Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Иттің құқығы

Парламентіңіздің депутаты Пормабай Дүниемаловтың қалайынша халық қалаулысы қатарына қосылғанын баршаңыз білесіздер. Білмегенсіп қоясыздар. Сайып келгенде, кегейі кегжең доңғалақ-дәуірдің дүмпуі. Дерсіздер. Өздеріңіздің құқықтарыңыз қызылбұзау күйінде сиырдың жатырында жатыпты. Жан бітіп, жарыққа шыға ма? Шықсын-ақ. Делік. Қартаң-құртаң қараның құссүзектенген төліндей мөңіреуінен де танып, меңірейе ме? Бұл жағы да бұлыңғыр. Жылқы мінездеріңізден жаңылып, жадыларыңызға дейін жабыланып бара жатқанын мойындағыларыңыз жоқ. Мыңқ етпейсіздер. Біреулеріңіз. Екіншілеріңіз тыржиып теріс айналасыздар. Үшіншілеріңіз мысықсопылана мүлги қаласыздар.

Күні кеше де сөйттіңіздер. Парламенттегі қалаулыларыңыз Пормабай Дүниемалов адам құқығының сақталуы хақындағы хал-ахуалға байланысты есеп бергенде ше? Бәрі-бәрі шешілгендей кейіпте кәйіп боп қалғыдыңыздар. Қолдап-қуаттап, қол шапалақтадыңыздар. Сонсоң сайлаушыларына сай депутат не істесін? Өзі сайланған атыраптарда адам құқығы дүниежүзілік деңгейде дерліктей қамтамасыз етіліп, жүзеленіп жатқандығын Мәжілістің арнайы отырысында өзге әріптестерімен бірге масаттана мәлімдеді. Бәрі дұрыс қой. Бірақ, бұның баяндамасына пәлен-пәштуан мән-маңыз берілмеді. Басқа депутаттарды ықыластана тыңдап, ындын жыққан секілденген. Жиналғандар. Ал Пормабай Дүниемалов адам құқығының тарихына толыққанды талдау жасап барып, өзін халық қалаулысы еткен сайлаушыларының сөздерінен мысалдар келтіре бастағанда ше, бүкіл Мәжілісіңіз манаурап, ең-ең-ең елгезек есептелер есті келіншектердің де есінеуге кіріскеніне қайран қалды. Тіпті төралқадағы спикеріңіздің өзі жанындағы жағымпаздау орынбасарына сыбырлап, әлденелерді әңгімелесіп, түк те тыңдамаған.

Бұл Парламентіңізде адам құқығы туралы мәселелердің бәрі майда-шүйдесіне шейін шешімін тапқан деп есептейтіндер, солай санайтындар олай ойламайтындардан он еседей артықтұғын. Оны да сіздер сезесіздер. Алыста жүріп-ақ. Аймақтарда отырып-ақ. Ешкімге, ештеңеге елеңдемейсіздер. Таңғалмайсыздар. Таңырқамайсыздар.

Неге ғана осындайсыздар? Сіздер. Сайлаушылар. Өткен сайлауда ше, қалаулыларыңыз Пормабай Дүниемаловтың депутаттыққа барар жолдарындағы жықпыл-жықпылдарға жанарларыңыз жыпылық қаға қарадыңыздар да, қоя-қойдыңыздар. Сөйтесіздер. Сіздер. Ал ол ше? Ол таңдаулыларыңыз таңғалады. Таңырқайды. Таңғалдырғысы, таңырқатқысы келеді. Елдің, электораттың елең етпес енжарлығына таңғалады. Ең-ең-ең елегізетіні – елдегі ен байлығына, зәулім-зәулім, заңғар-заңғар дүн-дүниелеріне тайқымаңдай тақырлардың таңырқамауға айналғаны. Біраздан бері. Біраздан бері емес, бірталайдан бермен қарата. Бұқара жұртыңыз бұл сияқтылардың бұлғаң тотайлығына, бұткерме тұрыстары мен бұқакөз жүрістеріне таңдайларын тақылдатпақтан танғандай. Қайран қалмақтан қалжырағандай.

Десе дәл келетіндей. Депутаттарыңыз.

Белгілі бір мерзімді межелеп, азырақ уақыт аралығында елін және электоратын ұмытпаққа ұмтылған. Пормабайларыңыз. Үңіле қарап, түңіле түйген қорытынды ойларынан арылмақты мақсұт тұтқан. Пақырлары тақырлана түскен аймағына қаншама қаймақ-қайраткерлер, мәжілісмендер мен сенаторлар жау жапырардай аттанып жатты. Ілеспекке шақырды. Дүниемалов денсаулығына сілтемелеп, селқостана шегіншектеді. Сөйтіп, сайлаушыларынан барған сайын алыстап, алшақтауға айналған.

Ал сіздер ше? Сайлаушылар. Өз қалаулыларыңызды іздемедіңіздер. Сұрамаңыздар. Бары-жоғы бәрібір сияқты сиық танытасыздар. Сөйтесіздер. Сіздер. Абынып анау, қабынып мынау жеткен. Аймақтарыңызға. Қаймақ-қайраткерлеріңіздің бекер жетпейтінін, босқа кетпейтінін білесіздер. Алайда, олар-дағы, Дүниемалов сынды депутаттарыңыздың тірліктеріне түк таңғалмайтын сықылды. Ел мен электорат сияқты дә. Еттері үйреніп кеткендері бар. Еттері өліп кететіні көп. Қаймақ-қайраткерлеріңіздің бар-баршасы бір-бірінен қай тараптан да қалыса қоймайтындай-ау. Дейсіздер. Сіздер. Сөйтесіздер ғой. Қалаулыларыңыздан құйқалы қыртыс, құнарлы жыртыс қалмағанын, ағынды арық-атыздың артылмағанын білесіздер. Бәріңіз. Қолдарыңыздан ештеңе келмейді. Ептеріңіз жоқ. Сіздердің де әнебір жылдары әрекеттеніп, қайбір кездері қарманып қалуларыңызға әбден болатын еді. Өздеріңіз ғой. Өңмеңдемеген. Өжеңдемеген. Өз обалдарыңыз өздеріңізге. Кержалқаусыздар. Кержие кіжінесіздер. Болғаны сол.

Жә, жарайды. Еттеріңіз үйренді. Өлді. Жанарларыңыз өлеусіреді. Алғаш аң-таң қалдыңыздар. Қызыл иттеріңіз іштеріңізді тырмалай қыңсылап, қызғаныштың отына күйіп-пістіңіздер. Түтініне тұншығып, тамақтарыңыз удай ашып, жөтел жұттыңыздар. Одан соң одырайып олай, бұдырайып былай қарадыңыздар. Таңырқауға көштіңіздер. Бірте-бірте бәріне көндіктіңіздер. Бүгінде ештеңеге де, ешкімге де таңырқамайсыздар.

Түк те таңғалмайсыздар.

Ал дегдар саналар депутаттарыңыз ше? Дүниемалов. Парламенттегі Пормабайларыңыз. Ол кісі қалай да қалың жұртын қайран қалдырмақ мақсаттан, таңдандырмақ талаптан танбаған. Шат-шадыман шет мемлекеттердің біріндегі вилласында, елінен және электоратынан алыста, жұртынан жырақта жатып, күтпеген жерден жаңалық тапқан.

Әлем жүзінде де, туған республикасында да адам құқығы хақындағы заңнамалық дүниелерден саңылау тауып, саңырау саналарды сілкіп өту мүмкін емес екен. Сондықтан, Парламентіңіздің бірте-бірте беделсізденіп, белгісізденіп бара жатқан (қоғамдық пікірді зерттеудің қорытындысына сәйкес) депутаты, сіздердің қалаулыларыңыз Пормабай Дүниемалов мырза «Иттің құқығы туралы» жаңа заңның жобасын жасауды қолға алмаққа бел буып, бекем кірісті. Ақылмандары, кеңесшілері мен көмекшілері, қосымша қосшылары мен жасырын жәрдемшілері жаппай жұмылды. Өркениетті мемлекеттердің бірталайында тікелей иттің құқығына арналмағанымен, жалпы жан-жануарлардың, айналадағы аң-құстардың, омыртқалылар мен омыртқасыздардың, қабырғалылар мен қабырғасыздардың, сүтқоректілер мен суқоректілердің, шөпқоректілер мен жемқоректілердің, тағысын-тағылардың құқықтары туралы заңдар мен заңнамалық кесім-шешімдеріңіз жетіп-артылып жатыпты. Сондай-сондайлардың күллісін дерлік алдыртты. Асарлата, асыға зерттесті. Шетелдерге жасалар іссапарларға шек қойылмады. Әлдекімдер алдарын орап алып кетердей сұмдық сезіктеністі. Әлденеше жоба жасалды.

