Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Бір бума кілт

Жарық түсе қоймаған үй іші ала көлеңке. Терезеге көз салып еді, әйнек-әйнек киіздей тұтасқан қырау. Тұмсығын көрпе шетіне тығып алып, ұйқы соққан тарғыл мысық аяқ жақта қаперсіз бырылдайды.

Қабырғаға ілінген ескі сағат үздіксіз, бірқалыпты таңдай тақылдатады. Қысқа тілі жетіні көрсетуі мұң екен, қоңырауы дыңылдады. Мыңғырлаған талмау дыбыс ұйқылы-ояу кемпірді: «Асықпа! Саспа! Әлі ерте! Ұйықтай бер!»- деп әлдилей түскендей.

Қымтанып қойып, көрпе шетін астына басқан кемпір кедір-бұдырсыз жайма-шуақ өткен өмірі жайлы ой тербеді. Әке-шешеден ерте жетім қалып, жатбауырда жаутаңдап есті. Бойжете келе от пен суда шаруасы шамалы, алдындағы ісін ғана білетін момын жігітке кезікті. Ғұмыры бір-бірінің бетіне тіке қарап, шәлкем-шалыс келген де емес, күйіп-жанып өртеніскен де жоқ. Перзент көрмеді, бір қызығы оған онша қиналмапты да. Кейін ауылдан көшіп келіп, жиған-тергендеріне қала шетінен шағын ғана үй сатып алды. Қос бөлмелі жұпыны үйде екеуіне жетерлік, екеуінен аспайтын тыныш та жайбасар тірліктерін бастан кешті.

Сөйткен шалы былтыр аһылап-уһілемей-ақ екі күн төсек тартып жатты да, үн-түнсіз дүние салды. Кемпір содан бері бір әуен, бір сарынды ұзақ жолға түсіп алып, жайлап басып, жыбырлаған аяңмен келе жатыр...

Обалы не, биыл күзде пенсияға сый-сыяпатпен шығарып салды. Жұмыс істейтін ортасы қос қоржын бөлмеге тайлы-таяғы қалмастан келіп, әрқайсысы бір кісідей ішті-жеді, мақтады, сосын: «Енді екі қолыңызды жылы суға малып қойып демалыңыз, еңбегіңіздің игілігін көріңіз», — десті. Бірақ «екі қолын жылы суға малып қоятын» рақаттан азар да безер болған тағы өзі. Арада ай етпей жатып, жұмысқа қайта жегілді. Себеп? Себеп біреу-ақ — жалғыздықтан қашты. Бір ұйқы мен ара-тұра көретін түске тапсыратын түн уайым болып па, алақандай бөлмеде шикі қайысша созылып, үзіліп бермейтін, не табаны тозып тоқтамайтын ұзақты күнді немен, қалай өткізеді? Ғұмыр бойы жұмысқа үйренген екі қолын алдына қалай сыйғызады? Осыны ойлағанда жанын қоярға жер таппады. Бұл шарасыз халін бұрынғы бастықтары да тез түсінді, жұмысқа қайта алды.

Содан бері күнде таңертең көнетоз ішігін иығына іле салып, жатақханаға бет алады. Қас қарая кәрі сүйегі салдырап, шаршап-шалдығып үйге қайтады. Мұның ендігі тағдыры тілдері шеңбер бойын қуалай сыртылдай соғып, анда-санда қоңыраулатып қоятын мына көне сағатқа ұқсайды. Сағат қашан бұзылып, тыныш табады, Әзизаның титың-титың өмірі қай тұйықта тамамдалады, ол жағы әзірге белгісіз.

...Қоңырау тағы дыңылдады. Бүгін жұмысқа күндегіден ертерек шыққаны жөн. Кеше жатақхана коменданты жұмыс соңынан жеке алып қалып, біраз сөйлескен. Тым сыпайы. Сырбаз. «Қоймашы Марфаның аяғы ауыр. Иә... Ертеңнен бастап демалыс алады. Орнына... Іһм, Әзиза Ахметовна, сол орынға сізді қолайлы көріп отырмын. Қоймашының не істеп, не қоятынын күнделікті көріп жүрсіз. Сонымен, Әзиза Ахметовна, келісесіз бе, жоқ па?»

Тумысында адамның меселін қайтарып көрмеген бұл: «Құп», — деген. Коменданттың күнделікті «Әзизушкадан» «Әзиза Ахметовнаға» көшіп, құрметпен атағанына көңілі өсіп, әрі таңданып та қалды. Жаңа көйлек тіктіріп кигендей көңілденіп, бір әуенді мұрнының астынан ыңылдады да жүрді. Үйге келіп, жамбасы жаймаға тигеннен кейін ғана күндізгі әңгіменің парқын пайымдай бастаған. Осыған дейін бар білетіні төрт-бес шелек, екі-үш сыпырғыш пен сүрткіш еді. Бұдан былай кәдімгідей сылдыр-сылдыр кілт ұстап, кішкене болса да бір мекеменің шетіне шығып, жә деген қызметтің құлағына не болуы керек екен (комендант қоймашының міндетін осылай түсіндірген). Таң қалатыны — көп әйелдің арасынан бастық мұны неге таңдады? Алып бара жатқан сауаты шамалы, кейде шелекті қайда қойып, жуғышты неге қолға алғанын есіне түсіре алмай, аңырап тұрып қалады. Анау қызыл бет Катя болса бір сәрі. Білімді, мектеп бітірген, қылшылдаған жас. Сырға жүзсе су жұқпастың өзі. Қоймашылық соның қолы болатын.

Орнынан тұрып, жуынып, шай ішкен соң үй ішінде күйбеңдеп жүріп алды. Сыры кете қоймаған ағаш сандықтың қақпағын ашып еді, түбінде жатқан көк қорап көзіне оттай басылды. Он бес жыл бұрын шалы ойда жоқта тәуір мінез көрсетіп, әйелдер мерекесі күні сыйға тартып еді. Қорапты қолына алды да, ішіне үңілді. Қызыл матамен қапталған ойық-ойық қалыптарда иіс су, ақ ұлпа, сопақша шағын құты және дөңгелек айна жатыр.

Айтпақшы, жаңа қызметке жақсы киініп барған жөн болар. Марфа шіркін де асыл мен жасылын киіп, жарқылдап жүретін, одан қай жері кем.

Сандық түбіндегі сатып алғаннан бері үстіне іліп көрмеген, көрмек түгіл, шақ па, жоқ па, оны да анық білмейтін су жаңа қоңыр көйлегін киді. Енді ернін бояса қайтеді? Қайтушы еді, жараса кетеді де. Қызыл ерін, бозғылт бет боп жүрген әйелдерді сап рет байқаған. Марфа да, қыл аяғы көрші тұратын Ғалия келін де бұған кет әрі емес секілді.

Кемпір құты мен айнаны қолына алды. Көп күйбеңдеді. Күбір-күбір сөйлеп қояды.

— Ибай-ау, мұны қай жағынан ұстайды? Адыра қалғыр, қылтылдап қолда тұрмайды да. Әлгі Марфа қайтушы еді?

Ол әуелі бөтен жан қарап тұрған жоқ па дегендей бөлменің түкпір-түкпірін шолды. «Түкті білмеймін, ешкімді көрген жоқпын» дегендей көзін ашып-жұмған монтаны тарғыл мысық манаурай пырылдайды. Ерніне құты ұшын тигізіп, екі-үш сүйкеді де, ақ ұлпаға батырып алған мақтамен бетін сүртті. Кішкене дөңгелек айнаға қарады. Масқара, қара жер хабар бермесін, егер марқұм болып кеткен шалы шаңы шыққан мына тоз-тоз жүзін көрсе, не дер еді. Сөз айтпастан бұрылып кете берер, бірақ соның өзі бұған оқтан кем тимес. Қартайғанда бұл қай алжасқаны? Сүртіп тастаса ше? Жо-жоқ... Сенім көрсетілген екен, тырысып көреді де. Марфадан кем түспей, орнын да жоқтатпай, айдынданып жүргені жөн.

Бөкебайын байлап, сыртқа шықты. Қаңтардың қақаған аязы қуырып тұр. Ауыздарынан бұрқылдап шыққан ақ буға тұншыққан адамдар көше бойымен қарш-құрш басып, әлдеқайда асығып бара жатыр. Құнжыңдай шапқылаған екі кішкентайын қос қолының ұшында ойнатқан Ғалия келін де бала бақшасына қарай ұшыртып барады. Жылтыраған түйме көзі мен тәмпіш мұрындарын есепке алмаса, құлақшын, ішік байпақтар ғана жүгіріп бара жатқандай. Мұны танып, құртақандай қолдарын бұлғап қояды.

— Сә-лә-мәтсіз, апа.

— Аман, аман, қарақтарым.

— Кешке барамыз...

— Келіңдер, келіңдер...

Аман-сәлем сұрасып тұрып, Ғалияның ерніне елеусіз ғана көз салып еді, күрең қызыл екен. Іштей қуанып қалды.

Келіні былай шыға бере Әзизаның соңынан қарап тұрып, миығынан күлді.

* * *

Астыңғы қабаттың ең түкпір бөлмесіне орналасқан қоймада Марфа тықырши тосып отыр екен. Кемпірге қарап, жымың ете түсті. Сонсоң дереу құшақтай алып, шопақ құрлы көрместен шыр айналдыра жөнелді.

— Әдеміленіп кетіпсіз... Алда-жалда бір жуас шал. тауып алсаңыз, тойыңызға мені де шақырыңыз, туфлиімнің тақасы түсіп қалғанша билеп берейін, бәлем.

Соңғы сөзі көңіліне келсе де, мақтағанына өсіп қалды. Ойлап көрсе, жер басып жүргелі әдемілігі жайлы жалғыз ауыз сөз арнап айтылмапты. Қыз кезінде де, келін боп түскенде де. Енді, міне, төрінен көрі жақын қалғанда естіп тұр...

Күле сөйлеген Марфа бірнеше қағазға қол қойдырды да, қоймашының міндеті жайлы түсіндіре жөнелді. Мына тақта-тақта болып сіресіп тұрған орамал, көрпе, жамылғыштарды көздің қарашығындай сақтамаса, бас кететін дүниелер. Есеп-қисапты шекілдеуікше шақпаса, жаздым-жаңылдым содан басталады. «Бас кетуді» пайымдай қоймаса да, сақ, ұқыпты болуды мықтап тоқып алды. Сонан кейін күлегеш келіншек бүгін студенттер төсек-орындарын ауыстыратынын ескертіп, жұмсақ ернімен бетін бір үйкеді де, етегі дөңгеленіп зытып отырды.

Марфа жарады. Жайдарман мінез келіншек қой, жылы сөзін аямады. Бойы жеңілейіп сала берді. Әуелгі жасқаншақтық сылып алғандай жоқ.

Күнде сүйегін саудыратып жатақханаға жетіп келгенде іздейтіні осы жылы көңіл, жақсы сөз ғой. Тар бөлмеден таба алмайтын жылы сөз... Әйтпесе қырық жыл бойы сегіз көзін сырқыратып еден тырналаудың қызығына бек тойған.

Төсек-орындарын құшақтаған студенттер саулап келе бастады. Кемпірдің хал-жағдайын сұрап, жалпылдап жатыр. Көпшілігі беттерінен мәйек кетпеген ауылдың жарғақ құлақ ұл-қыздары. Е, етегінің ашылған-жабылғанын білмей шапқылап жүретін бала күндер, сары белден саулай соғып, еттен өтіп, сүйекке жететін қара суық тиіп кетсе, қиып түсетін қияғы мен күрең кекіл қалың шиі, қотандағы көңнің күлімсі иісі - бәрі де ұмыт. Туған жердің топырағын басатын күн енді қайтып туа ма, жоқ па, кім білсін.

Балалардың төсек-орындарын түске таман әрең жаңалап бітті. Қапелімде қателеспедім бе деген оймен жаймаларды қайта санады. Бәрі қаз-қалпында. Шаршағанын, белінің сырқырап ауырғанын сезді. Отырып дем алды. Жаңа қызметінің еш ың-шыңсыз сәтті басталғанына дән риза.

Көп ұзамай қойқаңдай басқан комендант бөлмеге кірді. Еркек дауысты, беті дөп-дөңгелек нарттай семіз әйел. Қол астындағыларды қас-қабағының ыңғайына қарай жүгіртіп, өзі де апырып-жапырып жұмыс істейтін, басқалардың да солай қимылдауым талап ететін адам. Әзизаға деген қабағы ылғи да оң. Шашының ағын сыйлай ма, әлде пәлен жыл осы жатақхананың отымен кіріп, суымен шыққан адал еңбегін бағалай ма, әзірге әй деспеген. Қазір де хал-жағдайын сұрағыштап жатыр. Өз есебін де ұмытпайды. Кішкене өткір көздерімен қойманың бұрыш-бұрышын тінтіп, хал-ахуал сұрай тұрып, есеп-қисап кітабына үңіле кетті.

— Солай.. — дейді балуан саусақтарымен кітап беттерін майпаздай сипалап. — Кәне, бөлмелерді кезекпен аралап, ,тазалығын тексерейік.

Сүт пісірімде бес-алты бөлмеге бас сұғып шықты. Екі-үш ескертпе жасағаны болмаса, ешкімнің желкесінен басып, кінә таға алмады. Қабағы манағыдай жадыраңқы емес, түсіп кетіпті. Ол қызметкерлерінің жұмысынан, студенттердің тәртібі мен тазалығынан күніне құрығанда екі-үш кемшілік таппаса, басы ауыратын қызық жан еді. Қазір сол «қайткен күнде табылуға тиісті кемшілікке» кезікпей, сіркесі су көтермей келеді. Төңірегіне кешірімшіл көзбен қарайтын манағы көңіл-күйі жоқ, сөзден қалған.

— Бәсе, бәсе, біліп едім... осылай болатынын.

Коменданттың даусы қуанышты шықты.

Есігі шалқасынан ашық жатқан бөлменің біраздан бері жиналмағаны көрініп тұр. Еден кір, қоқыс салатын шелектің қақпағы жабылмапты, үстел үсті ыбырсыған тамақ қалдықтары. Төр жақтағы төсекте пиджак, шалбарын шешпеген жігіт ақ жамылғышты астына умаждай басып алып, етпетінен түсіпті. Кешірім, кең пейілге бейім болса да, табиғаты кірпияз Әзиза баланың мына қылығынан іш жиып қалды.

— Старосталарың кім? Сен бе? Кезекшілерің қайда?

Қатардағы төсектен ұмар-жұмар тұрып жатқан тапал сары жігіт ұйқылы-ояу күйі иегімен төсектегіні нұсқады. Ауыр денелі комендант құстай ұшып барып, оның жауырынынан бүре түсіп, жұлқи көтеріп алды да, төсек үстіне тік қойды.

— Бөлме неге жуылмаған? Неге төсекте киімшең жатырсың?

Анау оған назар салып қараған да жоқ, саңырау адамдай тіл қатпастан мелшиіп отыр. Беті домбығып іскен. Студенттерді бір шыбықпен айдап, бір ысқырықпен тұрғызып-жатқызатын комендант үшін мына үнсіздік құлақ естімеген қорлық мазақ еді. Жас жігіттің қақ алдына тұрып ап, көзін ежірейте түсіп, екілене самбырлап сөйлеп тұр.

— Ішкенсің ғой, ә? Ішкенсің... Кезекшілікті былай ысырып қойғансың. Шалбар, шұлық, пиджакшаң шалжиып жатысың мынау. Ендеше маған өкпең жоқ. Бүгіннен бастап жатақханадан шықтым дей бер. Ертең деканатқа хабарлаймын. Төсек-орнын қоймаға апарып тастаңыз, Әзиза.

Кемпір іштей комендантты қоштап тұрды. Тәртіптің аты — тәртіп, қолмен істегенді мойынмен көтеру керек. Жатақханада бес жүзден астам студент тұрады, солардың бәрі ойына келгенін істей берсе, ертең-ақ шаны аспаннан бір-ақ шығады. Мына бала қой аузынан шөп алмас момын еді, айдың аманында не қара басты екен? Төсекті жинап ала бергені сол, жастық астынан үлкейтілген сарғыш сурет сырғып түсті. Қарқарадай кимешек киген қартаң әйел... Не әжесі, не шешесі. Үйбай, мынасы не тағы? Бір жапырақ телеграмма... Ежелеп оқи бастады. «Шешең қайтыс болды. Тез ауылға қайт».

«Байғұс баланың қара аспаны құлап, қайғыдан қан жұтып жатыр екен ғой. Комендантқа жағдайды айтып, түсіндіру керек...»

Бірақ ашу қысып, түтігіп тұрған ол Әзизаның: «Сыртқа шығайық», — деген ымын ұқпады ма, әлде түсінбегенсіп, әдейі істеді ме, қыңқ демеді. Қайта қыза келе төрт аяғын бауырына ала жұлдыздай ағып шабатын бәйге кердей төпеген үстіне тепегі, дәуірлей түсті.

— Қарағым, бөлмеден шыға тұрайықшы.

Ағындаған сөзін орта жолда жұтып, аң-таң күйі тұрып қалған бастық Әзизаға таңдана қарады. Бес сұраққа бір-ақ сөзбен жауап қайтаратын бұл кемпірді пыш-пыштан аулақ бағыну, орындауға жаралған жан деп ойлайтын. Қоймашыға басқаны емес, дәл осы Әзизаны тағайындағаны да сол себептен еді. Мынау жуастан жуан шығадының кері болды. Сасып қалғаны соншалық, айбат шегіп, қыдыңдамақ түгіл бөлмеден қалай шығып үлгергенін аңғармады. Жолай босаға жақта тұрған орындықты салдыр еткізіп қағып кетіп, мықынын ауыртып алды.

— Ал айтыңыз...

Дәліз бойлай жайбарақат көз тастап, бір бума үлкен-кішілі кілтті сылдырлатып тұр. Әзизаның көзі сол бума кілтке түсіп кетті. Салдыр-р, сұлдыр-р, күлдір-күлдір-р... Жұмыс халатының қалтасына өзі де байқамастан қолын сұғып қалып еді, қойманың кішкене ғана кілті ілікті.

Сосын-ақ кемпір сөзінен алжасты, аспан ашық, күн аманда қара басты. Комендантқа тіке қарай алмай, табан астына тесіліп, міңгір-міңгір сөз бастады.

— Шешесі қайтыс болыпты...

— Кімнің-ң?

— Әлгі жаңағы бала... соның шешесі. Онсыз да қайғылы адам, жығылған үстіне жұдырық болмайық дегенім ғой сосын. Ғұрып, дәстүр де... Дәстүр-р...

Анау ештеңені ашып айтпады.

— Орамалдарды жууға тапсырыңыз, — деп, нығыздады да, кеңсесіне кіріп кетті. Есікті жауып алды.

Баланың басынан сипағысы, жұбатқысы келіп, іші-бауыры езіліп тұрса да, коменданттың сөзін жерге тастауға дәті бармады. «Несі бар, бастыққа анда-санда дық көрсеткен де жарасады,- деп ойлады. Кейде кімнің кім екенін білмей кетеміз». Құшақ-құшақ орамалдарды тасып жүріп, қоймашылыққа тағайындап, жақсылық жасаған адамның бетінен алғанына ыза болып, өзін іштей жерден алып, жерге салды.

Әрі-беріден кейін тағы да жер бауырлай жастық құшақтап жылаған студент бала есіне түсті. Басынан сипап, басу айтатын жан жоқ. Қасындағы өңшең саусылдаған көк өрімдер қайбір ығына жығылып, халін түсінер дейсің... Жүректі жібітер жақсы сөз бен аялай сылап-сипайтын ана алақанын алмастырар жан қайда?

Студенттің қазіргі халі мен қос қоржын бөлмеде жападан жалғыз тұратын өз жағдайы, ойлап қараса, ұқсас та екен.

Жіті басып, манағы бөлмеге беттеді. Тапал сары жоқ. Бала әбден шаршаған ба, қатып ұйықтап қалыпты. Дереу білегін сыбанып жіберіп, еден жуып кетті. Бұрыш-бұрышты салбыраған ыс басқан екен, тарамысына тартылып жүріп, оны да сыпырып түсірді. Электр пешке шай қойды. Қоймаға кіріп, түске деп үйден ала келген асын ала шықты. Сонан соң бөлмедегі үстел үстін тазалап, шай құйды да, баланы оятты. Есі шығып қалған ғой, бірер кесені кірпігіне ілініп меңірейіп отырып ішті де, жалғыз ауыз сөз айтпастан дәлізге шығып кетті. Кемпір ділмәрсіп, сөз қозғаған жоқ. Қайғылы жан одан жұбанбайтынын, қайта босай түсіп, қитыққа ситық таба алмай булыққан баланың жылап жіберетінін қария көңіл қайдан сезбесін. «Бет-аузын жуып, сергіп келейін деп кеткен шығар», — деген оймен қоқыс пен бос шынылар лықа толған шелекті көтеріп, дәлізге шықты.

— ...Шөлмек жинастырып жүр, өткізбек қой.

Жон арқасы шымырлап қоя берді. Бұрылып қарамай-ақ тапал сарының даусын таныды. Шақырып алып, ұрсып-ұрсып көмейіне құм құйғысы келіп бір тұрды. Дәл осы кезде дәліздің ана басынан шайқақтай басқан комендант көрінді.

— Маған кіріп кетіңізші!

Оңашада бастық сабасына түсіп, жағдайды салмақтаған. Өзін де кінәлаған. Бірақ ойды ой қуа келгенде комендант екендігі есіне түсіп, жыны қайта қозған. Алжыған кемпірдің желбір-жекеніне жетіп, ұрсып-ұрсып алмақ болды. Студенттердің алдында беделін түсіріп, абыройын төккенін қойшы. Бүгін төгілген беделді ертең-ақ жинап аларына сенімді. Жә деген қоймашы бала-шағалардың бөлмесін жуып, шайын қайнатты, одан қалды қоқыс, бөтелке салынған шелегін төгіп жүр — әңгіме қайда! Мұны көрген су мұрын студенттер күндердің күні «жейдемді жуа салыңызшы» демесіне кім кепіл. Әңгіме насырға шауыпты. Кемпірдің аптығын баспаса болмайды екен. Сыпыртқы мен шелегін ұстағысы кеп, алақаны қышып жүрсе, қайтарып беру де қиын емес.

Әрине, комендант бұл ойларын Әзизаға иін қандырып, жылы-жұмсақтап жеткізген. Қарт кісінің жеңілтектік жасай бермей, сабырлы, сындарлы болғаны жөн. Біле білгенге қоймашылық әжептәуір қызмет. Төсек-орнын қағып-сілкумен студенттерге жағыну қиын. Бұлар деген бұға берсең сұға беретін тентек халық. Алпыстан асқан адамның кіммен қалай қарым-қатынас жасаудың ығын білмеуі ыңғайсыз-ақ. Манағы баладай портфель ұстаған жүгірмек мұнда да бар. Үйсіз-күйсіз студенттерді көшеге шығарып, қаңғыртып жіберуге бұл да құмар емес. Тіпті әлгі студентті жатақханадан шығармайды да: «Төсек-орынды қоймаға апар» — дегені қоқан-лоқы әншейін. Жақсылықты да, жазаны да кезек қолданып, бұларды ақылмен ұстамаса болмайды.

Әзиза бәр-бәрін қағыс жібермей ұқыптап тыңдады. Расында да, ағаттық жасапты. Коменданттың жасы кіші болғанмен, жолы үлкен. Бөлмеде бетінен алмай-ақ баланың жағдайын соңыра айтса да ұға жатар еді... Бірақ тас емшегі иіп көрмесе де, бұл да ана ғой...

Қисық-қыңыр кеткенін бастығының жеңіл өкпе-наз ретінде білдіргеніне дән риза. Көп жыл ел басқарып, тісі сарғайған сабаз кісі ғой, түсінген, ұғынған адам үшін аз сөзінде көп мағына жатыр.

— Ғафу етіңіз...

Бастықтың қабағы жазылды.

— Ұқсаңыз болды. Бара беріңіз... Түстен кейін кір жуу пунктінен машина келеді.

— Білемін, білемін... — Есікке беттеді.

— Сәл тоқтай тұрыңызшы.

Тоқтады. Комендант столда отырған күйі қоймашының бетіне қадала қарады. Күлімсіреді.

— Қарт адамға бояу-сояу жараса қояр ма екен? Студенттердің көрмейтіні-сезбейтіні жоқ. Байқаңыз, күлкіге қалып қойып жүрмеңіз.

— Итке темір не керек. — Бөлмеден шығып бара жатып күбір еткенін өзі де байқаған жоқ. Комендант басын көтерді.

— Не дедіңіз?

— Өзім ғой, өзіме айтқаным...

Ақшам кезінде кібіртіктей басып, үйіне беттеді. Қас қарайған. Әйтсе де аспанда қызыл ұшқындар жылтылдайды. Аялдама-аялдама бықыған адам. Ауыз, құлақ, мұрын атаулы қызыл, қоңыр, ал қызыл... Біраз қара мұрт, кірпіктер ақ мұрт, ақ кірпікке айналыпты. Дыңылдаған телеграф бағаналары сыңси ма-ау, жылай ма-ау... Суық қарыды да, көз аясы жасқа толып кетті.

* * *

Әли, Серікпен шұрқырасып отырып кешкі асты алдына алды. Ғалия келін де, ол үйдегі бала да кешкі институтта оқиды, бағып-қағатын адам жоқ болғасын кішкентайларын Әзизаға тастап кетеді. Еденіне сырмақ жайып тастаған төрді екі бүлдіршінге басымен берген. Асыр салып ойнап, көптен бері адам даусы естілмей қаңырап тұрған бөлмені уайым-қайғысыз күлкіге толтырып жатыр.

Алыс ауылдағы он жылдан бері бұл жаққа аяқ баспай қойған жақын-жұрағаттарын ойлады.

Үй іші суи бастады. Әли мен Серікті келін ертіп кеткен. Көрпені иегіне шейін тартып алып, көзін жұмды. Сағат дыңылдайды. Қап, бұрап қоюды ұмытып кетіпті. Тоқтап қалып, жұмыстан кешікпесе жарады. Кемпір бүгінгі күнді, студент баланы, комендантты еске алды. Өткенді ойласа, текітіп өткен көп күндерінен тек пенсияға шығарын салған кеш есте қалыпты. Басқасының бәрі таңертең жатақханаға жыбырлап барып, кешке кібіртіктеп үйге қайтатын бір-біріне ұқсас күндер... Иә, сол кеште анау ақ бас адам ұзақ сөйлеген. Институт коллективінің кешке арнап жіберген екілі осы профессор екен. Әзиза анау жылдары, жас келіншек кезінде жатақхананың еденін жуып жүргенде бұл кісі аспирант, осындағы бір бөлмеде тұрыпты. Әзизаны содан біледі. Кешке өзі сұранып келіпті. Мұны басқалардай асты-үстіне түсіп мақтаған жоқ. Көңіліне алып қалды. Оның орнына қарапайымдылық пен батырлықтың ара салмағы жайында есіліп сөйлеген: «Қарапайым адамдардың да күнделікті жасап жататын кішкентай ерліктері бар. Әдеттегі таусылып бітпес күйкі күйбеңнің қамында жүріп, ондай ерліктерді байқамай да қаламыз. Өкінішке қарай, лайықты бағасын да бермейміз. Ондай игі істер жақсы адам секілді қарапайым әрі мәңгілік». Осылай деді ме, иә, нақ солай деді. Есінде қалыпты. Онда да дым ұқпағасын есінде қалған-ау. Тәйірі, қай қалтасынан шығарады дейсің, киіз кітаптан жаттап алғанын сайрап береді де... Білімділер қашаннан ылғи естіп жетілдіріп сөйлейді емес пе.

Сүйек неге сырқырайды? Бел неге талады? Уһ-һ!..

* * *

Кемпір ауыр тыныстап, ұйықтап жатты. Төсек астынан тышқан аңдыған тарғыл мысықтың жасыл көздері маздайды. Көшедегі бағана басындағы электр шамның терезеден түскен сәулесі сағаттың жез тілін айқындап тұр. Ал ол болса тоқтаусыз да қарапайым қозғалысына басады - сырт-т, сырт-т...

Әзиза түс көрді. Түсінде бір бума кілтті сылдырлатып ұстап жүр екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама