
- 23 июн. 2025 15:48
- 23
Такси жүргізушілері таксопарксіз жұмыс істеуі мүмкін
Такси жүргізушілерінің енді таксопаркке тіркелмей-ақ, өз бетінше жұмыс істеуіне заң аясында мүмкіндік берілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.
Склярдың айтуынша, қазіргі таңда Yandex Go, Uber, Glovo, InDrive сияқты цифрлық платформалар азаматтарға икемді жұмыспен қамтылу мүмкіндігін ұсынып отыр. Бұл сервистер нарықтағы бәсекелестік пен жеке кәсіпкерліктің дамуына серпін берген. Мәселен, «Яндекс.Такси Корп» ЖШС – такси қызметіне арналған ақпараттық-диспетчерлік жүйелер нарығында тұрақты орынға ие ірі операторлардың бірі.
Компания жолаушы тасымалына байланысты комиссияны тариф түріне (эконом, комфорт, бизнес, қалааралық және т.б.) және қызмет көрсетілетін елді мекендегі сұраныс деңгейіне қарай ұстайды. Алайда жүргізушілердің табысына түсетін салмақты азайту мақсатында, Антимонополиялық агенттік пен «Яндекс» компаниясы арасында комплаенс келісім жасалған.
Скляр не дейді:
— Базалық тарифтен екі есе жоғары болса, компания артық сомадан комиссия ұстамайды. Яғни бұл ақша толық жүргізушінің табысы ретінде қалады. Бұл – жүргізушілердің табысын әділетті етуге бағытталған маңызды қадам, – делінген вице-премьердің жауабында.
Қазір бұл салада жаңа заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатыр. Егер өзгеріс қабылданса, такси жүргізушілері таксопаркке тәуелді болмай, тікелей платформалармен жұмыс істей алады. Бұл көлеңкелі экономикамен күресіп, салықтық ашықтықты арттыруға ықпал етпек.