- 15 ақп. 2023 00:00
- 228
NIS-те республикалық пәндік олимпиаданың желілік кезеңі басталды
Оқушылар 15 оқу пәні бойынша өз білімдерін, біліктері мен таланттарын сарапқа салды.
NIS-те республикалық пәндік олимпиаданың желілік кезеңі 13 ақпанда басталған болатын. NIS халықаралық бакалавриат мектебінің 42 оқушысы пәндік олимпиадаға қатысуда.
ILO-2022 халықаралық лингвистика олимпиадасының қола жүлдегері Аида Давлетова да олимпиадаға қатысушылардың құрамында:
– Менің олимпиадаларға қатысуда үлкен тәжірибем бар, сондықтан аса уайымым жоқ және өзіме сенімдімін. Жоғары нәтиже көрсете аламын деп ойлаймын. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп оқып қана қоймай, зерттегін келетін пәнді шын жүрекпен түсіну керек, – дейді Аида.
– Балалардың әрқайсысының тың жаңалықты ашуы әлі алда, мүмкін араларында тарихта қалатындары да бар, – деп атап өтті директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Абишева. – Жүйріктердің жүйрігі NIS құрама командасы сабында, жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың финалдық, яғни республикалық кезеңіне аттанады.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша олимпиада аяқталғанымен, 16 ақпанда қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша бақ сынайтын оқушылар үшін бірінші тур басталады.