- 15 қыр. 2016 00:00
- 387
Аңырақай шайқасы
XVIII ғасырда қазақ халқы жоңғарлармен кескілескен соғыс жүргізеді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін хандар жауға тойтарыс берудің жалғыз жолы бірігу екенін түсінген еді.
Аңырақай шайқасы 1729 жылы жазда мамыр-маусым айларында өткен. Шайқас солтүстігінде Балқаш көлі, оңтүстігінде Отар даласы, батысында Шу аңғары, шығысында Күртіге дейінгі аралықта болған.
Аңырақай шайқасына екі жақтан бірнеше мыңдаған жауынгерлер қатысады. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Шапырашты Наурызбай батырлар, ақын Ақтамберді мен Үмбетей жыраулар секілді тұлғалар туған жері үшін бір ту астына жиналады. Үш жүздің біріккен әскеріне Әбілқайыр қолбасшылық етеді.
Бұл шайқас қазақтарға оңайға түскен жоқ. Себебі, мықты әрі шыныққан жоңғарларды жауыздығымен, қолбасшылық дарынымен танымал қонтайшы Қалден Серен бастап кірген еді. Дегенмен, қиян-кескі ұрыста қазақтар оларды біржолата талқандайды. Жоңғарлар кері шегінуге мәжбүр болады.
Аңырақай шайқасындағы жеңіс – қазақ-жоңғар соғысындағы шешуші оқиға. Ол қазақ жерін азат етудің бастамасы болды. Жалпы қазақтардың жауға қарсы бірігуі олардың күшті қарсыласын жеңуіне жол ашты.