Жобаларды талдау жалықпай жүргізілді. Ит кемірген кеней асықтай кілмиіп, жүдеңкі жүретін жәрдемшісі жарамды шықты. Жобадан жоба туындатып, шұбатылған ұзақ та емес, шолтаң ете қаларлықтай қысқа да емес, орташасын оймыштап жасаған.

Депутаттарыңыз Дүниемалов сарапшыларды шетелдерден шақыртқан. Жобаны одан бетер пысықтатқан. Жетілдірткен.

Тараулары таптана, баптары баптана жұтынған жаңа зәкүн, депутат Дүниемалов дүниесі – «Иттің құқығы туралы» республика заңы деп аталды. Бұл бүкіл Парламентіңіз үшін ғана емес, мұқым мұстақыл мемлекетіңіз үшін үлкен жаңалықтұғын.

Мәжілістегілеріңіз мәттақым мәніспен мәзденген.

Сенаттағыларыңыз сылаң сипанып сүйіншілеген.

Пормабайларыңыз Парламентті таң-тамаша қалдырды. Осылайша.

Мақсатты ойы орындалды. Депутат Дүниемаловтарыңыздың абыройы асқақтады. «Иттің құқығы туралы» заң қарсылықсыз, қалыссыз қабылданған. Жеті қазынаның біріне жататын айтулы айуан турасында қымбат та құрметті құжат жасамақтың жадыларына Пормабайдан бұрынырақ түспегеніне талай-талай қалаулыларыңыз қиналған. Амал қанша?! Депутаттарыңыз Дүниемаловтың заңы дүние жүзіне мағлұмдана бастады. Ойпырай десеңізші! Тіпті бар ғой, осынау орны бөлек заңда «Иттің иесімен бірге тұру құқығы», «Иттің үйшікке ие болу құқығы» дейтін де баптар бар екен. Қамтылмаған, қаралмай қалған қалтарыс жоқ. Жүдә жоқ!

Сіздердей сайлаушылары, Пормабайдай Парламент депутаты бар ел бақытты емес пе?! Ең ақыры итке дейін соншама құқықтармен қамтамасыз етіп, шырқау шыңға шырқатқан мемлекет беделі биіктесе, баршаңыз қуанбайсыздар ма? Қуануға тиіссіздер.

Өкінішке қарата, Өмілдірік өңірінің жұртшылығы түк те қуанбады.

Неге?! Парламентшілеріңіз Пормабай Дүниемаловтың осы өлкедегі өкілдері жағымсыз жағдаяттарды жан-жақты зерттеп-зерделеуге шұғыл кірісті. Ел мен электоратыңыз неліктен селқос? Сүлесоқтық себебі неде? «Иттің құқығы туралы» заңға бүкіл дүние жүзі назар жығып, жоғары бағалап жатқанда, Өмілдірік өңірі қалайша қуанбайды? Таңғалу мен таңырқау қайда?

Көп ұзамастан, зерттеп-зерделеушілер мынадай-мынадай мәселелерді мәлімдеуге мәжбүрленген.

Өмілдірік өлкесінің аудандары мен қалаларында иттердің құтыруы күрт көбейген. Шөлейтті ауылдарыңыздағы қашаннан бергі қазақы емес, мазақы дүбәра иттеріңіз кәдімгі үй хайуанаттарына, ақ-адал малдарыңызға тиісетін бопты. Қойдың қарнын жарып жейтін, ешкінің желінін жұлып жейтін, жас құлынның жұмсақ шабынан қарпып, қызыл етті қарбыта асап, асыға жұтатын шабалаң-шапшаң төбеттер талайдың тынышын қуырып барады. Жануарларыңызды былай қойып, адамдарға айбат шегетінін қайтерсіз. Өмілдірік кентінің орталығындағы он екі қабатты үйде орыс овчаркасы өзін кереметтей көретін келіншекті талап өлтіріп, миын ойып жеп қойыпты. Тағы бір шаһарда неміс овчаркасы (оның да иесі келіншек) әйелдің екі емшегін жұлып жұтыпты.

«Иттің құқығы туралы» заң қабылданғаннан кейінгі айда С. қаласының шетіндегі шағын ауданда бір оқиға бопты. Екі жыл бұрын әскерге кеткен бозым жігіт түн ішінде пойыздан түседі. Стансада бірге оқыған досына жолығады. Сүйген қызына сәлем айтады. Жұлдызай дейтін жұпардай сұлуы алысырақтағы ауылда, аман-есен. Жігітін күтіп жүріпті. Дейді. Досы. Алдымен С. қаласындағы әке-шешесін қуантып, ертеңіне Жұлдызайына жетпекке асығады. Әке-шешесіне бірден, бір өзі барып, қатты қуантпақшы болады. Алқаракөк аспанда жымыңдаған жұлдыздарға қарайды. Ана-а-ау адырлардың арғы жағындағы ауыл маңында Жұлдызаймен қыдырғандарын еске алады досы екеуі. «Бала ғашық» әнін ыңылдайды. «Жұлдызбен аралас-ы-ы-ып... Қырдан ай барады асы-ы-ып. Үйіңнің сыртында жүр бала ғашық. Далаға шық...» Әлгі әннің қайырмасы ғой бұл.

Досы қоштасып қалып қойған. Түнгі ауысымда екен. Теміржолда. Әскерден қайтқан жігіт «Бала ғашық» әнін ыңылдаған күйі кете барған. Алып-ұшып. Ата-анасын аңсап. Сағынып.

Асыға-аптыға үйіне жеткен сол жігіт. Қазір-қазір... Қақпадан асып түседі... Қалай асып түсуді ұмытқан жоқ әлі. Әкесі мен шешесі... Мұны... Екі жыл бойы көрмеген ұлдарын... Күтпеген жерден көргенде... Қандай қуанады десеңізші! Ит... Иті ғой өзінің. Екі жыл бұрын кішкентай ғана күшік еді. Будан овчарка. Дүбәралау. Дейтін. Әкесі. Тұмсығы қап-қара. Басы, құлағы сарғыштау. Жон арқасы қарақоңыр. Бауыры бозғылт. Еді ғой. Өзгерді ме екен? Таниды. Таниды ғой. Бос екен. Бос жүріпті. Әдейі, түнге қарай ғана босатады ғой. Ол да сағынған шығар. Рекс. Бұл да сағынды әбден. Әскерде жүргенде ауылдағы итіңді де қатты аңсайсың ғой... Әзірше танымай үріп тұрыпты... Даусы басқашалау. Қорқыныштылау. Танымай тұр дә... Рекс. Қазір таниды. Иісінен. Басынан баяғыдай бір сипап өтсе... Ауп-п-п...

Биік қақпадан асып түскен бозым жігіт.

Әскерден оралған.

Жұлдызайдай сүйген сұлуы күткен.

Әке-шешесін күтпеген жерден, кенеттен қатты қуантпақшы болған Қуаныш атты аға сержантты... Алпамсадай алабауыр овчаркасы... Екі жыл бұрынғы күшігі... Басынан сипамаққа қолын соза бергенде...

Әскери киім керемет-керім жарасқан, сағынышқа тұла бойы тұнып тұрған көркем жігіттің тамағынан азу тістерімен орай орып түскен түнгі c... Бауыздалып баудай түскен бозым жауынгердің көркем жүзін қан жауып, тіл тартпай кете барған. Бақиға...

Жұлдыздар жылаған.

Жұлдызай есінен айырылған.

Әке-шеше аңырап қала берген.

Осындай-осындай оқиғалардың әсері буындыра буған депутаттарыңыз Дүниемалов буынып-түйінді. Өмілдірік өлкесіне өзі келуге мәжбүрленді. Қалаларды да, аудан-ауылдарды да аралады. Абайлап қана аңысын аңдаған. Иесіз иттер шәу-шәу етеді. Шаһарларда да, шет-шелшең мекендерде де. Иелері жетектеген, айбат шеккен айуандар одан бетер. Қай қалада да. Тұмылдырықсыз, түрлі-түсті, тұрпаттарынан адам шошырлық иттер көше-көшені былай қойып, саябақтарға дейін басып апты. Жергілікті газеттерді ақтарып, ақпараттар қараған. «Құтырған ит қапқан қатын қайтыс болды», «Ауданда малдан гөрі иесіз ит көп», «Қойға шапқан төбеттер», «Адамға шабуыл жасады», «Қаламызды қаңғыбас иттер басып барады», «Ит адамның досы ма, жауы ма?», «Ит жеті қазынаның бірі ме, әлде жеті ағайынды жұтқа айналып бара ма?»

