Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Ән мен аспаз қыз

Райкүл орындық үстіндегі сағаттың безектеген шырылынан оянып кетті. Оянды да, жылы көрпе астын қимай біраз бұйығып жатты.

Сібірлей таң атып келеді. Терезе әйнектері, қабырға бөлменің тең жартысын алып тұрған орыс пеші азанғы алагеуіммен бұлың-бұлың етеді. Ашық тұрған терезенің тұсынан бір пысықай шымшық шықылықтайды. Қарсы бөлмедегі біреу: «Әй, қайт кейін, кебенек!»-деп қояды. Дәу де болса «Таң нұры» қабырға газетінің бас редакторы Махмұт түсінде қашаған көк серкеге ие бола алмай жүр.

Әлгі шықылықтаған шымшыққа қой қораның қуысына ұя салып, балапан шығарып жүрген көгершіндердің уілі қосылды. Пеш қабырғасы, терезе әйнектері біртіндеп сарғая бастады. Сырттан Аламойнақтың керіліп қойып дүр сілкінгені, аузын арандай ашып, есінегені естілді. Жата-жата жамбасы тесілген қыздың есіне бүгін аспаз екені түсті. Әр он күні сайын бір рет бұрылтпай соғатын мазасыз кезекшілік... Айтып-айтпа, бригадада Райкүлден басқа да тағы он қыз-жігіт өмір сүреді, мал бағады, қиялдайды, газет-журнал оқиды, әзілдеседі, ең бастысы, күніне үш мезгіл қолдарына қасық ұстап, сорпа, көже, шай ішеді, қуырдақ жейді. Орнынан тұрған Райкүл осы ойдың тұсына келгенде мұрны пысылдап, қаперсіз ұйықтап жатқан Кәримаға: «Ішеді, жейді...» — деп, кіжіне қарап қойды. Іле ашуы тарқады. Күлімсіреді. Кәриманың кішкене танауының, дәл ұшына терезеден ұшпа сәуле түсіп, сәл қызарып тұр екен.

Сыртқа шықса, көкжиек сызығынан күннің құлағы қылтиып тұр. Бірді-екілі бозторғай аспан төріне шығып кетіпті. Қарсы алдыдағы кең жазықтан таза, салқын леп келеді. Жуынып таранғасын әуелі құдықтан мықшыңдап су тартты. Тоқбүйір қалайы мескейлерге су құйып, плита үстіне тізіп қойды да, астына от тамызды. Мынау Мақмұт секілді мықтысында шай қайнайды, анау шағын-шағындарында ет, сүт дегендей...

Астына консерві қалбырынан босаған жәшікті қойып, жүрелеп отыра қалды да, картоп арши бастады.

Аспаз да адам. Олар картоп аршып отырып та қиялдай береді. Мәселен, пышақ астынан жоңқаланып шығып жатқан мына аппақ қабықтар өздерінің өмір жолына ұқсайды екен. Жалпы, Райкүл тегін адам емес. Ол ең алдымен шопан, осы бригаданың коменданты, көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі, тек содан кейін ғана аспаз. Онда да бүгіндік қана. Ендеше, шай-шақпыт, картоптан басқа да ойланатын мәселелер аз емес.

Сонымен шопан, комендант, өнерпаз, аспаз Райкүл он шекесін көтеріліп келе жатқан күнге тосып отырып, кәдімгі пенделік ойларға батты. Мектеп бітіре сала қойлы ауылға уылдасып-шуылдасып келгендеріне, міне, бүгін бір ай. Жалпы, түптің түбінде Райкүл заң қызметкері болады. Кейбір орнын тауып қойған сұрақтары әлденеге кінәлі кластастарын ылғи да абыржытып тастайтын... Райкүл аман болса, екі жылдан соң Қарағандыға тартады, оқуға түседі. Бітіріп шығады... Одан кейін жалған акт жасап, қой жеп қойған жемқорларды, ұйықтап қалып, отарды қасқырға қырғызып алған жалқауларды тергеуден тергеудің астына алып, көкелерін көзіне көрсетеді.

Белі ауырғасын шалқайып, бырыс-тырысын жазып еді, басы айналды ма, көзі қарауытып, құлағы шыңылдап сала берді. Кешегі күн ұзынғы солқ-солқ желіс шойырылтып тастапты. Қалтасынан алған қол айнаға қарап еді, ерні жарылған... Сыдыртып соққан аңызақ қойсын ба. Әсіресе құрғап қалған көлдерден көтерілген аппақ ащы сор орай да борай соғып, көз аштырмады. Кеше кешке қосқа келіп, жуынғанда су тиген беті-қолы удай ашып қоя берсін.

Биылғы көктемде әр апта сайын өтетін дыр-дулы класс жиналыстарында олар мал бағуды басқадай елестететін. Шаңқандай класта отырған. Райкүлдер аңызақ жел мен ащы сор жайлы ойламайтын. Үйдегі жасы келген аталары мен апалары: «Ойбу, белім шойырылып тұр бүгін»- десе, күлетін. Олар болса: «Бастарыңа келсін!»- деп ренжуші еді. Есесіне ауданның маңдай алды шопандарының сыйлыққа кілем, машина алып, жиналыс сайын мақталып жататынын естіп те, керіп те жүрді.

Ал қазір ше? Күн асқан сайын мынау кішкене қол айнасын қалтасынан сирек алады. Оқушы кезде оңашада қол айнаға жиі-жиі қарай бергісі келетін. Өйткені алақандай арайлап атып келе жатқан болашағынан әлденені күткен, толқулы, лепірулі, бетіне лыпылдап қан жүгірген бақытты Райкүл қарап тұрушы еді. Қазір айнадан басқа адам қарайды. Беті, ерні жарылған, жүзін жел қағып, қарая бастаған Райкүл, тез бойжетіп бара жатқан бөтен Райкүл, басқа түгіл, өзіне суық, жат Райкүл...

Қол айнасын алжапқышының қалтасына салған аспаз ыңылдап ән салды.

— Келеді қараторғай... қараторғай...

Көкжиектен табан үзген күн бірқалыппен көтеріліп келеді. Аспан ғана көгілжім де, ал басқа әлем — дала, ши-бұта, қырат-қырқалар алтын жалатқандай сап-сары. Биік-биікте алтынмен апталып, күміспен күптелген шарбы бұлт қалқып тұр. Бәрі де тамаша, жақсы, тек осының бәрі жансыз, тіл-ауыздан мақұрым саңырау тіршілік... Әуелей көтеріліп, тыным таппай шырылдайтын бозторғайлар қайда? Жамырай ұшатын қараторғайлар ше? Шынымен жылы жаққа кеткені ме? Қоңыр шапанын айқара жамылған өкпек желді қара күздің, әне-міне дегенше келіп-ақ қалғаны ма?

Жас шылаған көзін көкжиектен жоғарырақ салып еді, қаптай ұшқан қалың қараторғайды көргендей болды.

— Келеді қараторғай қанат қағып,

Астына қанатынын, маржан тағып.

Бірге өскен кішкентайдан қарағым-ай,

Айрылдым қапияда сенен неғып?!

Райкүл ән салып тұр. Ән дала бетіне көлбей құйылған күміс сәулелерге араласып, биіктеп барады.

Ән біткесін қыз ішке беттеді. Көз алдында — қанатының астына маржан таққан қараторғай... Бұрын осы әннің сырлы әуезін жақсы көрсе де, сөзін жаттарманға келгенде: «Қараторғай о заманда бұл заман маржан таға ма екен?»- деп, сенбеуші еді. «Әншейін ұйқас үшін құрастырыла салынған ғой»,- деп тағы қосатын. Осы жолы қараторғайдың қанатынын астына маржан тағып алатынына бар дінімен құлай сеніп келе жатыр. Өйткені қанат астына тағылған маржандарды - қауырсында құбылып ойнаған күн сәулесін соңғы кезде талай көрген.

Асханаға кірсе, мескейдегі су қайнап жатыр. Бөлме тып-тыныш. Қыз іштен қуанып қалды. «Балалардың оянып кетпегені жақсы болды. Әйтпесе Райкүл елең-алаңнан аңыратып ән салып, ағыл-тегіл жылайды екен деген күлкіге қалар едім».

Райкүл мықтап қателесіп еді. Екі бөлмеге тең бөлініп жатқан бес бойжеткен, бес бозбала мана-ақ оянып, аспан астын алып, қаптай ұшқан қалың қараторғайлармен араласа әуелеген әнге қыбырсыз құлақ салып, жүректері дүкілдеп соғып жатқан. Күлу деген ойларына да келген жоқ.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама