- 12 қар. 2022 00:00
- 203
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері "Ұлағатты ұстаз" атты талқылау шарасын өткізді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Т.Х. Ғабитовтың шығармашылығын талдау мақсатында, 2-ші курс "Мәдениеттану" мамандығының студенттері "Ұлағатты ұстаз" атты талқылау шарасын өткізді. Шара барысында студенттер профессор Т.Х. Ғабитовтың еңбектерін талқылап, профессор өмірбаянымен танысып шықты.
Т.Х. Ғабитов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымының докторы, ҚР ҒА академигі, мәдениеттану профессоры, Қазақстан Философиялық Конгресінің вице-президенті. Тұрсын Хафизұлы Қазақстанның жоғары білімі мен ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ғалым «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының (2007 ж.), Қазақстанның білім мен ғылым саласына қосқан көрнекті үлесі үшін мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының «Үздік автор» байқауының, «Қазақстан ғалымдары одағының» республиканың ғылым, техника және білім саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін байқауының лауреаты. Тұрсын Ғабитовтың «Мәдениеттану» оқулығы 2001 жылы өткен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің байқауында «Қазақстан он жылдығының үздік кітабы», 2006 жылы «Ұлы Жібек жолы» халықаралық кітап жәрмеңкесінің лауреаты атанды. ҚР жоғарғы оқу орындары қауымдастығының шешімімен автордың оқулықтары Қазақстанның ең танымал оқулықтарының қатарына енген болатын. Тұрсын Ғабитовтың есімі қазақстандық мәдениеттанушылар мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде шетелде де танымал. Ғалым көптеген халықаралық конгрестердің, симпозиумдардың, конференциялардың жұмысына белсене қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. Ғалым 200-ден астам ғылыми кітаптың, оның ішінде 50-ден астам жеке және ұжымдық монографиялардың, көптеген оқулықтар мен оқу құралдарының, энциклопедиялардың, сөздіктердің, жалпы саны 600-ден асатын жарияланымдардың авторы. Автордың философия және этика тарихы бойынша еңбектері Ауғанстан, Иран, Әзірбайжан және Түркияда жарық көрді. Профессордың ғылыми жетекшілігімен 40-тан астам ғылым кандидаты мен 6 ғылым докторы, 5 Философия докторы (PhD) дайындалды. Тұрсын Ғабитов «Ұлттық идея ‒ Қазақстанның 2007-2009 жылдарға арналған тұрақты дамуының негізі» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға атсалысты, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыруы аясында «Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің диалогы контекстіндегі Қазақстандық ұлттық идея» жобасының жетекшісі болды. Профессор Тұрсын Ғабитов «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру ісіне белсенді қатысып, «Әлемдік философиялық мұра» және «Қазақ халқының философиялық мұрасы» секцияларының мүшесі, көптомдық авторларының, ғылыми редакторларының бірі ретінде 40 томнан тұратын даналық жауһарларының қазақ тілінде жарық көруіне, жинақталуына зор үлес қосты.
Ғалымның қатысуымен батыс ойшылдары, Джон Локк, Шарль Монтескье, Жан-Жак Руссо, Карл Поппердің шығармалары мен философия тарихшылары Джованни Реале мен Дарио Антисеридің еңбектері қазақ тіліне аударылды.
Тұрсын Ғабитовтың «Мәдениеттану», «Философия», «Этика» атты оқулықтары, «Қазақ мәдениетінің типологиясы», «Қазақ философиясының тарихы», «Қазақ мәдениетінің тарихы мен теориясы» монографиялары республикамызда кеңінен танымал. Тұрсын Ғабитовтың «Қазақ философиясы» және «Қазақ мәдениетінің теориясы мен тарихы» еңбектері мәдени философиялық классикаға айналған.
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы - Аликбаева Маржан
"Мәдениеттану" мамандығының 1 курс магистранты - Сатыбалдина Аружан