Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Біздің бағыт

Адам баласының өнер-білімі, оқуы, әдебиеті, саясаты, мәдениеті — барлығы шаруашылық кәсіптен туады.

Өнер-білімнің, оқудың, мәдениеттің, әдебиеттің, саясаттың, — бәрінің негізі, іргесі, тіреуі шаруашылық кәсіп.

Өнер-білім ретінде артта қалған халық ең алдымен шаруашылық тұрмысын екінші жаңа өрнекпен жөндеу керек.

«Қазақ кедейі қайтсе теңеледі?», «Қазақ кедейі пәлен қылса теңеледі», «Қазақ кедейі түлен қылса теңеледі», — деп айтқанда, ең алдымен «Қазақ кедейінің шаруашылық тұрмысын жаңа өрнекпен жөндеу керек» деп айту керек. Әм сол айтқан сөзді әрбір көзі ашық, кеудесі саналы кедейдің баласы іске асыруға барлық күшін салып тырысу керек. Қазақ еңбекшілінің шаруашылық тұрмысы өзгеріп, бұрынғы ескі түрді тастап, екінші жаңа өрнекпен шаруашылық тұрмысы құрылмай, өнерлі халықтардың еңбекшіл табының қатарына кіріп кете алмайды. Әрине, шаруашылық тұрмысты өзгертіп жөндегенше басқа істерді қоя тұрмай, басқа істерді де күшті азайтпай жүргізе беру керек. Шаруашылықты жаңа түрге салып жөндеу деген не? Ол көшпелі тұрмысты, көшпелі осал шаруашылықты тастап, отырықшы тұрмысқа айналу, жер шаруашылығына айналу деген сөз.

Жер жүзінде қазақша көшіп жүрген халықтың өнер-білім ретінде отырған елдің қатарына кіргені жөн. Қазақтың кедейлері осы күні әр жерде, әр қалада шұбырып қаңғырып жүр. Міне, солар алдымен поселке болып, жер шаруашылығына айналу керек, ұйымдасу керек. Ұйымдасып поселке боламын деген нашарларға кеңес үкіметі қашан болса да аямай жәрдемін беріп бақпақ. Және шаруашылықтың ең зоры өнеркәсіп дүкенін (промышленность. Фабрика-заводтар) құру. Міне, қазақ кедейіне, қазақ жарлысына ең керекті нәрсе осы.

Енді біздің Қазақстандағы жергілікті газеттерге тапсыратынымыз мынау:

1) Партия ісін, кеңес құрылысының ісін, оқу, халық ағарту істерін әм басқа осы тәрізді істерді әлсіретпей, күннен-күнге басымырақ қылып газеттер жүзінде жазып отыру, қазақ кедейлерін алдымен барлық қазақты жалпы қала қылуға шақыру керек. Бұл істі үнемі жүргізіп отыру керек.

2) Қазақстанда өнеркәсіп дүкенін (промышленность) орнатуға бет алып, газет жүзінде тынбай жазып отыру керек. Әм мұны жүзеге асыруға тырысу керек. Бұл Қазақстанның барлық газеттеріне міндетті іс. Әм барлық еңбекшіл табының азаматтарына міндетті іс.

12.05.1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама