- 01 қыр. 2021 00:00
- 177
Тайлақтың жүні
Нальчикте (Кабардина Балкария) емделіп жатқанмын. Жаз айлары болған соң, жеңіл киіммен, плащ ала салыппын. Күндіз-түні төпелеп жаңбыр жауғанда тоңазып, жылылау кеудеше алмағаныма өкініп жүргенмін. Әлде сол төңіректегі "Алагир" санаториінде ме екен, қазір айырып айта алмаймын. Әйтеуір жатын корпусы бөлек, демалушылар жан-жақтан жиналып, тамақтанатын үлкен асханасы бар. Асхананың алды үлкен алаң, айналасына жағалай тал егілген.
Бірде тамақтанып болып, далаға шықтым. Қазір, жұбымызды жазбай бірге жүретін, бөлмелес әйелдердің, сол жолы неге жанымда болмағанына түсінбеймін. Мыңдаған адам бірі кіріп, бірі шығып сапырылысып жататын асхананың төңірегінде жан жоқ алаң бос. Тек қана, оң жақты бойлай өскен биік, талдардың келесі шетінде бір әйел тұр екен. Жанына жақындай бергенде, маған қарсы жүрді. Қолында бір ораулы заты бар. Әйелдің түрі кавказдық екенін білдіріп тұр. Маған:
— Амансың ба? — деп, қазақша тіл қатты. Мен де сәлемдестім.
— Мынау тайлақтың жүнінен тоқылған кеудеше еді. Аласың ба? — деп, қолындағысын нұсқады.
Өзім аздап тоңазып жүрген менің де көргім келген. Ашып қарасам, тоқуы қарапайым, түйе жүннен тоқылған шағын кеудеше. Ерекше сәнді емес, бірақ жылы сияқты. Алды сәл үшбұрыштап ойылған, костюмнің ішінен де киюге болады.
— Тайлақтың жүнінің емдік қасиеті бар. Алып ал, — деді әйел.
Мен алдым. Екеуміз біраз әңгімелестік.
— Қазақша қайдан білесің, — деймін.
— Қарачайлардың тілі қазақша мен ұқсас қой — деп, күлді...
...Содан бері көп жыл өтті. Бәлкім 20, тіпті одан да көп жыл өткен шығар. Ол кеудеше жай ғана киім емес, менің бірінші дәрігерім болды десем де артық болмас. Сырқат сүйегімді сыздатқанда, баса қойсам ауырғаны сап болады. Суықтап қалғанда кие қойсам, тиген салқынды солқылдатып тұрып сорып алады. Он бес жасымнан бастап азаптан көз ашпаған, жаныма жай таптырған осы кеудеше. Бұл, бейне, тіршілікте ауру азасын көп тартқан маған, Алла тағаланың өзі жіберген бір емі-ау деген ойға келемін. Шынында, солай емес пе екен...