Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Есімде қалған ойлар

Өзге емес, өзім айтам, өз жайымды...

Қасым Аманжолов

1976 жылы шыққан Қазақ совет энциклопедиясының 12-томының 329-бетінде былай деп жазылыпты. "Бір мың тоғыз жүз қырық төртінші жылдың орта кезінде Тарбағатай аймағының жасақтары гоминдандықтарға қарсы күреске шықты. Керей ауданының Байкенже батыр мен Нұрсапа Сейітжанұлы бастаған қазақтары ең алдымен бас көтерді. 1945 жылы июльде бұл қарулы көтеріліске ұласты. Керей, Шағантоғай аудандары, ал бірінші августа Дұрбілжін, Шиху, Сауан, Қобық аудандары гоминданьдықтардан тазартылды...

Сонымен, 1945 жылы күзде Шыңжаңның солтүстігіндегі Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарының гоминданьға қарсы шыққан көтерілісшілері үлкен жеңіске жетті. Олар көп жерлерден гоминдань әкімшілігінен аластап, жергілікті басқарушыларды өз адамдарынан қойды," — деп, жазды.

Ең соңына: "...Осы қозғалыс нәтижесінде, 1945 жылдың сентябрь қарсаңында Шыңжаңның солтүстігіндегі Іле, Тарбағатай, Алтай округтарынан гоминьдан өкімет органдары түгелдей қуылды. ..1946 жылы январьда бұлардың арасында бітім туралы келісім жасалды, осыған сәйкес, сол жылы Үрімжіде барлық халықтардың және әлеуметтік жіктер мен қоғамдық топтардың өкілдері қатысқан коолициялық үкімет құрылды..."

Нұрсапа Сейітжанұлы — менің әкем. Оның төбесіне жақын жеріндегі тыртықтың қалай пайда болғанын қазір ғана пайымдаймын. Өзінен сұрамаппыз. Көзіміз үйренген соң ба, ол жайында тіпті сөз қозғамаппыз. Біз туғанда болған соң сұрамадық па екен. Онда неге ес кірген кезде сұрамадық екен?

Мен Қытай Халық Республикасында дүниеге келіппін. Туған қалам Шәуешек деп аталады. Менің есімде қалғаны көшіп бара жатып, орта жолға жеткенде, ұйқымнан оянып, мысығымды іздегенім ғана, әкем Нұрсапа мысықты әкелуге біреуді жұмсап жатты. Басқадай ештеңе білмеймін.

Екінші бір есімде қалған нәрсе, үйміз бір қабат. Ауызғы бөлмеде үлкен кең бар. Кең деген — ағаштан жасалған, бірақ еденнен биік, келген адам, аяғын шешпей-ақ отыра тұруға болады.

Кішкенемін. Әжем сиыр сауа кеткенде сол кеңге отырғызып кететін. Мамамдар қыдырып жүретін болу керек. Үйде жоқ. Әжем деп отырғаным Қазыкей, мамам Ауанның шешесі. Кішкентай мен, қорыққаннан болу керек, көз алдымда, әйтеуір, алуан түрлі жәндіктер. Бірақ, бәрі де далада. Ентелеп кегенімен, табалдырықтан бері ешқайсысы өте алмайды... Басқа ештеңе ойымда қалмапты. Ауламыз дуалмен қоршалған. Үйіміздің алдыңғы жағында ас дайындайтын сарай есімде қалыпты. Қақпаға қарсы бетте қалың тал өскен. Менің есімде, сол талдардың арасымен ағып барып, қатар тұрған келесі үйдің ауласына қарай сарқырап шығып жататын бұлақ бар. Соның жағасында ойнап, қайдан ойымызға келгенін білмеймін, інім Азат екеуіміз, үйден картоп әкеліп ектік. Бір күні ол өне бастады. Күн сайын қарап кетеміз. Бұл менің 5-6-ға, Азаттың 3-4 жастағы кезі болу керек. Картобымыз өсіп, әжептәуір болып қалған кез еді. Бірде мақтанып, Ақу ағама (Махфуза) айттық. Ол әжемнің бауырында өскен, мамамның апасы Төлеуқанның үлкен қызы. Ақу ағам сенбеді. Сөзімізді дәлелдеу үшін, қазып алып, көрсетіппіз ғой...

Бір күні сыртқа шықсам, көкем, (Зұфар ағаны айтамын), басқыш арқылы төбеге шығып барады екен. Дереу соңынан мен де өрмелей жөнеліппін... Құлап түстім. Шекемдегі тыртық содан қалған...

Анамның туған жері Семей облысының Аякөз ауданы. Анам оны Аякөзден Таскескен селосына келе жатып айтып отыратын. Сол араға ең болмаса бір рет бармаппыз ғой. Ойлап қарасам, әкем жөнінде де түк білмеймін. Тек қана есімде сақталғаны, ол кісінің өз қолымен жазғандары архивке тапсырылған. Оны тапсырған көкем. Зұфар Сейітжанұлы.

Мен жетіге жақындадым. Дәл осы кезде көшу жайы қозғалды. Шешем өзі осы жақтікі, қуана түсіп, алғашқы күннен дайын болды. Ал әкем күнде кешкі тамақты ішісімен сыртқа шығып кетеді. Ауыр ой үстінде. Шешем мені тұрғызады. Сонан соң ертіп, әкемнің соңынан кетеміз. Сөйтіп, жүреміз де қоямыз...

Әкем өзі қорғап қалған аймағын, өзі тастап кете алмайды екен. Кетпейін десе, тағы болмайды. Балалары, әсіресе Азаты кетіп бара жатыр. Тастап кет деп еді, анасы көнбеді. Ақыры, өзінің қан төге күрескен аймағын қалдырды. Бізбен бірге Совет еліне келді. Ең алдымен бізді Қырғызстанға әкелді. Алғаш рет мақта өсіретін жерді көрдік. Мақта өсіп тұрған жерден әкемнің бейнесі әлі күнгі көз алдымда. Жұмыстың соңынан қанша тергенімізден есеп беріп тұрған тәрізді...

Үйіміз совхоз жерінде болу керек, бірақ әжептәуір үлкен, Жанбат деген жерде. Мен сонда жүріп, алғаш рет мектеп есігін аштым. Мұғалімнің аты-жөні есімде жоқ. Алайда, сондай ыстық көрінеді. Әлі күнге дейін жап-жас орыс әйелінің ықылас пейілі есімде. Отырған үйіміздің жан-жағы көкпен көк, жеміс ағаштары да бар. Көз алдымда тұрғандай, сол көгал үстіне көрпелерді жайып аламыз. Мамам онда жап-жас. Неге екен білмеймін, оның сол кездегі бейнесі есімде еміс-еміс қалыпты.

Сол жылы қыстың ішінде біз Қазақстанға көшіп бардық. Семей облысының Аягөз ауданы, орталықтамыз. Бір қазақтың үйіндеміз. Әлгі үйдің өзіміздей балалары орысша сөйлеп, бізге қыр көрсетпек болып еді, біз сөздеріне түсініп қалдық. Соңынан бірге ойнап кеттік. Әрі қарай есімде ештеңе жоқ.

Біз өзіміз тұратын үй іздедік. Семей облысының Аягөз ауданына қарайтын Қарақол совхозының бірінші фермасы. Біздің үйіміз өзеннің бойында орналасқан. Дәл аржағында мектеп, өзеннен өтіп, жетіп барасың. Ол менің бастауыш мектепке барған және бітірген мектебім болды. Өзі екі-ақ класы бар үй еді. Сабақ беретін ерлі-зайыпты Тұрғанбай ағай мен, ұмытпасам, Салиқа апай, толық әйел. Тұрғанбай ағай арықша келген орта бойлы еді. Біреуге дауыс көтергені есімде жоқ. Бірде мынадай жағдай болды. Сабақ басталатын кез жақын болу керек. Өйткені далада кластасым екеуміз ғанамыз. Әжетханаға шықсақ біреу бар екен. Неге екен білмеймін, әлгі жабық есікті таспен атқылай бастадық. Тіпті қоймадық білем, бір кезде:

— Әй, балалар, не атып тұрсыңдар, — деген, Тұрғанбай ағайдың дауысы шықты. Біз тұра қаштық.

Үшінші сынып бітіргенімізде, Төлеуғайша Көбентаева деген мұғалім, төртінші сыныпқа көшкенімізде бізге класс жетекші болғаны есімде. Ал біз бастауыш мектептен соң бесінші сыныпты қалада оқуымыз керек еді. Келсек, Төлеуғайша апайымыз сонда жүр. Бізге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Жалпы, ол кісінің бергені көп еді. Ең аяғы адамдарға қалай сәлемдесу керек екенін де сол кісі үйреткен. Мұғалімнің тек қана оқуға емес, өмір сүруге қажеттігін мен содан ұқтым.

Келесі жылы, Қарақол орта мектебінде оқып жүріп, көп нәрсені үйрендім. Таныс, біліс, аралас-құралас көбейді. Кітапханаға баратын болдым. Кітаптың қызығына түсіп кетіп, таң атып қалғанын да білмеуші едім. Марқұм әкем ерте тұрып, далаға шыққанда мені көретін. Ұрыспайтын. Енді ойласам, бәрі қиял сияқты.

Осы мектепте оқып жүргенде алғашқы өлеңім аудандық газетке жарияланды. Бірақ, өкінішке орай, мен оны көре алмадым. Сол кезде біз аяқ астынан Үржар ауданына көштік. Сонда тұратын мамамның жалғыз апасы Төлеуқан қайтыс болып, біз жандарына көшіп бардық. Сол жылы қыста әжем ауырды. Сол бойда әжем (апа дейтінмін) бізді шақырып, әкем мен мамама мынадай тапсырма берді:

— Таскескенге барыңдар. Сендерге ең қолайлысы сол жер. Өздеріңе тұратын үй табыңдар. Алдағы жаздан қалмай сонда көшесіңдер, — деді.

Бұл кез менің ауыра бастаған кезім еді. Сол бойда мамам екеуміз Таскескенге кеттік. Үй таптық та, қайтып келдік. Әжем жатып қалыпты. Сол жатқаннан тұрған жоқ. Қақаған қыста аузына су тамызып, жанында мен отырамын. Анда-санда шай сұрайды. Тұра жүгіремін. Бір күні қымыз сұрады. Бұл ол кісінің әлсіреп қалған кезі еді. Қымыз қайдан болсын. Әкем болуы мүмкін жерге жолға шықты. Үлгірді әйтеуір. Бірақ әжем оны ішіп жарытпады. Санаулы күнде жүріп кетті. Жатқан жерің жайлы болсын, Әже!

Төлеухан тәтем жас босанған болатын. Құрылыста жүрген Тәңірберген деген күйеуіне сол жолы бірінші рет өзі тамақ апарады. Тәңірберген сол күні бір ескі үйдің пеш кірпіштерін алып кетуге тиіс екен. Тамақтануға отыра қалған олар, құлап келе жатқан қабырғаны көріп қалып, тұра қашады. Төлеухан тәтемді басып қалған қабырға оның түбіне жетті. Міне, менің мамамның апасы осылай қайтыс болған. Сол жылы әжем де қайтты.

Біз Таскескенге көшіп келген соң Әріпжан ағаның Қарақол өзені жақтағы үйін сатып алып, соған кірдік. Мен 8 сыныпқа бардым, сол жерден мектебімді бітірдім. Содан кейін Алматыға оқуға түстім, КазГУ-дің журналистика факультетіне 1966 жылы түсіп, 1971 жылы бітірдім. Сол жылы Маңғыстауға арнайы жолдамамен, жолдасым Жоламанмен, бірге келдік. Біз келгенде қаламыз Шевченко деп аталатын, шағын ғана. Алғашқы жылы телевидениеде істедік. Мұнда Мезгілбаев Мұхамет деген ағайымыз болды. Ол кісі студияның директоры. Бірер жылдан кейін мен облыстық газетке ауыстым. Мен мұнда жасаған жылдары біраз өзгерістер болды. Газет жабылып қалған кез де бар. Басқа жаққа, тіпті басқа облысқа да шақырды. Кетпегенім абырой болып, газетіміз қайтадан ашылды.

Сөйтіп жүргенде, қазақ тілінің мәселесі көтеріліп, бастауыш ұйымдар құру, қазақ тілі үшін күресу, осы үшін үгіт-насихат жасау жұмыстары туындады. Міне, осы кезде жұмысымнан кетіп, Ақтау қалалық "Қазақ тілі" қоғамының төрайымы болып сайландым.

Балалар бақшалары, мектептер, жоғары оқу орны, мекемелер, түрлі кәсіпорындардың бәрін аралау қажет. Жұмыс бастан асады. Ол кезде Қазақ тілі облыстық комитетінің төрағасы, марқұм Ізбасар Шыртанов ағамыз бар. Бәріміз Маңғышлақ станциясындағы бір балалар бақшасына бардық. Бәрі қазақ балалары, бірақ орысша тәрбиеленеді. Ал балалар түк орысша білмейді. Әйтеуір, орысша сәлемдеседі екен. Бастықтары орыс әйел екен, ал тәрбиешілерінің бәрі қазақтар. Істеп отырғаны қаншалықты орынсыз екенін түсінген орыс әйелі сол күні-ақ жұмысынан кетті.

Ертеңіне газетке шығардық.

Сол жылдары мұндай жағдайлар кездесіп тұратын.

Ақтау қаласында ол кездері бірде-бір қазақ мектебі жоқ болатын. Бұл іске құлақ қоятын да жан жоқ. Бүкіл облыстан адам іздей бастағанбыз. Бірде Мұғалімдер білімін жетілдіру институтына іс сапармен Зейнолла Қабдолов келе қалды. Ол кісі мені ұмытып қалған шығар деп, қазақ тілімен шұғылданатын бір келіншекке айттым. Хабар болмаған соң, барсам, киініп жатыр екен. Күтіп тұрдым да, жанына барып, сәлем бердім.

— Танымадым ғой, — деді, ол кісі маған.

— Мен сіздің шәкіртіңізбін. Қазір жұмыспен келіп тұрмын, — деп, жағдайды айттым.

— Мен ертең Форт-Шевченкоға жүрмек едім, бірақ алдымен партия қызметкерлерімен кездесуге барамын. Телефоннан кетпей, мені күт, — деді. Менің телефонымды алды.

Ол кісі телефонмен ештеңе айтқан жоқ. Бірақ сол бойда мектеп мәселесі шешілді.

Жетіп барсам, Зейнолла аға сабақ беріп жатыр екен. Мен барып отырдым.

— Иә, қандай жаңалық бар? — деді, бір кезде маған қарап.

— Бәрі де жақсы. Қалада мектеп ашылатын болды деп, мен болған жайды мәлімдедім.

Қазір содан бері көп уақыт өтіпті. Мектептердің қазақша ашылуына көмек берген Зейнолла аға да өмірден қол үзді. Оқу орындары көбейді. Жаймен қазақ тілінің мәртебесі өсуде. Бірақ оның жеңіске жетер шағын да әлі де күтетін шығармыз.

1993 жылы Ақтау қаласында тұңғыш рет экономикалық лицей ашылатын болды. Барсақ қазақша кластары жоқ, тек қана орысша. Неліктен дейміз. Қазақ баласы жоқ. Мектептерге хабарлассақ білмейді. Мектептерге ашылғалы жатқан лицей жөнінде өзіміз хабарлай бастадық. Ақыры олар хабардар болғаннан кейін, қалалық оқу бөлімі арнайы адам шақырып, оқығысы келгендерді есепке алды.

Бұл екі арада лицейдің директоры жұмыстан кетті. Балалардың жазған өтініштері бүгін бар, ертеңіне жоқ болады. Ақыры бәрі орнына келіп, бірнеше қазақ кластары ашылды.

Сол бір жылдары күтпеген жерден телефон соғып, түрлі адамдардың сес көрсетулері, жергілікті орыс газеті бет арнап, қарсылық жасауы, бетіңе жылы сөйлеген адамдардың, айлана беріп, дұшпан болуы, әрине, жағымды жайлар емес-тін. Бірақ біздің олардың жеке бастарында жұмысымыз болған жоқ. Қалыптасып қалған, ескіріп, әбден тозған жайларды жаңартуға ғана жол салдық.

Әрине, біздің жанымызға жақын, әлі күнге дейін ұмытпай жүргендер де бар. Олар істеген ісімізге қол ұшын беріп, шын ниетімен көмекке келген мұғалімдердің ішінде Әбзелхан Махамбекова, Салиха Ыдырысова, Жиде Жеткізгенова, Нағима Шамшадинова, Мәншүк Ғимранова, Жамиға апай, марқұм Айжан Ташенова, Ажар апай, әнші Ақсұлу Құдабаева, есеп қызметкері Нұржамал Сүйіндікова, тағы да басқа көптеген жандар болды. Олар бірігіп хор ұйымдастырып, концерт қойды. Мереке күндері бір жасап қалатынбыз.

Ақтау ажары атты қыз-келіншектер клубы жұмыс істеді. Осы қалада бірінші рет Қыз сынын өткіздік. 30 қыздан құралып өткен алғашқы сынаққа келушілер де көп болған. Кемшіліксіз де емес-тін. Бірақ осынау шаралардың өзі сол кездері аса бағалы болғаны сөзсіз.

Бізді қолдаушылардың арасында орыстар да болды. Соның бірі Николай Баев еді. Ол мүмкін өзі үшін істеген болар. Өйткені Ақтаудың сол кездегі бірінші хатшысы сол кісі болған.

* * *

Жоламан телестудияның бас редакторы болды. Алматы Жоғары Партия мектебін бітіріп, мұнайлы аудандық "Мұнайлы жаңалығы", "Мунайлинская новь" газеттерінің редакторы, Облыстық телерадио компаниясының төрағасының орынбасары, Облыстық "Маңғыстау" газетінің бас редакторы қызметтерін абыройымен атқарып, мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл күндері еліміздің бас газеті "Егемен Қазақстанның" Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі. Қазақстан Республикасының Мәдениет Қайраткері, "Ақтау қаласының құрметті азаматы.

Жанарым жақсы, бауырмал, зерек бала болып өсті. Мектепте жақсы оқыды. Университетті қызыл дипломмен бітірді. Облыстағы үлгілі, озат, белсенді студенттің бірі ретінде Елбасы қабылдауына баруға ұсынылып, бізге байланысты себептермен сәті түспей қалғаны да бар. Ниеті мен арманына орай Серікжанмен бас қосты. Серкон болса менің өкіл әкем Орын мен шешем Құндыздың Құлсариевтар тәрбиесін көріп, түлеп ұшқан Қолғанат аға мен Меделханымыздың тұңғышы. Солардың тәрбиесі мен тәлімі, үлгісі үміт отын жаққанын жұрт жақсы біледі. Мен сырқаттанып, басымызға қиыншылық түскенде папаларына көмектесіп, қасымыздан табылып, қамқор болып жүрген осы қанаттарым аман болса екен деп тілеймін жаратқан иемнен. Бекарыс пен Айсәуле атты немерелеріміз бақытымыз, базарымыз. Алла осыларға ұзақ ғұмыр бере көрсін.

Осындай кездерде халқымыз "жақсының жақсылығын айт, нұры тассын" деп жатады.

Заманымыздың заңғар жазушысы Қазақ Руханиятының Көшбасшысы Әбіш аға Кекілбайұлы мен жеңешем Клара Ақтауға келген сайын уақыт тауып, отауымызда болады. Жағдайымызды біледі, оған баға жетер ме? Тіршілікте ондай сый-құрмет естен, сірә, кетер ме?

Ал асыл қайныларым, ел азаматтары Жақсылық Аманқос, Берген, Төкеш, Жаңабай, Қыдырәлі, Кәден, Жоламан, Дәулет, Болат, Алматыдан жол түскенде Қайрат пен біздерді папа, мама дейтін Гүлмира көкенің бізге деген көңілдері көлдей екендігі төбемізді көкке жеткізеді. Осы жерде аймағымызға аттары мәлім екі қайынсіңілім Қатира мен Тамараны өзгелерге үлгі ететін. Олардың да жүректері де, тілектері бізбен бір екендігіне қуанамын. Соларды көргенде олар үйге келгенде күш-қуат аламын. Жалпы мынау ат құйрығындай қысқа ғұмырда жағаласпай, жұлыспай араласып, амандасып, бір-бірімізге қамқор болғаннан артық не бар дейсің?

Мен жан-жағыма қараймын да біздің ауыл-аймақ тума-туыс, құда-жекжаттардың береке бірлігіне риза боламын. Құдай көпсінбесінші. Бұл да көңілге медет.

Осымен сөзімді аяқтаймын. Аман-сау болыңыздар...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама