Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Менің солшылдығым туралы

Мен өзімді өзім еш уақытта солшылмын деп санаған да емеспін. Ешкімге солшылмын деп айтқан да емеспін.

1923 жылы мен Оралдың губерниялық съезін өткіздім. Сол съезде Қаратілеуұлының сен солшылдарды сүйейсің деген құлақ қағысына «онды да, солды да сүйемейін» деп жауап берген едім.

Өйткені мен ол съезде Исмағамбетұлы, Әбдірахманұлы, Исаұлы, Жанышұлы және Әленұлы жолдастарды сүйедім. Мұным солшылдық болса, мұны жасырмаймын. Өткен жылы Журапков жолдаспен сөйлескенімде: «Қазақстанда солшыл жоқ, ешкім де коммунист партиясынан сол кете алмайды. Егер біреулер өздерін солшылмын деп жүрсе, ондайлар адасып айтады не алдап жүр» дегенмін. Мен мұндай пікірімді басқаларға айтқан болатынмын, кәзірде де соны айтам.

Мүмкін кейде түрлі жағдайлармен өзім де байқамай солшылдық жолға түсіп кеткендерім бар шығар. Күнделік істен қол үзгендік, аз да болса қалың көппен қатынас аз болғандық, басқару қызметтегі кейбір жолдастарға наразылық (мәселен Исаұлы, Құрамысұлы жолдастарға) кейде сол айтылып отырған солшылдыққа түсіруге себеп болуы мүмкін еді. Мәселен, Исаұлы мен Құрамысұлы таза партия жолындағы коммунистер деп білсем де мен оларды Смағұл туралы баса қимылдамайды, бата алмайды деп жүрдім. Шынына келгенде мен ол кездегі Қазақстанның өзгеше жағдайларын ескермеген екем.

Өткен қыс ортасынан бастап үзіл-кесіл шыға бастадым. Менің газеттерде жарияланған «Көкшетау», «Май күні» деген шығармаларым дәлел болса керек.

Қандай жік болса да бізде белгілі жолы жоқ. Табансыз, зиянды нәрсе болып шықты. Партия жолынан қыңырланудың қандайы болса да партияға қарсы жол. Өткен күндегі осы секілділеріме мен түгелімен өзімді кінәлімін деп санаймын. Бағзы уақыттарда мен упадочничествоға түсіп кетіп жүрдім. Ең ауыр күнәм осы деп білемін. Мұның бәрін терістік деп көппен бірге тергеймін. Мен осыларымның бәрі үлкен қате, адасқандық екеніне Қызыл Сармов пен Нижегород қаласындағы жер май ағызып жатқан зауыттарды аралағаннан кейін әбден-ақ көзім жетті. Еңбектің қаһарман ерлері о жерде социализмнің іргесін қалап жатқанын көрдім.

Уақ байшылдық дерті кейде біздің жанымызға, тәнімізге тікенше жабысады. Егер біз адал ниетімізбен қол ұстасып, партия бірлігінің айналасында үйірлесек, партия ондай дерттерді мезгілімен асқындырмай ашып, емін тауып, асқан қазанды аман сақтай алады.

Қатеміз болды. Келешекте де қателесуіміз мүмкін. Бірақ жұмысшы табының партиясы, дүниенің ұлы өзгерісшілі, еш нәрседен қаймықпай еңбекшіл адам ұлын тендікке бастаушы, коммунисшілдік қоғам құрушы — коммунистер партиясы біздің қатарларымызды түзете алады, түзетеді. Мүмкін, менің әлі де өзім байқай алмаған қаталарым бар шығар, ондайларым болса партия көмегімен жоямын.

1929 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама