Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Қала және қыз бала

повесть

Кейіпкерлер — Н. қаласындағы көп қабатты үйдің тұрғындары.

Автобуста кездескен жігіт — қырықтарды қусырып қалған, аз сөйлеп, көп тыңдайды.

Айгүл – он бес жаста, орташадан жоғары оқиды, яғни үлгерім жағынан мақтау, даттау да қиын. Кластастары: «Есет атты тоғызыншы класс оқушысынан махаббат жайлы хат алған», - деседі. Осы нобайда аздап ұшқалақтау ма деген күдігіміз бар. Пәтері оныншы қабатта. Таңертең төсектен тұра сала балконға жүгіріп шығады да, күнге қолын созады.

Ергежейлі шал — алпыстан асқан көлгір жан. Тоғызыншы қабатта тұрады, қарақан басты, жалғызілікті кісі. Таңертең балконда көтеріліп қалған күнге қасқасын қыздырады. Бұрын циркте істеген. Қазір кептерді қолға үйретіп, сатып, ақша табатын әдеті бар. Аулада жеке меншік «Жигули» автомашинасы байлаулы тұрады.

Кептер — қолға үйретілген құстар. Қыз да, қария да – әрқайсысы кептер менікі деп өзеурейді. Қара қылды қақ жарып, әділдікке жүгінсек: «Кептерге ие мынау!» - деп үзілді-кесілді айту шындыққа қиянат, себебі құстар кейінгі кезде Айгүлдің балконына да қонатын. Кейде қыз: «Кептер менің аппақ қардай денемнен жаралған»- дейтіні бар.

Істік мұрт тарғыл мысық — шалдың жұмсағын кертіп жеп, жылысын жалап жүрген маубасы. Әбден еріккен, жалыққан. Күні бойы бөлмеге терезеден түскен күн сәулесін аулайды. Балкон кемеріне жапырлап қонатын құрқылдақ кептерлердің ең семізін бұқпалап; кеп бас салсам деген есебі де мықты.

Аппақ сәулелер — бұларды кейіпкерге санаймыз ба, жоқ па, өзіміз де дүдәмалмыз. Қызға салса, ақ сәуле мен ақ кептерді күн нұрынан жаралған дейді. Ойлап қарасақ, мұның да негізі бар секілді.

АВТОБУСТАҒЫ КЕЗДЕСУ

Таңертеңнен аспан бозамық тартып түнере бастады. Түс ауа шулы үлкен қала жастанып жатқан сүңгі шыңдардың басына бұлт байланып, күннің қалпағы қисайып сала берді. Кешке қарай бұлт арасынан қалықтап түсе бастаған кәрі құда Қыс кең мол пішілген шапанының өңірін айқара ашып, сілкініп-сілкініп қалды. Қойны-қоншынан, сақал-мұртының арасынан аппақ қар қапалақтады. Ол ол ма, жерге түскен Қыс аппақ алты айыр тымағын жалаңаш жартасқа соғып-соғып қалып еді, құйын үйіріліп, жер дүниені қар басты. Тау етегінде мойнын ішке алып, қалғып жатқан қоңыр Күз қар астында көміліп қалды. Кешке қарай тамам қалалық ақ көбікті тізеден омбылап жүрді.

Қар әлі жөңкіле жауып тұр. Бүртіктері бетіне шыққан бетон үйлер бөкселерін ұлпамен айналдыра оран, көшенің екі беткейін ала малдас құрып отыр. Ағаш атаулы — бір-бір қол шатыр. Зілдей ауыр ақ қол шатырлар. Күні кеше плащ, былғары пальтоларын желбегей жамылған қалалықтар бүгін үй-үй тасасын ықтап, бүрсең-бүрсең етеді. Қолы жеткендері өңделген тері мен түбітке, ал қалған көпшілік қолға іліккеніне оранып-шымқанып, көлденеңі есіп, ұзыны қысқарған пұшайман қалыпта ерсілі-қарсылы ызғып жүр. Қар түстес төрт-бес ақ қанденді автомашина басып кетті. Қапылыста оңбай жығылған он шақты кемпір-кепшік, шал-шауқан мертігіп қалып, ауруханаға жөнелтілді. Алғашқы қар басқадай кесапат әкелген жоқ. Қайта жүз мыңдаған бәтеңке мен туфли, шалбарлар алты ай жаз бойы арылмаған ақ шаңнан құтылып, сәл жаңарды. Шіріген жапырақ сасыған дымқыл ауаны қар иісі аңқыған кәусар ауа алмастырды. Жүрегі ауыратын, қаны көтерілетін біраз қуқыл бет пен кезерген ерінге қан жүгіріп, кілбиген кездерге жылы нұр шапты. Қас қараймаса да сыбырлап құлаған миллион қиыршық кеше қолаттарына ақ боз далада шымылдықты салбырата-салбырата ілігі қойды.

Сол күні жұмыстан әбден шаршаған жігіт ақшам түсе кеңседен көшеге шықты. Аялдамада туфлиін бір-біріне соғып, көп тұрды. Ышқынып келіп тоқтаған автобусқа таласып-тармасып кірді ақыр соңында. Кірген де, салонның ұзын бойына тартылған жылтыр білік темірге толғақ қысқан жас келіншектей бар салмағын сала қос қолдап асыла кеткен.

Киіз қалпақ пен ондатр, жарғақ құлақшындарды көздеріне түсіріп, милықтата киген еркек қауымы басым екен. Әйел халқы бұл кезде сумкаларын жұмыстан сүйрете шығып, азық-түлік дүкендерін аралап сөрелерді жағалап зыр жүгірулі еді. Әр қалпақ пен құлақшын астын ауыздан шыққан сақина-сақина бу алған.

Салон іші көңілсіз. Қарақұрық бейуақ бәрінің бетіне шым-шым көлеңке сеуіпті. Шілде күнінде шалқалай түсіп, орындық арқалықтарын аяусыз жаншитын жалпақ жауырын мен кең иықтар бүгін жинақы. Жұрт алға итіне түсіп, жағаларын көтеріп тастап, күржиіп-күржиіп отыр. Күн жылыда көбейіп сала беретін көп қарқыл мен қауқыл сап тынған, жұрт томаға-тұйық, күбір-сыбырға сараң. Жапырақ-жапырақ қар жабысқан ала шұбар әйнекке, сырттағы қараңдаған шолақ аяқ адамдарға – тізеге дейін омбы қарға малтықса, шолақ болмай қайтеді – зеріге қарап, алақанмен ауыз көлегейлей әдеппен есінеп қояды.

«Қат-қабат қарбаласқа толы, арқа етті арса, борбай етті борша қылған мың-сан бояулы Күз жарықтық бір жылға дейін келмеске кетті, «ақ киімді, денелі, ақ сақалды кәрі құда» -қаһарлы Қыс таяғын тоқылдатып, табалдырық аттады. Аш ішектей созылып, таусылып бермейтін бұл қатал маусым енді теперішті молынан көрсетіп үш ай табан аудармай жатып алады. Көлденең жүріс-тұрыс азаяды. Жұмыс көбейеді».

Көпшілігі осыны сарыла ойлап отыр.

Келесі бір аялдамаға тоқтаған автобус есігі сарт-сұрт ашылды да, ішке он бес жастың берісіндегі қыз бала кіре берді. Ол жұрт көзін өзіне алмастай тартты. Мойнын ішке алған талай бас қалт көтеріліп, талай жауырындар жазылды. Қыз сатуға жаңа түскен қуыршақтайын малынып киініпті; басында — бұрқыраған түбіт бөкебай, үстінде — етек-жеңі, өңірі, жағасы бүрмеленген қоңыр тон, аяғында қасықтай ақ етік. Қуыршақ мультфильмдерде қар үйірген ақ түтек арасында түлкі, қарсақ, тиіндермен қуаласпақ ойнап, қатар жарысып жүретін томпақ бет, томпақ ерін, түйме кез қыз ертегі елінің қызы болушы. еді, мынау содан аумайды екен. Арқасындағы конькилі бәтеңке еміс-еміс сылдырлайды. Қыз ақ құба еді. Құлақшын, қалпақты баса кигендер оның өңін тіптен аша түскендей.

Жамыраған көп көздің сұғын қыз қаперіне де алған жоқ, конькиін қоңыраулатқан күйі салонның ортан беліне өтті. Көп ұзамай қалың жолаушылардың арасына кіріп, көрінбей кетті.

Кіріп-шыққандарды есепке алмаса салондағылар көп ұзамай тағы да қалғып-мүлги бастады.

Тек жігітте маза жоқ. Қыз баланы көргенде осындай өндір кезі еске түсті. Heгe екенін кім білсін, жаңағыдай бетінен қаны тамған бақытты баланы көрсе болды, көңіл күйі бұзыла бастайды. Ерте, ерте, ерте, ешкі құйрығы келте заманның қойны-қонышында көзі жылтырап қалып қойған жыртық иін, жүдеу жүзді балалығы елестейді.

Атаңа нәлет қу соғыс бұларды жөргегінде жаралап, ит жейделерін өртеп кетті ғой. Әкесінің бет-бейнесі бұлдыр-бұлдыр ғана есінде. Бұл ес жия бере ескі жарадан қайтыс болыпты. Қайғы мен құса, жоқ-жітіктік меңдеткен шешесі де көп тұрған жоқ. Балалар үйіне алынып, сонда есті. Қазір өзі әке. Бірақ не алып жықпайтын, не ада-күде жазылып та кетпейтін сары аурудай әлгі жетімдік шіркіннің өстіп анда-санда шымшылап қоятыны бар.

Бір ой екінші ойды жетеледі.

«Аптасына балалық шағыңды есіне бір алсаң бітті, қартайдым, шалдықтың егініне түстім де,- дейтін бір қылжақбас досы. — Күнделікті қам-қарекетті былай ысырып қойып, қай-жайдағы балалықтың балағына жармасатындар шетінен шал... Жоғалған пышақтың сабы алтынның кері әншейін». Сол сөздің негізі бар секілді. «Жастықпен қоштасып, жасамыс тартудың басы осы шығар»,- деп егіле бергенде біреу жеңінен тартты.

— Ағай, ағай...

Қарақат көзі мөлтілдеген қыз бала жігітке төменнен қарап тұр. Бірдеңе демек-ау, шие еріндері «о» секілді бүріле қалыпты. Сонда барып бір сурет жігіт көкейіне қона қалды. Оның өзі қыз кірген бетте елес беріп еді, алайда апаш-құпаш қарбаласта желкесінен нақ түсе алмағам. «Бүткіл болмысы, тұрған бойы «О» әрпі екен ғой». Қоңыр тонның дөңгеленген бүрмелі етек-жеңі, толған айдай жүзі, түйме көзі - бәрі-бәрі «О» әрпі...

Қазір ол шырадай жанған жанарының бар жылуы мен нұрын жігіттің жақ күні үрпиген бозаң бетіне бағыттап.

— Сәлеметсіз бе?

Жігіт басын изеп, ернін қыбырлатты.

— Сіз ренжімеңіз... мазалағаныма. Мен сізді білемін. Сіз біздің үйдің шеткі подъезінде тұрасыз... Ылғи көріп жүремін.

Жігіт қыз бала бетіне бажайлап, ұзағырақ қадалды. Танымады. Ал ол болса тез-тез сөйлеп кетті.

— Мені, әрине, танымайсыз. Біз жуырда ғана осы қалаға көшіп келгеміз. Үлкендер балаларға назар аудара бермейді,- деп, үнсіз қалды да, әлден уақытта: — Маған билет алыңызшы, аға!- деп турасына көшті.

Жігіт қалтасын қағып еді, тереңде жатқан бақыр тиын алақанын қарыды. Алды да, кассаға дейін білік темірге қаз-қатар асылып тұрған адамдардың биялай, биялайсыз көп қолының додасына тастап жіберді.

Бес тиындық бақыр бір жапырақ билет болып оралғасын:

— Атың кім, айналайын?- деді суық сорған ерні дөбірейіп.

— Айгүл...

Сәл еңкейіп, сыбырлап қана:

— Тиынды үйде ұмытып кеттің бе?- деді қазымырланып.

Қыз құлағына ілмеді. Сарғыш билетті астын үстіне төңкеріп қарады, қаріп танымайтын қариядай ерні жыбырлап, алты қатарлы цифрды көзіне тақап санап шықты. Лезде бір уыс күлкі бетіне қайнап шыға келді.

— Мына қараңыз, бақытты билет! О, жақсы болды! Бақытты билет!- деді жігіт бетіне ризалықпен қарап. — Білесіз бе, ертең біз тау ішіндегі сырғанаққа барамыз. Жолымыз болады екен. Міне, бақытты билет... Мен коньки тебе білмеймін. Үйренемін ғой, үйренемін, қайда қашады. Біз биыл күзде көшіп келдік деп жаңа айттым ғой. Бұрын түстікте тұрғамыз. Қысы жылы еді. Жаңа жылды кейде қарсыз қарсы алатынбыз. — Сәл тоқталып, әжептәуір ойланды. Сөзін жалғады. — Қар болмаса коньки тебу қайда-а! Бәтеңкемізді қара жер жеп қоюшы еді. Ал мына қала ра-қат! Қар жауады. Енді боран бұрқақтатса, шіркін! Бүкіл класс болып барармыз сырғанаққа. Мың тұрып, мың жығылатын шығармын. Мұрным да қанайды. Өзі де екі-үш күннен бері қышып жүр,- деп, қолғабымен мұрын ұшын ептеп түртіп қойды.

Қоңқақ мұрны көгіс тартып бозарған жігіт қызға көз құйрығын тастағаны болмаса, тіл қатқан жоқ. Қыз екі арадағы салқындықты сезді ме, тақай түсті.

— Аға, мен секілді қызыңыз жоқ па?

Жігіт жанары әйнекке айналды, иегі ілгері шығып, кейкие түсті, қоңыр фетр қалпақтың алғы етегі сәл жоғары көтерілді. Іле білік темірді қапсыра ұстаған саусақтары сәл-сәл қозғалды.

— Жоқ...

— Қап! — Қыз өкініп қалды. — Болса, ертең сырғанаққа бірге барсақ деп ойлап ем.

Жігіт қоңырайған қалпы:

— Болған... Қазір... жоқ. Күзде... қайтыс болды,- деді әр сөзін әрең жетелеп.

— А-а! — Қыз да әйнектен сыртқа жапақтап қарады.

Бір уақытта түйіршік қар қатқан әйнектен назарын тайдырды да, қалтасына қол сұғып, әлденені күйбеңдеп іздеді. Алып шықты. Манағы бес тиындық билет... Төмен қараған күйі жігіттің алақанына қыстырды.

— Алыңыз, мә, менің бақытты билетімді алыңыз.

Жігіт: «Рақмет!»- деген ыңғайда басын изеді.

— Тоңып қалған жоқсыз ба? — Қыз етігін бір-біріне соғып, тыпыңдап алды. Арқасындағы конькиін сылдырын шығармай жерге қойды. — Үйге бара жатырсыз ба?

Жігіт басын изеді.

— О, жақсы болды. Мен де үйге кетіп барамын. Жолымыз бір екен. Мына конькиді сатып алып ем. Автобус іші қандай тар...- деп, қабақ шыта төңірегіне қарады. Сонан соң есіне әлдене түскендей: — Аға, одан да үйге жаяу бармаймыз ба? Көше, әне, қандай тамаша!... Қар жауып тұр... Аппақ!- деп шекесімен әйнекті нұсқады.

Негрлер табынатын ағаш пұт құсап қатып-сеніп, ыздиып тұрған жігіт бірден жауап қайтармады. Мінезі ауыр-тын. Әрі кенеттен қайтыс болып кеткен жалғыз қызының азасынам әлі арыла қойған жоқ еді. Іштей желініп, іштей қайғыратын. Ал ол қайғының белді қайыстырып жіберер ең ауыры ғой. Ә десе аузынан жүрегі көрініп тұрған мына ақ жүрек Айгүл, бір жағынан, өзі де байқамай ескі жарасының аузын тырнап алды. Сол арсыз ажал қапылыста орнынан баспаса, қазір ойда жоқта кездескен Айгүлдің орнында өз қызы: «Көкелеп!»- еркелей сөйлеп, қасында тұрар ма еді. Бір есептен, көрші тұратын қыздың кездескені жақсы, болды. Гүлдей жайпап, еркін есіп келе жатқан бала екен, салдырлай сөйлен, ананы-мынаны айтып, ауыр ойдан серпілткендей болды. Оған қоса: «Үйге жаяу барайық!»- деп тұр. Шынында да, үйге дейін бір, бір жарым сағат жаяу жүріп барса ше? Айгүл айтпақтайын: «Қар жауып тұр... Аппақ!» Оның үстіне мана зайыбы қала сыртында тұратын төркініне кіріп шығатынын, үйге сағат ондарда баратынын айтып, телефон соққан. Бас үшеуден екеуге кемігелі қосағы үйге тоқтай алмай жүр. Көбіне дос келіншектері екеуін шайға шақырып, шер тарқатып әңгімелеседі. Әйтпесе оларға телефон соғып, өзі шақырып алады. Қазір үйде ешкім жоқ, тек қаңыраған жалғыздық қана күтіп тұр. Осының бәрін қорыта келген жігіт бір деммен:

— Болсын!- деді. Сәл ойланып тұрды да: — Кешіккенің үшін байқа, ата-анаң ұрсып жүрмесін. Сабағыңды қарап па ең?- деді. Тағы да өз қызы есіне түсті — соңғы сұрақты әр кеш сайын соған қоюшы еді.

Айгүл томсарды. Ақырын ғана:

— Аға, мен он бес жастамын ғой,- деді.

Жігіт үндемеді — бұл себепке дау айту қиын болатын. Тек қызға көзінің астымен қарады да қойды. Айгүлдің шарғы бойына қарап, ешкім де оған он бес жасты бермес еді. Сөзі мен мінезі бой жете бастаған қыздан гөрі он үш жастағы ерке балаға келіп қалғандай. Он бес жастағылар, әдетте, ортасынан сырттап, тұйықтала беруші еді. Айгүл керісінше. Ылғи жас баладай ақ жарқын, ақ көңіл қалыпта жүретін, мәңгі-бақи қартаймай өтетін адамдар болушы еді. Мына қыз бала да сол топтан болды.

Дәл осы кезде автобус солқ етіп тоқтады да, төбедегі микрофон қырылдап-сырылдап: «Құрылыс» аялдамасы»- деді. Шофер шаршаған дауыспен екінші қайтара: «Құрылыс аялдамасы!»- дегенде барып ойға батқан жігіт селт етті де, қыз балаға бұрылды:

— Түспейміз бе?

Айгүл басын изеді.

Іркес-тіркес күйі есікке беттеді. Кенет алдыңғы жаққа жайғасқан келіншектің алдында манадан саусағының сыртын еміп, әркімге бір жапақтап отырған сәби шыр етті; ұзын беті ұңғыл-шұңғыл, жағына пышақ жанығандай кексе адам «балалы үйрек, орған терегін» үшкірейтін алып, бүлдіршіннің тәмпиген танауына әлсін-әлі төндіре тақайды.

— Сүйкімді бала! Жақсы бала! Мамаң аты кім, әй? Улю-лю...

Сәби өксуін қоя қойып, әлгінің бетіне қарап алады да, аза бойы қаза тұра ма, жүзін жалт бұрып, тағы жылайды. Келіншектің қаны бетіне теуіп сыздап-ақ отыр, алайда табан астында істейтін амалы да жоқ, түсі суық жанды: «Сен неге өйтесің?»- деп жазғыра да алмайды, өйткені, ол өзінше баланы еркелеттім деп тұр. Тасырая қарап, тыпыршығаннан басқа қолынан келері шамалы. Әлгі болса, келіншек пен баланың бұл халін жуыр маңда ұғатын емес, жоқтан ермек тапқанына мәз...

Сәбиге тағы үңірейіп үңіле бергенде жігіт арқасынан қақты. Анау жалт қарады.

— О не?

Жігіт бипаз ғана:

— Қойсаңызшы!- деді.

— Нені қоямын?

— Сәбиді қорқытуды... Не өшіңіз қалып еді?

— Мен еркелетіп тұрмын. Шымылдығың желпілдеп... Отырмаймысың өз жайыңа.

— Еркелету үшін ең әуелі айнаға қараңыз. Бала түгіл өзіңіз шошып, ағаш атқа мініп кетерсіз.

Түсі суық жан кіді сөйлеген жігітке ме, келіншекке ме, әлде беті жаңа бері қараған сәбиге ме, кімге арнағаны беймағлұм:

— Ғафу, ойбой, ғафу! Бөркіңіз қазандай екен, қойдым! Шәй деспейік,- деді де, автобустың артқы жағына шегініп, орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Жігітке түйіліп қарап қояды.

— Рақмет!

Алғыс жүзі жылып, өңі кіріп қалған келіншектің, әлде ту сыртында автобустан томпаңдап түсіп келе жатқан Айгүлдің аузынан шықты ма, ол арасын жігіт айыра алған жоқ.

Қар жауып тұр. Жер дүние ақ мақта. Ақ отау, аузы-мұрны жоқ отаудың әр жерін терезелер тесіпті. Қыз бала қалың қарды шоқайымен тепкілеп, өкшесінен айналып тұрып:

— Рақмет, аға!- деді. Алғашқы алғысты автобус ішінде қалған келіншек айтыпты.

— Жүр, жүр, бөгелме! Қызым-ау, біз сендерді қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқыттыра қоймаспыз. Кеттік, кәне!

Екеуі ақ әлемге сіңе берді.

— Жаңағы адам сәбидің қорқып отырғанын қалай білмейді?

Бұл қыздың сыбызғы үні.

— Мәселе сонда. Зиян, жамандықты әдейі біліп істейтін адам бұл дүниеде ілуде біреу. Көпшілігі білмей істейді. — Жігіттің үні сергек шықты.

— Бір автобустың ішінде сәби де, әлгі түсі суық кісі де бірге кетті...

Жігіт күрсінді.

Өмір ғой... Әңгіме айтшы, қызым, жол қысқарсын, әрі... аппақ қар жауып тұр екен.

АЙГҮЛДІҢ ӘҢГІМЕСІ

«Жаңағы автобустың бір айналымына қанша уақыт кететінін білесіз бе? Тұп-тура екі сағат! Мен әр екі-үш күн сайын сабақ біткесін осы автобусқа мінемін. Автобуспен қыдыруды жақсы керемін, болған-біткені сол. Heгe беталды қаңғып, басың ауған жаққа кете бересің дейсіз бе? Жалықтым... Ең әуелі парта жалықтырды. Биыл сегізінші класта оқимын. Сегіз жыл бойы күнде-күнде алты сағат бойы кітап оқимын, жазу жазамын, тақтадағыны дәптерге көшіремін, мұғалімді тыңдаймын... Бірінші класта да осы еді, сегізінші класта да осы. Кітап, дәптер, қалам, қалам, дәптер, кітап... Ал сабақ сағыздай созылып, бітіп бермейді. Құрығанда пастам таусылып қалса екен деймін. Соны киоскіден сатып алу үшін сыртқа шығып, демалып қалар едім. Автоқаламды ашып қараймын -пастаның бүгін таусылатын түрі жоқ, шіпілдеп тұр. Ал көшеде қызық-ақ... Қала төбесінен самолет ұшып өтеді. Бірінің етегінен бірі ұстаған сәбилер мультфильм көру үшін кинотеатрға шұбырып кетіп барады. Адам толы автобустар, троллейбустар, трамвайлар әлде-қайда сырғып барады. Терезенің дәл түбінде торғайлар бұтақтан-бұтаққа қонып, шар-шұр таласады. Әне, сондайда кіп-кішкене торғайға айналғым келеді. Қайда ұшамын, қайда қонамын десе де өз еркі. Әйтпесе күні бойы дамыл таппай көше-көшені кезіп, сайран салатын автобус болсам деп қиялдаймын.

Қаладағы мектеп қызық екен. Мысалы, біздің кластағы балалар бірінші класта да бірге оқыпты. Ойлап көріңізші өзіңіз, сегіз жыл бойы жұптарын жазбаған. Өйткені олардың ата-аналары үш-төрт бөлмелі жайлы пәтерін тастап, басқа өлкеге, әйтпесе ауыл жаққа көшіп кетпейді. Кереметтей қызық деген «Үш ноян» кітабы да қайталап оқи берсең жалықтырып жібереді. Бұлар да бір-бірінен мезі бола бастаған сияқты. Ұлдар қыздарға сөзбен соқтығып тиіседі. Есесіне қыздар кино, сырғанаққа көбіне жоғары кластың ұлдарымен бірге барады. Heгe осы апайлар бой жеткесін үйреншікті пәтерін, көке, тәтесін тастап, тез-тез тұрмысқа шығып, жиһазы да жоқ, тек сорайған ағайлары бар басқа үйге кетіп қалады деп ойлаушы ем. Тоқтау судай бірқалыпты өмірден жалығады екен ғой.

Ал ауылда басқаша еді. Әке-шешем кем іздейтін геологтар. Қоржындарын арқалап, дала безіп, тау-тас аралап жүретін. Төрт класты биік-биік тау арасындағы бастауыш мектептен оқыдым. Өткен жылы әке-шешем облыс орталығына көшіп, пәтер алды. Биыл осында ауысып келдік. Мына балаларға әлі үйренген жоқпын. Көбіне жалғыздан-жалғыз жүремін. Ермек іздесем, автобусқа отырып қыдырамын. Қалай отырсаң олай отыр, ешкімнің шатағы жоқ. Бар-жоғы екі сағатта көз алдыңыздан қаншама адам ағылып өтеді. Мұхит! Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ, әркім өзімен-өзі... Әр тақырыпқа салынған қызық-қызық суреттер ілінген үлкен көрмеге кіріп шыққандай боласыз. Билеті бес-ақ тиындық галерея! Қаншама үлкен болса да галереяның суреттері бір-екі сағаттан кейін бітіп қалады. Автобуста керісінше. Адамдардың бірі түседі, екіншісі кіреді. Көрмедегі суреттер бедірейген-бедірейген жансыз бейнелер ғой. Ал адамдар күледі, әзілдейді, кейде ұрсысып та алады. Не оқиға болмайды дейсіз. Әрі цирк, әрі галерея! Автобустың жүрісі тербеп, әрі-беріден кейін ұйқы келсе, әйнекке маңдай тіреп қалғып ал!

Пәтер де күн асқан сайын көңілсіз тартып барады. Бала жастан көз қанықты жиһаз, үйреншікті аквариум, сабақ қарайтын ескі парта... Сөрелерде қаз-қатар тұрған жылтыр тысты қалың-қалың кітаптар... баяғыда оқылып біткен кітаптар...

Ал ауылда әлем кең де үлкен еді. Аспан биік болатын. Ертегідей екі бөлмелі томашадай ғана үйіміз болды. Жаз туа айналдыра гүл егіп тастайтынбыз. Тоқал қоңыр сиырымыз жыл ара қысыр қалатын. Сүті мол еді. Күн ыси бастаса тауға шығып, бүлдірген, жуа, көкбояу, қызылқат, тошала, қарақат теретінбіз, жеміс-жидектің астында қалатынбыз. Ішсең маңдайыңнан бір-ақ шығатын тау өзеніне сүңгіп алып, жалма-жан қайта атып шығатынбыз... Көкем мен тәтем тау-тас аралай шыққанда мені өздерімен қоса ертіп ала кететін. Күні бойы шотпен шағып, тастардың үлгісін жинаймыз. Кешке үлгерсек үйге қайтамыз, үлгермесек, бір қабақтың үстіне шатырды шошайтып тіге қоямыз. Ашық аспан... жыпырлаған жұлдыздар... сай түбінде өзен сарқырап ағады... алыстан мылтық атылады, бұл қасқырларды қорқытып жатқан қойшылар... Шатыр алдында от жылпылдап жанады, басыма бүркеген шапан астынан мен оған көз тігіп жатырмын. Көкем мен тәтемнің жүзі шаршаулы, көздері кілбиіп кеткен, біреу алда-жалда түртіп қалса, отырған жерлеріне құлай-құлай кететіндей екен. Олар отқа қойған шайдың қайнауын тосып отыр...

Бір күні түске таман таудан еңістегі өткелге қаран құлдилап келе жатып, суға шомылған аюдың үстінен түстік. Қорыққанымыздан орнымызда қаққан қазықтай состиып-состиып тұрдық та қалдық. Бір-екі рет жылтырай қарап қойғаны болмаса, аю бізді менсінген жоқ суды одан әрі шалпылдата берді.

