Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әпенді қалқам

Айналмалы шыны есіктен әупірімдеп кірдім де:

— Директорға қалай баруым керек? — дедім швейцарға.

Өзінен жөн сұрағанға кісілігі ұстай қалса керек, швейцар маңызданып, маңғазданып, маңқайып біраз тұрды. Сонсоң иегімен оң жақты нұсқады.

Оң жақта лифт бар екен, оның есігі жанында бір кісі отыр, тегі лифтер болар.

Мен лифтіге барып кіре беріп едім, әлгі кісі жолымды бөгеп:

— Қайда кеттің? — деді.

— Директорға.

Ол: «Осылар-ақ қаңғи береді екен!» дегендей бірдеңені міңгірледі де, селқос үнмен:

— Әуелі сұрап білу керек... Біз ай қарап отырған жоқпыз ғой, — дегенді айтты.

— Ғафу етіңіз. Мен директор мырзамен жолықсам деп едім... — дедім.

— Жалғыз сені тасымаймын. Енді үш кісі келгенше тос.

— Мен өте асығыс едім...

— Асығыс болсаң, бола бер! Төрт кісіден азды лифт көтермейді.

Ол екі қолын артына салып, менің алдымда ары-бері жүре бастады; маған дертімді қайырып тұрып жауап бергені үшін өзіне-өзі дән риза кейіпте.

Лифтіге және бір кісі келе қалды.

— Қайда зымырап барасың?! Екеу-ақ екендеріңді көрмейсің бе?! — деп ақырды лифтер оған.

Әлде заманда біз төртеу болдық, төртінші боп бір әйел келді. Сәті түстілеп лифтіге ұмтылдық. Бірақ лифтер бізді қақ маңдайдан ұрғандай етіп есікті тарс жауып құлыптады да, кілтін қалтасына сүңгітіп жіберді.

— Бізге жоғары шығу керек... — деді әйел сызылып.

— Онда уақытында келу керек. Қазір түскі тамаққа баруға қоңырау соғылады... Сендер енді сағат бір жарымда келіңдер...

— Ол қалай?

— Ол солай. Түскі үзіліс кезінде лифт жүрмейді, бізде сондай тәртіп бар, — деп лифтер сағатының шынысын саусағымен түрткіледі, — сағат тура бір жарымда келіңдер, сонда жоғарыға шығасыңдар.

Менің директорға тіреліп тұрған ешқандай шаруам жоқ еді, өзімнің кешегі сүйікті шәкіртімді үлкен қызметке тағайындалғанымен құттықтап қана шықпақшы болғанмын. Шәкіртімді бала кезінен бастап кітап оқуға құмар етіп тәрбиелегенмін, ол менің кітапханамнан қалаған кітабын алып оқитын. Оның енді ірі қызметкер боп тез өсіп бара жатқанын мақтаныш етудемін. Ол маған: «Құрметті ұстазым, мені адам еткен — өзіңізсіз!» дегенде, төбем көкке жете жаздайтын. Ол Европаға жол жүріп кеткен де, екеуміздің жүздеспегенімізге бірнеше жыл болып қалған.

Мен ресторанға кіріп тамақтанып шықтым да, төңіректегі көшелерде қыдырыстап оны-мұныны көріп, сағат бір жарымда көңілдене ыңылдап лифтіге жеттім. Оның алдына бір қора кісі жиналып қалыпты. Кезекке тұрып, сарғая тосып, бір кезде жолымыз болып (жолы болған төртеудің бірі — менмін), лифтермен бесеуге толып, сығылысып жол тарттық. Мен директорға баратынымды тағы да ескерттім. Жоғары көтеріле бердік. Жанымдағылар бір-бірлеп түсіп, мен ғана қалдым. Ең жоғарғы қабатқа жеттік. Лифт тоқтап, лифтер есікті ашты.

— Ол осы қабатта ма? — дедім.

— Кімді айтасыз?

— Мен директор мырзаға баруым керек деп едім ғой!..

— Десең қайтейін!.. Кімнің не дегенін қашанғы есте сақтай берем... Шық та, екі этаж төмен түс.

Төмен түстім. Кең холл, жалпақ дәліз. Дәліздің екі жағында қатар-қатар есіктер. Әр есіктің көзінде — бір-бір вахтер. Солардың шеткі біреуіне бардым да:

— Директорға қалай барсам екен? — дедім.

Ол көз құйрығымен келесі есікті мегзеді.

Мегзелген есіктің босағасында отырған вахтерге барып:

— Директор мырзаның кабинеті осы ма, айтып жіберіңізші, — дедім.

— Жазуды оқи алушы ма едің? — деп сызданды ол.

Жарнамада: «Директордың орынбасары» деп тұр екен.

— Ал директордың кабинеті қайда?

Ауызша жауап орнына қарсыға қарай иегін марғаулана көтерді. Иектің бағытымен барсам: қатар үш есік тұр, ешқайсысында жарнама жоқ. Терезе алдында бір егде кісі шынтақтап еңкейіп газет оқып тұр.

— Ғафу етіңіз, директорға қалай баруға болады? — дедім.

Ол газеттен көз алмаған күйі:;

— Қай директорға? — деп сұрады.

Тосын сұраққа не деп жауап берерімді білмей, мешел балаша мөлиіп тұрып қалдым.

— Біріншісіне ме, екіншісіне ме, әлде үшіншісіне ме? — деді.

— Мен... мен білмеймін... Оның аты — Шетін.

— Е, әлгі шидиген арық па? Бүкір... жіпсік көз... тісі сойдиған?..

«Айызы қанып тұрғанын қарашы!»

— Маған Шетін бей керек! — дедім ызғарланып.

— Ә, білдім! Шала таз ғой... Сол, дәл өзі! Талтақ... Сол ғой? Быдық, сөзін ұға алмайсың... Одан басқа кім болушы еді! Сонда сізге бас директор керек екен ғой... Онда не шаруаңыз бар еді?

— Не шаруам барында жұмысыңыз болмасын! — деп зірк еттім.

— Мен бас директор мырзаға баяндауға тиіспін.

— Оның хатшысы жоқ па?

— Бар. Оны қайтесіз?

— Директорға барып айтыңыз, мен оған жолығуым керек. Оныкі қай есік?

— Сіз бүгінгі кезекке жазылып па едіңіз?

— Жоқ...

— Ендеше, бас директор мырза сізді қабылдай алмайды.

— Сіз оған барып баяндаңыз.

— Өйдөйт деген! Кім көрінгеннің бәрін барып баяндап жүрсем-ау!

— Мынаны директор мырзаға апарып беріңіз! — деп өзімнің визит карточкамды ұсындым.

Ол карточкамды енжар алып, қолына шошайта ұстап көріп, сонсоң аяғын ілби басып барып есіктің біреуін ашты да, құзға құлап кеткендей-ақ ғайып болды...

Оны қанша тоссам да, сол ғайып болғанынан қайтып оралмады. Мен сопиып өз жөніме кеттім.

Үйге қайтып келе жатып: апырым-ау, Шетінге телефон соқсам қайтеді деген бір ой түсті маған. Почтаға кірдім де, соқтым телефонды. Шетін тани қойды. Қуанып кеткенін дауысынан айқын аңғардым. «Келіп шығыңызшы, өтінем сізден!» дейді. «Жарайды, жақсы, қазір барамын!» дедім.

Бағанағы айналмалы есікке қайта барсам, — Шетін тосып тұр. Құшағын жая ұмтылды.

— Келгеніңіз жақсы болды ғой! Өзім іздеп барайын деп едім, сіздің жаңа адресіңізді білмедім, — дейді.

Екеуіміз лифтіге міндік.

— Шетін-ау, мені есік алдында тосып алғаның не? Мен ыңғайсызданып қалдым, — дедім.

Ол мәз боп күлді де, лифтерге естіртпей құлағыма сыбырлап:

— Себебін сонсоң айтармын, — деді.

Екеуіміз кабинетіне кірдік. Кабинеттің жиһаз-мүлкі көз тұндырады. Бас директордың бөлмесі екенін бірден-ақ білесің!..

— Шетін, қымбаттым! Сен титтей де өзгермепсің, сол баяғы бала кезіңдегідейсің. Сені дәл қазір лицейге жіберуге де болар еді. Жасың отызға жетті ме өзі?

— Отыз үштемін, ағабей.

— Отыз үште осындай ірі қызметке тағайындалғаның қандай ғанибет! Шын жүрегімнен құттықтаймын! Өңіңе қарап сені отызда деуге де болмайды.

— Өңімнің жасаңдығынан өзім де көресіні көріп жүрмін, ағабей, жұрттың ешқайсысы мені бас директор дегісі келмейді. Егер сіздің алдыңыздан өзім шықпасам, сіз менімен ешқашан жолыға алмас едіңіз.

Мен осының алдында ғана басымнан кешкен хикаяны оған айтпай-ақ қоюды жөн көрдім.

— Солай, ағабей, мен мұнда жарық дүниеден бейхабар боп жапа-жалғыз отырмын, маған ешкімді кіргізбейді, — деді Шетін.

Мен абыржи түстім:

— Сонда сені жұрттан жасырып ұстауға кімнің дәті барып жүр? — дедім, аңтарылған кейіппен.

— Шіркін-ай, сіздің келгеніңіз мұндай жақсы болар ма, ағабей! Біреу-міреумен шүйіркелесіп сөйлесуге, хал-жағдайымды айтып шер тарқатуға зар боп отырамын.

Ол үндемей сәл-пәл отырды да, сөзін қайта жалғады:

— Европадан қайтып оралысымен мені әуелі Анкараға жіберді. Мен онда көп тұрақтаған жоқпын, қызмет дәрежемді екі рет өсірді де, тура осында бас директор етіп тағайындады. Маған дейін мұнда бас директор боп бір салауатты егде кісі істепті. Ол бас директор десе дегендей екен: қарсы алдынан қарасаң — иегінен тізесіне дейін тұп-тұтас қарын, ту сыртынан қарасаң — қатпар-қатпар шүйдесі екі иығын басып тұрған бірдеңе. Мені көре сала кірпіше жиырылды. «Әпенді қалқам, жап-жас бала екенсің ғой! Алланың көзі түзу болсын саған. Міндетіңді ептеп-септеп атқарып кетерсің деп сенем», деп көлгірсіп те қойды. Жерден жеті қоян тапқандай, «Әпенді қалқам! Әпенді қалқам!» деуден жаңылмауға айналды. Жынымды ұстатты. Бір уақта төзімім таусылып: «Менің атым Шетін екенін ұмытпағайсыз!» дедім. Өзінше өкпелеп қалғансыды, бірақ маған бағынышты қызметшілердің, швейцарлардың, лифтерлердің көзінше мені «әпенді қалқам» дегенінен танбады. Маған іс қағаздарын тапсырып жүріп: «Алдымен тәжірибе керек... Әпенді қалқам, тәжірибенің маңызы ерекше!» деп тіпті жағы сембеді. Онысының сырын мен де түсіндім. Байғұстың басқа амалы қалмаған екен: өзінің ой өресі мәз емес екенін сезетін сияқты, сонсоң іштей намыстанады білем. Қызметін қабылдап алуға келген кісі өзінің баласындай ғана болған соң, шалекең неге шала бүлінбесін! «Әпенді қалқам, егер тығырыққа тіреле қалсаң, біздің курьеріміз Абдолла ағайдан ақыл сұрайтын бол. Ол үйретуден ешқашан жалықпайды» дейді. «Бей әпенді, сіз ғафу етіңіз, мен курьерден үйренуге келген жоқпын» дедім. «Әпенді қалқам, ол не дегеніңіз? Курьер екен деп адамды қор тұтуға болмайды. Мен мемлекет тік қызметтерде жиырма алты жыл істедім, бұдан да Жауапты жұмыстарда болдым, сондықтан, әпенді қалқам, сізге сырымды айтайын: курьерлерден көп ақыл алуға болады. Ал мен көрген курьерлердің ішіндегі ең тәжірибелісі — Абдолла ағай. Онымен ынтымақта болсаң — өзіңе пайда» деді. Деді де, қоңырау түймесін ба¬сып 'қалып еді, курьер жетіп келді. «Абдолла аға, мына әпенді қалқам — біздің жаңа тағайындалған бас директорымыз. Өзі әлі жас. Тәжірибесі жоқ. Бір кезде маған көмектескеніңдей, сен бұған көмектесіп жүр, ісіміз әрқашанғыдай ілгері баса беретін болсын. Сөйт, қымбаттым! Мен сенің адалдығыңа сенемін!» деді курьерге. «Өз ұлыма көмектескендей көмектесемін!... Бұған көмектесу — біздің парызымыз!» деді курьер. Мен одан әрі шыдай алмадым: «Шығыңыздар!» деп ақырып қалдым. Курьер сып беріп шығып кетті.

Бұрынғы бас директор маған сөйтіп «қамқорлық» жасап, сөйтіп менің «беделімді» көтерді.

Ал ісін тапсырып болып, біржола кететін күні ол: «Әпенді қалқам, маған рұқсат етіңіз, сізге өзіміздің қызметкерлерді таныстырайын» деп қарап тұр. «Бей әпенді, текке әуре болмаңыз, өзім-ақ таныса жатармын» дедім. Дегенімді қайтейін, қызметкерлеріміз оның қас-қабағын бағып, мені тіпті көздеріне де ілмеді. Менде көнбеске шара қалмады.

Бұрынғы бас директор мені зор қошеметпен қолтықтап, қолпаштап, залға алып кірді. Менің ондайды ұнатпайтынымды, ағабей, сіз жақсы білесіз ғой, бірақ ол жерде мен: «Жарайды, шалекең кетерінде құмарынан бір шықсын да, сөйтіп қарасын батырсын», деп ойладым.

Кәрі албасты сол сәтте қолын менің иығыма салды да: «Құрметті халайық! Сіздерге өздеріңіздің жаңа бас директорларыңызды таныстыруға рұқсат етіңіздер!» деді. Сонсоң мені жас баланы еркелеткендей-ақ иегімнен қолының ұшымен көтеріңкіреп тұрып: «Біздің бұл әпенді қалқамызды, жасөспірім бас директорымызды ренжітіп алмай сыйлап жүретіндеріңе мен сенемін» деп мені әкелік мейіріммен бетімнен қаққылап-қаққылап қойды.

Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Амал не?!. Қоштасқанымыз осы болсын деп оны құлақ-шекеден қонжита бір ұрып, залдан шығып жүре берсем бе еді?.. Бәрі де ойда жоқта болған соң, омалып тұрып қалдым, жынды кісіше күле берем. Ал шешенім ко- сілтіп сөйлеп тұр: «Құрметті жора-жолдастар! Сіздер «ақыл — жастан, асыл — тастан» деген мақалды білесіздер. Біздің мына жас досымыз, өзінің жылғындай жастығына қарамай, сонау Европада болып қайтыпты, талай кітапты оқыпты. Біздің қызметкерлеріміз мені қалтқысыз сыйлап үйренген қасиеттерін сақтайды деп, біздің мына әпенді қалқамыздың, біздің жасөспірім бас директорымыздың тілін алады, тапсырмаларын орындап жүреді деп мен кәміл сенемін. Уа, достарым, мен сендерден біздің мына айналайын әпендіге, қымбатты бас директорымыз мырзаға ақыл-кеңес беріп жүруді ұмытпауды сұраймын. Біздің қымбатты жасөспірім бас директорымызға өздеріңнің бай тәжірибелеріңді жалықпай үйретуге барлық күш-жігерлеріңді аянбай жұмсайтындарыңды айтып маған уәделеріңді беріңдер!» деді. Біреулер: «Береміз» деп айғай салды. Қарқылдаған күлкі залды қаң жарғандай болды. Мен күлерімді де білмей, жыларымды да білмей, тура өртеніп тұрмын. Бірдеңе деп далбасалағым келді. «Рұқсат болса...» дей беріп едім, бұрынғы директор мені бас салып құшақтай алды да, тұншықтырып жібере жаздап қысып көтеріп, екі бетімнен кезек-кезек сүйді. Сонсоң қолын салтанатпен көтеріп: «Аяулы достарым, қош болыңдар!» деді де, көзіне іркілген жасын жүре сүртіп, залдан шығып кетті. Залда отырған жұрт та көз жастарын сығып-сығып тастап, бұрынғы директордың соңынан тұра-тұра жөнелді. Кейбір кексе әйелдер өксіктерін тия алмай кетті. Зал ортасында омалған күйімде мен ғана қалдым...

Сол кезде, ағабей, біз қайынбикемнің үйінде уақытша тұрғанбыз да, қолайлы пәтер іздеп жүрген болатынбыз. Анкарадан ауысып келе салысымен-ақ іздеуге кіріскенбіз, бірақ табыла қоймай, табылғанына қалтамыздың қауқары жетпей жүргенбіз. Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шығып, қызметтің қырсығы және қосылды. Кіммен сөйлесе қалсам да, бетіме аянышпен қарайды және «әпенді қалқамын» көлденең тарта қояды. Қылаяғы машинистка да: «әпенді қалқам» деп сөйлеседі.

Ертеңді-кеш еститінім: қалқам, өйте қойшы, қалқам, бүйте қойшы, деген сөздер. Мен мұнда бас директор емес сияқтымын, асырап алынған жетім бала сияқтымын...

Қағаздарды реттеп қарай бастап едім, — миым ашып кетті, ұсақ-түйек шаруаның бәрі, бүйректен сирақ шығарып дегендей, шатыстырылған. Ешбір істің бас-аяғын айырып алуға болмайды. Біреуінен сұрап түсініп алайын десем, мұндағылардың бәрі жауырды жаба тоқып, тіпті маңдарына жуытқылары келмейді. Курьерінен төресіне дейін бәрі ымдасып-жымдасып алған, қарғаның көзін қарға шоқымайды.

Жұмысты дұрыс жолға қою үшін күні-түні істеуге тура келіп жүрді. Бірде түннің бір жеріне дейін отырып қалған екенмін, — мысықша жымып басып, ұрыша жылмиып курьер кірді. «Әпенді қалқам, бұрынғы бастығым сізді өзіңнің ұлыңдай көріп қорғаштап жүр деп еді...» дейді. Мен орнымнан ұшып тұра жаздадым: «Жоғал!» деп ақырып қалдым. Ал ол ақымақ ұлының білместігін кешіре білетін мейірімді екелерше жылы жымиып қарап: «Әпенді қалқам, шық десең, әрине, шығам ғой, әйтседе, бір ауыз сөзіме құлақ салшы...» деді. Мен одан ермен ашуланып: «Шық, көке!» деп тебіттім, — ал ол тіпті селт етер емес, тейтиіп тұрып алып, фәлсәфәсін соға берді: «Әпенді қалқам, сіз жұмысқа ұсақ-түйек қызметкерлермен қатарласып тым ерте келесіз. Солармен бірге қайтасыз, кейде олардан да кеш кайтасыз. Өйте берсеңіз, әпенді қалқам, олардың сізге еті үйреніп алады да, е, өзіміз сияқты біреу екен ғой деп сыйламайтын боп кетеді. Әпенді қалқам, сіз мені ғафу өтіңіз, сіз менің ақылыма құлақ қоймай, бай тәжірибемді басшылыққа алмай жүрсіз. Сіз қалай десеңіз де, менің мұнда қызмет істегеніме бақандай жиырма төрт жыл болды. Осынша уақытта мұнда неше директор келіп, нешеуі кеткенін ойлап көріңізші. Мен — сенің әкеңдей адаммын...» деді.

Ағабей, сіз менің морт кететінімді білесіз ғой. Сол жолы да шұғыл шешім жасадым, оны жұмыстан қуып жіберуді ұйғардым: «Дереу қараңды батыр! Табаныңды жалтырат! Бұл маңға жуушы болма» дедім.

Ол есіктен шығып үлгірер-үлгірместе менің орынбасарым мен екінші директор кіріп келді де, екеуі екі жағымнан сарнап қоя берді. Бірі бастап, екіншісі қостап: «Әпенді қалқам, сіздің ісіңіз, әрине, дұрыс... Бірақ, жаңағы кісі — біздің мекемеміздің ардагері... Әпенді қалқам, сіз, әрине, білгірсіз, бірақ жаңағы курьерді жұмыстан шығаруға болмайды... Біз — сіздің жасы үлкен ағаларыңызбыз, не айтсақ та, сіздің өзіңіз үшін айтамыз...» дейді. Олар кетіп еді, басқалары жетіп келді. Ол келгендердің де айтарлары сол. Бірінің ізімен бірі келіп, бірінің сөзін бірі қайталап, мені қақпақылдап-ақ бақты... Курьерді жұмыстан қуып шықсам, — құлағымнан қаңқу кетпесін, миымнан шаншу кетпесін ұқтым. Сонсоң оны басқа бір жұмысқа ауыстырдым. Сол-ақ екен, бәрі ұлардай шулап шыға келді: «Ондай тәжірибелі адамды маңайыңнан неге қуасың, өз орнын өзіне бер!» деп қасарысып отырып алды, — көнбеске шарам қалмады.

Бір күні кабинетте жұмысбасты боп отыр едім, ол жамбастап тағы келді. «Әпенді қалқам, рұқсат етіңіз... Сіз маған ренжи көрмеңіз... бұрынғы директор маған сізді өз ұлыңдай көргейсің деген соң... Сіз бәріміздің қызметімізді жалғыз өзіңіз атқармақшысыз. Әпенді қалқам, оныңыз жарамайды... Басқалар да істесін...» деді. Әрең шыдап отырдым. Мысқылмен күле қараймын. «Жарайды, ескеремін...»дедім.

Ертеңінде жылмиып тағы келді. «Әпенді қалқам, жоқтан өзгені сылтауратып келгеннің бәрін неге қабылдай бересіз? Ондай оңай олжа, мол қалжа қылығыңыз өзіңіздің де, сіздің мына мекемеңіздің де беделін түсіреді. Бұл жұрт қажет шаруаның оп-оңай шешіле салмайтынын ұғуға тиіс... Менің мұны тек сіздің абыройыңыз үшін айтып отырғаным аллаға аян... Қазір мен былай қалдым, менімен ешкім санаспайтын болды. Менен жөн сұрауды қойды. Баса-көктеп тура сіздің қасыңыздан бір-ақ шығады...» дейді.

Оның ертеңінде келіп айтқан ақыл-кеңесі — өз алдына бір жатқан өсиет: алдын ала келіп тізімге жазылмағандарды қабылдамау керек екен, жазылғандардың өзін ол аптада қабылдамай, қазір жұмыс бастымын деп, келесі бір аптада ғана қабылдау керек екен; яғни, менде шаруасы барлар маған дейін .швейцарлардан, курьерлерден, бөлім қызметкерлерінен, бөлім меңгерушілерінен, барлық үш директордан жөн сұрауға, солардың алдарында жалынып-жалпайып біраз жүруге тиіс көрінеді. «Егер өйтпесең, әпенді қалқам, сенің құның беш-ақ тиын. Бас директор сұсты болуы керек, оның кабинетіне жету қыл көпірден өткенмен бірдей болуы керек!..» деді Абдолла.

Ағабей, сіз оның сөз астарын аңғардыңыз ба? Олардың ешқайсысы бір ғана жалақымен жан сақтап жүрген жоқ. Жаңағыдай жолдармен мал тауып, құрыққа сырық жалғап дәндеген. Мен өйтемін, мен бүйтемін деп пара алып, бірдің орнына екі алып, тегін табысқа кенелген.. Ал мен келген күннен бастап ондай көлденең кірістен қағылды ғой.

Сөйтіп, қазір менің қақпанға түскен қасқырдай арпалысып жүріп жатқан жайым бар, ал бала-шағам күні бойы пәтер іздеп сенделіп жүр. Айына алты жүз төлеуге болатын бір тәп-тәуір пәтер тапқан екен, пәтер иесі бір жылдың ақысын қолма-қол бер деп қасарысып қалыпты. Әйелім маған: «Үй иесі сенің мекемеңде істейтін көрінеді. Сөйлесіп көрші, мүмкін қасарысқанын қояр» деді. «Ол кім екен?» деймін. «Директорлардың бірі сияқты, аты — Абдусәлем бей» дейді. Қанша ойлансам да, ондай атты естімеген боп шықтым.

Жексенбі күні таңертең әйеліміз екеуіміз пәтерді көруге аттандың. Үш қабатты үлкен үй екен, кіріп иесін іздедік, шақырып берді. Үй иесі кім екен дейсіз бе? Ол — менің курьерім, баяғы Абдолла ағамыз!

Түсіндіңіз бе, ағабей? Мен қолайлы пәтер таба алмай қор болып жүрмін, ал менің курьерім хан сарайындай үйде тұрады. Ол қысылып-қымтырылған жоқ: «Әпенді қалқам, мен сізді өз ұлымдай көретін боламын деп бұрынғы бастығыма уәдемді бергенмін, сондықтан пәтерақының бір жылғысын емес, жарты жылғысын ғана ала тұрайын» деді. Онысынан бұрын әйелімнің көзінше «қалқам» дегені шымбайыма батып кетті. Бірақ, мен аузымды ашып үлгіргенше: «Егер көңіліңіз қаласа, мен сұраған жылдың пәтерақыны сіз бір-ақ айда табасыз!» деді ол. «Қайтіп?» деймін. «Қызметте кім көрінгенді қабылдай бермесеңіз болды емес пе. Біз сияқты курьерлер мен күзетшілерге де майлық-шайлық нәпақа керек...» дейді.

Сонымен, біз сопиып қайттық... Хал-ахуал осы, ағабей.

Мұнда келгеніме жақында екі ай толады. Бытысқан жұмысты қайтіп оңдап аларымды білмей миым айналып жүрмін. Мыналар дізелерін ажыратар емес. Былықтарының тым құрыса біреуін аша алсам, — бұлардың барлық құпиясын жіпке тізіп, айпарадай етер едім! Соны сезеді де, менің төңірегіме ертеңді-кеш тор құрып, маған ешкімді қатыстырмайды. Торларын тас-талқан етпек те болдым. Кеңсенің бірінші қабатында анықтама бюросын да аштым, бірақ, олар ешкім көрмесін деп оның жарнамасын тұмшалап бүркеп тастайды.

Сіздің алдыңыздан өзім шыққан себебім осы, әйтпесе сіз мені көре алмайтын да едіңіз. Іздеп келгендер менің кабинетіме жарты айда әрең жететін көрінеді.

— Ал енді қайтпекшісің? — дедім Шетінге, әңгімесін тыңдап болған соң.

— Анкараға барып, министрмен ақылдассам деймін. Ол да жаңада ғана тағайындалыпты. Мен онымен таныспын, керемет жақсы кісі. Бар-жоқ көріп-білгенімді айтып берем.

— Дұрыс делік, сонда ол саған не көмек көрсетеді?

— Әрине, ол мұндағылардың бәрін ауыстыра алмайды. Ал ауыстырмайынша жағдай да түзелмейді. Тым болмаса үштен бірін ауыстырып берсе, жарар-ақ еді.

— Ендеше, алла жолыңды оңғарсын!..

Шетінмен көңілім күпті болып қоштастым.

Бірнеше айдан кейін мен Шетіннің отставкаға шыққанын естідім. Содан біраздан соң екеуміз кемеде жолғастық. Жүзі сының екен. Отставкаға шыққан себебін сұрағанымда ол былай деді:

— Мен министрге бардым да, мекемемдегі жағдайды жасырмай баяндап бердім. «Мен бәрін біліп отырмын, деді ол, жағдайды оңдаудың бір ғана жолы — барлығын орындарынан алу керек!.. Сенің мекемеңдегілерді ғана емес, министрліктегілердің бәрін қуу керек. Жақсы, барлығын қуайың, бірақ, олардың орындарына кімдерді қоямыз?.. Яғни, бұлай істеуге болмайды, оған біздің шамамыз жетпейді». — «Сонда не істеуіміз керек?» деймін. Министр айтады: «Не отставкаға кетуіміз керек, не шыдауымыз керек» дейді. Үш айдан кейін мен отставкаға кетіп тыныш таптым.

— Ал министр ше?

— Ол отыр әзірше. Оның орнына біреуді тағайындайды екен деп естідім жуықта. Газеттерден үкімет дағдарысы туралы жазылғандарды оқыған шығарсыз?

— Министрліктің барлық қызметкерлерін ауыстырғаннан, әрине, министрді ауыстыра салған әлдеқайда оңай ғой.

— Былықтың көзі, ағабей, бір ғана министрлікте емес-ау!..

— Өзің қазір қайдасың, не істеп жүрсің?

— Өзім қазір... жұмыссыз жүрмін...

Сол жолдан соң мен Шетінді кепке дейін көрген жоқпын. Ол саясатпен шұғылданып жүр деп естідім, газеттерден аты-жөнін көріп қалатын болдым. Ақырында ол белгілі қайраткер боп шықты, министр болды. Тек бір кезде өзі бас директор болған министрлікті емес, басқа біреуін басқарды. Мен онысына қатты өкіндім. Баяғы өз министрлігіне барса ғой, жағдайды мықтап тұрып түзетіп алар еді... Сонда да болса мен оның өскеніне шынайы қуандым. Министрліктегі жағдайды мықтай алмаса да, өз қалтасын мықтап алды.

Газеттен оның тағайындалғаны туралы хабарды оқи салысымен оған: «Әпенді қалқам, құттықтаймын!» деп телеграмма соқтым. Ол маған жауап хат жазып, Анкараға келіңіз деп шақырыпты. Бардым. Ол мені дереу өз қол астына қызметке алды.

Еңбекақым онша көп емес, айына бір мың сегіз жүз лир ғана аламын. Қызметте таңертеңнен түске дейін ғана боламын. Мүлде бармай қойсам да, мені керек қылып іздейтін ешкім жоқ. Үйде оны-мұны бір тығыз шаруам боп қалғанда болмаса, қызметке күнде барып жүруге тырысамын.

Күні бойы үйде отырсаң, ішің пысып өлерсің!..

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама