Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
«Зэктер» зонадан қашқанда…

Лагерьдегі күндер жаңалыққа толы болатын. Сондықтан да болар, таңертеңгі дабылдың үнімен ұйқыңнан тұрған бетте «бүгін не өзгереді екен?!» деп бір есінейсің де, тәпішкеңді тырпылдата сүйретіп, бет жуу үшін бұлаққа қарай саппен жүгіретін қара домалақ тақырбастардың қатарына қосыласың. Тамылжыған жазғы таң. Аңқыған ауа. Сүлгіңді беліңе буып ап, оған тіс шөткесі мен пастаны қыстырып, сопақ, жалпақ, доп-домалақ тікенбастарға қарап, ең соңында мен де түлкібүлкілге басып бара жатамын. Биылғы соңғы маусымда — тамызда таң суып, шөп-шаламның желкесіне шық мінген. Жалаң сирағыңмен сипай өткенде, сап-салқын боп, бақайыңның арасынан дым жүгіріп, қаныңқырамаған ұйқыңның соңғы «тұқымдығы» тек көкжелкең мен қабағыңда қалады. Сәлден соң ол да ұмыт.

Таңертеңгі жиын жатақтың ту сыртындағы шалғыны тапталған алаңқайда өтеді. Ұл-қызы аралас үш топ қара сирақтың ересегі — тістері қисық-қисық ноқай Жәпөк мұғалімге рапорт берген соң, қозықарын қайқыбел физрук:

Құрметті «Арай» пионер лагерінің демалушылары, оқушылар, бүгіннен бастап лагерде тәртіпке аса қатты мән беріледі. Артық жүріс, бос қаңғу, тауға, тоғайға біздің қарауымызсыз, өз беттеріңмен кетуге тыйым саламыз. Өйткені, зэктер зонадан қашыпты! — деп салтанатты түрде хабарлады. Бәріміз үрпидік те қалдық.

Таңертеңгі ас ешкімнің тамағынан өтпей қойды. Бәрі мұғалімдер жаққа ұрлана қарап, күбір-күбір етеді. Тасқарын Тақай ғана жанындағы Сәшкебайдың котлетін ұрлап жеп жатыр.

Зэк деген кім, ей?!

Зонадан қашқаны несі?!

Ө-өй, қалқозбай! Соны да білмейсің бе?

Білем, бірақ айтпаймын!

Айтпасаң, Айтбайдың...

Айтамын, айтамын...

Айтшы, ал!

Мұғалімге айтамын сендерді!

Өй, өсекші!

Мұғалім!

Мұғалім шашалып қалды. Жырқ-жырқ күлкі.

- Мұғалім, мыналар бағанағыны айтып отыр.

- Айтса, несі бар?!

- Ұялып қалды, ұялып қалды!

- Тыныш! Не айтып отырсыңдар?

Енді тамақ ішу мүлде ұмыт қалды. Тасқарын Тақай екінші үстелге көшіпті.

Қаратай зэктің кім екенін білмейді.

Иә, саған!

Зона деген қай жақ?!

Мұғалім, мұғалім, айтыңызшы!

Ө-өй, мама! Аяғымды ездің...

Тыныш! «Зэк» деген орысша айтқанда «заключенный» — қамалған деген сөздің қысқартылған түрі. «Зона» деген үлкен лагерь, түрме. Сотталғандар содан қашқан ғой...

Ондаған бала демін ішке тартты.

Біздің лагерь сияқты ма?! Өткенде Ешон да қашты ғой...

Ей, қойшы, ей, сен! Жыпылдамай!

Қазір шығасың ғой!..

Тыныш, тыңдайықшы!

Жоқ, балалар! Біздің лагерь — оқушылардың демалыс лагері. Табиғаты қандай! Тамағы, жатын орны қандай! Ал, анау — түрме, онда тек жаман адамдар ғана отырады...

Сонда олар біздің тауда, тоғайда тығылып жүр ме?!

Мама! Мен ауылға қайтам!

Мұғалім, давай, оларды ұстап алайық!

О, маубас! Түнімен түсінен шошығанын ұмытып...

Қойшы, ей!

Так, енді былай болсын! — Мұғалім оң қолына сүтке толы стақанын ұстап орнынан тұрды — Қандай да болсын «партизандықты» қойыңдар! Түк болмағандай, тәртіппен демаламыз!

Түстен кейін төбемізден тікұшақ өтті «тырылдап». Түскі ұйқыға Тасқарын Тақай мен қорқақ қыздардан басқа ешкім жатқан жоқ. Қозықарын мұғалімнің беделі аяқ астынан өсіп кеткенімен, біздің қызығушылығымыз одан да күшті. Кешке дейін жан-жақтағы тауларға қарап-қарап, көзіміз талып, аузымыз көпіріп, дауласумен болдық. Екі күн, үш күн түскі тамақта Тасқарын Тақай ғана армансыз тойды. Кейін бәрін ұмытып кеттік. Қайтарда тіпті, мұғалімді күлкіге айналдыра бастадық...

Одан бері жиырма жылдан астам уақыт зыр етіп өте шығыпты. Бейкүнә балалықтың бояуы жастықтың нөсер-нөпірімен жуылып-шайылып, санаға сіңіп кеткен. Тек әнеу жылы жазда «Арай» демалу орталығы қайыра ашылғанда, осы бір аңыз миымның бір түкпірінде жылт еткен еді. Содан бері Шабекем ауылына барған сайын, топтанып келіп жатақтың ту сыртына жиынға тұрып жатқан біздер құсап тауға қатарласа біткен қарағайлардың арасында әлі де әлдекімдер жасырынып жүрген сынды болады да тұрады. Бәлкім, ол Қаратал-Қызыларайдың қатпар жонында дамыл тапқан балауса балалығымыз шығар?! Кім білген?!.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама