- 13 ақп. 2023 00:00
- 358
2023 жылғы ҰБТ қалай өтеді
ҚР Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев 2023 жылғы ҰБТ-ға қандай өзгерістер енгенін айтып берді.
Биыл да талапкер ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады: қаңтар, наурыз тамыз айларында ақылы негізде оқу үшін, мамыр-маусым айларында өтетін негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.
«ҰБТ-2023 форматында өзгерістер жоқ. Алайда, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндерінің тапсырмалар саны өзгерді. Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест сұрағы ұсынылады. Барлығы – 120 тапсырма, ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағат (240 минут) болып қалады. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен қатар, жауап нұсқаларының саны азайған. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайған.
Ең басты жаңалықтардың бірі – 2023 жылғы қаңтардан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.
«Бұған дейін IT саласына түсушілер «Математика-Физика» пәндерін таңдайтын. Тестілеуге дайындықты жақсарту үшін оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияладық. Қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға – қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға – қазақша-орысша аудармасы ұсынылады. Сондай-ақ, барлық талапкерлерге компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев және ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Тестілеу орталығы кестелерді қағаз түрінде де таратады, оқушылардың өздеріне әкелуге рұқсат жоқ», - деп түсіндірді спикер.
ҰБТ-ға дайындықты жақсарту мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы өз сайтында және әлеуметтік желілерінде тест жоспарын, ҰБТ-да кездесетін Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихынан 100 тарихи датаны, Информатика пәнінен терминдер тізімін, Қазақ әдебиеті және орыс әдебиеті пәндерінен сұрақтар келетін шығармалар тізімін жариялады.
Айта кетейік, қаңтар айындағы ҰБТ-ны 123 мың адам тапсырды. Тестілеу қорытындысы бойынша 102 мыңға жуық талапкер шекті балл (50) жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 83%-ын құрайды. Ал 21 мыңнан астамы (17%) шекті балл жинай алмады.
Жалпы ҰБТ орташа балы 76 балды құрады. Ең жоғары балл – 139, оған Қазақстан бойынша 5 талапкер қол жеткізген.
Сондай-ақ, IELTS сынағынан 5.5 және 5.0. ұпай алған талапкерлер ағылшын тілінен ҰБТ тапсырмауы мүмкін.