Ертегі өмір еді бәрі де... Қазір оның бірі жоқ — қалада тұрамыз.

Сіз ғой мені көкем мем тәтемнің қызы деп ойлайсыз. Шындығында, мен әжемнің баласымын. Жетінші класқа дейін әжемнің жар дегенде жалғыз қызы болдым. Көкемді – аға, шешемді — жеңеше дейтінмін. «Көке, тәте»- деп көр, әжем бұдыр-бұдыр таяғымен еденді түйіп қалып: «Көзіме көрінбе, шошқаның қызы! Аузымды қышытпа дегенде қышытпа! Мына таяқпен салып-салып жіберейін бе?»- деп ақырсын. Бесінші класта оқып жүріп таяқ жегенім ұят. Одан да әжемнің қызы бола салмаймын ба? Әжем маған аюдай ақырса да, бәрібір көзі күліп тұрады. Әжімдеріне дейін күледі. Ондай адам жаман емес. Әжем: «Сені көр де, балауса қыз кезімдегі мені көр. Тентексің, еркесің. Жүндей түтіп, сабап алайын десем, өзіме қол көтергендей боламын. Мен де кезінде екі иығын жұлып жеген еркекшора едім»,- дейтін шашымды талдап тарап отырып. «Өзінің еркетотай қыз кезін сағынып отыр ғой шәлкес әжең. Көңілін қалдыра көрме, Айгүлжан! Немере бауыр еті баладан гөрі ыстық. Әжең нені ойласа, соны айтатын ақ көйлек адам. Кезінде бүкіл ауылға ерке келін атанған, бетін бар, жүзің бар демей тура айтады»,- дейтін көкем де.

Ой-ой, әжем пенсиясын алған күні бір жырғап қалушы ек. Ол кезде облыс орталығында тұрамыз. Таңғы асты іше сала көйлектерімнің ең әдемісін өзі сұрыптап, қолыма ұстатады. Мені жасандырып болғасын сары жезді сандықта сақтаулы жатқан бар асылы мен жасылым киіп алады. Көзілдірігін мұрнының үстіне іледі. Ақшасын орамалға түйіп, менің қалтама салады - санауды білмейді ғой. Үйден шыға беріп, басымнан аяғыма дейін қарап шығады. Кенет: «Әй, жүр бері!»- деп, білегімнен мытып ұстап, ас үйге бүкшеңдеп жетелей жөнеледі. Аң-таң боламын. Кіре бере газдың үстінде тұрған ақ шәйнектің құлағына жармасады. Түбіндегі қара күйені бір сызады да, саусағын жоғары шошайтып тұрып: «Бері кел!»- дейді. Түк түсінсем бұйырмасын. Әйтсе де қасына барамын. Мәссаған керек болса! Күйені бір-ақ осып, маңдайыма жаға салады. «Әже, оныңыз не?»- деп, бұлан-таланды бастаймын әлгі жерде.

— Саспа, қызым, күйе жақса, көлденеңнің көзі тимейді,- дейді үлкен істі бітіріп тастағандай марқайып. — Екі шоқып, бір қарайтын жасқа жеттің, Айгүлжан! Сырт көздің сұғынан сақтасын!- деп күбірлеп қояды.

Мен айнаға бір қараймын да, бұлан-талан күйі ваннаға жүгіремін.

— Қайда барасың дедектеп?

— Жуып тастаймын!

— Жуып көр, шайтанның қызы! — Таяғымен еденді түйіп қалады. — Жуып көр осыдан, мына таяқ қай жеріңе сарт ете қалар екен! — Біртіндеп жүзі жылиды. — Қоя қой енді, қарғашым! Жумай-ақ әп-әдемісің. Айнаға қарашы өзің. Күйеде тұрған не бар! Әлгі үнді дегендерің маңдайын бояп алады деуші едің ғой.

— Иә, саған, ол күйе емес, мен!- деймін жер тепкілеп.

— Тарыдай мені не, түймедей күйе не, екі есеп, бір қисап.

Өрши түсемін.

— Есеп те, қисап та емес.

— Әй, елірме! Қоздырма жынымды! Саған енді бірдеңені сатып әперген кісі ме?

Бұған келгенде, әрине, жым боламын.

Екеуміз іркесіп-тіркесіп көшеге шығамыз. Мен ұяттан өліп барамын. Кекілімді маңдайыма түсіріп тарап қоямын амалсыз. Қызын сырт көздің сұғынан қорғаштап жүргеніне әжекем әбден риза. Таяғын тоқылдатып, артта кібіртіктей басып келе жатады. Ол кісі ғұмырында автобусқа отырмайды. «Осы азынаған пәлеңе еш сенбеймін. Бір бұрышта мөңкіп жығып кетер. Қара жерден табан айырғанның несі жақсы. Кел, қызым, одан да аяңмен болса да жаяу жүрейік». Әрі-беріден соң бұл аяң әжемді шаршатып тастайды.

— Қайда барасың секектеп? Әнеу ағаш бірдеңеге құйрық басып, сәл аяқ суытып алайық. Басым айналып, дүние дөңгелеп бара жатыр,- дейді. Екеуміз аялдамадағы отырғышқа барып, демаламыз. Мен маңдайыма жағылған күйені қалай сүртіп тастауды ойлап, сол екі арада бір айла таба қоямын.

— Әже-еу!

— Оу, қарғам?

— Сіз көзілдірікті маған беріп қойыңыз.

— О неге?

— Көп кие берсеңіз, басыңыз айналады.

— Оны кім айтты?

— Біздің кластағы бір қыз көзілдірік киеді. Сол қызға дәрігерлер солай депті. Әсіресе қарт адамдар көп кимеу керек екен. Көзі бұзылады дейді.

Амалының жоқтығынан көзілдірік киіп жүрген әжекем бұған құлап түседі.

— Мә, әкет әрі, ендеше! Қалтаңа тығып қой. Бәсе, тіпті алдым шұбартып бара жатыр. Үйге барған соң киермін.

Көзілдірікті сағағынан бүктеп қалтама салып жатып, сық-сық күлемін. Сырт айнала беріп, қалтамнан орамал аламын да, маңдайымдағы күйені ысқылап-ысқылап жіберемін. Көзілдіріктен айрылғасын әжем маңдайдағы күйе түгіл, аяғының астындағы түйені көрмейді.

Бір жүріп, екі тоқтап, әрең дегенде «Балалар әлеміне» жетеміз де ішке кіреміз.

— Ал не алушы ең, айт, кәні! Кеше күні бойы ызыңдап құлағымның етін жеп қойып ең, айт, кәні, адамның құны болса да!- дейді әжем сатушылар жаққа таяғын шошаңдатып.

Маған керегі жалпақ келген дөңгелек беретка. Төбесінде күлте-күлте шашағы бар. Оны және сөреден көріп те тұрмын. Әйтсе де әжекеме салған жердей сатып ала қояйық демеймін. Менің өз есебім бар. Беретка керек десем көкем, тәтем былай да алып береді. Олар беретка, көйлектен ақша аямайды. Керексізді өлдім десең де алмайды. Ал мен ылғи керекті затты сатып ала-ала, керекті көйлектерді кие-кие жалыққанмын. Жалпы, тым қажет затты алу таңсық емес. Қарайған елдің бәрі де сөйтеді. Керексіз зат сатып алсаң, о, үлкен жаңалық! Ол әркімнің қолынан келе бермейді. Әжекем, қызық болғанда мен нені нұсқасам, соның бәрі Айгүлжанға өте, өте қажет деп ойлайды. Бұл қасиетін мен де барынша пайдаланып бағамын.

Әрлі-берлі бұрылып, серелерге көз жіберіп тұрамын да:

— Қуыршақ сатып алайық!- деймін төбеден түскендей.

— Не дейді?! — Әжем аң-таң.

— Міне, мынадай үлкенін. — Құшағымды жайып көрсетемін. Әжем маған біраз қарап тұрады. Аздан соң түсі жыли бастайды.

— Е, айналайын-ай, сәби кезіңді сағынған екенсің. Ал, ала ғой. Айнымай маған тартқансың. Мен де атаң отауының табалдырығын аттағанша еркекшора атанған едім,-Жадырап сала беремін. Әжем аузынан: «Айнымай маған тартқансың»,- деген сөз шықса, бітті, қалағаныңды алады. Шынында да, әжем дереу сатушыларға беттейді. — Қайда әлгі көзің түскенің?

Екеуміз шашы жалбыраған дәу қуыршақ сатып аламыз. Үйде екеу-үшеуі жатса да, көрсек болды, қоймаймыз. Айтса айтқандай, сәби кезімді сағынамын ба, әлде үйде жападан-жалғыз өскесін жансыз да болса өзіме серік іздеймін бе, әйтеуір, ойыншыққа құмармын. Несін айтасыз, әлгі жерде маған да, оған да түкке керексіз футбол, хоккей ойыншықтары дейсіз бе, әйтеуір, көр-жерді құшақтап үйге қайтамыз. Ақшаның қақ жартысы «Балалар әлемінде» қалады. Оған қиналып жүрген біз жоқ, екеуміз де мәз-мейрам, разымыз өз-өзімізге. Жатар кезде көкем, тәтем әлгі ойыншықтарды біртіндеп көріп отырып, ішек-сілелері қатып күледі. Әрине, онда да әжем жоқ кезде ғана... Ал көзінше: «Оһо, апа, сауданы қатырған екенсіздер. Кіл керек заттар. Қуыршақты да, аюды да дұрыс алғансыздар. Айгүлжанның ойыншықтары тозып қалып еді. Жақсы болған екен...»- дейді қауқалақтап.

Әжекем жымың-жымың етеді...

Бұрнағы жылдың қаңтарында әжем қайтыс болды. Көп ауырған жоқ. Үйде екеуміз оңаша қалған кезде қасына шақырын алып, басымды сипайтын: «Көп ұзамай келмес сапарға кететін шығармын, қызым. Адым аттасам болды, қара жер емес, баланың еңбегін басып жүргендей еден былқ-былқ етеді. Әке-шешеңді қойшы, өз қолдары өз аузына жетті. Сен қарғашымды ойлаймын да. Қайда жүрсең де, жақсы адамдарға жақын бол, қарғам. Өсиетім осы»,- дейтін. Әжемнің бұл ақырғы рет армандасқаны екенін мен білмедім ғой.

Енді мен көкем, тәтемнің басыбайлы қызымын. Екеуі бірігіп, бір әжемнің орнын толтыра алмайды. «Айнымай маған тартқансың» демейді. Апам құсап алдана да салмайды. Күліп тұратын әжімдері де жоқ. Қуыршақ, аю секілді керексіз заттар да көзден бұл-бұл ұшты.

Айтпақшы, жаңа класс мені жаппай жұмыла зерттеп жүр. Зерттеудің қызығына түсіп кете ме, кіл адам ойына келмейтін қызық сұрақтар қояды. Үздік оқитын Кәмила: «Бұрынғы бағаларың қандай еді?»- дейді көзілдірігінің әйнегі жарқылдап. Жақсы оқысам, дос болып алғысы бар. Нашар оқысам, сыртын салмақшы. Адам бағаға қарап дос таңдайды екен-ау. Әдейі: «Биыл күзгі сынға қалып, жетіншіге әрең көштім»,- деп ем, шошып кетті. Ал Елу бір деген бір бармағын ішке бүккен тұңғиық бала ізімді бағады да жүреді. Не жан адамға қосылмайды. Үзіліс-үзілісте мен бір Қазына аралда тығулы жатқан алтын сандық сырын білетіндей, кезінің астымен қарайды, қарайды келіп.

Соңғы аптада Стивенсонның «Қазына аралын» оқып жүрмін. Мектепке барарда алгебра, геометрия сияқты адамды тартпайтын кітаптар бар портфельге салып аламын. Көбіме сабақ үстінде парта астына тығып, тіземе қойып көз жүгіртемін. Ішімде ондай қызық кітап жатпаса, портфельдің аузын кейде ашқым да келмейді. Күндердің күні мен де Джон Гокинс секілді белгісіз бір көмбенің үстінен шығамын. Онда да алтын, күміс, жаһұт емес, басқа қазына. Әжем қазына адам еді. Сіз қазына қызыңыздан айрылып қалдыңыз. Қабағыңыз қатыңқы. Қымбат адамын мәңгілік іздеп жүргендер ылғи шаршап жүреді. «Бәріміз де жақсылық материгін қайда-қайдалалап шарқ ұрған кішкене Колумбтармыз» дейсіз бе? Мүмкін... Мен әжемді іздеген кішкене Колумбпын.

Үйде көкем геологиялық партиядан ала келген дүрбі бар. Әке-шешем командировкаға кеткен күндері ішім керемет пысады. Әсіресе жексенбіде қиын. Әне, сонда балконға шығамын да, көшедегі қалалықтарға дүрбі салып, көзім талғанша сүзіп қараймын. Балаларын қаздай шұбатқан олар бір жаққа жедел-жедел басып кетіп бара жатады. Олар, әрине, қазына адамдар - дос-жарандарына, туған-тумаларына, қазына жер - цирк, паркке беттеген. Ал сәл жоғары қараса, аспан мен жердің арасында дүрбі салып, дос іздеп тұрған мені көрер еді... Сұмдық жалғызсыраймын. Көкем мен тәтем болса, бауырындағы Айгүлді көрмей, жер астындағы алтын мен күмісті іздеп жүр. Жадырап отырған күндері: «Айгүл де біздің жолымызды қуып, геолог болады-ау»,- деп қояды. Ит бағып, ирек қамшылап кетсем де, геологтан сақтасын! Мен жер астындағы алтын, күміс емес дос-туыс болуға татитын адамдарды іздеп жүрмін ғой.

Бесінші кластан алтыншы класқа көшкен кезім. Ол кезде облыста тұрамыз. Тамыз айы аяқтала бере бір күні біздің үйдің кіре беріс маңдайшасына: «104 үйдің биыл мектепке баратын бірінші кластықтары! Бүгін кешкі сағат 7-де 23 пәтерде салтанатты түрде оқушы күнделігі ашылады. Түгел қалмай келіңіздер!»- деген қызық хабарландыру ілінді. Оқыдым да 23 пәтерде «Қазына аралдағы» қызықтан да асып түсетін оқиға болатынын ұға қойдым.

Кешкі жетіде 23 пәтердің қоңырауын басып ем, бәкене бойлы, жылы жүзді апай есік ашты.

— Кешіріңіз, оқушы күнделігі осы пәтерде салтанатты түрде ашыла ма!

Апай күліп жіберді.

— Иә, иә, осында, қызым. Бірақ біз бірінші кластықтарды шақырып едік. Жә, оқасы жоқ, келіп қалған екенсің, кіре ғой...

Кіріп барсам, өңкей үпір-шүпір ұсақ бала бөлмені басына көтеріп, у да шу. Кейбірі асыр салып, қым-қуыт ойнап жүр. Екеу-үшеуі шекісіп үлгерген бе, ұрттары салбырап, бұрыш-бұрышта томсырайып отыр. Стол үстінде қаттаулы жатқан су жаңа күнделіктерді нұсқап, жымың-жымың еткендер де баршылық. Әке-шешелері ме, төрт-бес еркек: «Қой-қойлап!»-жүр.

Апай көп ұзамай балаларды төңірегіне шырқ үйіріп жинап алды. Шу тыйылды. Жұқа тысты күнделіктердің үстіне алақанын салған апай бір жапырақ қағазға үңіліп:

— Сәбит Алмасов!- деп қалып еді, қауға бас сары бала, іші толып жүр ме, ортаға қарай «дыр-рр!» деп шауып шыға келді. Ұмтыла түскен апайға да ұстатпай, бөлмені үш-төрт рет құйындата айналды. Ақыры қолға түскен дәу бастың кішкене алақанын апай қысып тұрып:

— Ал, Сәбит, сен ертең мектеп табалдырығын аттайсың, бірінші класқа барасың. Әлі-ақ күнделік деп аталатын мына дәптерге үйге берілген тапсырманы әдемілеп жазасың. Жақсы-жақсы баға алсаң ешқайда қашпайды, осы күнделікке қонады. Әке-шешең, әжең, атаң күнделікті ашып отырып: «О, мына қара! Кіл жақсы бағалар! Біздің Сәбит азамат! Өсіп келе жатыр өзі!» - деп, бетіңнен шөп-шөп сүйеді. Ол үшін, әрине, сен жақсы оқуың керек. Мұғалім ағай, апайларыңның тілін алып жүр. Мына күнделікті кілең «бес» пен «төртке» толтыр!- деп, дәптерді Сәбиттің қолтығына қыстырды, дәу бастың бетінен сүйді. Содан соң:

— Кәне, музыка! Ал, балалар, қол соғайық!- деді де магнитофонның қызыл тілін басып қалды. Ерте бастан пленкаға жазылған туш ойналды. Қаздың табанындай алақандарын қуана-қуана соққан құртымдай балалар мәз-мейрам. Көп ұзамай күнделіктерін қолтыққа қысып, қалтаға кәмпит салып, бірінің етегінен бірі ұстап шығып кетті. Қауға бас Сәбит ең алда «дыр-дырлап» кетіп бара жатыр.

Балаларына ілесе келген кейбір ата-аналар апайдың қолын қысып:

— Рақмет, көп рақмет сізге! Төбеміз көкке жеткендей болды. Бұл кешті балалар ешқашан ұмытпайды. Бәсе, күні бойы күнделік ашылады деп құлағымыздың етін жеді. «Салтанатты түрде күнделік ашылатыны қалай, сән-салтанатпен көрмелер ашылмай ма?»-деп, айран-асыр таң қалып жүрсек... Игі іс, игі іс, айтары бар ма! Қиял қандай! Осы сенбіде біздің үйді көріп қайтыңыз. Ауылдан ет келіп еді. Дәм татып кетіңіз. Қызыңыз Халиманы ерте келіңіз. Жұмыс, бала бақшасы, одан қалса дүкеннен-дүкенге қызыл танау шапқылап, өзіңіздей жақсы жандарды ескермей келіппіз. Аман-сәлем алмасып, хабарласып тұрайық! Ұмытпаңыз, осы сенбіңізді бізге қиясыз,- деп, не қилы байсалды адамдар жас баладай дыбырлады.

Сөйтсе Жамал апай бастауыш класқа сабақ береді екен. Күнделіктерді өзі сатып алыпты. Бесіншіде оқитын қызы Халима хабарландыру жазып, подъезд маңдайына жапсырыпты.

Бұрын мен балерина болғым келетін. Сол кештен бастап Жамал апай секілді мұғалима болуды армандай бастадым.

Құрбы қыздарға: «Өскен соң мұғалім боласыңдар ма?»- десем, ат-тонын ала қашты. Бәрі де не мәнерлен коньки тебуші, не пианиношы, скрипкашы болғысы келеді. Чемпион болсам, телевизордан концерт қойсақ дейді.

Бұрын мен де мұғалімдікті ұнатпаушы едім. Класс жетекшіміздің бір тентек баланың шешесіне: «Бізді түсініңіздер. Қазіргі балалардың жай-жапсарын білмейсіздер де, сөйлей саласыздар. Тіптен маған да, сізге де ыңғайсыз. Акселерацияны ұмытпаңыз. Біз де оқушы болдық. Айтқан ақылды қағып алып, кітап оқып, сабақтан басқа шаруамыз болмай томпиып-томпиып жүре беруші ек. Мына заманда балалар үйренетін жөн-нұсқаға кино, телевизор, театр, радио тәрбиесі қосылды. Әлемнің әр күні қапшық-қапшық жаңалыққа толы. Оқушылардың білетінін кейде біз білмей аңырып қаламыз. Институт бітіріп келген баяғы жылдары балалар: «Апай, о не, бұ не?»- деп, аузымызға қарап, айтқан сөзімізді жерге түсірмей қағып алып отыратын. Қазір, мәселен, «Клара Байболовна, пәленше ансамбльдің күйтабағы қайда сатылады? Білсеңіз айтып жіберіңізші?»- деп өзіңе қарсы келеді. Күйтабақ түгіл, ондай ансамбльдің атын алғаш естіп тұрсам мен не дейін. Олар бөлек, мен басқа тілде сөйлеп отырғандаймыз. Қайбір жақсы нышан дейсіз. Кейде мектептен аулақ деп, қолды бір сілтеп, басқа жұмысқа ауысып алуды ойлаймын. Өйтейін десем, ақшасы көп»,- деп тұрғанын аңдаусызда естіп қалғанмын.

Ал мен серуен-саяхат жасау үшін әлгінде біз түскен 13 автобусты не себептен таңдап алдым, соны айтып берейін бе сізге? Түу, көп сөйлеп кеттім бүгін. Қар жауын тұр ғой, қар жауып тұр. Мұндайда сөйлей бергің келеді, сөйлей бергің бар. «Адамына қарай әңгімесі» дейтін мұндайда әжем. Тыңдаңыз...

Биыл күз еді. 13-нен таңертең мектепке келе жатқамын. Бір аялдамада ішке үш-төрт жасар бала жетектеген апай кірді. Баланың басын добалдай ғып, жүн шәлімен шандып байлап тастапты. «Күн жып-жылы, онысы несі екен? Құлағы ауыра ма әлде?»- деп ойладым арт жақта тұрып. Апай ашулы. Жаутаңдаған баланы жұлқа тартып, бос орындыққа дік қойды. Өзі қасына жайғасты. Әлсін-әлі қиғаш қасы қайшыласып кетеді.

Көптің назары біртіндеп добал бас балаға ауды. Оны бала да сезгендей. Бірдеңені тындырып тастағандай маңайына мойнын соза-соза қарап, әлдеқандай болып отыр. Добал бастың тегін емес екенін жұрт та іштей пайымдайды. Шешесінен: «Бұл қалай?»- деп сұрау ыңғайсыздау. Оның үстіне ол кісі ашулы.

Бала сүт пісірімнен кейін орамалдың сыртын алақанымен қағып-қағып қалып:

— Мен космонавтқа ұқсаймын ғой, иә, тәте?- демесі бар ма?

Шешесі бастаған бүкіл салон жамырай күлді. Жұрт бірдеңені біліп күлді десе керек, маймұрын да ұсақ тістерін көрсетіп, шықылықтап қояды.

Манадан жұмсақ фетр қалпағын әрен көтеріп, ыздиыңқырап тұрған бір ұзын тұра ағай апайға сәл-пәл еңкейіп:

— Кешіріңіз... Мына кішкене батырдың басын неге үптеп-күптеп орап тастағансыз? Күн болса май тоңғысыз,- деп автобус әйнегін көзімен нұсқады. — Космонавтпын деді. Осыны түсіндіріп жіберсеңіз...- деп тым еңкейіп кеткенін сезді ме, оқтау жұтқандай қалдың қайта тапты.

Әуелі апайдың жүзі қайнаған судай бұзылып сала берді. Бетіне қан тепті. Сосын күлді. Баланың желкесіндегі түйінді жалғыз-ақ тартып, шәліні шешіп еді, ел жағасын ұстады. Бала көк пластмасса тегешті басына кептеп киіп алыпты! Тегештің екі құлағы екі жаққа едірейіп тұр. Кішкене батыр жымың-жымың етіп, басын оңға, солға кезек бұрып еді, қос құлақ зыр қақты.

Автобус іші қыран-топан. Ұзын тұра ағай қалпағының етегін шымши ұстап үнсіз күлді. Тек қалпағының шеті, иегі мен ерні, мұрнының ұшы, плащының тамақ түймесі дір-дір етеді. Бір қарасам, сыпайы ағай қалпағын қолына алыпты, тегі, күлкіден басынан ыршып, жерге түсіп қала ма деп қауіп ойласа керек. Ал бала қосыла шыққан көп күлкіден қорқып қалды ма, тегешін алай да бұлай зыр айналдырып, әркімнің бетіне бір жапақтап қарайды.

Шешесі бұрқ-сарқ.

— Несіне күлесіздер?- дейді шәлімен тегешті әспеттеп айналдыра орап жатып. — Кімге күлкі, кімге түрпі. Осыған бола жұмыстан қалдым. Сағат тоғызда жиналыс басталушы еді. Жұмыс та жоқ, ол да жоқ. Дәуренді емханаға сүйреп бара жатырмын. Онда қанша айналатынымды құдай білсін.

Әңгіме былай екен. Дәуренді шешесі апақ-сапақта төсегінен сирағынан суырып алыпты. Көзін уқалап:

— Кәмпит!- деп қыңқылдаған баланы жуынын болғасын, ас үйге кіргізіп, алдына айран қояды.

Содан сүрініп-қабынып зыр жүгірген апай төсек жинап, үйдегі ағайды жұмысқа аттандырып салады. Екі арада Дәуренді еске алады. «Ойбу, бұл не ғып тымпиып үнсіз отыр?» Ac үйге кіре бергенде Дәуреннің:

— Мен - космонавт! Мен - космонавт!- деген шат үні естіледі. Жеміс салатын тегешті басына төңкеріп алған Дәурен қосаяқтап секіріп жүр. Шешесі мән-жайды түсіне қояды. Жуықта ғана телевизор космонавтар туралы документті фильм көрсеткен. Фильм бітісімен Дәурен ас үйге жүгіріп кіріп, стол шетінде. тұрған шұңғыл тәрелкені басына төңкере салып, қиратып алып еді. Аздап ұрыс та естіген. Баланың аты бала, олардың басына бірдеңе кірмесін, кірсе ақыры онысына орындамай қоймайды. Дәурен ақыры ас үйде «космонавт» болып тынған ғой.

Шешесі әуелі емен-жарқын күледі.

— Қызық-қызық қылығыңнан айналайын, космонавт боламын деген ақылыңнан айналайын! Боласың, біз аман жүрсек, болмағанда!- деп, бетінен шөп-шөп сүйеді. Шөп-шөп сүйіп тастап, білегіндегі сағатқа қараса, қысқа тілі сегізге ілініпті. — Ойбай, балам, тегешіңді таста! Тез киін, кеттік бақшаға!

Дәурен басындағы тегешті қос қолдап тартып, сыпырып алайын десе, қайда-а, былқ етпейді. Шешесі де арлы-берлі ырғап көреді. Тегеш Дәуреннің басына кептеліп қалыпты. Тартқан сайын Дәурен қолды-аяққа тұрмай шырылдап жылайды.

Әбден сасқан шеше жұмыстағы жолдасына телефон соқса, цех аралап кетіпті. Дереу «03»-ті теріп, мән-жайды қысқа баяндайды. «03»-тегі апай әуелі:

— Бір балаға ие болмай ай қарап, жұлдыз санап жүрсіздер ме?- деген зілді сөздерді төгіп-төгіп тастайды. Көп ұзамай ақылға келіп: — Сәл тоқтай тұрыңыз, мұндай оқиғаны бұған дейін көрмек түгіл естімеп ек. Кезекші дәрігерден сұрап келейін,- деген.

Бес минуттан соң әлгі апайдың қатқыл даусынан гөрі жұмсақ үн:

— Алло-у, тегешті баланың мамасы боларсыз. Мен кезекші дәрігермін. Иә, иә, сирек кездесетін оқиға. Әрине, әрине. Сіз баланы таңертең тып-тыныш, мамыражай ұйықтап жатқан жерінен оятып алдыңыз. Жүйкесі қан айналымы қалыпты кезінде яғни. Әне, сол кезде тегеш басына сып берген. Одан кейін бала қуанды, секірді, яғни қан айналымы тездеді. Сіз ұрысқан соң сыпырып алмақ болды, оның сәті түспеген соң ызаланды. Яғни мыңдаған ұп-ұсақ тамырлары ісінген. Тегеш сол себепті кептеліп қалған. Яғни...- деп ұзын сонарға салады. Тегі, аткөпір білімін қайда жұмсарын білмей жүрген жас дәрігерге ұқсайды.

Ит жыны келген апай:

— Тегештен қалай құтыламыз, соны айтыңызшы, сіңлім!- деп жас дәрігердің бетін қайтарып тастапты. Дәуреннің тәтесінде бар мінез дәрігерде де бар:

— Тегешке бола шала бүлінетіндей шама жоқ. Жедел жәрдемнің бәрі жүрек, қан қысымы, демікпе ауруларын адақтап жүр. Өз ауданыңыздың емханасына апарыңыз,- деп трубканы тастай салған. Сонымен екеуі аудан емханасын іздеп шыққан...

Апай әңгімесін осылай аяқтады. Манадан шешесінің қабағына қарап отырған Дәурен тағы да жымыңдай бастады. Тәубасын ұмытты, тілі шықты.

— Тәте, тәт,- деді шешесінің жеңінен жұлқылап. — Лакета қайда? Мен қашан лакетаға отырамын?

Ду күлкі.

— Дәуреннің космос кораблін телевизордан көргені рас екен. Мына көлікті космонавтарды космодромға әкеп тастайтын автобус деп отыр. Қарсы болмасаңыз, келіңіз, түселік. Сізді кішкене космонавпен қосып, таксимен емханаға апарып салайын. Жұмыстан да кешікпейсіз, Дәурен батыр да мына пластмаса скафандрынан тезірек құтылады,- деді де, әлгі ұзын тұра ағай қолындағы қалпақты елпілдетіп апарып, төбесіне қондырды.

Салон жел соққан қамыстай шулады.

— Жөн сөз!

— Иә, автобуспен селкілдеп ішті түсіргенше таксилетіп барып қалмайсыз ба?

— Емханаға дейін әлі әудем жер...

Апай:

— Рақмет, рақмет, отағасы!- деп сәл қызарып, сәл бозарды да, орнынан тұрып, баланы қолынан тартты.

— Жүр, жүре ғой, құлыным, такси ұстаймыз. Тез барамыз.

Бала кері тартынды.

— Балмаймын, мен балмаймын! Автобус мені лакетаға апалады, такси апалмайды.

Шешесі жарылып кете жаздады. Бірақ жарылып кете жаздадым деген жоқ.

— Япыр-ай, қырсықты қарашы! Қайдағы космонавт, қайдағы ракета? Сен басыңа тегеш төнкерген жай ғана Дәуренсің, ұқтың ба?

Кірпігі жасқа шыланған бала:

— Өтілік айтпа! Мен космонавпын, космонавпын!- деп төңірегіне жалынышпен қарайды.

Сол арада Дәурен автобустан түсіп, емханаға таксимен барса, енді қайтып космонавт болуды армандамайтынын ұққандай болдым. «Балықтың тілін бақа түсінеді»,- дер еді мұндайда әжем.

Қалың жолаушылардың арасынан әрең өтіп, ақыры үшеуінің қасына жеттім-ау.

— Апай, Дәуренді автобуспен мен-ақ апарайын. Сіздер такси ұстап, емханадан кезек ала беріңіздер. Мен, мен апарайын...

Екеуі абыржып қалды. Дәурен ып-ыстық қолымен білегімнен ұстай алды.

Салондағылар әрі-сәрі.

— Жұмыстың аты жұмыс.

— Балада жазық жоқ, білгенін емес, көргенін істеген.

— Төрт жаста аспанды ойлап жүрген бала кейін қайтер екен, ә, жарандар?

— Сен дұрыс айттың, қызым!- деді ұзын тұра ағай қалпағын шымшып көтеріп қойып. — Біз де бала болғамыз, тары, талқан жегеміз... Балалық деген жатқан бір космос. Кім сәби күнінде аспандағы айды алып бер деп жыламады. Бала жанын түсінбесек, олар бізге жат жанға айналады. Қайттым райдан. Дәуренжан құрығанда емханаға дейін космонавт бола тұрсын.

Салон үнсіз.

Апай сылқ етіп орнына отыра кетті. Дәурен ішті елжірететін көзбен маған қарады да, тегештің сыртынан: «Оу, скафандржан, сен де саусың, міне, мен де дін аманмын!»-дегендей кішкене алақанымен қағып-қағып қойды.

Бар оқиға — осы.

Содан бері 13 автобус маған ыстық. Аптасына бір-екі рет естіп қыдырамын. Кім біледі, Дәурендей тағы бір қызық балаға сәті түсіп жолығып қалармын. Автобус ызғып бергенде кей-кейде космодромға беттеп бара жатқандай жүрегім лоблып, аузыма тығылады.

Өзің туралы айт дейсіз бе? Манадан бері өзім туралы айтып келе жатырмын ғой, аға. Көкем — геологиялық партияның бастығы. Жер астындағы бар алтын мен күмісті қайтсем де жарыққа шығарам деп, дала кезіп жүрген жан. Автобуста, көшеде, мектепте жақсы адамдарды іздейтін қасиет әкемнен жұққан. Оны көр де, мені көр. Көкем мен тәтем далада, мен — қалада түртінектеп ізденіп жүрген сондай қызық семьямыз. Екеуі де от басынан алыстаған адам. Міне, бір апта үйде жоқ, алты ай жаз бойы не тапты, не қойды, сол жайлы үлкен қаладағы үлкен бастықтарға есеп беру үшін ұшып кеткен.

Атамды көрген емеспін. Мен үш жасқа толғанда қайтыс болыпты. Содан ба, ақ самай, өзі еңкіштеу, қолына таяқ ұстаған бейтаныс қариялардың бәрін атама ұқсатамын. Артында фотосурет те қалдырмапты. «Бото-сото — сайтанның ісі, терімнен көрім жуық қалғанда, ол шіркіннен алыс жүрейін»,- деп, азар да безер болыпты.

Тағы не айтсам сізге?

Елубір деген бала ылғи мені сыртымнан бағып жүреді дедім ғой. Өзі аппақ шөлмектей жүдеу, артқы партада отырады. Әке-шешесі ұзақ жылдар перзент көрмей, елу бір жасында осы бала дүниеге келіпті. Елубір деп сол себептен атапты. Екі алса да, біреумен қағысып қалса да көз жасы дайын. Шашы бұйра. Қызға ұқсайды. Сол себептен бе, реті келсе шалып қалғым келіп, сөзбен іліп-қағып жүремін. Бұйра шашын менен тартып алғандай көрінеді де тұрады. Өзін Елубір демей, Меме дейтінбіз. Он бес жастағы баланы қалай Елубір деп атайсың.

Сол Елубір-Меме кеше қоңырау соғылып, балалар кластан шығып кеткенде:

— Үзіліс... үзілісте кластан шықпа. Бүг-гін кезекшімін,- демесі бар ма.

Меме оңаша қалғасын батылдығынан айрылып қалды. Маған жоламай, класс ортасында состиып тұр.

— Мемежан, кластан шықпа деген мен емес, сен. Ал не айтасың?- дедім оны көріп. Ол бір басып, екі басып, жақындай беріп, төрт бүктелген қағазды созған алақаныма қысты. Басын көтеріп, бетіме тура қарады. «Меме ауырып қалған жоқ па?»- дедім іштей. Көзі жасаурап тұр.

— Тұмау тиіп қалған жоқ па? — Маңдайына алақанымды басып ем, жылу шашатын батарея! Меме жақ ашқан жоқ алақанымды ысырып тастады, бұрылып алып тоңқалаңдай басып, есікті сарт ұрды да, кластан шығып жүре берді. Шыға бере шекесімен есік жақтауын сүрді. Ауыз ашқанымша: «Сабаққа кір-ріңдер-р!»- дегендей қонырау қақсап қоя берді.

Қағазды бүктеуін жазбастан портфеліме салып қойдым. Әрі қарай алгебрамен айқасып кетіп, естен таза шығарыппын. Сабақ бітіп, автобусқа мінгесін ғана тік тұрған күйі — он бес жас деген автобуста көбіне тік тұратын, айына орындыққа төрт-бес-ақ жайланып отыратын қызық жас — оқысам, масқара! «Айгүл! Сағат алтыда «Динамо» стадионының алдынан тосамын, ол жерге келмесең, жетіде «Алатау» кинотеатрының кассасында тұрамын. Келер жылы бірге оқиық десең, тоғызыншыдан оныншыға көшпей-ақ қояйын. Есет»,- деп тікесінен-тік салыпты.

Есетті білемін. Ол бүкіл мектепке белгілі сотанақ бала. Темірдей кекілін маңдайына шашыратып сеуіп тастап, тиісерге қара таба алмай жүреді ылғи. Апта бұрын бетімнің отын шығарған. Дәлізде портфелімді бұлғаңдатып аяңдап келе жатқанымда, екі қолын қалтасына салған күйі:

— Мынау қайдан шыққан фея, ей? Кім керек, сөздің ашығын айтшы, кәне, жердің жарығына кіріп кетсе де желкесінен суырып алып, алдыңа тік қояйын. Мені іздесең, оныңды айт!- деп жарылқап тастаған. «Сендейді тәрбиелі қыз көзіне де ілмейді» деген кейіп танытып, тұстарынан өте беріп ем, оным күлкілі бірдеңе болып шықты ма, әлгінің қасында тұрған тоғызыншы кластың серілері .«Аһа-һалай» шұрқырасын кеп. Ыза қысты бойымды. Бұрын ондай қалжыңды шыбын шаққан құрлы көрмей дік-дік басып кете беруші едім. Бұл жолы кішкене ғана кекілді кек пен ызаға айналдым. Ашулансаң бітті, аузыңа кіл ақылсыз сөздер түседі екен. Киіп-жарып барып, темір кекілдінің бетіне тіке қарап тұрып:

— Көке мылжыңсың!- дедім. Ол сөз жандарына тым жағып кетті ме, Есеті бар, қалғаны бар, әлгі топ екі жеп, биге шыққандай тіптен қарқылдап күлсін. Ойбай ұтылғанымды біле қойдым да, дәлізді қуалай жүгіргеннен жүгіріп шығып кеттім. Бет — өрт. Өртке қолжуғыштан кесіп алып еу сеуіп ем, жаным сонда кірді.

Мен сыр жасыра алмайтын қызбын. Үлкен үзілісте хатты кластағы қыздарға көрсеттім. Хат оларға сұмдық әсер етті. Кейбіреулері: «Бөспесің-ау»,- дегендей кекесін жымиып, дереу ретін тауып, маңайымнан жылыстап кетті. Ал қысқа да нұсқа сөйлеп, көзге түсіп жүрген, биыл старосталыққа тағайындалған Ақторғай атты қара қыз:

— Айгүл, бұл - қып-қызыл махаббат!- деп шаңқ етті. Жүзі әлем-тапырық. «Бұған не болды?»- деп едәуір шошып қап, бетіне ұзақ қарадым.

— Махаббаты қалай?- деймін таң қалып. Хаттың тегін емес екенін ішім сезетін. Сөйтсем махаббат екен ғой!

— Хат жазды, сол - махаббат!- деп және тепсінді Ақторғайым. Өзі елеуреп, көтеріліп алыпты.

Түк білмегенсіп:

— Хат жазғаны дұрыс болды. Апта бұрын маған: «Бұл қайдан шыққан фея. әй!»-деген. Сол қылығына кешірім сұрап, татуласқысы келген шығар. Бір ауыз сөзге бола Есет екеуміз мектеп бітіргенше өстіп дүрдіараз жүре береміз бе?- дедім. Ақторғай бір бозарып, бір қызарып:

— Бұл — махаббат!- деді сыбырлап. Іле қайта әуелеп: — Мұз айдынға да, киносына да барма. Оңай адамды тапқан екен. Екі көзі төрт болып тоссын,- деп, кіжініңкіреп кетті. Оқтау жұтқандай сіресіп, дік-дік басып шыға берді де, кілт айналып, оралып кеп:

— Сен жаңағы сезімді басқа қыздарға айтып қойып жүрме. Сыр сақтай біл, Айгүл!-деп және кетті. Оңаша қалғасын ал күлейін. «Әй, Есет-ай, маған емес, Ақторғайға хат жазуың керек еді. Өзі сырын сақтай алмай, маған білдіріп алып жүріп, басқаға ақыл айтқышын!»

Киноға да, айдынға да барғаным жоқ. Оған онсыз да жұлдызым қарсы. Кино көру, коньки тебу қалыпты енді. Бір шекісіп, екі бекісетін аңқаубайды тапқан екен.

Міне, қызық! Хат тасығыш Меме келесі күні үндемес ойын бастады. Сөйлесу қайда, сәлемдеспейді. «Аузыңа маржан салғасың ба? Қыздарға керек моншақ шығар, көрсетші, кәне!»- дейін деп ем, қатарынан сілейтіп үш «екі» алып, кетеуі кетіп қалды.

Кешкі астан кейін күндізгі уақиғаны тәтемнің сіңлісіне — әпкеме айтып бердім. Әке-шешем жолаушылап кеткен кезде кебіне сол үйге қонамын. Жиендерім жыртылып айрылады. Сабақ қарау қиын, сондықтан кейде жоқты сылтауратып, үйге кетіп қаламын. Әпкем ондайда кешке телефон соғып, бар-жоғымды біліп тұрады. Әредікте жүгіріп келіп, үйді жинап береді. Сол күні кешке қарай әпкем біздің үйге кіріп шыққан. Екеулеп жасаған тұшпараны соғып отырып, бәрін айтып бердім.

Ол кісі дұрыс, бұрыс демеді. Ыдыс-аяқты жуып тұрып: «Сіңлім, бой жетудің алды осы. Қайдан, қалай табылсаң да ақырын жүріп, анық бас, әйтеуір»,- деп күрсінді.

Осындай қызық оқиғаларды бастан кешіп жатырмын, аға. Бұрын бәрі қолмен қойғандай айқын еді.. Сыртта сабақ, үйде ыдыс-аяқ жуу болсын, тасқаяқтай қағыстырып, лезде тындырушы едім. Бұл жолы олай болмады. Ақторғай басқа, әпкем басқа деді. Махаббат деген ешкімнің ақылы жетпейтін бірдеңе болу керек. Жалпы, соған жоламаған дұрыс секілді.

Мен ешкімді де жек кермеймін. Есетке де дәлізде ғана тас-талқан ашуландым. Хат жазбай-ақ адам құсап: «Кел, достасайық!»- десе, татуласа салар едім. «Мынау қайдан шыққан фея, ей? Кім керек, сездің ашығын айтшы, кәне! Мен бе?»- десе, фея көрінсем көрінген шығармын. Киноға шақырғанда не тұр? Мектептегі біраз қыздар мен балалар мұз айдыныңа барып, жұптасып коньки тебеді, киноға кіреді. Оның бәрі махаббат емес... Мемені де жақсы көремін, тек томпиып жүріп сыр сақтағыш, үндемес. Бұғып жүріп ер жетіп қалған бала сол ма деймін.

Есеттің шақырған жеріне бармағаным әуелі сынап алайын дедім. Мені фея дегеніне қарағанда суайт бала ма, кім біледі. Фея қайда, мен қайда? Фея — ертегінің құсы. Тоғызыншыда екінші жыл қалып қоямын ден қорқытпаса, қайда қалмаған отыз тиын, қашан теппеген коньки, киносына да, айдынға да шауып кетер едім. Әжем айтпақтайын: «Шақыруға бармасаң, шақырусыз қаларсың».

Ойлап қалмаңыз, Есет, Меме, Ақторғай, 13 автобустан басқа жолдас-жораларым жоқ екен деп. Біздің балконның астындағы тоғызыншы қабатта тұратын ергежейлі қария он шақты кептер ұстайды. Олар балкондағы торда түнеп шығады да, күн көтеріле аспанға дүр көтеріліп, биік-биікте қалықтап ұшады, ұшады кеп. Мен де ояна сала балконда күн шуақта. былаудан шыққандай балқып тұрып, кептерлерге ұзақ-ұзақ телміріп қараймын. Кейде дүрбі саламын. Олар дүрбінің дөңгелек әйнегіне кіріп кетіп, тура сүйем жерде қалықтап, ұшудың сан түрін көрсетеді. Жақтырмай қалсам, дүрбінің алыстататын көзімен қараймын. Бір-бір кептер бір-бір кішкене нүктеге айналады.

Қол-аяғы бір тұтам қария да күнге қасқасын қақтап тұрып, қалықтаған кептерге көз тастайды. Өзінен еш жасқанбаймын, бала секілді көремін. Ол да маған алтын тістерін жарқыратып қарап қояды. Пенсияда, жалғыз тұрады. Бұрын қолға үйренген күшік, мысық, кептерді ойнататын цирк артисі болған. Әлгі он шақты кептер — қолға үйретіп жүрген құстары. Басқа істейтін ісі жоқ. Және көбіне балконда үйретеді. Жоғарыдан көріп тұрамын — кішкене қақпаға ілінген күміс қоңырауды қақтырады, кіттей арбаны сүйреттіреді... Көнбей бара жатса, торға қамап, екі-үш күн аш ұстайтыны да бар. Аш жануар ғана емес, аш құс та көнбіс келеді екен. Сол пәленшебай күнгі тұтқыннан кейін кептерлер әлсіздіктен ұша алмай, балкон жиегінде бүрісіп-бүрісіп, қалғып-мүлгіп отырады. Сондайда керемет аяп кетемін. Шал оларды емес, мені аш қамап қойғандай сезінемін.

Күндердің күнінде ергежейлі балконға қарны қабақтай бір семіз ағайды ертіп шықты. Екеуі әр кептерді бір ұстап, өнерін тамашалады. Бір уақытта әлгі кісі шалға су жаңа ақшаны шатырлатып санап берді.

— Жүз сом... Аз емес пе?- деді кәңгірлей күліп.

Циркші шал:

— Аз болмаса... мардымсыз жалғыз пенсия жетпейді. Осы кептерді кәсіп қыламын,-деп жылапты.

Ағай жомарт екен:

— Мә, тағы он сом. Баламның қуанышы үшін бәрі садаға. Жалғыз ұл... Келістік пе?-деді. Қол алысты. Ергежейлі:

— Тағы келіп тұрыңыз... Көршілеріңіз үйретілген кептер сатып алғысы келсе, тұп-тура осы пәтерге ат басын тіресін. Алдын ала хабарласса, міне, телефон нөмірі,- дейді жалбақтап. Мен күлдім. Пенсия жетпейді дейді. Ал аулада «Жигули» автомашинасы ылғи да жұтынып тұрады.

Осыдан кейін қарияны жек көріп кеттім. Кептерінің бәрін біріндеп сатып алар ем, ақшам жоқ. Кейінгі кезде балконға нан қиқымдарын, соқ тары шашып жүрмін. Екі-үш рет жапырласып қонып, жемді теріп жегесін балкон кенересіне қатарласа қонып, тоқ басатыны бар. Маған әлі үйренген жоқ. Есік ашып, балконға шықсам, қанаттары сатырлап ұшып кетеді.

Ұмытып барады екемін, циркші балконының жиегінде көзін ашып-жұмып қалғып отыратын керіскедей тарғыл мысығы тағы бар. Ұзақ жылдар бойы циркте шалдың атағын асырып, кейін алжып өлген мысықтың баласы. Қара тұмсығының астынан кептер сатырлап ұшып шығып, қалықтап қонып жатса, өткір тырнақтарын тарбайтып жазып жіберіп, шап-шұп сілтеп қалады. Кейбір мысық қаншама үйретсе де табиғатына тарта ма, әйтеуір, мынау кептерге жау көзбен қарайды.

Өткен түні солар жайлы шым-шытырық түс көрдім. Үш сериялы түс... «Ол не?»- дейсіз бе? Кәдімгі сериялы фильмдер секілді ұзақ түс... Бәрі қолмен қойғандай ап-айқын. Айт десеңіз, мен дайын. Кластағы балаларға аузымды ауыртпаймын. Өтірік дейді - бір, мазақтайды - екі. Сіз ағасыз, ал үлкендер түсті жори алады. Әжем: «Түсіңде тауға шықсаң «бес» аласың,- деп қуантып, — суға түсіп кетсең, жаман бағадан сақтана бер, қапы қалма, сабағыңа дайындал, қарғам»,- дейтін.

Ой, әжемді сондай, сондай жақсы көруші едім. Шүйкедей әжем, әсіресе әңгіме, ертегі, қисса айтқанда алдына жан салмайтын. «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек», «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай», «Алдаркөсе, Жиренше, «Қамбар батыр», «Алпамыс», «Ескендір» — бәрі-бәрін бес-алты жасымнан құлағыма құйып тастады. Қазақ әдебиеті сабағынан ылғи «бес» алатынмын. Биыл күзде жаңа класта әдебиеттен алғаш жауап бергенде қыздар қасын керіп, мен тап бір бөтен тілде сөйлегендей күдікпен қарап қызық болған. Тақпақтай сөйлеп кетсем, әлі күнге дейін түсінбей дағдарып қалады. Оны өзім сезбейді екем. Бір күні құрбым:

— Сен осы қызық сөйлейсің,- деп салды.

— Қызығы қалай?

— Ескіше ме, қалай? Қала балалары секілді сөйлемейсің. Ауыз әдебиетінің хрестоматиясын жаттап алғансың ба өзің?

Күлдім.

— Е, менің аузыма ертегіні әжем түкіріп кеткен. О кісі сөйлемесін де, сөйлесе мына әдебиеттен сабақ беретін ағайды жолда қалдырар еді.

— Бәсе, бәсе!- деп Ақторғай бетіме ежірейе қарап бас шайқады.

Әжекемді еске алсам, дүние жап-жарық боп кетеді. Ашуым да тарқайды. Сіз сол кісіге келіңкірейсіз. Әңгіме тыңдай аласыз. Ал ондай ағалар бірен-саран.

Мына қалада апалар аз екен. Біз ауылда тұрғанбыз деп айттым ғой. Көшеге жүгіріп шықсақ, есік алдында таяққа сүйеніп тізіліп отырған әжелер: «Тәк, тәк! Әй, бала, көзіңе қара! Мәшинені басып кетпе!»- деп жекіп алады да, іле: «Әй, айналайын, түйме көзіңнен, қай үйдің жарығысың?»- деп, айналып-толғанып түсе қалатын.

Айттым ғой, сіз әжеме ұқсайсыз, ендеше, түс жори аласыз. Мамам түс жори алмайды. Соған өзі ыза бола ма, қолын бір сілтеп: «Басыңды ауыртпашы. Түс — түлкінің қиы»,- дей салады. Дей салу оңай. Ал менің үш сериялы сол түсім кей-кейде өзімді таң қалдырады. Айтайын, тыңдаңызшы».

АЙГҮЛДІҢ ТҮСІ

Терезе кәсегінің шетінен күн құлағы қылтиды.

Сол мұң екен, қос уыс сәуле шыңылтыр әйнекті көктей өтіп, бөлмеге секіріп түсті. Жарқ етіп, қолма-қол диван кереуетке қарғып шықты. Төрт құлағы туырлықтай көрпені көтеріп тастамақ еді, сырыған мақта көрпе зілдей ауыр еді. Ауыр көрпе қос уыс сәулені миземеді. Сосын сәуле шіркін көрпе бүктесінінен сығалаған оймақтай саңылаудан жып беріп, қыз баланың қойнына кіріп кетті. Еркетотай сәуле мизамдай нәзік саусақтарымен қыздың жебе кірпіктерін сипап, сәл көтеріп, жазып жіберді.

Ойын осылай басталған.

Кірпігіне діріл, денесіне қытық жүгірген жас қыз оянып кетті.

Қызды оятқасын қағаздай жеңіл сәуле қалықтап еденге түсті, ені екі жарым да, биігі бір жарым кез төртбұрыш ақ алаңқайға айналды, алаңқай жарқыраған ақ білегін терезеге созды, терезеден қамшы сабы көтерілген күнге жалғасқан түп-түзу көлбеу күміс бағанаға айналды.

Ашық жатқан қалың кірпік қақ жарылған ашылмалы көпірден несі кем, қыздың екі көлі — тостағандай қос қара көзі шыбын тайып жығылатын таз төбеге түсті, одан қабырғаға ауысты, қабырға жапон әйелінің бетіндей теп-тегіс-тін, табан тірей алмаған жанар терезеге қол созған сәулеге кезікті. Құйылған мол сәуле қыз көзіне дереу ақ шүберек тарта салып еді, бірер секундқа түк көрмей, ауа қармалап қалды. Ұйқысы шайдай ашылып, балбырап жатқан қыз бала алма-кезек қуаласқан бұл соқыртеке ойынға ынты-шынтымен араласып кетті. Қайқы кірпіктерін қос тостағанға құлатып, өтірік ұйықтағансыды; қайта ашып, бетін сипаған сәулені қуып тастады. Еріккен қыз кірпіктерін жалпылдатып, көзін бір жұмып, бір ашып, сәуленің жібектей жұмсақ, дүрия, шағидан да нәзік алақанына тұла бойын сипатып, біраз жатты. Ойын, оның ішінде ұзақ ойын соңы осылдырып тынатынын он бес жасты жинаған Айгүл жақсы білетін; қапсыра құшақтаған мақта көрпені жалғыз-ақ теуіп, серпіп тастап еді, сырма көрпе сырыла түсіп, аяқ жақта бүгінен ұмар-жұмар бүктеліп жатып қалды. Көрпе дейін Қытай қорғаны құлағасын шапқылаған ақ тұлпарға айналған сәулелер жаппай сабылып, несін айтасың, санын шапаттап, сауық-сайранды емін-еркін салып жүр. Жағын жандыра шапалақпен тартып-тартып жіберіп, аулақ қуып тастайын десе, аяйды, оған қоса сәулелер етіне таяқ дарытпас жылпос-ақ, қуса қашып, қашса қуып, тәлкек етеді.

Амал жоқ, алақанымен көзін көлегейлеп, сәуле мұхитына оңашада армансыз шомылып, сұлқ жатыр.

Әйтсе де, жаңа ғана қыз кірпігінің әр талын жекелеп жазып, көтеруге ғана шамасы келген нәзік сәулелер қызды шомылдыра алмады, күші жетпеді. Жалпақ бет, ши бұт телевизор, талыс кеуде абажадай мебель мекендеген, не ғаламат жарқыл да жұрқыл жиһазға аузы-мұрнынан шығып ыңқылдап тұрған бөлмеге қалың перде жігінен сәулелер сабақ жіптей суыртпақталып ғана түсіп тұр еді. Жетпес сәулені әлдекімнің рақымынан тосып, жайран жата беру желкесінен тартқан көк жалқаудың ісі қыз бала атып тұрды.

Манадан бері қызды төңіректеген ойынпаз сәулелер көлеңкелердің көзін түп-тұяғымен құрта алмапты. Бөлме ортасында төрт аяқтап тұрған үстел астында, әне, сәуленің жарқыраған ақ дидарына тіктеп қарауға беті жоқ, біреуі басын тұмшалап, бүк түсіп жатыр. Диван-кереует іргесінде екіншісі үн-түнсіз тістей қатып, ұзынынан-ұзақ түсіпті. Бүкіл қабырғаны түстіктен солтүстікке дейін тұтасымен алған сан алуан суырмалы, жүз есік-тесікті мебель үстінде сап түзеп тұрған сервиз, вазалар тасасында да үйірімен үймелепті. Соқыр үмітпен терезеге көз салды. Сырттағы самаладай мол жарық қалың пердені көктеп ете алмай тауы шағылған екен, оны қыз салған бетте түсінді, ал түсінген адам ай қарап, жұлдыз санап, ерігіп тұра ма, дереу іске кірісті. Әуелі бар салмағын салып, үстелді қабырғаға итеріп еді, жылтыр паркет бетімен зырғып, коньки тепті. Сәл еңкейіп, сирағына сүліктей жабысты да, іліп ап: «Ауһ!»- деп, көтеріп тастап еді, жаңа ғана үстелмен бірге сырғи жылжып, жан сауғалап қашқан көлеңке ыққа лып беріп кіре бергенде, зілмауыр арабы ағаш аясын ба, шелпекше жапсырып, қабырғаға жанши салды, шиық етуге шамасы келмеген көлеңке жан тапсырды.

Ендігі кезекте төсек іргесін папалаған көлеңкелер. Кереуетті көтеріп, қабырғаға тірегі қойса ше? Бірақ талшыбықтай он бес жасар қыз балада не қауқар бар. Қауқар келмесе, ақыл жетеді. Өкшесін көтеріп, мебель үстінде қарауыл қарап тұрған қауға бас үстел шамын жұлып алды да, төсек астыма башпайымен итеріп, қосқыштың мыс саусақтарын қабырғадағы ашамай тесікке тыға салды. Жарқ еткен электр жарығы іргедегі көлеңкеге қырғидай тиіп, қас қағымда өртеді. Содан кейін сервант үстінде сарбазша самсап, бөлмедегі жиһаз атаулының бас амандығын бағып тұрған сервиз, вазаларды тағынан сүйреп түсірді де, тартпаларды сарт та сұрт суырып ашты, сонда біріндеп сүңгітті. Бар салмағын башпайларына түсіріп, өкшесін көтерген қыз перделерді батыс, шығысқа ысырып еді, қалың нұр ішке лап берді.

