Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бойтұмар

Ертеде бір ханзада мен ханша үйленіп, алғашқы тату-тәтті бал айын өткізіп жатады. Екеуі бірін-бірі тапқанына дән риза еді, оларды тек: ғұмырымыздың ең соңғы сәтіне дейін осылай бақытты бола алар ма екенбіз деген қауіпті ой ғана мазалайтын. Сондықтан олар үнемі ерлі-зайыптыны кесір, кесапаттан, жамандық пен зұлымдықтан қорғайтын бойтұмар болса ғой деп армандайды. Сол елде бір дана қарт бар деп есітеді: ол адам иен тоғайда тұрыпты-мыс, оны даналығы үшін елдің бәрі құрметтепті. Қандай қиындыққа, қандай бақытсыздыққа ұшырағандарға да ақыл тауып береді екен. Ханзада мен ханша да сол дана қартқа келіп, көкейлеріндегі ойларын айтты. Дана қарт тыңдап отырып-отырып былай деді:

— Олай болса, қарақтарым, жиһан кезіп, ел аралаңдар, қалай ең бақытты деген, барлығына дән риза ерлі-зайыпты адам жолықтырсаңдар, солардың үстіндегі киімінен қиық алып, тұмар жасап мойындарыңа тағып жүріңдер. Ең жақсы әдіс осы.

Мұны естісімен ханзада мен ханша атқа қонып, сапарға аттанады; зайыбымен басқаларға қарағанда өте тату, бақыттырақ тұратын танымал бір сері бар деп есітеді. Ат басын соның қорғанына бұрады, ерлі-зайыптыдан елдің айтқан қауесетіндей, өз өмірлеріне шын риза ма екендіктерін сұрай бастайды.

— Бәрі де рас, — деп жауап береді олар.Біздің бір ғана қайғымыз бар: балаларымыз жоқ.

Әрине, бұлардың ғұмырын үлгі етіп, бойтұмар тағуға болмас деп есептеген ханзада мен ханша бұл дүниеге дән риза ерлі-зайыптыларды іздеп табуға әрі қарай аттанды.

Міне, олар тағы бір қалаға кірді, ұзын құлақтан қалада таза өз табысымен күнелтетін, адал әрі әйелімен толық ауызбіршілікте сыйластықта тұратын сүттей ұйыған бір адамдар бар деп есітеді.

Taп соған әдейілеп келіп, жайларын айтып, сіздер өте бақытты жандар дейді сол рас па — деп сұрайды.

— Әлбетте! Айтып отырғаныңыздың бәрі расын рас! — дейді күйеуі. — Әйеліміз екеуіміз бір-бірімізді жанымыздай жақсы көреміз, тек біздің балаларымыз тым көбірек, ал олармен бірге мұң-мұқтаж да өседі, өзіңіз білесіз, осы жағы уайым.

Бұлардың да ғұмырын бойтұмарға лайық деп таппаған ханзада мен ханша тағы жолға аттанып, кімде-кім бақытты шат-шадыман ерлі-зайыптылар көрсе, естісе айтуын сұраймыз деп жар салып, іздей береді, іздей береді. Бірақ ешкім ұшыраспайды.

Осылайша аяқ жетер жердің бәрін шарлап, өз ғұмырына дән риза ерлі-зайыпты таппай, елдеріне қайтуды ойлайды. Бір кездерде, көк майсалы отты шалғынға келгенде жол жиегіне таяу арада мал бағып жүрген бақташыны көреді, ол сыбызғымен өте көңілді әуенді ойнап отыр. Сонадайдан, бір баласын жетектеп, бір баласын көтерген бақташының әйелі келе жатты. Бақташы әйелін байқай сала, оған қарсы жүріп барып, кішкене сәбиді қолына алып, еркелетіп, сүйіп, басынан асыра әуелетіп көтеріп мәз болды. Бақташының иті де арсалаңдап құйрығын бұлғаңдатып, қуанғаннан бір-екі рет шәуілдеп үріп, томпаңдаған баланың жанына барып, қолын жалай бастайды. Сол екі арада бақташы әйелі қолындағы түйіншегінің орауын жазып, дастарқан әзірлей қояды.

— Әкесі, кел, асыңды іш.

Күйеуі көкмайсаға отыра кетіп, асқа қол салды, әуелгі кескенін ол кішкене сәбидің қолына ұстатты, келесісін үлкен ұлы мен итіне бөліп берді. Осының бәрін ханзада мен ханша көріп, естіп келе жатқан. Қастарына жақынырақ келіп, ерлі-зайыптыға тіл қатты.

— Сіздерге қарап тұрып, дүниедегі ең бақытты, сыйластықтары уыздай бұзылмаған жандар-ау деп ойлап қалдық, рас па?

— Иә бұларыңыз шындық еді, — дейді күйеуі. — Құдайға шүкір, дүниеде айтулы деген бекзадалар да бізден бақытты емес шығар.

— Олай болса, — деп жабыса кетеді ханзада, — бізге рахым ете көріңізші, ол үшін өкінбессіз деп ойлаймыз! Андағы өздеріңіз киіп отырған жейде-көйлектеріңізден бір тұмарлық қиық кесіп бермес пе екенсіздер?!

Мұны естіген ері мен әйелі еш нәрсе ұқпаған кейіппен бір-біріне көз тастады да, бақташы тұрып:

— Құдай куә, сіздердей ханзада мен ханшаға қиық түгіл басы бүтін жейдемді де қуана-қуана берер ем, бірақ сол құрғыр бізде жоқ қой. Үйімізде де лыпа жоқ, бұйырмасын, деп жалаңаш тәніне киген шапанының өңірін ашып көрсетті.

Іштері у жұтқандай ашып, дымдары шықпай қалған ханзада мен ханша ары қарай аттанып кетеді. Азып-тозып, мағынасыз сергелдең жүрістен жалыққан олар ат басын елге бұрады. Ен тоғайдағы дана қарттың лашығының тұсынан өтіп бара жатып сәл аялдады, оның осыншама әуре-сарсаңға салған ақылына да өкпелері жоқ емес еді, тоқтап, сәтсіз сапарлары туралы айтып берді.

Естіп отырған қарт жымия күліп:

— Япырай, босқа арып-ашып келдік дейсіңдер! Сонда бұл сапар сендерге еш нәрсе бермегені ме, еш нәрсе үйретпегені ме? — дейді.

— Жо-жоқ, — дейді ханзада, мен бір нәрсені ұқтым, ол өз ғұмырыңа, бар бақытыңа қанағат ету табиғат берер үлкен сый!

— Ал мен бір нәрсеге көз жеткіздім, — деп қостайды ханша, — бақытты болу деген өзіңді бақытты сезінуде екен!

Ханзада ханшаға қолын созып, екеуі бір-біріне өте нәзіктікпен, сүйіспеншілікпен мейірлене көз тастады. Осыны байқаған дана қарт:

— Сендер нағыз бойтұмарды өз жүректеріңнен тапқан жансыңдар. Соны көздің қарашығындай қастерлеңдер, сонда қанағатсыздық пен қаныпезерлік араларыңа ене алмайды, — дейді де ғайып болады. Көпке дейін «білің-де-ер» деген жаңғырық тоғай ішіне қалықтап тұрып алады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама