмкін. Бұған Франциядан жанды эфирге ауық-ауық шығып тұратын «оппозиционер» факторы мысал бола алады.
Бұл айғақтардың қайсысы сізді көбірек таң қалдырды? Ойларыңызбен бөлісіңіздер.