Айгүл, сөйтіп, көлеңке атаулының екі аяғын бір етікке тықты. Сәуле тасқынымен қуаласпақ, соқыртеке ойнап, күні бойы құмары қанғанша топалаң салсын, жібекше есілген жұмсақ нұрға дене тосып, қара бақайдан құйқаға дейін армансыз шомылсын, бұдан былай беттен қағып, бөгет жасайтын ешкім жоқ. Билей басып, бөлме ортасына шыға берді де, аңырып тұрып қалды.

Оңбай қателесіпті.

Қуырдақтың көкесі алда екен.

Төрт құбыладан қысқан төрт қабырға, астыдан көтерген еден, жоғарыдан төнген бетон төбе нөпір нұрдың қанатын еркін жаздырмай, емін-еркін тыныс алдырмай тұмшалап, қос өкпеден қысып тұр. Ал сыртта ұшан-теңіз, шет-шексіз ақшағырмақ мұхит жалт-жұлт етіп, мың бүктетіліп, жүз арнамен ағылып, буырқана қайнап жатыр. Жер жапанды түгел алған сол жарық дүниенің он уысы ғана бөлме ішінде бозамықтанып қашып жүр. Шомылу қайда, бет-ауызды үш-төрт шылауға ақыл-тақыл жететін он уыс сәуле...

Қыз қыстықты. Қыстыққан жан — қайнаған қазан. Ал буы бұрқыраған ондай қара қазан сақырлап қайнап-қайнап келіп, қақпағын бір көтерін тастайтыны тағы сөзсіз.

Не істерін білмей ширыққан қыз бұрыштағы қарын құрышы батысқан сым, сан қилы уақ-түйек жылтыр темірге лықа толы радиоланың түймесін түртіп қалып еді; миллион түрлі дыбысқа мөлдектеп, есе тимей тұрған сан жәшік сампылдай сөйлеп қоя берді: «Қайырлы таң, радио тыңдаушы жолдастар! Таңертеңгі бой жазар жаттығуды бастаймыз. — Әуелі пердені ысырып, терезені, балкон есігін ашып, бөлменің ауасын тазартып алыңыздар. Қазір жаз айы, жаттығуды балкон, яки лоджияда жасауға болады». Сол секундта қыз бала Қос аяқтай секіріп, қолын шапалақтады: «Алақай! Алақай!» Жетпеген ақылды радиода тапты. «Қазір жаз айы, жаттығуды балкон, яки лоджияда жасауға болады...» Бұдан асқан ақыл бар ма? «Құлашыңызды кеңірек жайыңыз... Бір, екі, үш!» деген сампылдаққа құлақ салған жоқ, түймені және бір түртіп еді, радиоланың көмейіне құм құйылды. Екі өкпесін қолына алып, балкон есігіне жетті, алға созған алақанымен шалқайта ашып жіберіп, сыртқа шықты.

Алып аспан астында буы бұрқыраған дүние құшағын айқара ашып тастап, қақ алдында керіліп-созылып жатыр.

Бір-бірін кимелей иықтап итеріп, сіресе сыңсып тұрған биік-биік үйлердің қиқы-жиқы геометриялық сұлбалары қатып-қатып тұр. Балконның алқымын ала адамдар ағылады, сан қилы машиналар әлдеқайда қайқайып бара жатып: «Шықпа-а, жаным, шықпа-а-а!» лап созалаңдата белгі береді.

Айгүл мың қайталанып, құлақ сарсытқан әуезсіз он секілді бұл тірлікті місе тұтқан жоқ. Күлміңдеген жалқын күнге қол созып еді, аспан - жердің арасын кезген сәулелер лекілдеп кеп, балконға саулай құйылды да, қыздың қос қолтығынан көтеріп, күнге қарай елпілдетіп ала жөнелді. Аяқ астындағы көше атты терең шатқалға үңілсе, басы қан көбелек айналып, құлан кетер еді, көзін тас жұмып алды, Нұрға толы таза ауаны қомағай тәбетпен өкпесі іскенше жұтты дейсің. Шалдуар сәуле ауаға ілесе кенсірігіне кіріп, алпыс екі тамырына бірегей тарады, дертке ем болды, бойы жеңіл тартты. Сәуленің бипаз алақаны, ыстық ерні тиген клеткалары балқып барады, соған қарағанда күн де құлдыраңдап, қызға қарай домалап келе жатыр-ау...

Түссіз ауаға тоғытылып, қалықтап ұшып жүрген қыз құлағының нақ түбінен кенет қанат шапыр-шұпыр қағылды. Құлаққа ұрыс жетсе, санада тұрыс жоқ, жұмып алған көзін ашып еді, сәуле үйірі қызды аспанда серуендетіп-серуендетіп алғасын оныншы қабаттағы бәз-баяғы балконға ұшыртып әкеп, түсіріп кетіпті. Өліп-өшіп сағынып қалған ба, жалқын сары шартабаққа қолын созып, талпынуын қойған жоқ, саусақтары кеңістіктің көлдей көгілдір көздерін сипалайды. Ал астыңғы қабаттан мана жапырлап ұшып шыққан он ақ кептер аспанда аударылып, төңкеріліп, біресе биіктеп, лезде төмендеп, таңғы жемнен кейін тоғын басып ұшып жүр. Жаңа қанаттарын шапыр-шұпыр қағып, құлағының түбінен зу етіп өте шыққан осылар екен.

Қыз кептерге қосылып ұша алмай, жер тартылысын жеңе алмай аһ ұрса да өзін құстармен бірге ытқып аспанға шығып, ауада ойнап жүрмін деп санады. Аппақ қардай денесі кәрлен кеседейін он ақ кептерге айналып, адам табаны тимек түгіл зейіні жетпейтін, ноқат, нүктесіз көк мұхитты шарлап ұшса, одан асқан бақыт бар ма?! Төбедегі тұңғиыққа қол создыртқан сол асқақ сезім еді.

Қанағатсыз көңіл келе-келе мақау кептерге дыбыс, үп дарыса деп тіледі. Дыбыстан мақұрым он кептер не, аспанды айналып ұшқан жұдырықтай он қара тас не, бәрібір. Он екіде бір гүлі ашылмаған қыз бала қара тасқа тіл бітіретін сиқыршы емес, бар болғаны бетон бөлмелерде жаншылын, аз жарықты аулай шанжау өскен нәзік бір тал гүл. Шанжау өскен гүлде бой болмаса, ой бар. Қыз ойлады: «Қолдан келіп, қоныштан басып тұрғанда жоқ дыбысты өзім жасап, кептерге неге сыйламасқа?» Ой сөйлесе көмекей сөйлейді, қудай мойнын созып тұрып, шырылдаған үнмен ән бастады.

А-ақ көг-ершін, кө-гершін,

Сен жылайсың,

Аспан асты аласа деп...

Мен жылаймын,

Ақ көгершін алыс деп...

Кенет, жердің жеті қабат астынан біреу ырқылдап күліп жіберді. Мойнына бір шелек суық су құя салғандай, ашық күнде тітіреп тоңып кетті. Қарын құрышынан шыққан түрпідей күлкі жаңағы періште әуезді шошытып жіберді ме, ән де жоқ, әуе де жоқ, жай әншейін балконға асылып тұр екен.

Қолын күнге созған күйі көзін төмен салып еді, ала пижамалы ергежейлі шал... Балконның ағаш кемерін быртық саусақтарымен мытып ұстап, құстарға қарап қалыпты. Ара-тұра кішкене кеудесі селкілдеп күліп қояды. Айгүл тұзы ащы сүрі ет жегендей қабағын тыржитты. Шал көз салған анау кептерлер қыз баланың аппақ қардай денесінен жаралған ғой. Қалбақтаған он ақ кептер қабырғалардың қыспағынан жаңа ғана қашып шыққан, көшенің құлақ тұндырар, ес тандырар шуына қайыру бермей көк зеңгірге қанат қағып, көтеріліп кеткен он Айгүл ғой.

Әуеге қол созған бұла қыз жалынып сыбырлады: «Аспандап ұшқан ақ құстар-ау, білесіңдер-білмейсіңдер, бойыма біткен бар ақтығым мен пәктігімді сендерге сыйладым, ол аз болса, күміс қоңыраудай сыңғырлаған он үнімді қоса ұсынып, асыл мен жасыл қасиетімнің бәрін қарымта тілемей құрбан еттім. Аяққа жығылып сұрайтыным — айналып кеп, алақаныма бір қонып кетіңдер, асыл мен жасылдың бодауы, қайтқан қаруы сол болғай! Кеп кергімей қонып кетіңдер-р!».

Қыз үнін құстар сол секундта естіді, естігені сол ғой, қанаттарын бауырына жия құнтиып берді, көзді ашып-жұмғанша заңғар биіктегі он нүкте он кептерге айналып, лақтырған тастай зымырап жақындай берді. Айгүл кептер білекті бойлай сырғып, төмен түсе қойсын деген оймен алтын сәулені білезік қып киген қолдарын серпе лақтырып тастап, күп мен балкон арасына өткел орната қойды. Құлдилаған құстар аспан етегін басып, жерге жақындай берді, ақ білектерді бойлай келе одан да төмендеп, табан астындағы түпсіз терең шыңырауға шым батты.

«Не ғаламат, япыр-ау?!»

Кемерге асылып астыға қараса, құстар алқымдағы балконда тұрған шалдың аяқ астына топылдап қонып жатыр... Циркшіден амал асқан ба, қызыл байрақ байланған перде ысырғыш таяқты төбесінен асыра үйіре ерсілі-қарсылы бұлғап тұр, ал үйретінді кептерлер магнит тартқан темір ұнтағындай үйіріліп кеп, кезекпен тоғызыншы қабатқа сүңгіп кетіпті.

Қария быртық саусақтарымен түймеш көздері жылтыраған кептердің түгі құлпырған мойны, арқасы, тамағының астын бипаздай сипайды. Алақан астына түсіп қалған ақ құстарды бұл қыспақтан құтқаратын күш қайда? Айгүл әзірде ғана күнге созған қолын жерге қарай салбыратып, он ақ кептерге үнсіз жалынады: «Менің осы тілегімді қанаттарыңа қауырсын ғып байлаңдар да, түпсіз зеңгірден құйылған ақ сәулені сатылап, оныншы қабаттағы балконға ұшып шыға көріңдер, меселімді қайтармаңдар!» Жалыну деген нанға салса өтпейтін жасық кездік екен, қыз жанының айқайын кептер құлағына ілмеді. Оны айтасың, шал кептерлерді бір-бірлеп жұмыртқа бүйір шарбақ темір торға қамады, Аппақ қардай ом ақ кептерден қарап тұрып таза айрылып қалған Айгүл қыстығып кен, пора-пора жылап жіберді, жанарынан үзіліп шыққан жас астынғы балкон кемеріне тырс-тырс тамады, одан онға бөлініп шашырап, қаймақшып қатқан асфальтқа түсіп, жоққа айналып жатыр.

Ұпайы түгел шал торды көтеріп, көлгір күліп, пәтеріне кіріп кетті.

Шартабақ күн жайлап айналып, шығыстан батысқа аяңдап барады.

Жылай-жылай көз жасы сарқылды. Ернін жалап еді, тұз татиды. Балкон есігін ашық қалдырған күйі ішке кірді. Құстарды қапастан қалай да құтқару керек, мойнына тағдыр артқан бұл міндетті жақсы біледі, ал «Қалай?» деген әмбе сұраққа әзірлеген жауабы тағы жоқ.

* * *

Он ақ кептерден көз алдында айрылып, ұнжырғасы түскен Айгүл пәтерге мәңгіріп кіре берді де, ішін тартты. Тым-тырыс. Айгүл секілді қорғап-қолпаштар періштесі мана балконға шығып кеткесін қалтарыс-қалтарыстан жарық дүниеге еңбектеп шыққан қарабас көлеңкелер бағып-қағусыз иен қалған аз сәулеге тарпа бас салыпты. Балкон есігінің ашылуы мұң, жанын қоярға жер таба алмай бебеулеген аз сәуле бықпырт тигендей сыртқа атылды.

Әй дерге әже, қой дерге қожа жоқ, оңашада әбден еліріп, күшіне мінген үйкүшік көлеңкелер жүрегі дүкілдеп қаға қалған қыздан да ыққан жоқ. Кірпіктерінің арасына қараңғылықтың ұп-ұсақ өрмекшілері жіптен де жіңішке қылдырықтай өрмектерін жып-жып тоқи жөнеліп еді, дүние бұлдырап сала берді. Төрт қабырға ортаға таман жылжи түсіп, біреуі жауырыннан, екіншісі кеудеден, үшінші, төртіншісі қос өкпеден қысып, ылғал демін бетіне үрледі. Атарға оғы жоқ, қолдан келер қайран жоқ қыз бала кереует үстінде жатқан көйлегін жолай іле кетіп, тез-тез киді де, шығар есікке жансебілдік жасай, жалаңаяқ жүгірді. Дәлізде бірі шығысқа, екіншісі құбылаға қарап, қырқай түсіп жатқан жайпақ табан туфлиді ұмытып та кетті. Пәтер есігін босағаға сарт ұрып жапқасын ғана иығынан бес батпан жүк түскендей күрсінді. Бөлмеден безіп кеткені мұндай дұрыс болар ма, жабыла берген жапсардан көріп қалды, елбеңдеп жүрген жалпылдақ аз сәуле іріп кетіпті. Сәуле түгіл, өзі сәл Кешіксе, есік таба алмай қабырғаны сипалап қалардай халі бар екен.

Сілімтір көлеңке төмен түсер баспалдақтың ұзына бойына иретіліп жатып алыпты, салқын алақаны балтырын сипады, жағасына қол жүгіртті, қауқары жетсе, қытықтап, ойнағысы бар, ой, оңбағандар-ай, көлеңке болмай керге кірсе етті! Қыз көзіне қара шүберек тартып, қараңғы түкпір мекеніне ұйықтай тартып әкеткісі бар. Мана балконда сіңіп үлгерген күн сәулесінің сынықтары қыз денесінен ұшқындап тұр еді. Өңмеңдеп, аяққа оратылған көлеңкелерді қараңғы баспалдақта ұлан-асыр өртке пара пар ұшқындар сыр-сыр өртеп, шалғыша шауып, жол салды, сәуле шашыратқан қыз маздап жанған шыраққа айналды. Жанына қысым болған көлеңке атаулы бет-бетіне ыдырап, қуыс-қуысқа шұбатыла кіріп кетті.

Қысқа сапардың тұйығы қасқабастың қара былғарымен қапталған есігі екен. Әумесер көлеңкенің бір қабы қашқаннан қашып отырып, төртбұрыш есіктің бетімен бет болып, асып төгілмей де, тас еденге ағып түспей де тігінен тік күйі қатып тұра қалыпты. Екі өкпесін соғып, демігіп жеткен қыз бала қолын көтере берді де, қара есікке айналып, түк білмегендей тымпиып тұра қалған көлеңкенің бетіне бар салмағымен салып қалды.

Есік жайлап ашыла берді...

* * *

Тағы да пәтер... Ат шаптырым бөлме ортасында алшайған жалпақ үстел үстінде темір тор діңкиіп тұр. Оның іші - үпір-шүпір ақ кептер. Бірі қанатын желпуіштей жайып тастап, тор түбінде етпеттеп жатса, екіншісі тұмсығын қауырсын астына тығып, бей-жай қалғиды, үшіншісі мойнын қылт-сылт бұрып, жаһұт көздерін аударып-төңкеріп, әлдебір мазасыз хал кешеді. Қыз қуанып кетті. Дін аман, түп-түгел. Тек қапастан құтқару керек.

Кірген бетте бірден байқамапты, шарбақ тордың оң қанатын ала әр көзіне бір-бірден жасыл тілді кішкене шам жағып алған тарғыл мысық мұртын сылайды.

Сол қанатта пижамалы шал кішкене алақанын жаныға ысқылайды. Май ішкендей жылтыраған бітік көбін тордағы кептерлерге бір, қоңыраулы қақпа мен кішкене арбаға екі қадайды да, күлмің қағады. Бөлмеге дыбыссыз кірген Айгүлді байқағам жоқ.

Қойдан жуас, қозыдан момын ақ кептерлер, алып қашпа сәулемен қуаласпақ ойнап, зеңгір аспанда қалықтауды білетін ақ кептерлер көнпіс, еш қаперсіз күйде құрқылдасып, салғырт күңкілдеседі.

Тұла бойы ток соққандай дір етті. Он ақ құс аппақ қардай денесінен жаралды деп шын санаса, тор ішінде олар емес, мұның өзі қамалып қалған ғой. Омпы түсіп, он төбешікке айналып, жайдан-жай отырса бір сәрі, тордың аузы түптің түбінде айқара ашылмас па, ергежейлі шал кептерлерді біріндеп суырып алып, цирк-цирктен кезінде ала келген анау шеңберден өткізіп, аласа қақпаға орнатылған қоңыраудың салбыраған жібінен тартқызбас па, дыңғыр, дыңғыр қақтырмас па?! Кәнігі қол мен көз қалаған бұйрығы мен жарлығын қалт еткізбей орындатады, ол анық. Орындамаса барар Балқан таулары анау тор болмақ.

Мияу-мияу мысық істік мұртын көз алдап, қазір бейбіт сылағанмен жеме-жемге келгенде ежелгі тарғылдығына баспасына кім кепіл? Күндердің күні мәймиген жұмсақ алақанына жасырған алдаспан тырнақтары тарбайып жазылмас па, таңы ағарып, қарғып кетпес пе, ойбой, тарғылдың таңының жарқылдауын кептер түгіл одан зорғы қарға, сауысқанның басына бермесін, ол дегенің жез қауырсынның бұрқ-бұрқ шашылуы, құстардың тырнақ үшінде шырылдап кете баруы...

Қыз да, тарғыл да, шал да мұны жақсы түсініп тұр. Он ақ кептер бұл итіс-тартыс жағдайдан бейхабар. Қарғам, аңқау, аңғалсың. Жыраға жалп етіп жығылып қалуың оп-оңай. Тілімді алсаң, қарадан қашық, ақ атаулыға асық жүр. Ақырын жүріп, анық бас. Ақ апанға түсіп бара жатсаң жылқыдайын жалыңды, түйедейін шудаңды төсе». Кәрі әже далабезер ұл, келінін жоқтатпайын дей ме, ұршықпен жіп иіріп отырып, білген ақылын немересінен аямайтын. Сол ақыл енді есіне түсті, қысылып тұрған кезде қуат берді, жалма-жан қимылға көшті.

«Жылқыдайын жалынды, түйедейін шудаңды төсе!»

— А-а-аа!

Мәрғау асқан айқай құлақ қағанағын жарып жібере жаздады ма, шал құлағын алақанымен баса қойды. Тарғыл бір-ақ ырғып, төбеден салбыраған люстраның иір мойын бұтағына шығып алды. Қаланың ас ішіп, аяқ босатар маубас мысығы ең қауіпсіз жерге жеттім, іс бітті, қу кетті деп мейманасы тасыды ма, мияулап салды.

Он ақ кептер бас көтеріп, мойын қисайтып, жылт-жылт қарағаннан аспады. Құрығанда сатырлатып қанат та қақпады. Қыз қайтсын, қолдан келгені құр айқай да, аттан... Дос-жаран жинайтындай балиғатқа да толған жоқ, бесіктен белі шыққалы білетіні, көргені әкесі, шешесі, әжесі...

— Көк-ке!

Ешкім былқ етпеді.

— Тә-те!

Үн жоқ.

— Әже-е! Жан әжетай!

Сонда барып еден құйқасы жыбырлап, қозғалып кеткендей болды. Қыз: «Әр сөзі алтын әжем-ай!- деп сыбырлады, — әр сөзі алтындай асыл әжетайым-ай! Әже екенің рас болса, қолтығымнан сүйеші, кеудеңдегі кең ақылыңды, маған сеп ақылыңды аямашы, әжетай!»

«Тілімді алсаң, қарадан қашық, ақ атаулыға асық жүр. Ақ атаулы аспанға түсіп бара жатса, жылқыдайын жалынды, түйедейін шудаңды төсе, қарғам!»

Шынымен әжесі сыбырлады ма құлағына, әлде өз көкейі ме сандуғаштай сайрап тұрған, ол арасын айырып жатуға мұрша жоқ, торға атылды. Атылып бара жатып, шақар айқайға және басып жіберді.

— Ат-тан!

Жеткен бойда тордың шырма-шату шарбағынан қос қолдап ұстай алды да, көтере беріп, ұзыннан өші, қысқадан кегі кеткендей столға түбінен түйіп қалды. Он ақ кептер жапырлай құлап, мидай араласып, әп-сәтте тор ішінде құстар қалғып-шұлғып отыр деуге ұқсамайтын апалас-төпелес қызық қозғалысқа келді. «Адам жанға батса ашынады, бір ашынып көтерілмесін де, көтерілсе алды-артын абайламайтын адасқақ, әу бастан ақырын жүріп, аның бас, қарғам!» деген әжесінің ана бір ақылын тұңғыш рет алмады, өйткені, торды сілкілеп тұрған он бес жасар Айгүл өз қолы өз аузына еркін жетпесе де, оң, солын айыра бастаған, бой жеткен деген биік табалдырыққа аяқ артып қалған қыз бала болатын.

Бүгін, тап осы минутта бой жетіп, қараның тырнағына іліккен ақ атаулыға араша түскенін қыз бала бірақ білмеді, көзі тірі болса, әжесі білер еді... Ол туралы ойлануға мұршасы жоқ-тын. Айгүл әжесінің: «Ақ апанға түсіп бара жатса, жылқыдайын жалыңды, түйедейін шудаңды төсе!»- деген кеңесін құп көргенімен, «Ақырын жүріп, анық бас, қарғам!»- деген ақылын бүгін құп алмады. Дәл қазір әжесі немересінің күйін балғамен ұрсаң сынбайтын әйнектің ар жағынан көріп сезіп отырса, ақылын қайтып алып, ұршықтан артық қалған шуда жіптей жан қалтасына салып қояр ма еді, қайтер еді.

Шал жасына жараспайтын ептіліктен кейін секіріп түсті, цирктегі пәленше жыл қатарынан дамылсыз қарғып, шоршыған ойын, жаттығу тегін кетпепті, секіріп түскенімен мұрттан ұшып, жығылып қалған жоқ тік тұра қалды.

Қыз торды еденге сылқ еткізіп тастай салды да, жүрелеп отыра қалып, есігін айқара ашты...

Кептерлер қос бүйіріне кезек ырғалып, құнжыңдағаны болмаса, тырп етпеді.

Қолын торға сұғып жіберіп, кептерлерді мойнынан, қанатынан, балағынан ұстап алды да, бір-бірлеп суырып, шалқасынан ашық тұрған балкон есігіне қарай лақтыра бастады. Ол жақта шымырлап қайнаған сәуле мұхиты бостандық гимнін аспанға шапшыта күркіретіп, шырқап жатыр-ау, қанат қақса әуенің асты-үстін жездей қақтап шарлап, ұрттап ішіп, шайқап төгіп, серуен соғамыз-ау деген тентек ой кептерлердің шақшадай бастарына кіріп те шықпады, өйткені бұлар кешелі-бүгін қолға да, торға да үйреніп қалған еді, бөлме табалдырығына кезекпен қонып, момақан кейіпте марғау отыр.

Айгүлдің ойы мен ниетін түсініп қалған циркші шал тарғылға тізіліп отырған кептерлерді көзімен нұсқап, ыммен өмір берген...

Сол мұң екен, жеген асына адал тарғыл жоны күдірейе жиырылып, май табанға тыққан алдаспан тырнағын жаза берді, Шәйнектей ғана шағын денеде соншама қайрат, жігер жасырынып жатыр деп кім ойлаған, люстра шайқалып кетті.

Келесі сәтте екі көзі маздап шамдай жанған тарғыл қарғып қалып еді, атып кеткен люстра төбеге тарс тиді: ауада доға сызған мысық үстел бетіне төрт табанымен тең түсті. Таңы ағарып, тағы бір секірсе, табалдырықтағы кептердің нақ үстінен түсетіні даусыз.

— О, әжетай, өзің жебеп, қолдай гөр!- деген қыз да кептерге жан ұшырып ұмтылды. – Күш, күш!

Айгүл кептерлерді білегімен сыпыра итеріп, үркітіп жүр, жанарынан бұл жолы жас жырыла қашқан жоқ, қимылы бекем, сенімі нық. Ара-арасында сыбырлап жүр: «Уа, менің денемнен жаралған ақ кептерлер, ақ :кеудеге қара тырнақты қадалтқанша қақ айрылған жерге кірсейші, оны көргенше кірпіктерім күйіп, күлге айналсайшы, көзім - көлім суалып, сорға айналсайшы. Аппақ, аппақ ақ кептерім, қанат, қауырсыннан жаралғандарың шын болса, қашып құтылыңдар, ұшып құтылыңдар!».

Біртіндеп ұшқан он кептер алысқа шырқап ұзамады, қалқып барып балконның ағаш кемеріне жіпке тізілген моншақтай қатарласып қонды...

Қыз балконға екінші мәрте жүгіріп шықты. Оныншы қабатта көлеңке қамауынан өз басын арашаласа, тоғызыншы қабаттағы мына соңғы жүгірісте алдаспан тырнақ пен шарбақ тордан кептерді құтқаруды ғана ойлады; ту сыртынан шалдың: «Тоқта!» деген жіңішке даусы мен тарғылдың зәрге толы «Ммяуы» естіліп қалды. Оң қолын созған Айгүл кептерлерді жалғыз-ақ сыпырып, көше атты терең шатқалға құлатты, құлағанға қос қанат демеу, құлдилай берген құстар ізінше қайта әуелеп, балкон жиегін жанасалай ақ сәуле шиырлаған аспанға тіке көтеріліп, әуелеп кетті.

Осы мезетте оқтай атылған мысық қыз қолтығының астынан ауаны жарып өте шықты, тарбиған он алдаспан тырнағы - он егеулі найза, кішкене өткір тістері - бір-бір қанжар, аузы толған ащы «мияу!» Балкон жиегіне табаны тиді ме, тимеді ме, зырқыраған бетте әрі қарай атылды. Ал ұшып бара жатқан құстар тізбегінің ең соңындағы оныншы ақ кептер аңқау неме ме, арбалып қалғандай шарылдап аққан тарғыл мысыққа қарай жалпылдап ұшты. Қыз бала да қарғып, балкон кемеріне шықты, секіре беріп, оң қолын қайнап жатқан ақ сәулеге созып қалды - алтын түстес сүмбіл шашынан ұстамақ. Алтын шаштан уыстай ұстап алды да, тербетіліп тұрып, тарғылдың таңынан тартып, суырып алу үшін сол қолын қаланың газ бен шаңға толы қою ауасына малды. Оқтаудай жұмыр тарғыл шіркін керіле атылса, кері қайрылмайтын үшкір жебе ғой, маңырап ұшқан жебе жерге жетпей жерігі басылған ба, оныншы ақ кептер қанжығасына байланбаса да, кеңістікті өткір тырнақтарымен сыра сойып, жерге қарай сорғалап бара жатты. Жайып жіберген қос қолы қос қанатқа айналған қыз балкон кемерін теуіп тастап, тарғыл соңына қуғын болып түсті. Жер атам заманғы қасиетінен жаңылмады, табаннан тарта жөнелді, саулап ұшқан қыздың көз алдына бары мен жоғын жайып салды; ұзын бел көп қабатты үйлердің терезелерін алтын сәуле дамыл-дамыл сүрткіштейді, сапырылысқан адамдар, машиналар, жасыл тысты дөңгелек бөрік ағаштар қыз балаға алақайлап қарсы ұшты, ұшқаны несі, тұп-тура зымырап, секунд санап жақындай берді. Лақтырған тастай құлдилап келе жатқан қыздың бар ойлағаны - аққа барымташы тарғыл мысық пен жер үстінде айқаласып, бір тоқайласармын, жер-анадан күш алып, жекпе-жекті салармын деген жарық ой. Және айқын сезгені, анық білгені - шал мен көлеңкелер екі етегін белге қыстырып қуса да, маңы түгіл шаңына шалдырмайтын сарабдал сара жолға түсті, түсті-і...

* * *

Қар қапалақтап жауып тұр... Жігіт үнсіз, манадан бері қыршын кеткен өз қызын ойлаумен болды ма, әйтеуір, үнсіз. Ал Айгүл ойнақтаған ботадай жанында келеді жайраңдап. Екеуі сәлден соң ақ торғын дүниеге сіңіп бара жатты...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама