Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Агрессивті мінез-құлықтың алдын алу

Балалардың жоғары агрессивтілігі дәрігерлер, педагогтер мен психологтар үшін ғана емес, сонымен бірге тұтас қоғам үшін де негізгі пробремалардың бірі болып отыр. Агрессивтілік (лат. «шабуылдау, қауіп тудыру») – агрессивті мінез-құлыққа апарар ниет, жағдай. Ал агрессиялық әрекеттің өзі – баланың өзгелерге залал келтіруге бағытталған мінез-құлқы. Агрессивті жағдай ашу, жаулық, жеккөрушілік, т.б. эмоциялар арқылы көрініс табады. Әрекет міндетті түрде өзге адамға залала келтіру: балағаттау, қорлау, төбелесі, ұрып-соғу, т.б. түрінде көрініс береді. Осындай мінез-құлықты балалар саны тез артып келе жатқандықтан, тақырып өзектігі күмән келтірмейді.

Бұл көптеген жағымсыз факторлар: балалардың әлеуметтік тұрмыс жағдайы нашарлауынан; отбасылық тәрбие дағдарысынан; мектептің балалардың жүйке-психикалық жағдайына көңіл аудармауынан; баланың миына зақым келу түрінде салдары болатын патологиялық босану үлесінің артуынан орын алып отыр.

Зорлық–зомбылықты үздіксіз насихаттаумен айналысатын жалпы ақпарат құралдарды, кино және бейнеиндустрия да өз үлесін қосып отыр. Соңғы жылдары балалар агрессиясы проблемаларына ғылыми мүдделілік те артып отыр, бірақ, өкінішке орай, шынайы түзету мен емшара тәжірибесіне негізделген зерттеулер салыстырмалы түрде аз.

Ең алдымен балалар агрессиясының себептеріне талдау жасап көрелік. Мұның үш негізгі көзі болуы мүмкін.

Біріншіден, бала өсіп келе жатқан отбасының өзі агрессивті мінез-құлыққа бейім болуы және осындай көріністі бала санасында берік орнықтыруы мүмкін. Кейбір ата-аналар екіжүзділікке бейім болады, сөз жүзінде олар балаларында агрессияның байқалуына қарсы, оларды қайырымды әрі жуас етіп тәрбиелегісі келеді, сонымен бірге олар төбелеске қорықпай кірісіп кету немесе басқа да жымысқы жолдармен мәжбүрлеу арқылы құрдастарымен арасындағы проблемасын өзі шешуге тырысқан балаларына сүйсініс танытады.

Екіншіден, балалар агрессияшыл мінез-құлыққа құрдастарымен қарым-қатынасы барысында үйренуі мүмкін. Мектепке дейінгі жастағы балалардың көпшілігі үшін күш басымдығына табыну үлкен орын алады, әсіресе ұлдар балалар қоғамдастығынгда демократиялық деп атауға келмейтін қасиетке ие болуды армандайды. Демек, кім күшті болса, ол бәрін де жасай алады – балабақша сәбилерін бақылағанда көруге болатын принцип осындай.

Үшіншіден, агрессиялылыққа үйрететін үлгі шынайы адамдар емес, шығармашылық туындылары да болуы мүмкін. Теледидар, монитор экрандары мен кітап беттеріндегі агрессия мен зорлық – зомбылық кішкентай көрермендерді кез келген уақытта құрылымсыз, қатал, бірақ жанжалды шешудің өте тиімді тәсіліне бой ұруға жетелейтіні күмәнсіз нәрсе. Сондықтан да балаңыздың не көріп, не оқып, қалай ойнайтынына назар аударған артық болмайды.

Агрессиялықтың сыртқы қабығын қарастырып болғаннан кейін, енді оның ішкі себептеріне тоқтала кеткен жөн. Бұл жерде бастысы өте қарапайым ой, егер адамда бәрі жақсы болса, ол агрессивті болмас еді. Яғни, агрессияшылдық – ең алдымен ішкі қолайсыздықтың сыртқы көрінісі. Әдетте агрессивті балаларға жоғары мазасыздық, өзін ешкімге керексіз сезіну, айнадағыларды әділетсіз санау және өзін тең санамау (көбіне кем санау) тән болады. Кішкентай «агрессордың» айғай-шу ашу шығару арқылы қарсылық көрсету реакциясы оның айналасындағылардың назарын өз проблемаларына, оны жалғыз өзі жеңе алмайтынына аудару тәсілі болып саналады. Демек, агрессивті балаға көмектескісі келетін ата-анасы  ретінде сізге ең бірінші керегі балаға шынайы іштарту, оны жеке тұлға ретінде қабылдау, оның ішкі әлеміне қызығушылық таныту, сезімі мен мінез-құлық дәлелдеріне түсіністікпен қарау. Баланың жетістіктеріне және оның қиындықты жеңуіндегі табыстарына көбірек көңілін аударыңыз (сыртқы және ішкі), тағы да сондай болуға үйретіңіз. Қысқасын айтқанда, ұл немесе қыз балаға өзін-өзі  сыйлау мен өзін-өзі дұрыс бағалай білуін қайтару үшін қолдан келгеннің барлығынг жасау керек. Ата-ана агрессиялық көңіл күй мен әрекеттердің қайдан шыққанын анықтап, оларды түзетудің дұрыс жолдарын табуы тиіс. Агрессияшыл мінез-құлық түрі көбіне оны тудырушы себептерді де көрсетіп тұрады.

Сіздердің назарларыңызға сынып жетекшісіне және ата-анаға  арналған баланың агрессиялық мінез-құлқына диагностика жасау бойынша бірқатар практикалық кеңестерді, сондай-ақ агрессия деңгейін азайту тәсілдерін ұсынып отырмыз.

Ата-ана агрессиялық мінез-құлқы бар балаларға қалай қарауы керек?

Профессор Н.Е. Щуркова және оның әріптестері мінез-құлқы күрделі балаларға арнарлған педагогикалық әрекет алгоритмін ұсынады.

•    Мінез-құлқын түсіну. «Иә, осылай болады...», «Сенің жасында менде де осындай жағдай болған...».
•    Мінез-құлқын ақтау. Балаға жартылай қолдау білдіру: «Сенің орнында басқа біреу болуы да мүмкін еді…», «Мүмкін мен де сөйтер ме едім…».
•    Баланың жасағанына өзі ой жіберуі үшін оның заттық және әлеуметтік нәтижесіне талдау жасау: «Сен, сірә,…жасағың келген шығар, ал ол … болып шықты», «Сен оны …  болып шығады деп ойламаған да шығарсың…»
•    Өзін-өзі анықтауы үшін балама мінез-құлық тәсілін көрсету:  «Былай жасағанда … болар еді», «Мұндай жағдайда кейбіреулер … жасайды».
•    Бала болған оқиғаның уәждемесі мен себептерін анықтай алуы үшін, оны ойлануға шақыру: «Сен өзің қалай ойлайсың…», «Бұл енді қалай аяқталады деп ойлайсың…», «Сен туралы басқалар не ойлайды…».
•    Басқа мәдениет деңгейінде өзін-өзі жүзеге асыра алуына жағдай жасау үшін, сыртқы қорлаудан «қорғаныс»: «Бұл есейе келе қалатын әдет…».
•    Тиісті әсер түріне қарама-қарсы күтпеген дербес шешім:  «Мен сені … жазалауым керек еді, бірақ мен… жасайын деп тұрмын», «Мен сені түсінеді деп сенемін…»

Қолайсыз жағдайдан арылу үшін

•    Қысым жасау – баланың әрекеттері мен қылықтарына қатаң тыйым салу. Сынып жетекшісі өз беделі арқылы агрессия көрінісіне жол бермей, оны тұншықтырып, басымдық жағдайына ауысады («Тез арада тоқтат мұныңды!»).
•    Ығыстырып шығару – басқа, неғұрлым жағымды  жағдай тудырып, агрессияшыл мінез-құлықты алмастыру тәсілі. Қолайсыз жағдайды алмастыруға бағытталған әрекет тізбегі: ығыстыру-алмастыру-алаңдату («Маған мынаны жасауға көмектесіп жіберші…»)
•    Елемеу  - қолайсыз  жағдайды елеусіз қалдыру әдісі (бірден назар аудара қоймау). Әдісі ширығысты жағдайды бірдіндеп барып жою мақсатында қолданылады.
•    Мерзім белгілеу (уақытын шектеу) – орын алған қолайсыз жағдайды (ашулану) шешу үшін құқығын ескеруді пайдалану әдісі. Бұл әдіс күшті ширығыстың біртіндеп барып жайласуы үшін пайдаланылады («Кәнекей, мұны бір минут ішінде аяқтаңдар»).
•    Жағымды нәрсеге көңіл аудару – назарды ашу, агрессия, ыза немесе реніш тудырған субьектіден баланың өзінің немесе басқа обьектінің (басқа адамның, жануардың, заттың, т.б.)  жағымды жақтарына аудару. Әдістің мақсаты – баланы өзін-өзі билеуге, реттеуге, бақылауға, сыртқы әсер мен ішкі жағдайы және тәртәп түрі арасныда тепе-теңдік орнатуға үйрету.

Агрессия деңгейін қалай азайтуға немесе жоюға болады?

•    Спорт секциялары.
•    Қызығушылықтары бойынша үйірмелер.
•    Балаға деген махаббатты үнемі білдіріп отыру
•    Орындалмайтын уәде бермеуге тырысу.
•    Релаксация және тыныс алу жаттығуларын орындау.
•    Балаға уақытты аямау, үнемі ақыл-кеңес беріп отыру.
•    Уақытылы тыңдау, түсіне білу.
•    Әр жұмысына көмектесіп, сенім білдіру.
•    Үнемі мейірімді болу.
•    Терең тыныс алу және тыныс шығару – ашу, уайым, қорқыныш жағдайын реттеуге өте тиімді нәрсе.
•    Алдын алуға арналған сұхбаттар. Сұхбаттың мақсаты – қажетсіз оқиғаның орын алуына жол бермеу. Агрессивті мінез-құлықтың салдары қандай болатынын нақты мысал арқылы көрсету. Мысалы, балалар үйінде тәрбиеленуші қыз мектепте бір ұл баланы жекпе-жекке шақырып, ақыры көзінен айырылып тынған.
•    Әдептілік тәртібі үлгісіне баулу.
•    Жағымсыз энергиядан арылу әдістері мен тәсілдеріне үйрету.Ата-ана  бойға жиналған агрессиядан арылу әдістерін көрсетуі тиіс. Мысалы, табиғат аясына шығып, бар дауыспен айғайлауға болады. Жапон компанияларында адамдар жансыз заттарға ұрысу, ұру арқылы ашуын сыртқа шығарып алатын арнайы бөлмелер болады.
•    Ата-ана мінез-құлқы. Агрессивті баламен сөйлескен кезде сынып жетекшісі сабырлы, салмақты, жұмсақ, төзімді болып,  сыртқы түрімен қамқоршысының жан дүниесін түсінетінін байқатуы тиіс.
•    Баланың тек жақсы жақтарын ғана көріп, оған сенім білдіру. Бала егер өзін осы тұрған бойында жақсы көріп, қадірлейтінін білсе, өзін ұстамды, қолға ала білетін жан ретінде көргісі келетінін түсінсе, мінез-құлқын өзгертеді. Психологиялық-педагогикалық зерттеулер баланың егер педагог және ата-ана оны жақсы адам ретінде бағалайтынын түсінген жағдайда өзгеретінін көрсетеді, мұндай кезде ол дамуының жоғары сатысына ұмтылатын болады.
•    Жауапкершілік жүктеу. Өзіне тапсырылған жауапты істі орындай жүре, бала шығармашылықпен айналысады, ал бұл кезде жаман ойлар мен істерден аулақ  жүретін болады.
•    Ерік-жігерін қалыптастыру. Ақырында, агрессивтіліктің жағымсыз көріністерімен күресте негізгі фактор болып табылатын нәрсе: сынып жетекшісі, ата-ана мен бала арасында үйлесімді қарым-қатынас орнату – баланың салауатты эмоциялық дамуының басты шарты.

Бедерова Меруерт Темирханкызы
Қарқаралы ауданы, Тегісшілдік ауылдық округі
ЖББ №6 орта мектебі КММ–нің педагог–психологі


You Might Also Like

Новости

Реклама