Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ақбота емшінің аруақтары

1998 жылдың көктемінде аруақтардың көмегімен емдейтін тағы да бір емшімен таныстым. Жаңаөзен қаласындағы туыстарымыз бір керемет емші әйел келіп жатқанын айтып, шақыра берген соң, жұмысты сылтауратып, 3-4 күнге Жаңаөзенге бардым. Диагноз қойғанда аузыңды аштырмайды, бәрі нақпа-нақ жорамалдап, соға береді деуге тіпті болмайды.

Емдейтін адамын алдымен қабылдап, тамырын ұстайды. Сонан соң жалпы сеансқа шақырады. Соңынан массажға жібереді, өз адамдары бар. Ең қызығы, пышақсыз операция жасайды.

Барған бойдағы ойым, бірнеше күн сеансқа қатысып, массаж алу болды. Туыстардың көңілі үшін барған соң, осы да жетер деп ойлағанмын. Оның үстіне маған ешқандай гипноз, емшінің сеансы әсер етеді дегенге сенбейтінмін. Алғашқы күні сіресіп, тұрдым да қойдым. Біреулер жылап, біреулер ыңқылдап, күрсініп, зал іші алуан түрлі дыбысқа толды. Байқаймын, екінші күні, аздап мойным қозғалып, қолыма да қозғалыс ене бастағандай болды. Міне, қызық 3-4 күннің ішінде талай буыным өзінен өзі қозғалысқа келіп, кәдімгідей "билейтін" болыппын.

Дегенмен, алғашқы ойымнан қайтпағанмын. Ақботаны өзі тауып, емделіп жазылған Бақыт деген келіншек еді. Санаулы адам кешкілік сол үйге жиналып, кешкі сеанстарда болып жүрген. 3-4 адам көбінесе түнемеге қалатынбыз. Ақботамен бірге түнеу әулиеге түнеумен бірдей деген де әңгімелер айтылып қалатын. Сондай бір түнді артқа салып, таңертеңгі шайдан ауыз тию керек болған соң, дастарханның шетіне отыра қалғанмын.

— Менің құлағыма саған бір тапсырма бар деп сыбырлап жатыр, — деді Ақбота.

— Маған ба?!

— Иә, жуырда менің бір досым 50-ге толушы еді. Соған құттықтау жазуға қолым тимеді-ау деп, ойлап отыр едім, құлағыма: "Оған неге қиналасың? Жазатын адам алдыңда отыр емес пе?" — дейді. Қайтесің?

Сол күні үйге қайтқалы отырған мен, енді:

— Қайтейін, егер аруақтар тапсырма беріп жатса, орындау керек шығар, — дедім.

Сөйтіп, мен қайтар шағы онсыз да жақындап қалған, Ақботаның жанында қала бердім.

Бір күні кешкі сеансқа жиналып отыр едік, Ақбота қатар отырған Роза екеумізге:

— Қайсыңның сумкаларыңда алтын білезік бар? — деді.

Екеуміз де, алтын білезік жоқ деп жатырмыз.

Жаңа ғана маған айтып кетті. Біреуіңнің сумкаларыңда алтын білезік бар. Соны жоғалтып алады, бұдан былай үйге қалдырып жүрсін деп тұр,- дейді.

Сонда барып, менің ойыма қызымның білезігі түсті. Соңғы моншаға барғанымызда менің сумкама сала салған, сонысы менде кете барыпты. Алып көрсеттім. Айтып отырғаны сол екен.

Осылайша Ақбота емшінің аруақтары назарына екі рет ілінгенім бар. Қызық емес пе...

Адам неден қызулауы мүмкін...

Бұл сұраққа, әрине жауап біреу: денедегі дертке адам организмінің қарсыласуы салдарынан дейсіз. Алайда, дене қызуы бойдағы дертке байланысты ғана емес, кейбір басқа жағдайларда да көтерілуі мүмкін. Бірде соған көзім жетті.

...Қызым Жанар орыс бақшасында тәрбиеленгенімен, оның қазақша оқығанын жөн көргенбіз. Бірақ бұны білгеннен-ақ ол қатты уайымдай бастады. Уайымы – қазақшаны алып кете алмаймын дейді.

Сол жылы емделуге кеттім де, оқу жылы басталуға 1 ай қалғанда ғана қолым босап, қызымды ауылға апарып, аз уақыт болса да қазақ тілді ортада болсын деп, қалдыруға ұйғардық. Сол үшін бір апта жұмыстан сұрандым. Өзіне әбден түсіндіріп, алдын ала дайындаған боламын. Ол менің кетіп қалатынымды жақтырмаса да, көнген.

Сонымен, Семей облысының Таскескен селосында (өзім орта мектеп бітірген) туыстардың арасында Жанарды 1 айдан кейін келіп алып кетемін немесе Мамандар алып бармақшы болып келістік. Ретіне қарай көреміз дегенбіз.

Таңертең жолға шығайын деп отырған күні, қызым ауырып қалды. Көңілсіз, еш жері ауырады деп шағынбайды. Дәрігер шақырдық, ештеңе таппайды. Әйтсе де мен және бір күн қала тұруға ұйғардым. Түнде тағы да денесі қол тигізбейді. Кешегі жағдай тағы қайталанды. Дәрігер ештеңе таппады.

Үшінші күні тағы да қызулағанда дәрігер:

— Қызыңыздың дені cay. Сырқаты уәйім, — деп, қорытынды жасады. — Не жанында бірге болыңыз, не алып кетіңіз.

...Мен бір ай ақысыз демалыс сұрап, жұмысқа телеграмма жібердім. Сол күннен бастап, бәрі орнына келді...

Бала кезімдегі көрген түстерім туралы.

Бала кезімдегі кейбір түстерім есімде қалыпты. Өзім он бес жасқа дейінгі балалық шағымды толыққанды өмір сүрген кезім деп есептеймін. Өйткені сол жылдары денім сау, жүрген жерімнің бәрінде де жұртты әжептәуір қызықтырамын. Өзімше білімді, тәрбиелі, әр нәрседен хабардар жас қыз едім. Өзімді шексіз бақытты сезінетінмін.

Міне, сол кездерде түсімде, қалай қарай жүрсем де алдымнан кең жол ашылып, кездескен тас қабырғалар қақ жарылып, кездескен кедергілер өзінен өзі жойылып жататын.

Бір түсімде үлкен базарда сатылып жатқан алуан түрлі жемістердің әр біреуінен бір килодан алып жүргенім есімде. Қазыкей әжеме айтқанымда, ол кісі:

— Көп нәрседен хабары бар, жан-жақты білімді адам болады екенсің. Жақсы түс, — деп, жорыды.

Одан кейінгі жылдарда көп ауырдым. Сырқаттанып қалардың алдында, ылғи бір мүйізі қарағайдай қызыл сиыр сүзейін деп, содан қорқып жүретінмін...

Пендешілік туралы.

Әкем маған көп ақыл айтқан кісі емес.

— Өз ақылың бір басыңа жетіп жатыр, балам, саған өзге ақыл айтпаймын. Бірақ есіңде болсын, жамандыққа жамандықпен қарсы тұрма, — деген сөзді жиі айтатын. Егер біреу саған кесел келтірмек болса, ол адамның сазайын Алланың өзі тартқызады...

Әрине, жас кезімде мен ол сөздерге мән бере қойған жоқпын. Тек қана өмірдің даңғыл жолына шығып, өз бетіммен өмір сүре бастаған соң ғана оның не сөз екенін терең ұғына алдым. Осы сөздің әсерімен өзімді ұстай білуді үйрендім. Көптеген адамдардың ұнамсыз іс-әрекетіне байыппен қарап, елемейтін болдым. Пендешілік дегеннің не екенін, іні, сіңлілерімнің де көкейіне құюға тырыстым.

... Жасырақ кезіміз. Бізбен бірге қызметке тұруына өзіміз ықпал еткен бір келіншектің пендешілігі туралы айтқым келіп отыр.

— Ол бір дүниенің тапшылау кезі еді. Жұрттың шағымы көбейген соң, көп нәрселерді бірлеп, екілеп еңбек ұжымына бөліп береді. Сонан соң әр ұжым өз ішіндегілерге сіңірген еңбегіне, түрлі кезектеріне қарай бөліп береді.

Бірде түскі үзіліске жақын бастықтың қабылдау бөлмесінде отыратын, шаруашылық істерімен шұғылданатын Маржан маған келіп:

— Сен неге тоңазытқышты алмадың?! — дейді.

— Қайдағы тоңазытқыш?!

— Бізге бөлінгенді айтамын.

— Естіген жоқпын.

— Саған керек пе өзі?!

— Әрине, бұрынғым ескірді...

— Ендеше жүр. Бір тоңазытқыш бөлінген екен. Соны Ж. алғалы жатыр. Бәрімізге де керек. Күні кеше жұмысқа кірген адамға неге беріп қоямыз?! Егер саған керегі болмаса, біз аламыз, — деп, қатты ренжіп тұр.

Сөйтсек, Ж. кәсіподақ ұйымы төрағасымен бірге отырған соң болар, хабарландыруды ілер ілместе, көп дабырламай, құжатын дайындатып алмақ екен. Оны хатшы келіншекке әкелген жерден жұрт көріп қалып, шу шығарыпты. Сол екі арада бәрі естіп, тоңазытқыш алғысы келетіндер саны 10-15-ке барып қалды. Не істеу керек?! Ж-ға бардым да:

— Мына жұрт бәрібір енді саған тоңазытқышты бере салмайды. Өзің жуырда ғана шетелдік үлкен тоңазытқыш алып едің ғой. Мынаны мен ала салайын. Маған ешкім де қарсы болмайды. У-шу да басылады, — деп едім, өзімсініп жүрген келіншегім, өре түрегелді:

— Жоқ! Олай болса жребий тастаймыз. Кімге шықса, сол алсын! — деп, қарап тұр.

Сөйтіп он сегіз адам жребий суыратын болды.

...Түс қайта маған бір адамдар келді де, солармен ұзақ отырып қалдым. Бір кезде "жребий" суырғалы жатырмыз деп шақырды, мен босай алмай сәл күте тұрыңдар деп едім, жұмысым бітіп болмады. Тағы да шақырған соң, жанымда отыратын Әбдіғалым деген қызметкеріме:

— Барып, мен үшін суыра салшы, — дедім.

Арада бірер минут өтгі ме, өтпеді ме, ол қайта келді де:

— Апай, міне, тоңазытқышыңыз, — деп, алдыма бір жапырақ қағаз тастай салғаны.

Сөйтсем, ол барса бәрі суырып болып, мені ғана күтіп тұрған екен. Ешқайсысына шықпапты. Әбдіғалым барыпты да, сол бойда іліп алып шығыпты. Ал, құдай жоқ деп көріңізші.

Сонда алған "ЗИЛ" тоңазытқышы әлі есімде...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама