Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әдебиет - тап құралы

Қазақ әдебиетінде екі ағым бар. Олардың соңғы кезде қағысуы күшейді.

Ол — тап тартыстың әсері. Пролетар бағытындағы жазушылардың таптық салт-санасы өсіп күшейген сайын, байлар жазушылары да өздерінің әдіс-айласын өзгерте бастады.

Байтұрсынұлы, Досмұқамбетұлы тәрізді алашорданың көсемдерінен сабақ алып, қолтығыңда өскен Ысмағұл, Ғаббас секілді құбылмалы коммунистер де әдебиет майданына шықты.

Ұлтшылдар ескі әдебиет арқылы байлардың сасық салт-санасын жаңа тұрмысқа жаймақшы болды. Олар жаңа әдебиетке бұқарашылдық жүргіземіз, қазақ тұрмысында пролетар бағытына сүйкімді әдебиет болмақ емес деп соқты. Біз: болады, құрамыз, социализм құрылысына көмектесетін ұлы жолдың серігі батырақ, кедейдің тілегіне сәйкес, жанына жағымды әдебиетін жасаймыз дейміз.

Ұлтшылдар қазақтың кедейіне орыстың пролетары төңкеріс жасап бостандық бергенін көргісі келмейді. Сондықтан біз «Экспресс», «Советстан», «Отарба» тәрізді болашақтың ұйытқысы, тұрмыстың көркі, пролетардың жүрегі сықылды нәрсені жырласақ, олар бетімізді шиедей қылады. Бұған халық түсінбейді, тұрмыста жоқ, болмаған нәрсені жырладың деп сандырақтайды. Батырақ, кедейдің таптық салт-санасын тәрбиелеп жетілдіруіміз үшін «Отарба», «Советстанды» жырлауымыз керек.

Жаңа жазушылар өсіп жетілген соң ескі түрден озып, әдебиетке жаңа түр салады.

Сексенбайұлы жолдасты интернатта оқитын бала ма екен десем, мұғалім екен. «Әдебиет тап құралы болмайды, Қазақстанда тап жазушылары жоқ, бәрі ұлтшыл, сөйлеу әдістерің (метод) жоқ» екен деп көпіріп жатқаны — саясаттан хабары жоқтығы.

Тұрмыспен таныс емес адам ғой деп ойласам, өзің САГУ-ге сабақ беріп жүріп, мәдениеттің таптық болатындығын білмей жүрсең ұят екен, қалқам. Сен сияқты большевик түгіл, большевиктің дұшпаны Каутский де мәдениеттің таптық болатындығына шек келтірген жоқ еді.

Дүйсенбайұлы: өмірде болмағандықтан «Отарба» деген өлең жақсы шықпаған, «Бозторғай» тәуір дейді.

Жырлай білген кісіге «Бозторғай», «Отарба», — бәрібір. Менің «Экспресс» деген кітабым отарбаның жырын толғайды. Отарба қазақтікі емес, сондықтан жырлап болмайды деген сөз түкке тұрмайтын сандырақ. В.И.Ленин өлгенде жаңа тұрмыстың пайғамбары өлді деп жер жүзі жұмыскері қара байлаған.

Түйені отарбаға бастырдың деп Дүйсенбайұлы мені кінәлайды, ол түйе — қазақтың ескі мәдениеті еді, отарба жаңа мәдениет еді, байлардың иісі сіңген ескі жұртшылығы мен мәдениетін жаңа мәдениетке омыртқасын үздіріп, қанын судай шаштырып едім. Менің оныма Дүйсенбайұлы сыншы түсінбей қалыпты. Ақын сөзді сөйтіп перделемесе өлең кестелі, мағыналы бола ма? Плеханов «сыншы ақынның терең оймен перделеп жазғанын табатын болсын, сондықтан ақынның білгенін сыншы да білетін болсын» дейді.

Дүйсенбайұлы сияқты сыншыға біздің айтатынымыз: оқы, үйрен, талаптан, сонда ғана жақсы сыншы бола аласың дейміз.

Қазіргі сынның бәрі де осы сияқты соқыр сын.

1929 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама