Біздің би-аға
«Еңбекші қазақ» газетінің жауапты хатшылығынан Сәбит Мұқанов босады да, оның орнына Бейімбет Майлин келді. Мен, әдеби қызметкер деген лауазымым бар, корректор едім, Орынбор рабфагінің студентімін.
Сабақтан кейін редакцияға келсем, Бейімбет барлық бөлім бастықтары мен әдеби қызметкерлерді жинап алып, кездесіп отыр екен. «Кешігіп келгеніңді көріп отырмын» деген көзбен Бейімбет маған бір қарады да ескерту жасаған жоқ.
Мәселе газеттің тіл жағын жақсарту жайында сияқты. Жаңа келген жауапты хатшы газеттің жыл басынан бергі номерлерін алдына алып, әртүрлі мақалалардан үзінді оқып отыр. Ойы бұлдыр-буалдыр, тілі тіпті орашолақ мақалалар көптеу екен. Бұқараға түсінікті тіл Бейімбеттің бас сырқаты екенін бұрыннан білетінбіз.
— Осы мақалада ой бар ма, тіл бар ма? — дегендей Бейімбет бөлім бастықтарына айнала қарайды. Олар қызараңдасып біріне-бірі қарайды.
Әсіресе сын бөлімінде мін көп. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп басталады да сыңар езулеп кетеді. Оқығандық та мін — байлықтың белгісі, оқымағандық та мін — надандық белгісі. Қара басты мінеу көп, қорлау көп, кекету көп. Өнердің көбі осы жақта. Пролетариат жазушысы пролетариаттан шықпақ. Пролетариаты жоқ қазақта пролетариат әдебиеті болмақ емес... Осы бағыттағылар білімдірек те тілдірек. Бұл тұста Бейімбет жауапты хатшы емес, жазушыдай ойланып қалады.
Көмір төңірегінде, мыс маңдайында бірер жыл болғандар — пролетариат жазушысы біз дейді. Бірақ, жазып келістіргендері жоқтың қасы, «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады». Бұлардың түп нысаналары әлі баяғы «Пролеткульт». Содан безініп отырып, соған келе береді.
Қалайда ұйымдасу, бірлесу орнына алшақтаса беру басым. Әсіресе, Орынбор, Ташкент болып екі жарылған топта келісім жоқ.
Бейімбетті газет маңайы, жазушылардың көпшілігі Би-аға дейтін. Би-ағаң түнгі он екіге таянғанда қаулы-қарарлардың аудармасына тоқтады. Бір-екеуін мен аударған едім. Әр қаулыға 3 сомнан ақша да алғамын, Бірақ, түсінбей аударыппын, түсінбейтін етіп аударыппын. Қасақылық жоқ, шамам сол.
— Кәне, қайсың түсіндің осы қаулыға? Ауыл қалай түсінеді? — деді Би-ағаң. Шынында да мынадай аударманы түсіну үшін Сократтай данышпан болу керек сияқты.
Мен үндемей ғана құтылармын, терлеп қана құтылармын деп отыра беріп едім, құтыла алмадым.
— Бұлай аударатын шала сауатты адамдарға ендігәрі аударма берілмесін! — деді Бейімбет. Сонымен, оңай олжа болып келген үш теңгеліктермен біраз адам біржола қоштастық.
Сағат түнгі үшке таянғанда Бейімбет жиналысты аяқтап, бес-алты әдеби қызметкерге бір-бір үлкен материал берді:
Осыны өңдеп газетке басуға жарайтын етіп әкеліңдер...
Бұл жас әдебиетшілерге жасап отырған сынағы сияқты. Мен екі күн сұрап едім, Би-ағаң үш күн берді. Басқалар да сөйтті.
Уәделі күні, тағы да кешке таман, мен материалымды Би-ағаңның алдына әкеліп салып едім, ол бастан-аяқ оқып шықты. Оң қолының сұқ саусағымен маңдайына түскен шашын бұрап-бұрап қояды. Ақырындап ысқырып-ысқырып қояды. Қой көзділеу адам. Бетінде қорасан дағы бар, қара емес, қоңырқай түсті. Маңдайынан тік түскен терең сызық екі көзін қағазға тік төндіріп тұрғандай.
— Өзің бірдеме жазушы ма едің? — деп сұрады Бейімбет, материалды оқып болған соң.
— Жоқ.
— Материалды өзің өңдедің ғой?
— Өзім.
— Жазуға ыңғайың бар сияқты екен...
— Жүрексіне берем...
— Сонда да бірдеме жазып байқасаң қайтеді?
— Байқап көрейін...
— Бірер жұмадан кейін Қызылордаға көшеміз ғой. Сен көше аламысың?
— Жоқ енді бір жылдық оқуым бар.
Пресногорьков жоғары бастауыш мектебін бітірерде еркін тақырыпқа орысша жазған он бет әңгімемнен 150 қате шыққан. Әр бетте 15 қате! Жас оқытушы Сильвия Михайловна оныма бес қойған. Қасында қызыл кресі бар. Басқа оқытушылар оны жарты сағат талағанына бой бермей, жеңіп шыққан-ды.
— Жазушы болады, — деген.
Сол байғұстың болжалын ақтағым келіп, талай талаптансам да бұл күнге дейін еш нәрсені келістіре алмай, үміт үзуге бет алған кезім еді. Бейімбет сол сөне бастаған үмітті қайта оятқандай болды.
Екі-үш күннен кейін Би-ағаңа жиырма бір жолдық бірдемені әкеліп бердім. Ол «Шашауша» деген маңдайша қойып газетке басып шығарды.
— Төрт-ақ сөзді өзгерттім... Үзбей жазып көрші, — деді.
Бейімбет сияқты атақты шебердің жәрдем берерін сезінген соң мен төрт таңды көзімнен аттырып, «Тулаған толқында» деген ұзақтау бір әңгіме жаздым. Бірақ онымды Би-ағаңа үш рет әкеліп, үш рет көрсетпей алып қайттым. Аяғында рабфактың қабырға газетіне бердім. Оның редакторы Үміт Балқашов болатын. Мақтауға сараң Балқашов едәуір мақтады.
Бір күні екі сабақтың арасындағы үзілісте мен класта отырып қалып едім, сабақтас жолдастарымның біреуі келіп:
— Ойбай, жүр! Төменде Бейімбет Майлин қабырға газетінен сенің әңгімеңді оқып тұр, — деді.
Екі баспалдақтан бір-бір аттап үйдің екінші қабатынан бірінші қабатына түстім. Бейімбет қабырға газетін оқып тұр екен. Екі қолы артында. Қисық жағалы ақ жібек көйлек киген, өрме қара жібек белбеудің шашағы бір тізесіне қарай салбырап тұр. Бейімбет киім жарасатын сұлу да сұңғақ денелі тіп-тік болатын. Студенттер оны қоршап алыпты.
Мен оның көзіне түспей, коридордың екінші басына кеттім де, коридордың бұрылма бұрышына тасаланып тұрып, алыстан бақыладым. Ол аз еңкейіп әлі оқып тұр. Қоңырау соғылғанда мен тағы да Бейімбеттің көзіне түспей класқа бұрын кіріп кеттім.
Кешкі тамақтан кейін жатақханада бір бөлмеде тұратын төрт жігіт сабағымызды әзірлеп отыр едік, Бейімбет кіріп келді.
— Махорканы да бұрқыратқан екенсіңдер! — деді, біз ұсынған табуреткеге отыра беріп.— Сабақ әзірлеп отырсыңдар! Рахат қой! Біз мұндайды көрмей-ақ өтетін болдық.
Содан кейін бізге өзі темекі ұсынды.
Бейімбет біздің бойымызды үйретіп, ананы-мынаны сұрастырған соң ғана маған бұрылды.
— Қалай, жігіт, тағы да жазғаның жоқ па? Қабырға газетіндегі әңгімеңді оқыдым. Жаман емес екен... Маған неге көрсетіп алмадың?
Мен бата алмағанымды айттым. Әңгімеге Бейімбет қолы тиетін жерлері бар екенін де түсіндім.
Әдебиетіміздің жаңа аяқтанып келе жатқан кезінде аға жазушылар жас талаптарды іздеуге ерінбейтін. Әрқайсысының өз әдісі бар. Сәкенге жастар өзінен өзі ағылып жатады. Сәбит болса болмаса ат үстінде, Ілияс ол кезде Орынборға келген жоқ. Бейімбет бұл кезде әрі үлкен жазушы, әрі маңдай алды журналист. Ол жас күштерді қабырға газеттерінен көбірек іздейді. Қазақ институты, рабфак, совпарт сияқты оқу орындарының қабырға газеттерін іздеп келіп оқиды екен. Бойында бірдемесі бар жас үн шығармай отыра ала ма! Іздегенге сұраған кездесе кетеді. Бейімбет бізге Тайыр деген жас ақынды, жалынды жасты тауып алғанын айтты. Сол бір кеште біздің қабырға газетке жазып жүретін Әміралы Ержанов, Біржан Манкин, Пастухов, Қойдосов және бір татар студентімен кездесіп, бір рабфактан алты-жеті тілші тауып әкетті. Ертеңіне қолымызға тілші деген қағаз беріп, елге қайтқанда газет тарата жүруге жүз даналық квитанциялар берді.
Біз Би-ағаңды түнгі екі кезінде үйіне апарып салдық. Ол үйге кіріп шай ішуге шақырды. Біз бата алмай, кетіп қалдық.
Осыдан кейін мен Бейімбетпен үш жылдан кейін кездестім. Казиздаттың бас редакторы Сәбит оқуға босанып, сол орынға крайком мені шақырыпты.
Бұл екі арада менің ең бірінші жазған повестім «Тулаған толқында» басылып шыққан еді. Бейімбет маған «Шикі жерлері де аз емес екен, бірақ алғашқы адымыңа қатты қуандым» деген мағынада хат жазған. Сол Бейімбет мені вокзалда қарсы алды. Мен онысына әрі қысылдым, әрі қуандым, әрине.
Ертеңіне Казиздатқа келсем, Бейімбет сонда редактор екен. Бейімбет бар жерге мені қалай бас редакторлыққа шақырғандарына таң қалып, мен жүгіріп крайкомға келдім.
Үгіт-насихат бөлімін басқаратын Садықбек Сапарбековке кіріп:
— Бейімбет Майлин қатардағы редактор болып отырған жерге мен бас редактор болып бара алмаймын, — дедім.
Сапарбеков турасынан кететін адам еді:
Сен әулие болсаң Бейімбетті бас редакторлыққа көндіріп берші! Біз мойнына қыл арқан салудан басқаның бәрін істедік. Көндіре алмадық! — деді.
— Бір-екі күн уақыт беріңіз, мен жалынып көрейін.
— Пожалоста!
Бейімбетпен бір жұма саудаластым, көнбей қойды.
— Мен сізге жәрдемші болып корейін, — деп мен жалынам.
— Жоқ, барлық ауыр жұмысыңды мен-ақ істеп берейін. Жауапты редактор сен бола қойшы... Мен болсам, екі айдан кейін бәрібір босанып кетемін. Ауруға ұшырамасын десең сен бол! — деп Бейімбет көнбеді.
Бірде Сапарбеков келіп әңгімелесті, Бейімбет бәрібір көнбеді. Кейін білдім, Бейімбет жиналысқа да президиум сайланып болған соң кіреді екен. Ондағысы жиналысты басқаруға сайланып қалам ба деп қорқады. Бірдемеге бастық болуға жоламау Бейімбеттің ерекше мінезі еді. Өзгеміз ондайдан қашып көрген емеспіз.
Ілиястың оқыс ұйқастарымен, қиыннан қиыстыратын теңеулерімен Бейімбет мені осы кездерде таныстырды.
— Өзін әлі көргенім жоқ. Бірақ осы аса күшті ақын! — деді. ЬІзалана жазады, күлдіре жазады, күйіндіре жазады. Серпінді ақын!
Бұл аспандатып, жалындатып Тайыр таныла бастаған кезі. Комсомолдатып, «Сәулетайлатып» Асқар өндіре жазып жүр. Әбділда мен Ғали еміс-еміс...
Көп ұзамай екі ірі шығарманың айналасында тартыс басталды: біреуі Сәкеннің «Көкшетау» поэмасы, енді екіншісі Мұхтардың «Қилы заман» романы. Бейімбеттің бет алысы — екеуін де басу керек. Газет айналасы, «Қаз АПП» төңірегі әртүрлі шалғай-шалыс ойда.
Пікір таласы әзір баспасөз бетіне шықпаса да көлбеп-көлденеңдеп өрістеп алған. Сыбырлап-күбірлеп, еңбектеп-итшілеп бізге де жетіп жатыр.
Бейімбеттің жаны жек көретін нәрсесі сыбыр-күбір болатын. Ұмытпасам осы тұста Бейімбет маған ұмытылмас бір ескерту жасады.
— Осы жылымнан аулақ бол, бұған бір түсіп кетсең, түбі бар екен деп ойлама! — деді.
Газет, журнал беттерінде қым-қиғаш айтыстар болып жатқан күндерде Бейімбет бір жазушы туралы жаман сөз айтқан емес. Бет тырнасқа, кеудем соқ сынға ренжіп қарайтын еді.
Түн бойы әңгімелесіп отыруға ерінбейтін Бейімбет, таң атқанша жазып отыруға жалықпайтын Бейімбет, іркіс-тартысы байқала бастаған жиналыстарда тез шаршаушы еді. Көзін бұлдыратып, сөзін тұмандатып, қызыл желдетуге шебер ұсақ «саясатшылардан» алыстау жүретін. Жиналыстарда сондай ыңғай белгі берсе-ақ «кетпейміз бе?» деген бір ауыз сөз жазған бір жапырақ қағаз жібереді маған. Өзі сытылып шығып есік алдында күтіп жүреді.
Осы екі шығарманы редколлегияға салдық, «Көкшетау» бірауыздан мақталып өтті. Коллегияда бірауыздылық бола қоймаса да бөгесінге жол жоқтығын көрнекті әдебиетші Молдағали Жолдыбаев бірден ескертті. Ол бір оқыс сөйлейтін адам екен:
— Әй, сен шырақ, жақсы редактор боламын десең, сыбырлақ сынға пысқырма да, қыстырма! Оттай берсін! — деді.
Мұхтар романын талқылауды таң ата бітірдік... Алғысөз жазып, басуға ұйғардық. Бұл қаулыға да Молдағалидың үлкен әсері болды.
— Романда сын көтермес жерлері жоқ емес. Бірақ, жолдастар, Мұхтар деген ұзаққа шабатын жазушы. Екеуміз Батыс Қазақстанды ай жарым бірге аралағанымыз бар. Ұрысып та қалғанбыз... Мен бірдеме білсем, ол түптеп ізденетін адам... — деді.
Сәкеннің үйіне барып, шай іштік те қайта жұмысқа келдік. Ол кезде арақ ішетін бір жазушы болмайтын.
Сәкен өте көңілді екен. Қарқылдап күліп қарсы алды. Бейімбет екеуі дос болу керек, ақтарыла, ақ жарқын қалжыңдасып отырды.
Сәкен жақсы көретін адамдарына қалжың мінездеме беруге өте шебер еді. Еңбектерінде күлкі-сықақ аз кездессе де, ауызша жасаған мінездемелері езу жидырған жоқ. Біздің жаңа ғана аяқтап келген редколлегиямызда кімнің қалай сөйлегенін, не айтқанын естіп-көріп келген адамдай, айна қатесіз дәл бейнелеп шықты.
Мен осы үйде бірінші рет Тайырмен таныстым. Ол маған бір шекесінен одырая қарап аз тұрды да, қолын ұсынды:
— Өзің екенсің ғой! — деді.
Сәкен үйінен шыққан соң Бейімбет маған:
— Сәкенмен таныс па едің? — деп сұрады.
— Жүз таныстығым бар. Бірақ сыр алысқан кісім емес.
— О, Сәкен қызық адам...
Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын,
дейтін өлеңін білесің ғой?
— Білемін.
— Білсең, Сәкен көлденең кезге тәкаппар көрінеді. Іріленіп келген адамға тіпті ыңғай бермейді. Шын Сәкен — бала мен бала, өте кішіпейіл адам, — деді. Сәкенге берілген көп мінездемелердің ішінде ең ерте айтылғаны да, ең дұрысы да осы сияқты...
Бейімбет Сәкеннің қазақ совет әдебиетінің бірінші бетін ашқанын қатты бағалайтын еді де, Сәкен Бейімбеттің үзбей совет тақырыбына жазатынын, және ұтымды да өнімді жазатынын қатты бағалайтын еді.
Осы 28 жылдың күзінен бастап 37 жылдың күзіне дейін Бейімбет екеуіміздің тіземіз айырылған жоқ. Соның жеті жылы баспасөз маңында, қалғаны көркемөнер майданында.
Отыз үшінші жылдың аяғында Бейімбет екеуіміз Казиздаттан бірге босандық: ол таза жазу жағына босанды да мен әуелі Оқу Комиссариатының көркемөнер секторына, кейінірек «Еңбекші қазақ» газетіне ауыстым. Мен газетке барған соң Бейімбетке көп салмақ түсіп отырды. Кейде бұрын жіберіп қойған материалды гранкадан ұстап қаласың. Оның орны бос тұрады. Түнгі сағат екі-үш демей Бейімбетке телефон соғасың:
— Бір-екі жүз жолың жоқ па?
— Жоқ еді.
— Тауып бере алмассың ба екен?
— Қысылып тұрмысың?
— Несін айтасың!..
* * *
1933 жылы Л. И. Мирзоян келгеннен бастап аз уақыттың ішінде Қазақстанның қаны толыға бастады. Өмірдің әр саласы байсалдылық тауып, тез көтерілді. Әсіресе, әдебиетіміз бен көркемөнеріміздің қарыштап өсуіне жақсы жағдай жасалды. Мәдениет майданына мейірім келді. Мирзоян қазақтың ән-күй театрын ашуды жедел қолға алды. Ол кезде көркемөнер секторы Оқу Комиссариатында болатын, бастығы мен едім. Халық Комиссары Темірбек Жүргенов тілді де тісті, жігерлі де іскер адам еді. Маған бір жылдың ішінде ән-күй театрын ашуды міндеттеді.
Сол күні кешке таман қолға түскен жазушыларды жинаттырып алып, әңгіме еткізді. Бейімбет «Жалбыр» мен «Шұғаның белгісін» либреттоға айналдырып беруді уәде етті. Мұхтар «Айман — Шолпанды», мен «Қыз Жібекті» алдым. Бейімбеттің тағы бір ерекшелігі — ескі тақырыптарға жоламайтын.
Мұхтар бәрімізден бұрын бітірді. Бұрынғы-соңғысына қай жағынан салыстырып қараса да мен «Айман — Шолпанның» сол ең алғашқы вариантын артық көремін. Бір шығармадағы бар кейіпкердің бейнесі түгел өз орнында болып шығуы өте қиын. Ал «Айман — Шолпанның» алғашқы вариантында бар характер, бар образ әлеуметтік жағынан да, көркемдік жағынан да даусыз сәтті шыққан еді.
Қазақ ән-күй театры жылға жетпей-ақ, «Айман — Шолпанмен» ашылды. Ойын көрушілер үлкен қуанышпен құттықтады.
«Айман — Шолпанды» көріп қайтқаннан кейін Бейімбет маған:
— Бізде ең іргелі драматург Мұхтар ғой. Мен оннан артық пьеса жаздым, біріне де көңілім толған емес. Екеуміздің «Аманкелдімізде» толып жатқан шикілік бар, Тегі соған қайта оралғанымыз дұрыс болар, — деді.
1936 жылы Москвада өтетін бірінші онкүндік кезінде Аманкелді жайында киносценарий жазу шұғыл қолға алынып кетті. Бұл мәселені Мирзоян бұдан бір жыл бұрын көтеріп, сценарий жазу Бейімбет пен И. П. Шуховқа тапсырылған болатын. Сценарий әлі тумапты. Шухов қолға түспей кеткен. Картинаны қоюға уәде еткен «Ленфильм» тықырши бастапты.
Түнгі сағат 2-нің кезінде Бейімбет мен жатқан номердің есігін қақты. Жүзінде азырақ қобалжу бар. Отыра беріп-ақ сөзін бастап кетті:
— Мирзояннан шыққан бетім... Шуховы түскір өз бетімен кетіп, «Аманкелді» сценарийін жаза алмаған едік. Екеулеп қолға алсақ қайтер? Мен Мирзоянға жалғыз жаза алмаспын, серік іздеп көрейін дедім. Таңертең тағы бармақшымын, — деді. Мен әзір екенімді айттым:
— Бірақ бір орыс жазушысын қосып алсақ қайтеді?
— Дұрыс болар еді.
Жерлесіміз Всеволод Иванов еске түсті. Онымен менің аздаған жүз таныстығым болушы еді. Бейімбет екеуіміз дачада тұратын Ивановқа жөнелдік. Жымысқылау жылы күлкісі жүзінен кетпейтін Всеволод Иванов бізді жақсы қарсы алды. Бейімбетпен тіпті етене шүйіркелесіп кетті. Бір ретте Бейімбетке:
— Сіз менің көптен таныс, дос адамдарымның бірі сияқтанасыз. Бұрын қайда кездестік екен? — деді. Бейімбет бұрын кездеспегенін айтты.
Дачаларды аралап жүріп Александр Фадеевке кездестік. Иванов бізді таныстыра бастады. Фадеев күңгірт дауысты, қызғылт жүзді, шашы ерте ағара бастаған, сұңғақ денелі адам. Ол Ивановтың таныстыруын аяқтатпай-ақ:
— Всеволод, сен білемісің, қазақ әні Москваны басып кетті ғой! Қазақтың қандай талантты ел екенін білгің келсе, «Қыз Жібегін» көр! Күләш Бәйсейітова артық-кемі жоқ — бұлбұл! Жиырма төрт-ақ жаста! — деді.
Мені мына екі қазақ бірігіп сценарий жазуға шақырады, — деді Иванов.
— Тіпті ойланбай бар! Сен өзің қазақ жерінде туған жоқпысың! Бар!..
Осыдан кейін Бейімбет екеуміз Аманкелдінің туған еліне — Торғай, Батпаққара аудандарына жүріп кеттік. Онкүндікке қатынасқандардың өзгелері Алматыға қайтты.
Аманкелдінің елінде 70-80 адаммен кездестік. Бейімбет бес дәптер толтырды, мен — бір жарым-ақ... Бейімбет кездескен адамдарымыздың көбіне мінездеме жасапты, мен — он шақты-ақ адамға...
Сол сапардан қайтқан бетте сценарийге отырдық. Күзге қарай Всеволод Иванов келгенде «Аманкелді» сценарийінің бірінші долбары екі тілде дайын еді. Ивановпен айдан артық отырып, соңғы вариантын жазып шықтық. «Ленфильм» қабылдады. «Новый мир» журналы жыл аяғындағы 12 санына басып шығарды. 1938 жылдың соңғы тоқсанында қазақтың бірінші көркем фильмі экранға шықты. Бірақ Бейімбет ол еңбектің қуанышын көре алған жоқ.
Сценарий бір ыңғайланған соң Бейімбет екеуіміз Аманкелді бастаған қозғалыс жайында очерк жазуға кірістік. Жиырма шақты тақырыпқа бөліп алып, біреуіміз бас жағын, біреуіміз екінші бөлімін жазуға келісіп едік. Бейімбет бұрқыратып жазып кетті де, мен кешеуілдеп бердім. Сондықтан Бейімбет мені қатал тәртіпке кешірді.
— Бір очеркті мен жазамын, келесі очеркті — сен. Маған екі күн, саған үш күн.
Осыған еріксіз көшіп, очеркке отырдық... Бейімбет ылғи үлгіреді, мен созыңқырап кетемін. Әрең деп, ілесе алдым-ау, әйтеуір.
— Болдың ба? — дейді Бейімбет, түнгі екі-үштің кезінде телефон соғып, болмағанымды біледі, бірақ, жазып отырмын ба, жатып қалдым ба, соны тексереді ғой деймін...
Ол очерктердің ең соңғы жағынан басқасы «Социалистік Қазақстан» мен «Казправда» газеттерінде басылып шықты.
Прозада қаламы төселіп болған Би-ағаң «Қызыл жалау» деген романын бітіріп еді. 1937 жылы жаздыгүні Ілиястың кабинетінде Сәкен үшеуімізге оқып берді. Сәкен өте қызыға тыңдап отырып еді, өзгемізден бұрын байлам сөзді де сол айтты:
Жақсы екен, Би-ағасы. Өкірткен екенсің, Би-сақал... Той қылатын роман. Тек соңғы төрт-бес бетін бере тұршы... Былжырлау аяқтағансың ба қалай... — деп қолжазбаның соңғы беттерін сұрап алды.
— Өзім де дүдәмал едім... — деді Бейімбет күлімсіреп.
Ілияс пен Бейімбет қатты ойнайтын.
— Дәл керек кезінде қатының шай қайнатып бермеген ғой! Біздің үйге келе қойсаң етті — деп, Ілияс қалжың айтты.
Жақсы шығарма жақындастыра түскен сияқты. Бірге қуанар, бірге қайғырар жаңа қауым осылай болу керек те. Күндеу де жоқ, енжарлық та жоқ, кең көңіл, дос көңіл, қанат бітірер көңіл.
Әттең «Қызыл жалау» жарық көре алмай кетті. Әлде кімдер кездесер, қырын көздің көре алмағанын, қырағы бір көз шалып қалар да, қолды болған халық мүлкін орнына салар деп үміттенуден басқа не айтамыз.
Күзге қарай Бейімбет «Дударай» либреттосын бітіріп еді. Қарақастекте «Аманкелді» картинасы түсіріліп жатқанда Бейімбет соның басы-қасында болатын. «Дударайды» сонда аяқтады...
Бұдан кейін «Дударайдың» да қандай қолға түсіп кеткенін ешкім білмейді. Мүмкін о да бір қырағы көзге шалынар әлі...
Бейімбет еңбектері жаңа өміріміздің шежіресі еді, биік белесіне енді шыға бергенде үзіліп кетті.