Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Қазақстан Орталық Комитетінің 2-жалпы жиылысы

Кеше Қазақстан Орталық Комитеті мүшелерінің 2-жалпы жиылысы ашылды. Жиылыс ең алдымен оқу комиссариатының баяндамасын тыңдап өтті.

Қазіргі уақытта Кеңестік Россияда оқу ісі ең бірінші алға ұстаған іс болғандықтан, һәм оның бер жағында біздің Қазақстанда оқу ісіне барлық күшті салу өте керек болғандықтан, бұл баяндаманың мақсаты оқу ісіне шындап көбірек күшті жұмсаудың лаждарын белгілеу еді. Бұл уақытқа дейін Қазақстанның оқу комиссариаты не істеп, не бітірген екен деп сын тақсақ, әрине, кемшіліктері жоқ деуге болмайды. Кеңес үкіметі қираған, бүлінген орданың үстіне орнаған үкімет болғандықтан һәм соғыс, майдан, аш-жалаңаштықтың әсерінен бұл күнде біздің қайбір істеріміз оның алға басып жөнделіп, сабасына түсіп жүріп кетіп отыр. Барлық бастан кешкен себептерді, қиындықтарды, жоқтықты ойлағанда қай мекемеге де болса кінә қоюға болмайды, әсіресе Қазақстанның комиссариатына кінә қоюға болмайды. Өткен уақыттары жоқтықпен, қиындықпен өтті.

Енді заман осы қалыппен барса шаруашылық аздап оңала бермек, бұрын Қазақстанда ең керекті ісіміз болған оқу ісіне қарауға мұршамыз келмесе, енді мұршамыз аз да болса келетін болды. Енді оқу ісіне жер-жерлердегі үкімет басындағы отырған адамдар әм Қазақстанның бас үкіметінде отырған адамдар шындап оқу ісін көркейтуге, оқу ісін гүлдендіруге кіріссе, оқу ісі алға басуына біз сенеміз. Оқу ісіне шындап кірісу, оқу ісіне барлық күшті жұмсау дегеніміз не болмақ? Ол мынау: жер-жердегі мекемелер әм Қазақстанның бас мекемелері барлық қолындағы қаражаттың қақ жартысын (50 процентін) оқу ісіне жұмсау керек. Сөйтіп барлық қаражаттың қақ жартысын оқу ісіне жұмсағанда ғана оқу істері көркейеді, сонда ғана мұғалімдер табылады, сонда ғана оқу үйлері жөнделеді, оқу кітаптары да табылады, оқушылар да ынталы болып, оқу жемісті болады.

Егерде олай қылмай, оқуға құр сөзбен ғана көмек қылсақ, оқу ісі өмірінде алға баспайды.

«Мың сіз-бізден, бір шыж-быж», — деп бұрынғы тәжірибе адамдары айтқан.

Қазақстанда оқудың ең бірінші керек іс екенін айтпаса да әркім-ақ білер. Оқусыз ешкім қатарға кіре алмайды.

Қазоркомның 2-жалпы жиылысы осыны есіне алып қарар шығарар әм жер-жерлерден келген жігіттер қайтып барған соң да осыны істер.

19.02.1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама