depositphotos.com
- 22 апр. 2026 16:00
- 28
Талғар ауданында 20 жастағы жігітті өлтіріп кетті: Күдіктілер ұсталды
Талғар ауданында 20 жастағы жігіттің топтасқан адамдардың шабуылынан қаза тапқаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа Алматы облысы полиция департаменті түсініктеме берді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 12 сәуірде Талғар ауданында болған. Әлеуметтік желідегі жазба авторының айтуынша, 10-нан астам адам жігітке тұтқиылдан шабуылдап, оған қорғануға мүмкіндік бермеген. Алған пышақ жарақатынан ол оқиға орнында көз жұмған.
Жазба иесінің сөзінше, оқиға куәгерлері мен видеожазбалар бар, бірақ тек бір адам ғана қамауда отыр.
Полиция жауабы
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалды: кісі өлтіру және бұзақылық.
Жедел-іздестіру шаралары барысында 20 жастағы бір күдікті ұсталып, қамауға алынды. Бұзақылық фактісі бойынша тағы үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Екеуіне қатысты сот үй қамағына алу туралы бұлтартпау шарасын таңдады. Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты қоғамнан оқшауламайтын бұлтартпау шарасы қолданылды.
Полицияның хабарлауынша, оқиға куәгерлері анықталып, олар қылмыстық іс аясында жауап алынған. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Барлық тараптардың уәждері мұқият тексерілуде.
Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.