Парламентшілеріңіз Пормабай Дүниемалов өзінің туған өлкесі Өмілдірікте отырып, опына күрсінді. Опырыла уһіледі. Өлердей өкінді. Бұрын неге білмеген? Қалай байқамаған? Енді не болды? Не істемек керек?

Самсатып салынған саржалқын коттедждер. Көгілдір коттедждер. Қоршауларының өзі, қорғандарының өзі үш-төрт кісінің бойынан асатындай, аспанға атырылардай асқақтаған коттедждер. Қызғылтым, қабат-қабат, кербез үй-жайлар андыздаған, асфальты қалың, қарақошқылданған көшемен көтеріліп, дөңестеу тұстағы дөй үйге – төртінші тоқалына түнемекке түскен. Көңіл күйінің төмен тартатын тұстарында төртіншісінен таяныш-тоят табатын. Талап-тәлкегі, тәлпіш-тотайлығы жоқ. Түбегейлеп түсінер, сезіксіз сезгір сұлуы. Бұлдануды білмес. Жаныңа дәру дарытар. Бұл жолы да сөйтті. Жылы ғана жымиып, шәй-суын міндетсінбей берді. Жеңіл ғана саз ойнатты. Пормабайға ұнайтын жасыл желеңін киіп, жанына жақындап жайғасты. Қалаулыларыңыздың қатқылдау қабағын бағып, мойны мен иықтарын сылап-сипап барып, мипаздай уқалады.

Бәрін ұмытқысы келіп-ақ еді. Төртінші тоқалының жалын атқан құшағы да жадындағы жүкті сейілте алмады. Өзіне өзі үңіліп, түңілетіндей тереңдігі сирек оралатын. Мұндай мұңаймаққа тіпті үйірсек емес-ті. Сонда да сана түкпіріндегі ит қыңсыл басылмай-ақ қойды.

Түн ортасы ауып үлгерген екен. Өмілдірік шаһарының таңғажайып тұсында тұрыпты. Қоршаулары мен қорғандары зәулім, коттедждері зау-заңғар зербарақ ауданыңыз осы. Айналасына алақтаған. Қоршауының ішінде тұрып қорықты. Арқасы жылан жорғалағандай шымырлады. Зәресі ұшардай жүрегін сұп-суық суыл булықтырды. Алқымын әлдене кернеп, кептеле атқақтайтындай. Төртінші тоқалының толықсып-бұлықсыған құшағын қайта ойлап, көзіне елестетіп, басылып-ақ баққысы бар. Бірақ, үрегей үрей ойын түгел, бойын тұтас билеп алған. Мұндайлық мұндарлықтың себебін бірсін-бірсіндеп барып сезген. Итжүректеніп тұрғаны иттердің зәрлене үруінен және зарлана ұлуынан екен дә.

Алғаш алыстан талып естілгендей еді ұлыған дауыстар. Сөйтсе, зәулім-заңғар қоршаулар мен қорғандардың қай-қайсысынан да ит ұлып тұрыпты. Ұлып жатыпты. Ұлып-ұлып алып үреді. Үріп-үріп алып ұлиды.

У-у-у-у-у-уау-у...Ауп-ауф...

Ауу-ауп-ауф-ау-у-у-у-у...

Уау-уау-у-у-у-у-уау-у-у... Уа-уа-у-уф...

Ұбақ-шұбақ ұлыған иттердің дауыстары бір-бірімен ұласып, шекесін шыңылдатты. Сұқ саусақтарымен қос құлағын бұрандалай бекітіп көрді. Бәрібір. Болмады. Шеке шыңыл шүйде шуылға шұбала шабыртты.

Шабаланған қаншықтар кемде-кем секілді. Ұлығандардың бәрі ұрғашыны іздейтіндей. Сезілді. Жоқ. Сезінді.

Үйіне кірді. Ұзын бойлы, бүйірлі үрімкеге аса жоғары сапалы коньякты толтыра құйды. Төңкеріп салды.

Ертеңіне Пормабайларыңыз қарапайым ғана киінді. Ежелгі бір мемлекеттің әзелгі бір патшасындай жұпыны һәм жұқана жұртыңыздың арасында жүрді. «Өмілдірік кентінде түні бойы иттердің ұлып шығатыны несі?» деді бір қайыршыға. Анау аңтарыла аңқиып: «Білмедім. Естімедім. Естімеймін. Тастай қатып ұйықтап қалам. Қарнымды алдап-суласам, бітті. Қорылға басам», деді ағынан жарылып.

«Иттер адамдардың пейіл-пиғылына қарап бұзылып барады. Түнімен үріп, ұлып шығады. Жақсылық емес», деді кетпеніне сүйенген кейуана.

«Біраз-біраз нәрселерді білгіңіз келсе, осы Өмілдірікке тиіп тұрған Тамдыбұлақ ауданында атақты ит атқыш бар. Соны тауып әңгімелесу керек шығар. Қаласаңыз, қалаға алдыртайық», – деді осы өлкедегі, жергілікті жердегі жәрдемшісі. Туралаңқырай айтқанда, тыңшысы.

Атақты ит атқышты қалаулыларыңыз қалаға алдыртпады. Өзі бармаққа бекінді. Төрт түрлі джиптің, үш түрлі мерседестің біріне де мінбеді. Жәрдемшісінің жайуаттау жаман мәшинесіне отырып, Тамдыбұлаққа тартты.

Ит атқышыңыз – бір кездегі Беріктас мергеннің баласытұғын. Аңшылығы жоқ емес-ті. Алайда, азайып кеткен аңды аяғандықтан, обал-сауаптан танбағандықтан, әкесінің кәнігі кәсібінен біржолата бас тартқан. Бұны – басқашалау бұқпантайлаған депутаттарыңызды бірден таныған. Ит атпаққа дайындалып, қару-жарағын тазалап отырыпты.

«Сізді білмей, өле алмай жүріппіз бе?! Парламенттегі Пормабай Дүниемаловсыз. Депутатымызсыз. Жигулимен жүрсеңіз-дағы, таныдық. Жұпыны киінгеніңізбен, өзгермегенсіз. Келіңіз. Төрлетіңіз», – деді жүзін жылытып.

Артынша: «Иттің құқығы туралы» заңның авторысыз ғой. Соныңыз бекер болды», – деді түсін суытып.

«Неге?» – деді депутаттарыңыз.

«Заңдарыңыз өте сауатты. Көп ізденгенсіздер. Шет жұрттардың заңнамаларын зерттеп, негізге алғансыздар. Алайда тым кешіккен құжат», – деді атақты ит атқыш.

«Қалай? Кешіккені қалай?» – деді Парламентші Пормабайларыңыз.

«Керемет заң. Әттең-ай, әттең! – деді атақты ит атқыш орнынан тұрып, түнере түсіп, мылтығының ұңғысын Мәжіліс депутатына бұра үңіліп. – Заңдарыңызда мін жоқ. Өкініштісі – қазақы құмай тазыңыздың тұқымы тұздай құрып кеткеннен кейінгі ондай құжаттарыңыздың құны көк тиын! Білдіңіз бе?! Әтең-ай, әттең! Қазақы Маңтөбет, Байтөбет, Бақтөбет, Таутөбет, Шыңтөбет сынды шын төбеттер түгелдей жойылып болғаннан соң қабылданған қаулы-қарарларыңыз бен заң-зәкүндеріңіз кімге және неге қажет?! Керек пе енді?! Қажеті бар ма? Осыдан он-он бес жыл, ең болмаса үш-төрт жыл бұрын қабылдау керек еді ғой! Ендігі заңдарыңыз кімге, неге, кім үшін және не үшін қызмет етпек?! Осыны ойладыңыздар ма? А-а-аһ?!»

Мына ит атқышты құтырған ит қапқан ба деп қауіптенуге болар еді. Жанарлары жалтылдап, ағараңдай тұманытып, тілі тұтығып, түкірігі депутаттарыңыздың теп-тегіс, түйір әжімсіз бетіне шашырап-шашырап кеткен. Құтырудың түкірік арқылы да жұғуы мүмкін бе еді? Мүмкін емес пе еді? Заңды әзірлеу барысында бәрін біліп алғандайтұғын. Бірақ, есінде қалмапты. Осы жағы.

«Бі-бі-білдіңіз бе?! – деді ит атқыш адам ескілеу қос ауыз мылтығын Парламентшіге кезенген күйі тұтығуы басылмай. – Біліп қ-қ-қойыңыз! Сі-сі-сіздің к-к-кешіккен з-з-заңыңыздың к-к-кімдерге және н-н-нелерге қ-қ-қызмет ететінін...»

Қалаулыларыңызға қарата қару кезеніп тұрғанын кешірек аңғарып, үңірейген ұңғыны төменірек түсірді.

«К-к-кешіріңіз, – деді ыңғайсызданып. – Біз үшін бір минөт қымбат. Ит атуым керек. Бүгін кешке дейін бір-екі ауылды бітіріп тастамасам, болмайды».

Тұтығуы сейілгендей. «Шай-пай ішіңіз демедік». Деді. Ит атқыш.

«Жоқ, рақмет, – деді Пормабайларыңыз күрсініп қойып. – Қарсы болмасаңыз, сізбен бірге жүрсем... Ит атқаныңызды көрсем...»

«Халықтың, нағыз қарапайым сайлаушыларыңыздың арасына бармақсыз ғой? Байқаңыз, онда қауіптірек. Құтырмаса-дағы, құтыруға беттеген иттер аз емес. Атқызып жатқаны сондықтан. Малды былай қойып, адамға шауып жатыр. Иттеріңіз. Бірдеңеге ұшырасаңыз, жауап берер жайым мен жағдайым жоқ».

«Өзім жауап беремін, – деді депутаттарыңыз. – Қаласаңыз, қолхат жазып тапсырайын».

«Қорықпасаңыз, жүріңіз, – деді ит атқыш ескі москвич мәшинесіне қарай беттеп. – Жеті шақырым жердегі ауылға аттандық онда».

Парламенттегі Пормабайларыңыздың өз москвичіне отырғанына аса сабырлы, атақты ит атқышыңыздың мазаттана мерейленгені-ай сондағы. Шешіле, шешенсіне көп-көп әңгіме күшіктетті.

«Ит атуға жыл сайын аудандық ауыл шаруашылық бөліміне ақша бөлінеді екен, – деді ит атқышыңыз. – Әрбір итке үш жүз теңгеден. Аудан бойынша жүз елу, екі жүз мың теңге. Білдіңіз бе? Бір оғыңыз сексен теңге тұрады. Әр итке біржарым оқтан есептеледі. Ал мына мен, Беріктас мергеннің баласымын дә. Жиырма оқпен жиырма ит атамын. Сеспей қатырамын. Ауылдың бәрінде ит құтырған заман. Балаға шабады. Қыздарды қабады. Үлкендерден де қаймықпасқа айналған. Біреулер айтады, адам өзгерген соң ит екеш ит те өзгереді деп. Құмай тазы емес. Қазақы қайран төбет емес. Олардан жұрнақ та жоқ. Өңшең дүбәралар. Дүбәралар! Бі-бі-білдіңіз бе?! Дү-дү-дүбәралар! Малға шабады. Қой жегеннің түрлі-түрлі тәсілдерін тауып алған. Ай, пәдеріңе ғана нәлеттер-ай...»

Жеті шақырым жердегі ауылда Парламентші Пормабайларыңыз қатты қайран қалған. Таңырқаған. Ит атқышқа. Ауылда да атты. Қорада да атты. Үйшіктерде де атты. Көшеде де атты. Иттердің иелері қандай жерде, қай тұста рұқсат етсе, сол заматта сеспей қатырады. Сұлатып салады. «Иттің құқығы туралы» заң талаптарының ту-талақайын шығарды. Ит атқышыңыз.

«Кешіргейсіз, – деді кезекті қос итті қабаттап, бір ғана оқпен сұлата құлатқан құла мерген қалаулыларыңызға қарап. – Заң-зәкүнге сәйкес қора-қотан, аула-шарбақ түгілім, ауылдың ішінде оқ атуға тыйым салынады. Мылтықты заңды түрде ату үшін елді мекеннен кем дегенде біржарым шақырым ұзап шығуымыз керек. Білдіңіз бе? Ал оған уақыт жоқ. Мүмкіндік тапшы. Атылатын итті соншама қашықтыққа қалай апарамыз? Кім апарады? Немен жеткіземіз? Арқалаймыз ба? Сүйрейміз бе? Москвичке мінгіземіз бе? Міне, мәселе қалай?»

Пормабай Дүниемаловтарыңыз тіл қатпайды. Тек таңырқайды.

«Былтырғы күзде жүз елу мың теңге бөлді. Үш жүз ит атып бердім, – деді мерген. – Биыл екі жүз алпыс мың теңге қарастырыпты. Сегіз жүздей ит ататын шығармын. Бәрі есептеулі. Білдіңіз бе? Оқ-дәріңіз есептеулі. Жанармай есептеулі. Амортизация да есептеледі. Мына қырылып қалған дүбәраларыңызды әлі актілеуіміз керек. Әлдеқандай қып. Арнайы шұңқырға тасып жеткізуіміз керек. Әлгі екі жүз алпыс мың теңгеден таза тиетіні жетпіс мыңдай теңге ғана. Көп боса. Әрине, бізге о да жаман емес. Жұмыссыздық көрсеткішін кемітеміз. Бір ғана өкінішім бар. «Ит атқыш» деген атты жамап алдым. Беріктастай мергеннің баласы ит қуалап кетіпті деген сөз жаман естіледі екен дә-ә-ә-ә. «Қоңыз теріп, тышқан аулап» деген секілді».

Парламентші Пормабай жеңіл ғана жымиды.

«Бұрынғы жылдары да қаржы-маржы қаралады екен. Аздап-аздап ақша бөлінеді екен. Алайда, ит атылмай қала берген. Дұрыстап ататын адам табылмайтын көрінеді. Аудан бойынша. Аңшылар қоғамында да жөнді атқыш жоқ. «Пәлен ит атылды. Түгеншелер атты» деп жалған акті түзіп, тиын-тебенін қылғытушылар «құныққан күзен құлағымен ін қазадының» кебін киген. Депутатымызсыз. Біліп қойғаныңыз жөн. Майда-шүйде мәселелерді де. Мына менен, Беріктастай мергеннің баласынан он бес пайыздық пара сұрады. Бі-бі-білдіңіз бе? Бі-бі-бірақ, мен шатақ шығардым. «Әкеп беріңіз, әкеп бересіз!» деп әкіреңдейді әкімдіктегілер. «Жоғарыға мағлұм етем! Ит атқыш деген атым шыққаны үшін үстемені сендер төлеңдер! Өздерің ғой, тыныш жүрген адамды жалынып-жалпайып жұмылдырған», дедім. Тайынбайтынымды түр-тұрпатымнан байқады. Шегінді. Лажсыз. Менен артық атқышты таба алмайтындарын түсінді. Білдіңіз бе? Сіздер жүдә жоғарыдасыздар. Құзар-құзар қиядасыздар. Оқта-текте осылай төмендеп тұрсаңыздар, талай тарихты түсінер едіңіздер. Білдіңіз бе?»

Ежелгі бір патшалықтың әзелгі бір әміршісіндей жұпыны жұрттың арасына, қатардағы қарапайым халықтың қалың ортасына барып қайтқан қалаулыларыңыз қас қарайғанда қалаға оралған.

Депутаттық каникул бітуге таянған.

Парламентші Пормабай Дүниемаловтарыңыз асығулы күйде. Ендігі бар беделін, күллі күш-мүмкіндігін өзі әзірлетіп, өзі қабылдатқан «Иттің құқығы туралы» заңды жоймаққа жұмсайтын шығар.

Кім білсін-ай, кім білсін.

Деп, тауыс-тәмәм етуге де болар еді. Әңгімені. Алайда, алакүдектеніп, кімді кейіптеген, қай қалаулымызды қағындылаған, қандай кезеңдегі Парламентті пайлаған деп күдіктенерсіздер. Сөйтесіздер. Сіздер. Мәселе сіздер секемденген сетік себептерде емес. Мүлде басқада. Бұрынғы сайлауларды қайдан білейік. Біз. Бірақ, сіздер келесі сайлауда тап осы Пормабай Дүниемаловтарыңызды депутат етіп сайласаңыздар бар ғой, надұрыс емес, дұп-дұрыс болар-дүр. Ит ырқылжыңға түспектің керегі не. Итжүректеніп қажеті қанша.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама