Қазақтарым, достарым
Түнгі он екіге азғана қалғанда Сәбит телефон соқты:
— Жатар алдында боржом ішіп қайтуға қалайсың?
— Е, болады.
Екеуіміз «Москва» қонақ үйінің үшінші қабатындағы ресторанға келдік. Музыка түпке сақталар ыңқылға басып жатыр екен. Біз бір шетірек жерден орын алдық.
— Біреуі жетер! — деді Сәбит, бір бутылка боржом әкелуді тапсырып жатып.
— Жетер...
Осындайда оңай туып кететін мырзалық — сараңдық қалжыңы бастала бергенде:
— Қазақтарым, достарым! — деген дауысқа жалт қарасақ — Шолохов екен.
Сол жақ қолтығына бірдеңені қыстырып алған, оң қолын көтере жайып құшақтасқалы келе жатыр. Көздерімен бірге мұртына дейін күлімдеп, жан-тәнімен, сағынышты ыстық жүрегімен құшақтасқалы келеді. Құшақтасып, сүйісіп, арқаға қағысып қалдық.
Михаил Шолохов совет жазушыларының ішінде ең қарапайым киінетін адам: сұрғылт гимнастерка, жалпақтығы бір сүйем сары былғары белбеу, тізесіне түскен қара-көк галифе, қонышы балтырынан ғана келетін, өкшесі жемірілген етік. Қасында — Кирилл Потанов.
— Достар басына іс түскенде сыналады дейтін бе еді? Мына музыканың даң-дұңынан қайда қашарымды білмей отыр едім. Құтқара көріңдер! — деді Шолохов. — Ал, енді қонақ етуді менен бастайық, — деп, қолтығындағы жартылық түбінде қалған бір ұрттам коньякты біздің бокалдарға бөліп құя бастады...
— Дұрыс! — деді Сәбит. — Сенің қазақ жерінде өткізетін күндеріңнің көңілді болуы үшін!
— «Шалқар» қаздарының қаңқылы құлағыңнан кетпеуі үшін!
— Менің қазақ достарым үшін!
— «Шалқар» көлінің жағасындағы ұяң үшін!
— Қазақтың жері үшін, желі үшін! Биік аспаны үшін!
— Өзіңнен гөрі де мергенірек Мария Петровнаның саулығы үшін!
— Міне, нағыз тост осылай болу керек!
Бір ұрттам коньякты үшке бөліп ішкенше осынша ұзақ тостар көтердік. Бұл бір өте ыстық кездесу еді. Тілектер де көп, айтарың да көп, бірақ біріне-бірі жол бермей сығылысып, ауыз дейтін жалғыз қақпадан оңай өте алмай жатыр.
Михаил Шолоховтың ерекше бір қасиеті — стол басында әдебиет жайын, әсіресе өз шығармалары жайында әңгімелесуге қаны қас. Тамақ үсті қайда да, қашан да жеңіл әзіл, көңілді еркіндіктен аспауы керек қой. Шолохов осыны ұнатады. Сондықтан әңгіме біраз уақыт «Шалқар» көлінің үстінде болды. Күздігүні қаз қайтар кезде қазақ жазушыларының бірде-бірі «Шалқарға» келмейтініне таңданады екен. Шолохов осыған көп оралып отырды.
Шынында да Батыс Қазақстандағы «Шалқар», Арқадағы «Шалқар» Көкшетаудағы «Шалқар» сияқты көлдер! көп, Сырдария, Іле бойындағыдай қырғауылы көп елге Шолохов сияқты дүниелік атағы бар жазушы жылда келіп жүргенде соның қасында бірде-бір жазушымыз болмауы, әрине, таңқаларлық мінез!
— Шухов жылда уәде береді, жылда келмей қалады. Соның өзі мылтық ұстай біле ме? — деп Шолохов бізден сұрай бергенде, «Кімді айтса, сол келеді» дегендей Шухов кіріп келді. Біз бесінші орындық сұрап алдық.
— Ие, Ваня, енді неше жыл алдайсың? — деді Шолохов амандасып болғаннан кейін. Шухов кінәны маған аударды:
— Міне, мынау айыпты... Ылғи бірге барамыз дейді де, дәл кезінде Африка — Азияны аралап кетеді.
Бұл қыстыгүні болған кездесу еді. Келер күзді «Шалқар» көлінің басында бірге өткізуге уәде етістік. Одан бері де төрт-бес жыл өтіп кетті, уәдеміз әлі орындалған жоқ, бірақ, орнында...
— О-о, Шолохов — акам! — деген таныс дауысқа бұрылып қалсақ, Ғафұр Ғұләм екен. Қасында тағы да үш-төрт өзбек жазушылары бар. Олар да, әрине, жағалай сүйісіп, жаппай құшақтасып амандасты. Достық қалжыңын Ғафұр бұрынғысынан да қыздыра түсті.
Енді бізге екі столды жалғастыруға тура келді.
— Ертеңгі пленумды осы арада ашайық та, көп созбай, таң ата аяқтайық, — деді Ғафұр Ғұләм.
— Жоқ, жоқ! Мен ресми әңгімеге жоқпын ғой, — деді Шолохов. — Ешбір жиналысқа құмарлығым жоқ. Мен мына қазақтарға Қазақстанда «Шалқар» дейтін атақты көл барын, онда қаз көптігін, аққу әні құлағыңнан кетпейтінін, жазушыға ең пайдалы демалыс — аңшылық екенін айта бастап едім... Ондай әңгіме сенің құлағыңа кіруші ме еді? — деп Ғафұрға қарады. Ғафұр қалжыңға қысылған ба:
— Мылтықты атқанда қарныңа тіреп қоясың ба, көзіңе тіреп қоясың ба? — деді.
— Әрине, қарныңа тіреп қоясың.
— Мылтықтың аузын тірей ме, дүмін тірей ме?
— Әрине, аузын тірейді...
— Онда мені қалдырмаңдар қастарыңнан...
Әйелімен Первенцов келіп қосылды. Екі метр бойымен, екі кісілік мол денесімен келіп қосылды...
— А-а, «Кочубей!»
Біз үшінші столды жалғастырдық. Тағы да жеңіл қалжыңдар кетті. Шолохов әңгімені Қазақстанға қарай бұра сөйлеп отыр:
— Батыс Қазақстанның обкомы, облисполкомы маған барлық жағдайды жасады. Жамандары жоқ, жақсы жағдай. Қаз көрінсе — ата бер, жазарың болса — ойлай бер. Аңшылық оған бөгет емес...
Аңшылықта жүргенде ойың ылғи жоғары тартады. Дала ауасындай таза ойлар келеді, дала аспанындай кең ойлар келеді. Өзгелердің қорытып берген ойлары емес, өзің тапқан бір мысқал асыл ой — жазушының сарғайып іздейтіні осы емес пе?
Шолоховты әдебиет әңгімесіне біржола бұрып әкетуге бет алып әрқайсымыз «Тынық Дон» романындағы жаратылысты суреттеген жерлерін еске түсіре бастап едік, Шолохов қулана жымиып:
— Жоқ, жоқ! Мені кітапқа қарай жетелемеңдер. Бір адым жасамаймын. Мен үшін осындай "рахат кешті өздеріңмен сөйлесіп отырып өткізу ең қымбат нәрсе, — деді.
Бастапқы айтқандары қандай терең мәселе болса, соңғысы да солай ғой. Жазушыға көп адамдармен кездесу керек. Адам бейнесі ресми әңгімелерден, ресми сипаттамалардан құралмайды. Мінез-құлық аңғарылатын еркін әңгімелерден ашылады. Жазушы жинар творчестволық қор осындайдан жиналады.
Шолохов аз ойланып қалып, Батыс Қазақстанға қайта көшті:
— Ұмытып барады екенмін, Батыс Қазақстан басшыларының алдында үлкен қарыздар болуым керек. Олар айтпайды да, естіртпейді де. Бірақ менің Орал қаласына келіп әр түрлі кездесулер өткізуімді ылғи күтетіндерін мен де жақсы сезінемін... Амал не, мен «Шалқарға» келерде қағаз-қарындашты мықтап тығып кетемін. Жазушы емес, аңшы болып келемін. Аңға шыққанда қағаз-қаламды тығып кету керек, қаламды қолға алғанда мылтықты тығып тастау керек.
Бұл да әдебиет мәселесі емес пе?
Марқұм Сәмед Вургун бастаған бес адам Азербайжан жазушылары келе жатыр. Бәрі де құшақтарын кең жайып алған.
— Сәлем! Жасасын орыс-қазақ-өзбек достығы!
Олармен бірге бірнеше Москва ақындары келіп қосылды. Москвада ұлт ақындары мен орыс ақындары жиі кездеседі. Бірі орыс тіліне аударса, бірі орыс тілінен ұлт тілдеріне аударады. Бұл келіп қосылған үлкен топ соны аңғартады.
Біз тағы бір стол жалғастырып алдық. Амандық, саулықтан кейін, құшақтасулардан кейін әңгіме қайтадан Қазақстанға бұрылды. Ұмытпасам, оған себеп болған тағы да Ғафұр Ғұләм.
— Келсем, орыс-қазақ классиктері отыр оңаша... Е, сендер үшін поэзия әдебиет емес пе, деп келдім де киліктім! Жасасын орыс-қазақ-өзбек достығы! — дедім.
Ғафұр оны айтпаса да айтты деп бәріміз бокал көтерістік.
— Жасасын орыс-қазақ-өзбек-азербайжан достығы! — деген жаңа тост тағы қосылды.
— Бірақ менің Батыс Қазақстанмен ерекше бір қарым-қатынасым барлығын ұмытпаңдар! — деп Шолохов тосты толықтыра түсті.
Бұл кезде ресторан босап қалған. Біздің бір көше етіп жалғастырған столдарымыздан басқа жерде бір адам жоқ. Барлық официанттар бізді қоршап алыпты:
— Тағы да лимон ба? Қанша дедіңіз? Қазір!..
— Шашлык қанша дедіңіз? Қазір!..
Сонымен көп ұлтты совет әдебиетінің бір көрінісі сияқтанып, үлкен бір топ дос жазушылар ұзақ отырып қалыппыз. Ешкім жатсыраған жоқ. Біразында, мүмкін, жүз таныстық жоқ та шығар, бірақ әркімнің жүзінде Шолоховқа деген үлкен достық нұры. Шолохов жүзінде де сол нұр. Адам ойын, әсіресе, сезім тереңдігін, терең сезімнің толып жатқан бояуы мен сырын жеткізуге тіл байлығы жете бермейді. Сол кеште біз осындай халге көп ұшырасып отырдық. Енді ойлап отырсам, сол кеш есте қаларлық әдебиет кештерінің бірі екен. Жалықпаппыз да шаршамаппыз.
Михаил Шолохов дүние жүзін көркем ойдың тереңдігімен бағындырып алған жазушы. Оның азаматтық, ерлік-батылдығы да, жазушылық шындығы да таң қалдырады. Кейде саған оңай көрінген қарапайым көріністерінің аржағында терең шындықтар жатқанын кейінірек абайлайсың. Ұзақ тартылған шығарма желісінің өн бойында қанша ойлар соқтығысып, оқушыны қандай қорытындыға жетелегенін бірден-ақ долбарлай салуға үйренген доландар Шолохов шығармаларына жақындаспағаны жақсы. Шолоховты түсіндіру үшін әуелі өзін түсінуің керек. Ол оңай емес. Көркем ой оқиға тізбегі емес. Шығармадағы тартыстар тек қана әлдекімдердің әрекеті емес, терең ойлардың астарлы көрінісі. Шолоховта ондай ойлар көбінесе замана шындығы, бірін көріп бәрін танитын қоғамдық күштер бейнесі болып келеді. Шіркін, бізді кейін түсінеді дейтін жазушылар Шолоховша жазар ма еді! Оқушы алдына сөз тұманы емес, ой тереңдігін тосар ма еді!
Шолоховтың отызыншы жылдардағы істеген азаматтық бір ерлігі елімізге мәлім. Ол белгілі коллективтендіру жолындағы орасан бұрмалаушылыққа байланысты. Ауыл шаруаларын ғасырлар бойында қалыптасқан жеке меншікті түрінен бірлескен, ортақтасқан, социалистік түрге көшіру тарихи кезең емес деп кім айта алады? Бізде соны айналасы жыл жарымда «артығымен» орындап шыққан жерлер болды. «Арба да сынды, егіз де өлді». Барлық жоспардың ішінде «артығымен орындау» дегеннің не екенін ойландырар бір жоспар болса, ол осы коллективтендіру жоспары емес еді деп кім айта алар? Шолохов осындай тарихи терең мәні бар іске кірген суық қол — сұрқиялық, жалған табыстар жөнінде Сталиннің өзіне, «бағынар да табынардың» өзіне хат жазып, қарсылық білдірді. Бұл шын-ақ үлкен мағынасындағы азаматтық, батылдық еді. Үлкен ойдан туар ерлік еді.
Біз кейде түкке тұрмайтын бірдемені халқымызға жабылған жала дегенге оп-оңай бара береміз. «Тынық Дон» романындағы Аксинья мен Дарияның кейбір қылықтары сияқты нәрселер кітапқа кіріп кетсе, шошына бастаймыз. Дұрысында үлкен ойдың жазушысы өз халқының тұрмысындағы өрескелдіктерді шенегенде сол халқын жек көргендіктен емес, жанын қия жақсы көргендіктен батыра сынайды. Өйткені ондайдың бәрі де ескінің жұғындысы. Сондай тағылықтан, анайылықтан, самарқаулықтан тез арылу үшін сынайды. Бұл жөнінде Шолоховтан көп нәрсені үйренуіміз керек. Безіне жазу, безіндіре жазу, қызықтыра-қыздыра жазу сияқты, бұ да бір жазушының үлкен ойланар саласы. Күлдіру жазушыға көбінесе жылату үшін, өкіндіру үшін, безіндіру үшін керек болады.
Шолохов 1934 жылы «Тынық Дон» романы ағылшын тілінде басылып шығарда мынадай алғысөз жазып берген екен:
«Оқушының сезімталдығын аяған болып, оқушының хал-жайына қарадым дейтін жалған тілекке сүйеніп, шындыққа зиян келтірсе, болмысты боямаласа, ол жаман жазушы болар еді» деген.
«Тынық Дон» эпопеясының соңғы кітабы жарыққа шыққанша, Григорий Мелеховтың қалай аяқталары туралы толып жатқан топшылаулар болды. Белгілі бір шешімге қалыптасқан ойлар Мелеховтың тап қазіргіше аяқталарын сезіне алған жоқ. Не қызыл бояуға, не белгілі қара бояуға бой ұра берді. Аяқтап келгенде не көрдік? Григорий Мелехов образында мыңдар ұшыраған мыңдаған жағдайда, тікелей де, жанамалай да кездесер шытырманы көп адам тағдырының философиялық шешімін тапқанын көрдік. Көрдік те сендік, қол қойдық.
Шолохов совет мәдениетінде ғана емес, дүниелік мәдениетте үлкен орны бар жазушы. Социалистік реализм әдісінің шеңбері қандай кең екенін, шеберлікте шек жоқтығын өз шығармаларынан, көркемдік шындығымен дәлелдеп берген жазушы. Оның шығармалары Совет Одағында алпыс тілде 30 миллион дана болып шыққан екен. Осының өзі-ақ Шолохов шығармаларын совет халықтарының қандай сүйетінін дәлелдей алса керек.
Дүниелік әдебиетке Шолоховтай терең ой салған жазушы кемде-кем-ақ. Сондықтан да біз оны дүниелік мәдениетке, дүниелік көркем ойға әсер етіп отырған жазушы дейміз.
«Тынық Дон» мен «Көтерілген тың» және «Адам тағдыры» дүние жүзін тегіс аралап кеткенін айтпасақ та болады. Бірақ, Григорий Мелехов, Аксинья, слесарь Давыдов, солдат Соколов образдары дүниелік әдебиетке кірген жаңа образдар екенін, ұлы Толстой образдары сияқты, жалғастары көбейе беретін образдар екенін айта кету артық та болмас.
"Шолохов әдебиетке ұлы революцияның ойларымен келді. Алғашқы қысқа әңгімелерінің өзі-ақ оның ерекше бір дарын екенін көрсетіп еді. Сонымен қатар Шолохов «Тынық Дон» сияқты эпопеяға жаспын деп қаймықпай ұрынғанын көреміз. Жастықтың отты қайратымен бірге терең ойдың батылдығын «Тынық Донның» басталған беттерінен-ақ сезіне бастайсың. Маркстік-лениндік әдебиет сыны оның алып күш екенін бірден байқап қалды. Маркстік терең ой, іргелі сыншылардың бірі А. В. Луначарский «Тынық Дон» туралы бұдан 35 жыл бұрын былай депті: «Әзір аяқталмаған «Тынық Дон» — өмірді білуде, адамды білуде, өмір суреттерінің кеңдігіне қарағанда, фабуласының жаныңды күйіндірер шындығына қарағанда ерекше күші бар шығарма. Бұл орыс әдебиетінің қай кезін алсаң да ең жақсы шығармаларын еске түсіреді».
«Орыс әдебиетінің қай кезін алсаң да» дегеннің ішіне Пушкин, Лермонтов прозасы да кіреді, Толстой, Горький де кіреді, Чехов, Корбленко да кіреді. Одан әрі тәптіштеп жатудың қажеті де болмас.
Михаил Шолохов біздің Қазақстан жазушыларының III съезіне қатынасты. Келген бетінде — достарым, мен әдебиет зерттеп жүрген адам емеспін, маған бір қапшық кітап берсеңдер, мүмкін, қазақ әдебиетімен азды-көпті танысып көрер едім, — деді. Біз оған: «Абай», «Ботакөз», «Миллионер», «Қазақ солдаты» сияқты романдарымызды, Абай мен Жамбыл шығармаларын бердік.
Съезд ашылардан бір күн бұрын, таңертең Мұхтар екеуіміз Шолоховқа бардық. Көңілді екен. Көздерімен бірге мұртына дейін күліп тұратын белгілі сүйкімді қалпы. Құшақ жайып қарсы алды. Достық сөзге, жүректен жарып шығар сөзге Мұхтар шалдырмас шебер еді ғой, тіпті, шебер емес, жас баладай кіршіксіз таза ақтарылушы еді ғой. Шолохов қызыға қарап қалыпты. Әлдеқайда тереңде екі үлкен ой, екі терең сезім қабаттасып-астасып, қосыла өріліп кеткендей. Бұл екі адамға тек қана қызыға қарауға болатын еді. Аз уақыттың ішінде көп ойлар, көп сезімдер жарқылдасып, ұшқын шайып кетті. Ұмытылмас та ескірмес, құлақ естігенін ұмытса да, көңіл ұмыта алмас әсем кездесу, көз алдыңнан кетпес кездесу.
Біз қоштасуға бет алғанда Шолохов қазақ әдебиетімен шұғыл танысқан жайларын айта келіп:
— Іше бердім, жұта бердім. Қандай әсем суреттер көрдім, қандай өрісті ойларға кездестім. Қазақ әдебиеті терең тамырлы, бой салып өскен әдебиет екен. Сенімді екенсіңдер. Қазақ — ұлы халық екен! — деді.
Осы ойын ол кейін съезде де айтты, басқа жиналыстарда да айтты. Кеңейтіп айтып жүрді.
Күзге қарай Шолохов ылғи Батыс Қазақстанда, атақты «Шалқар» көлінің жағасында. Құлағында қазақ желінің ызыңы, аққу-қаз әні, үстінде кең қазақ аспаны. Шолохов әр кезде бізбен бірге.
Ол қазақ халқының, қазақ жерінің, қазақ жазушыларының үлкен досы. Мақтаныш ететін досы.