Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Кеңірдегіңді аяма!

Қара жолдың қаң үстінде екі кісі қырғын төбелес салып жүр, біреуі мылқау сияқты, екіншісі жер-көкті күңірентіп барқырап жүр. Халық екеуін қаумалап алған. Әлдекім тұрып:

— Төбелестің көркі — айқай. Кеңірдегің қып-қызыл ет боп кеткенше айқайлау керек... — деді.

Төбелестің бүге-шігесін түгел білетін бұл кім деп оған қарап едім, — шынашақтай ғана шидиген біреу екен.

— Мен білем ғой, — деп қойды ол.

Екеуміз төбелескендерді қаумалағандардың қалың ортасынан жырылып қатар шықтық. Ол сөз бастады:

— Қиырдағы қалашықта жұмыс істеп жүрген кезімде бір жылы демалысымды Стамбулда өткіздім. Бір жылда өйтіп-бүйтіп екі мың теңгеден астам ақша жинап алғанмын. Демалысым біте бергенде бір бикешпен таныстым. Оны алдап-сулап, сылап-сипап жүруге уақытым қалмағандықтан: «Маған тиесің бе?» дедім төтесінен. Оның жауабы да келте болды: Жаным-ау, менің аңсаған арманым өзіңсің ғой!» деп мойныма асыла кетті.

Он екі мүшесі сау ма, жоқ па, жақсылап көріп алайын деген оймен оны жағажайға жетектеп алып бардым. Екеуміз қатар тұрған екі күркешікке кірдік. Мен шешініп шықтым, ал қыз шығар емес. Ары тостым, бері тостым, сонсоң күркешігіне бардым, — қыз жоқ. Басқа күркешіктерді де сүзіп шықтым, — қалыңдығым да, ақшам да ұшты-күйлі жоқ! Жын ба, шайтан ба?! Ә, құрып қал, деп қолды бір-ақ сілтедім. Оларды іздеймін деп жүріп күн өткізіп алсам, мені жұмыстан шығарады да тастайды.

Жанымда қалған ақшам жарты жолыма ғана жетті. Амал не, бір бейтаныс станцияда түсіп қалдым. Асқазаным ән салып тұр, қалтада қара бақыр да жоқ. Үйге жету үшін енді екі күн жаяу жүруім керек. Не істеймін? Не істеуші едім, қалашықты бетке алып жолға шықтым. Жүріп келемін. Жол таусылар емес. Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Арып-ашып, аяғымды әрең басып келе жатырмын, көзім бұлдырай бастады. Айналам — қу дала, қарайған бұта да жоқ. Аштық пен шөл қатар діңкелетті.

Ілбіп келемін. Алдыңғы жақта әлде алмұрт, әлде алма ағашы сияқты бірдеңе қараяды. «Ненің ағашы болса да мейлі, ең құрығанда жапырағын талғасам да, қайда жатыр» деймін. Оған дейінгі жүз қадамдай жер маған жүз километрден де алыс тәрізденді. Әлде заманда ағашқа жетсем, — қара өрік екен. Күнге күйіп-күйіп құр сүйегі ғана қалған дерсің. Лезде сыпырып-сиырып соғып алдым. Ағаштың жанында бастау да бар екен. Суы қышқылтым болса да шөлім қанғанша іштім. Құдайдың бергеніне шүкір деп тағы да жолға түстім. Жарты сағаттан соң бір ауылға жеттім.

Фонтаны бар кофехана жанында бірнеше шал отыр екен. Олардың біреуі маған жылы қарап: «Жол болсын, жолаушым! Бұрылып мөп-мөлдір салқын су ішпейсің бе?» деді. «Рақмет, жаңа ғана жолда бастаудан ішіп алдым». Шал маған кәдімгідей таңдана қарады: «Бастаудан ба? Немене, асқазаның аурушы ма еді? Ол — шипалы су, асқазанды жақсы тазартады. Оның күштілігі соншама, артыңа тығын тығып қойсаң да бір-ақ ытқытады!»

Ол аузын жауып үлгіргенше менің ішім бұрап ала жөнелді. «Алла!» деуге ғана мұршам келіп, шалбарымның түймесін ағыта-мағыта, бұтаның арасына қойып кеттім.

Айтып-айтпай не керек, ауылдан өтіп болғанша, одан кейін де әр он-он бес минут сайын тұра жүгіруден көз ашпадым.

Аяғымды сүйрете басып ілбіп келемін. Бір қырқаға шығып едім, арғы астында тағы бір ауыл көрінді. Ортасындағы алаңқайда жыпырлаған халың. Зурна үні естіледі. Бір кезде жұрт маған қарай лап қойды. Мен қай бұтаның түбіне жүгірсем екен деп тұрғанмын. Жұрт мені қаумалап алып: «Құрметті чемпион! Қош келдің! Чемпион!.. Палуан!» — деп даурыға айқайласып, мені қолпаштап ала жөнелді.

Ауылға кіре бере ішім тағы бұрап кеп қалды. Шыдатар емес! «Ғафу етіңіздер!» — дедім де, ішімді құшақтап алып, мешіттің ауласына сүңгіп кеттім...

Ауыл халқы алаңға лық толған. Аяңдап ауладан мен де шықтым. Екі кісі мені қошеметпен қарсы алып: «Бас палуанға тайынша беріледі!» деп хабарлады.

Мен аң-таңмын. Алаң шетінде ошаң асылып, ет пісіріліп жатыр. Сілекейім шұбыра бастады.

«Батыр, қашан бастаймыз?» — «Немене, сендердің салттарың ба бұл? Ауылдарыңа келгендердің бәрі күресуге тиіс пе?» — «Мазақтағың келеді, ә, чемпион? Сені бүгін біз шақырдық емес пе?»

«О, тәңірім-ай! Мынау пәле болды-ау! Чемпион емеспін десем, аузым аппақ болғалы тұр! Күресіп байқайын: не жығармын, не жығылармын... Біраз жағаласып көрейін, шатаққа айналып бара жатса — шалқалап жата қалармын. Тамаққа тойғызса, болды!..»

«Өй, менің киімім жоқ қой...» деп ептеп бұлданғым келді. Үлгермедім, — ішімді басып тағы тұра бездім...

Қайтып келіп қарасам, — ұнағанын кисін деп палуанның киімдерін үйіп қойыпты. Ал еттің иісі аңқып-ақ тұр...

«Чемпион түзге неге жүгіре береді?» — деп күбірледі әлдекім. «Үстіне май жағып жүрген шығар...»,. «Осы да палуан ба? Инеліктей имиген бірдеңе...», «Құлағынан көтеріп тұрғызғандай ғой?», «Сиқында нең бар! Жігіттің құдіреті бетінде емес, білегінде», «Кейбіреу тоқпақтай болып-ақ түйені көтеріп кетеді!..»

Палуан киімдерінің біреуін киіп көріп едім, — мен сияқтының онына бірден сыйып кеткендей екен. Басқасы да кең болды, әйтседе біреуін иығыма іле салдым.

Барабан дүңкілдеп, зурна сарнап қоя берді. Менің бәсекелесім де пайда болды: төбесімен көк тіреген дәудің өзі. Мен оның бір санындай ғанамын.

Палуандардың күрескендерін әлденеше рет көргенім бар, олар қаһарлана айқайлап күш шақырып, бәсекелестерін де айдындырып бағатын. Маған да сөйткеннен басқа не қалды енді? Түрімді түнертіп, санымды сабалап, бар пәрменіммен ақырып кеп қалып едім — асқазаным аузымнан атқып кете жаздады. Бәсекелесім селк ете түсті. Соны байқадым да, бүріп тастардай боп шүйілдім. Анау шегіншектей бастады. Біразға дейін сөйтіп алаңды кезіп аңдысып жүрдік.

«Сақтан!» — деп қаһарлана тағы бір айқайлап, санымды тағы сабалап қойдым.

«Ойбай-ау, ананы қара, біздің палуан чемпионға беттей алмай, сенің тазы итіңше тайсақтап жүр!» — «Өйтпегенде ше! Анау бір ұстаса, сүйегіңді күл қылар!» — «Қолына, қолына қараңдар! Оңдыратын түрі жоқ!...»

Мен бәсекелесіме: «Менің айқайымнан сескенбей-ақ қой, сен ұстай алсаң болды, — мен өзім-ақ жата кетемін. Сенімен ұстасып өле алмай жүргем жоқ...» деп сыбырлауға тырысамын. Ал ол қашқалақтап жолатпайды. «Сақтан!» — деп бақ ете түсіп едім, бәсекелесімнің өңі құп-қу болып кетті. Сол сәтте аңдамай онымен соғылысып қалғаным ғой, — сүйегім тура шашылып түсе жаздады. Әйтседе, «Достым, бері қарашы...» — деп сыбырлап үлгірдім.

Ал ол болса, қарадай қалш-қалш етіп: «Құрметті чемпион... Тәңір тілеуіңді берсін, мені ауылымның алдында масқаралай көрмеші... Сенің даңқыңа қанықпын... Мені мертіктіріп тастап жүрме... Саған шамам жетпейтінін білем... ауылдағы палуан мен болған соң, қайтейін, мені болмай шығарғандары...» — деп күбірлеп тұр.

Соғылысып қалғанымда ішім солқ ете түсіп еді, содан болар, тағы бұрай бастады. «Тез жата қалсаңшы, — деп сыбырладым палуанға. Сонсоң қаһарлана айқайлап: — Құрисың!.. Сақтан!...» — дедім. Ол сылқ етіп жата кетті, мен үстіне құлап түстім, сол сәтте ішім де әкетті дейсің, — мешіттің ауласына кіргенше әрең шыдадым...

Ауладан әлде заманда шықтым. Әлсірегендіктен аяғымды әрең басамын. Бәсекелесім иіліп келіп менің қолымды сүйді. Біреу мөңіретіп тайынша жетектеп келеді. Біреу аузыма ішімдік тосты. Ішімдікті қағып салып едім, бойым жеңілдеп жүре берді. Қазан-ошақ жаққа көз жүгірттім...

Біз той дастарқаны басына тізе бүге бергенімізде баяғы қырқаға салт атты біреу шыға келді. Желдіртіп жетіп те үлгірді: адам емес — құдды дәу!

«Күресті қоя тұрып қарынды толтырып алайық дегенсіңдер ме?» — «Күрес аяқталғалы қашан! » — «Аяқталғаны қалай? Мені шақырған сендер емессіңдер ме! Мен — чемпион Жүсіп Ақкөпіримін!

Ішім қылп етті. «Ғафу етіңіздер, мен қазір...»

Жаңа ғана қолымды сүйген бәсекелесім енді мені бас салып, тыраң еткізіп тулақша лақтырды. Сонсоң...

Сонсоң мені лақша сүйретті, допша тепкіледі... Мен ішімді басып әлекпін; бір минутқа жіберіңдерші деп жалынамын. Бір уақта сытылып шықтым-ақ, бірақ мешітке жете алмай қор болдым...

Менің: төбелес көркі — айқай, кеңірдегіңді аямай айқайлап, қарсыласыңды шошытып ал дегенімнің себебі осы... Ал егер айқайыңнан дәнеңе шықпайды екен, онда отырған бұтаңның түбінде отыр, тырп етпе!..

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама