«Піл» атанған Хамди қалай ұсталды
Стамбулдың қауіпсіздік басқармасынан барша уәлаят басқармаларына мынадай шұғыл телеграмма жөнелтілді:
«Үш күн, үш түн бойы сілелері қатып күзетте тұрған екі полицейіміз қалғып кеткен бір сәтте «Хамди Піл» деп аталатын кәнігі баукеспе ұры із-түзсіз ғайып болды. Қашқын: отыз бес жаста, ұзын бойлы, салмағы — екі жүз килограмм, өңі шикіл сары, үш тісі жоқ, жоғарғы бір азу тісі жамалған, төменгі бір езу тісі алтынмен қапталған, қоңыр жолақ костюм киген, шашы сеп-селдір, дөңгелек жүзді, қой көзді. Оның қашып кеткені тәптіштеп тексеру нәтижесінде әбден дәлелденді. Егер ол Хамди Піл Сіздің қарауыңыздағы полиция участоктерінің бірінде жылт ете қалса, не полицейлеріңіздің біріне жолығып жөн сұрай қалса, оған бізден дұғай-дұғай сәлем айтқайсыз, бізді әуре-сарсаңға салмасын, қолы тиген күні Стамбул қауіпсіздік басқармасына келіп күнәсін жуып-шайсын. Баукеспе Хамди Пілдің фотосуретін де жіберіп отырмыз».
* * *
Бір уәлаяттың вокзалында екі полицей сөйлесіп тұр.
— Рамазан, қарашы, достым: сусын сіміріп тұрған анау бір қу әлгі Хамди Пілдің дәл өзі-ау деймін.
— Мм... Ұқсайды екен... Суретін көрсетші...
Полицей қалтасынан бір суретті алып, серігіне ұсынды.
— Әй, Махмұд, мынау сенің өзіңнің суретің!
— А?! Е, әлгі мейрам күні түскенім екен ғой. Жақсы шыққан, ә?
— Жақсы шыққан! Тек сәл-пәл күлімсіреп түсуің керек еді. Кәне, Хамди Пілдің суретін көрсетші.
Махмұд қат-қат суреттерді суырып алып қарай бастады.
— Мынау менің ұлымның суреті... Мынау менің әскердегі кезім. Мынау... мынау кім, ей, Рамазан?
— Бұл әлгі-і-і... контрабандист Думан Әли. Бұл қазір апиынмен мал тауып дәнігіп жүрген жоқ па.
— Өй, мынау баяғы мейманхананы тори беретін Субхи сойқан ғой... Қырсыққанда суреттердің араласып кеткенін қарашы!
— Бол енді, Пілді тап!
Махмұд пен Рамазан суреттерді ақтарып қарай бастады.
— Болсаңшы, ей, Махмұд! Анау ішерін ішіп болды, қазір тайып тұрады!
— Жан-жағына жалтақтауы жаман!
— Таптым! Міне! Дәл өзі!
Екеуі күдікті кісінің қасына жетіп барды.
— Кәнеки, жерлес шырақ, тоқтай қал!
Екеуі біресе суретке, біресе жерлестеріне қарайды.
— Шырағым, кәне, былай қырындаңқырап тұршы!
— Рамазан, мынау оған ұқсамайтын сияқты!
— Комиссар мырзаның өзі көрсін. Ол кісі тани біледі.
— Кәнеки, жерлес шыраң, жылжы! Бізбен бірге участокке барасың!
* * *
Басқа бір уәлаятта екі полицей базарда сөйлесіп тұр:
— Шүкір-еке, екеуімізде жұртқа қарар бет қалмады. Кешке дейін салпақтап босқа жүрміз, Хамди Пілді ұстай алмадық.
— Мына келе жатқан сол емес пе, ей?
— Иә, мынау сол сияқты, жүрші, өзінен сұрайықшы.
— Мырза, сіздің атыңыз кім?
— Мұстафа.
Полицейлер: «Мұстафа» дейді», деп күбірлесті.
— «Мен Хамди Пілмін», — деп кім саған шынын айта қояды.
— Мынауың талайды шоңқитқан қу шығар.
— Мырза, бізбен бірге жүрсеңіз қайтеді?
* * *
Тағы бір уәлаяттағы кофеханада да екі полицей бір-біріне сыр ақтарып тұр:
— Кеше мен Хамди Пілдің бақандай үшеуін ұстап бердім, бірақ, комиссарға солардың тым құрыса біреуі де ұнамады.
— Біздің комиссар қазымыр пәле емес пе!
— Ақырын сөйле! Әй, анау шай ішіп тұрған қуға көз салшы.
— Өй!.. Дәл өзі!
— Әлгі қағазда оны жардай деген жоқ па еді, ал мынау тарамысына ілініп әрең тұр.
— Жүдеген ғой! Қашып-пысып жүру оңай ма?!
— Оның рас... Бірақ... мынау қара торы. Ал Хамди Пілді шикіл сары деген.
— Тау-тасты кезіп шырқырап безіп жүрсе, өңі тотықпақ тұрғай... көрмейсің бе, әне, шашы да күнге күйіп кетіпті.
— Рас-ау! Бірақ мынаның шашы қанша күйсе де, әлі қап-қалың екен. Ал әлгі қағазда Хамди Пілдің шашы сұйық деген болатын.
— Танып қоймасын деп парик киіп алған шығар.
— Онда несіне қарап тұрмыз? Жүр, сойқанды дереу тұтқындайың!
Екеуі бейтаныстың жанына барды.
— Сенің атың кім?
— Хамди.
Полицейлер бір-біріне қарап жымың-жымың етісті.
— Участокке жүр, кәне!
— Не дейсіз? Не боп қалды?
— Сөзді доғар! Участокқа барған соң білесің.
* * *
Тас жолдың асфальтталған тұсында тұрған екі полицей көлденең өтіп бара жатқан бір кісіні тоқтатты.
— Кәне, аузыңды аш!
— Аузымда дәнеңе де жоқ.
— Онда тіпті жақсы. Аш деген соң аш, кәне! Анау аузын ашты. Полицейлер оның тісін тексеруге кірісті.
— Қағаз қайда, қарашы, Пілдің неше тісі жоқ деп еді? — деді бірі.
Екіншісі қағазды алып оқи жөнелді. « — ...Үш тісі жоқ, жоғарғы бір азу тісі жамалған, төменгі бір езу тісі алтынмен қапталған». Полицейлер енді тіс санауға кірісті.
— Бір, екі, үш... төрт... Қипақтамай тұр! Жаңылдырып жібердің! Бір, екі, үш, төрт, бес... Жиырма төрт! Мынаның тісі жиырма төрт-ақ!
— Жиырма төрт-ақ па? Сонда нешеуі жетпейді? Әй, сенің неше тісің жетпейді?
— Сегізі.
— Жұлып тастаған ғой. Танып қоймасын деп мынау өз тісін өзі жұлып тастапты.
— Полицей мырза, менің тістерім түгелдей жасанды тіс. Өз тісімнің біреуі де жоқ.
— Қағазға қарашы! Жасанды тіс туралы ештеңе жазбап па?
— Ештеңе жазбапты. Ұмытып кеткен шығар. Құдай біледі, ей, мынау — сол Пілдің дәл өзі! Астыңғы азу тістерін көрші. Әне, алтын тісі жарқырап тұр! Кәне, мырза, аяңдайық!
— Қайда?
— Участокқа. Бол, бол, тез!
Уәлаяттардың қауіпсіздік басқармаларынан Стамбул басқармасына қарай телеграмма қарша борап жатты:
«Пәлен күнгі пәлен нөмірлі телеграммаға жауап.
Біздің уәлаятта он төрт Хамди қолға түсті, он төрті де қоңыр жолақ костюм киген, сегізінің алтын тісі бар. Жаңа жарлығыңызды құлдық ұра тосулымын: осы ұстағандарым жете ме, ризасыз ба, әлде тағы да ұстай берейін бе?»
Келесісінің айтқаны:
«Түглен күнгі түглен нөмірлі телеграммаға жауап:
Біздің уәлаятта салмағы жүз сексеннен екі жүз килограмға дейін жететін екі дожна1 Хамди Піл ұсталды. Тәуір таразымыз болмағандықтан салмақтарын анық айтып бере алмай отырмыз. Барлығы да қой көзді, бәрінің де Хамди Піл екені даусыз. Бәрін де сіздерге жөнелттік. Тағы да іздеп жатырмыз. Қолға бір түскенін бір, екі түскенін — екі дереу Бас басқармаға жөнелтіп отыратынымды қалтқысыз құрметпен хабарлаймын».
* * *
Стамбул қауіпсіздік басқармасы жер-жердегі басқармаларына былай деп телеграмма соқты:
«Осы ұстағандарыңыз да жетер деп ұйғардық, түрме атаулы түгел толды.
Барлықтарыңа алғыс айтамын және жаңадан жарлық барғанға дейін Хамди Пілді іздеуді тоқтатуды ұсынамын».
Е с к е р т у: Қашып кеткен Хамди Піл ұсталды.
Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