kaztag.kz
- 19 мая 2026 02:30
- 26
Еленовка ауылының атын Самалтау деп өзгертуге төрт жылдан бері мүмкіндік болмай тұр
Ақмола облысы Зеренді ауданындағы Еленовка ауылын Самалтау деп атау жұмыстары төрт жылдан бері аяқталмай келеді. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлайды.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, заңнамада қарастырылған барлық кезеңдер өтіп, жергілікті қоғам жиналысы мен қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, ономастика комиссиясының келісімі алынған. Жұмыстардың соңғы кезеңі облыстық мәслихаттың қарауына дайын тұрған.
Алайда, әкімшілік-аумақтық бірліктерді қайта атауға қойылған мораторийге байланысты бұл жұмыстар тоқтатылған. «Процедура қайта басталғаннан кейін құжаттар белгіленген тәртіппен ұсынылатын болады», - деп хабарлады аудан билігі.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы ауыл тұрғындары жергілікті жиында Еленовканы Самалтау деп атауды көпшілік дауыспен қолдаған болатын. Кейін бұл шешіммен келіспеген аз бөлік тұрғындар дау-дамай тудырған еді.