Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Биік белесте

Жазушылық жолын прозадан бастаған Ғабит Мүсрепов қазақ әдебиетінің осы жанрына үлкен үлес қосты. Оның оқушыларымызға кеңінен танылған «Қазақ солдаты», «Оянған өлке» романдары жалғыз қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл совет әдебиетінің елеулі табыстарының қатарына қосылады. Мүсрепов прозаның үлкен жанрына — роман жазуға бірден келген жоқ. Алдын-ала әдебиетімізге елеулі еңбек сіңіріп, жазушылық тәжірибесі, шеберлігі өскен, дүние тану, ой-өрісі кеңіген кезде ғана келді. Жазушының бұрынырақта жазылған әңгімелері, ұсақ повестері романға келу жолындағы сатылар. Ғабит отызыншы жылдары бірнеше повестер бастайды. Әр түрлі себептермен сол басталған повестері аяқталмай қалады. Сол повестердің аяқталмауына негізгі себеп болған жазушының әлі де шеберлігі жетіспеуі, алған тақырыбын меңгеріп алып кетерліктей ой-өрісі, білім биіктігі жетіспеуінен сияқты. Екінші себеп, сол отызыншы жылдары қазақ прозасы жаңа ғана өсіп келе жатты да, бірақ шын мағынасындағы келелі роман үлгілері туған жоқ-ты. Ғабит Мүсрепов осы жолда көп ізденіп прозаның үлкен жанрын әдебиетімізге енгізуде алғашқы еңбек еткен адамдардың бірі.

Ғабит Мүсрепов қай жанрға барса да, оның қандай түріне қатынасса да, жанр өзгешелігін, шеберлігін әбден меңгеріп көркемдік шарттарына жақсы жауап берерлік етіп жазатын салақтығы, олақтығы жоқ, тындырымды жазушы. Оның романға көп ізденіп келуі де осыдан. Сондықтан да ол кейбір өз замандастары жазған үйрену, жаттығу тұрғысынан сын көтере бермейтін повесть, романдарын жазбай прозаның үлкен түріне күші жетерлік дер шағында келді.

«Қазақ солдаты» Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған қазақ әдебиетіндегі әйгілі шығарма. Бұл тақырыпқа жазылған қазақ әдебиетіндегі шығармалар аз болғанымен, совет әдебиетіндегі шығармалар аз емес. Ұлы Отан соғысы совет әдебиетінен үлкен орын алады. Бұл тақырыпқа әдебиетіміздің алтын қорына кірерлік үлкен кесек шығармалар жазылды. Б. Горбатовтың «Бағынбағандары», А. Фадеевтің «Жас гвардиясы», М. Бубенновтың «Ақ қайыңы», В. Панованың «Серіктестері», Корнейчук, Леонов, Симонов пьесалары Ұлы Отан соғысының әр қилы кезеңдерін, совет адамдарының майдандағы және тылдағы, дұшпанның қолында қалған жерлердегі асқан ерліктерін жан-жақты кең қамтыған елеулі шығармалар. Бұлардың әрқайсысы қай жағынан болсын бір-бірін қайталамайды, әр түрлі стильде, әр түрлі әдіспен жазылған шығармалар. Ғабит Мүсреповтің «Қазақ солдаты» романы да осы кесек шығармалардың көлеңкесінде қалып қоймай, олардың біреуін не бірнешеуін қайталамай, Ұлы Отан соғысы туралы эпопеяға өз арнасымен, өз ажарымен қосылатын тың шығарма.

Бұл роман өзінің сюжет құрылысы, алған оқиғасы, суреттейтін объектісі жағынан жоғарыда аталған және басқа осы тақырыптағы шығармалардың қай-қайсысынан болсын бөлектігі, өзіндік ерекшелігі бар шығарма. Автор осы тақырыпқа жазылған көп жазушыларға ортақ болмай қоймайтын негізгі идеяны — тың материал арқылы ашып, өзіне тән көркемдік шешіммен жеткізеді. Сонымен бірге шығарма өзінің ұлттық сипатымен де дараланады.

Романның негізгі идеясы — халықтар достығы. Осы идеялық арқау шығарманың басынан аяғына дейін үзілмейді, Осы негізгі идеясына байланысты жазушы Ұлы Октябрь революциясының дүниені жаңғыртқан ұлы күшін бастан-аяқ сездіріп отырады. Біздің барлық жеңістеріміздің Октябрь революциясының жемісі екенін көркем образдар арқылы шебер аңғартады.

Жазушы Октябрь революциясының, Совет өкіметінің зор жеңістерін жаңа заманмен құрдас жас адамның тағдыры, өмір тарихы арқылы суреттейді. Қараңғы қазақ аулындағы туған бала кең дүниеге шығып, көзі ашылып өскен сайын бұрын ең артта қалған оның туған елі де бірге өсіп көркейе түседі. Жазушы негізгі геройының өсу жолын бейнелегенде жігін ашып алмай өте шебер қиыстырған, Қазақстан сияқты бүкіл бір елдің өсу жолымен тамырластырып суреттейді. Он жасар Қайырғали ауылдан қашып Гурьев қаласындағы балалар үйіне келіп кіреді. Жазушы қаланың да, елдің де сол кездегі суреттерін береді. Жиырма сегізінші жылдары қиырда жатқан Гурьев сияқты кішкене қала да, алыстағы қазақ ауылы да азаттық алғанымен жаппай мәдениетке, жаңа тұрмысқа араласып кете қойған жоқты, үлкен мәдени өзгеріске дайындық жасап, күтініп отырған кезі еді. Ал, сол Қайырғали бес-алты жыл оқып, Оралдан қайтып келгенде үлкен өзгерістерге жолығады. «Еңселі биік көпір үстінен Жайықтың екі беті кеңірек көзге түсті. Бұрынғы қоңырқай қаланың кеудесі көтеріліп, Жайықтың екі бетіне де зәулім үйлер орнап қалыпты. Терезелері күнге шағылысқан қабат-қабат биік үйлер қаланың еңсесін көтеріп, тынысын кеңіткен сияқтанады»9. Жалғыз қала өспейді, адамдар да өседі. Бұрын от басынан басқаны білмеген Қайырғалидің шешесі енді маман жұмысшы болады. Оның тұрмыс-салты, ұғымы да өзгереді. Мінеки осылай романның өн бойына қауызынан түлеп өсіп келе жатқан жаңа дүниені айқын көреміз.

Романнан бүкіл өмір лебі, заман қарқыны, өз дәуіріміздің өскелең сипаты, тынымсыз қозғалыс үстіндегі мазасыз рухы анық еседі. Бұл кешегі жетім, кейін ұшқыш болып биікке қанат қаққан Шеген әрекетінің де, ескіліктің шідерін үзіп өмірдегі өз орнын табу үшін ашына қимылдаған Ақбота әрекетінен де, автор кеңірек суреттеген шекара тұрмысынан да мол сезіледі.

Жазушы оқиғаны тура Отан соғысынан бастамай әріден қамтып қаһарлы ауыр кезеңдегі ұлы күштің түпкі тамырын, негізгі бұлағын ашады.

Романда көркем образдар арқылы халықтар достығы шебер көрсетілген. Халықтар достығы біздің адамдарымыздың бойына сіңген үлкен өмір шындығы. Жазушы осы достықты тәттілеп жасанды етпей, сол табиғи өмірлік, шындық қалпында көрсете білген. Бұл тақырып романның негізгі арқауы. Өйткені біз Қайырғалиді оның өз ортасы орыс, өзбек жолдастарынсыз көзге елестетуіміз өте қиын, Политрук Ревякин, лейтенант Мирошник, Семен Зонин, Володя Толстов, Сәмед Абдуллаев, Василий Гришкин сияқты жауынгерлерсіз Қайырғали — Қайырғали болмас еді. Бұлардың бәрі Қайырғалидің соғыста тап болған кездейсоқ жолдастары емес, онымен етене бауырласып, рухани дүниесінің бөлшектеріне айналып кеткен жандар.

Жазушы Ұлы Отан соғысының әр қилы кезеңдерін кеңінен қамтиды. Біздің әскерлердің жаудың басым күшінен шегіну кезі, табан тіресті кескілескен қорғаныс ұрыстары, Совет Армиясының шабуыл операциялары романда едәуір кең көрсетілген. Бұл ұрыстардың әр түрлі кезеңдері негізінен бас герой Қайырғалидің көрген, білгендері, басынан кешкендері, іс-әрекеттері арқылы әскер бөлімінің шағын түрі взвод, рота қимылы маңында суреттеледі. Ұлы Отан соғысының, жалпы үлкен соғыстардың мазмұнын терең ашып, оқиғаларын мол қамту тек қана әскердің үлкен құрамаларының қимылын — дивизия, армия не болмаса түгел бір майдан әрекетін тұтас көрсетуде емес. Ол ең алдымен соғысқа қатысушы адамдардың іс әрекеттері, бейнелері арқылы соғыстың характерін оған қатысушы күштердің негізгі қасиеттерін, рухани мазмұнын, идеялық нысанасын терең ашып көрсете білуде. Бұл жағдай жалғыз емес, қай тақырыпқа болса да қатынасты. Мысалы,өзінің мазмұны жағынан Ұлы Октябрь революциясына тетелес ұлы өзгеріс коллективтендіру дәуірін бір колхоз өмірі арқылы толық бейнелеуге болатыны анық. Ал, Ұлы Отан соғысының да негізгі сырын кейде шешуші бір кезеңдегі аз ғана адамдардың аз ғана күндік әрекеттері арқылы ашып кетуге болады. Мысалы, Эм. Казакевич «Жұлдыз» повесінде бір топ совет барлаушыларының жау тылындағы аз ғана күндік әрекеттері арқылы совет жауынгерлерінің патриоттық тамаша қасиеттерін өте бір сәтті шеберлікпен бейнеледі.

Осы сияқты Ғабит Мүсрепов те «Қазақ солдаты» романында бір топ совет жауынгерлерінің қимылы, іс-әрекеті арқылы сын сағаттағы халқымызға тән қасиеттерді бейнелі суреттеді. Романдағы жауынгерлер қатысқан әрбір оқиғаға байланысты кешегі соғыстың басты кезеңдерін көркем бейнелейді.

Романда Отан соғысының негізгі үш кезеңі молырақ суреттеледі. Бірінші кезең — 1941 жыл оқиғасы, біздің әскерлердің шегінуі. Екінші кезең — табан тірескен қорғаныс ұрыстары, Кавказды қорғау. Үшінші кезең — Совет Армиясының шабуылы, жау қолында қалған совет жерін азат ету. Романдағы осы негізгі үш жотада кейіпкерлердің характері мол ашылып, олардың өсу, шыңдалу жолдары дамып отырады.

Осылайша соғыстың бүкіл халыққа келген бүліншілік қасірет екені ғана емес, сонымен бірге бүкіл халықтық іс екені, Отан тағдырын бүкіл халық қорғайтындығы аңғарылады.

Романның негізгі арқауы, алдына қойған көркемдік мақсаты — совет дәуіріндегі жас адамның өміріндегі өз орнын іздеу. Қай шығарма болмасын заман шындығын көрсетуге міндетті. Сондықтан да өмір шындығынан алып жазылған әрбір көркем шығармаға заманның идеологиясы, сипаты кіреді. Жазушы өз шығармасына заман талап еткен мақсатты мәселе етіп қояды. Шекспир «Отелло» трагедиясына биік адамгершілік, ар мәселесін арқау етті. Фадеев «Тас-талқан» повесінде революцияның адам материалын саралап алуын яғни Октябрь революциясының ескі өмірден керексізін тастап, өзіне керекті күштерді (адамдарды) екшеп алуын арқау етті... Сол сияқты Алексей Толстой «Азапты сапарда» трилогиясы сияқты үлкен эпопеясына ескі интеллигенцияның революцияға келу жолын негізгі арна етіп суреттейді. Осы сияқты оқиғалардың астымен жүріп отыратын, шығармаға ішкі тұтастық беретін, суреттелген істі шегелеп, оған мақсат беретін, жалаңаштанып сыртқа шығып кетпей, тереңмен ағатын ағын әрбір көркем шығармаға өте қажетті нәрсе.

Өйткені, ол әрбір оқиғаға мақсат беріп, бүкіл шығарманы тұтас, арналы, арқауы етеді.

«Қазақ солдаты» романының өн бойында біз Қайырғалиді ылғи іздену үстінде көреміз. Романның бетін ашқаннан-ақ ауылдан қалаға қарай қашып келе жатқан бала көзге түседі. Жалған басқармадан қорқып қашқанмен, баланың көкірегінде көмескі үміт сәулесі бар. Ауылда жүрген бақташы бала өзіне де, өзгеге де ашып айта алмағанымен, қараңғыда қалғысы келмей, жарыққа талпынатын сияқты. Оның осы бір көмескі қиялында өмірден өз орнын іздеушілік бар. Осы іздеушілік романның өн бойында Қайырғалидің ойынан кетпейді. Ол өсе келе өзінің өмірдегі орнын іздеуге мықтап кіріседі. Әр қилы өмір көреді. Өзінде барды ең пайдалы етіп жұмсаудың жолын қарамады. «Шеген анау өз жолын тауып алды, одан бұрын осы коммунада болғандардың талайы жоғарғы дәрежелі мектеп бітіріп, әр алуан істе жүр. Олар ылғи хат жазып тұрады... Әрі дімкәс, әрі жасқаншақ Бораш та өз жолын тауып түскелі жүр... Оның әні қазір бүкіл қаланың құлағына ілініп, Бораш жұрттың сағынып күткен әнші баласы атанып бара жатыр... Бораш қазірдің өзінде-ақ Москва консерваториясына барып түсуге әзірленіп жүр. Ол төрт аяғы тағалы әнші болмақ. Ал мен ше?.. Мен шашты қалай алуды үйренуге «Қызыл крес» шаштаразына келдім. Өнер емес өлім сияқты көрінеді».

Әрине, Қайырғалидің бұл сөзінде өз халіне арланушылық бар. Бірақ онда буржуазия қоғамының жастарына тән мансапқорлық жоқ. Қайырғалидің өмірдегі орнын іздеуі ауқатты, жеңіл тұрмысты көксеуден, атақ, даңқ қуалаудан аулақ. Ол өзінің болымсыз аз ісін місе тұтпай, үлкен істі арман етеді. Бойындағы барын ел ісіне сарқа пайдаланғысы келеді. Еліміз істеп жатқан үлкен істің бел ортасында болғысы келеді. Ол өз орнын совет жауынгерлерінің, Отан қорғаушылардың қалың ортасынан табады. Отан қорғау ісі оның өмірлік мақсатына, рухани қажетіне айналады. Қайырғали ойы, әрқашан да мазасыз, ол соғыста жүріп елдің бейбіт ертеңін, сол ертеңгі күндегі өзінің елге пайдалы орнын тағы іздейді. Мұндай мазасыз іздену, тынымсыз талпынуы совет жастарына тән заман рухы. Осы қасиет Қайырғалиді совет жастарының типтік образы дәрежесіне көтереді.

Романда оқиға бас кейіпкердің баяндауы арқылы беріледі. Бұл романды жанры жағынан мемуарлық шығармаларға жақындатады. Оқиғаны бірінші адамның атынан баяндау бүкіл суреттеу әдісіне өз таңбасын салмай қоймайды. Оқиғаны кең қамтып әр кейіпкердің жан-жақты іс-әрекеттерін, ішкі дүниесін, ой жүйесін, психологиялық тебірену толқуларын еркін суреттеуге қысымшылық жасайды. Жазушы бар оқиғаға, адамдарға бір ғана кісінің көзімен, бір дүрбімен қарайды. Барлық істі басты геройдың өзі баяндап отырғандықтан жазушыға сол геройдың образын жасауда да қысымшылық келеді. Өйткені, басты геройдың портретін, характерін, мінездемелерін, сыртқы қимылының көркем көріністерін жазушы өз тарапынан кең баяндай алмайды. Проза дәуірі басталғанда туып, көбірек қолданылған — оқиғаны бірінші адамның атынан баяндау әдісінің әдебиеттің кейінгі дәуірінде өте сирек қолданылуы да сол форманың осы шеңбер тарлығынан. Бұл форма қазіргі жазушыдан бүгінгі заман шындығын көркем бейнелеу үшін үлкен шеберлікті, талант ептілігін талап етеді. «Қазақ солдаты» романында жазушы осы сияқты талант орамдылығын, ептілігін танытады.

Қайырғалидің жақсы қасиеттерін суреттегенде оны мақтаншақ етіп алмай, кішіпейіл сөздермен жарасымды етіп айтқызады.

Автор геройын жеке-дара көтермей, оның алдына өнегелі адамдарды салып, жақсыға талпыну, өнегеліге еліктеу арқылы тасалай отырып, Қайырғалидің үлкен-үлкен жақсы қасиеттерін шебер жеткізеді.

Романда Қайырғалидің характері жоталанып айқын ашылған. Ол алдына биік мақсат қоя білетін, қойған мақсатына жетпей тынбайтын қажырлы, қайратты жас болып көрінеді. Қайырғали өз арына, намысына нұқсан келтіретін нәрселерге бармайды. Өз принципін берік ұстайды. Шаштараз болып істеп жүргенде жас та болса талайды көрген қу мастердің дегеніне көнбей, ықпалына ермей өз жолын берік ұстанады. Романның өн бойында Қайырғали табанды, мойынға алған ісіне тындырымды берік адам болып көрінеді. Оның характері тұтас, кесек. «Мен әр істі өз уақытында істеу керек деп ойлаймын. Қазір соғыс уақыты. Мен де өз орнымда сияқтымын. Қазір азамат борышы не деп сұраса, мен қару асынуда дер едім». Бұл әрқашан да өз мақсатын анық түсінетін, бұлтағы жоқ, кесек мінезді адамның сөзі. «Біреу бұл сабақты өткен шығар, біреу өтпей-ақ жеткен шығар, онда менің не жұмысым бар, мен басынан бастап түгел өткім келеді». Қайырғалидің осы сияқты табандылығы, істейтін ісіне шалалықсыз әбден көзі жетіп, ауырлықты аттап өтпейтін қажырлы төзімділігі расында оның барлық іс-әрекетінен танылады.

Жазушы басты геройының рухани дүниесін жан-жақты көрсеткен. Қайырғалидің ескі солдаттан айырмашылығы, артықшылығы оның оқу-білім дәрежесінде, мәдениетінің жоғарылығында ғана емес, сонымен бірге азаматтық борышын кең де терең түсінуде. «Есепсіз өткен көп күндердің бір сұрауы болатын шығар?» — дейді ол. Бұл өз болашағын ғана емес, өзін ел қажетіне барынша пайдалы етуді ойлаған, үлкен азаматтық борышын ұққан адамның сөзі.

Қайырғали басында совет жастарына тән жақсы қасиеттер мол жинақталған. Ол адалдық, достыққа берік, жауға қаталдық сияқты жауынгерлік, гуманистік қасиеттер.

Автор кейіпкерінің өмірбаянын балалық шағынан бастап, оның өсу жолын бірте-бірте дамытып көрсетеді. Романдағы өте бір көркем суреттелген Қайырғалидің балалық шағы. Жазушы дала психологиясын ой тебірентер әсем поэзиясымен бейнелі, ажарлы суреттейді. Балалық шақтың өзіне тән қызығы, балалық әсем дүние жастық турлы ажарымен көрінген. Қайырғали өскен сайын оның алдынан дүние есігі кеңірек ашыла береді. Өмірде әр түрлі адамдармен кездеседі. Оның бәрі кейіпкер өмірінде із қалдырады. Ой дүниесінің өрістен, дүние тануының кеңейіп, азамат болып қалыптасуына әсерін тигізеді. Өмірдегі кейбір адамдар мен оқиғалар оны жирендіріп түңілдірсе, көп адамдар мен оқиғалар таңдандырып сүйсіндіреді, баулып, тәрбиелейді.

Романдағы Қайырғалидің жан дүниесі бай. Ол сүйе де, күйе де біледі, беріле де, түңіле де біледі, қуана да, қайғыра да біледі. Жазушы геройының жан құбылыстарын, психологиясын қилы-қилы жағдайда сан қырын ашып толық суреттеген. Басты геройдың жанының жомарттығымен бірге оның ішкі такты (сыпайылығы), табиғи әдептілігі ылғи сезіліп отырады.

Роман желісі бір адамның өмір тарихына құрылғандықтан мұнда бастан аяқ қатысатын кейіпкерлер өте аз. Шеген Қайырғалиден кейінгі романда молырақ суреттелген кейіпкер. Бұл образдың жасалу әдісі өзге кейіпкерлерден гөрі өзгешелеу. Жазушы бұл образды басынан бастап аяғына дейін дамытып, суретін барған сайын қоюлатып отырмайды. Романның бірінші бөлімінде Шеген образын жан-жақты толық ашып, оның осы аз ғана уақыттағы өсу, даму жолын толығырақ беріп, характерін қалыптастырады да, одан әрі оны оқиғаға сирек араластырып, оның өмір жолын пунктирмен белгілейді. Шегеннің өсу, даму жолы логикасы жағынан Қайырғали образымен тығыз байланысты. Сондықтан да Шеген образының кейінгі екі бөлімдегі дамуын біз Қайырғали образының дамуы арқылы сезінгендей боламыз. Шеген образы Қайырғали образының екінші жағы сияқты. Қайырғалидің болашағы, ертең жетер биігі тәрізді. Одан көш бойы озып, өзіне шақырып, еліктіріп отырады. Әрине, бұдан бұл екі образ бірін-бірі қайталайды деген ұғым тумасқа керек. Шеген өзіндік мінезімен, бояуымен қалыптасқан жеке-дара кесек образ.

Сәмед романға соңғы үшінші бөлімде енгізілгенмен, бүкіл шығармада елеулі орны бар образ. Жазушы кескілескен ұрыс үстінде Сәмедтің негізгі жақсы қасиеттерін барынша айқын етіп ашқан. Оның бойынан қажырлы қайрат, асқан ерлік, адал достық сипаттары мол табылады. Сонымен бірге Сәмедтің жайдары жаны, бұлт шалмайтын жарқын көңілі, оның ерлік сипатын толықтыра түседі. Өз халқының ұлттық сипатының негізгі бір түрін — жайдары мінезін, қуақы тапқыр ақылын табиғи түрде бойына сіңірген Сәмед образы романға тың арна болып кіріп, қоюлата түседі. Жазушы Сәмед образын жан-жақты кең қамтымай оның негізгі қасиеттерін баса суреттейді. Сондықтан да бұл образда ұсақ сипаттар, детальдер аз, бояу бірыңғай келеді.

Қазіргі қазақ әдебиетінің кейіпкерлері бірыңғай қазақ болып келе бермейді. Еліміздегі халықтар достығы, туысқан халықтардың бір-бірімен тығыз байланысты, қарым-қатынасы, бір-біріне бауырлық көмегі күшейіп, халықтар қоян-қолтық араласқан шақта, өмір шындығын көрсететін әдебиет бірыңғай бір ұлт өкілдерін суреттеп отыра алмайды. Біздің қазақ әдебиетіне туысқан халықтар әсіресе, аға орыс халқының өкілдері күннен-күнге кеңірек еніп келеді. Ұлы орыс халқының өкілдерінің образдарын жасауда біздің әдебиеттің кейбір табыстары болғанмен әлі де кемшіліктері көп. Бұл біздің әдебиетіміздің меңгеріп болмаған ісі көп шығармаларда орыс адамының образы шығарманың қанына сіңіп, өзінің ұлттық характерімен, табиғи бейнесімен көріне алмай жүр. Олар әлі нағыз толыққанды көркем образ бейнесіне жете алмай, тек аға халық өкілі есебінде шартты түрде алынып, белгілі бір идеяны дәлелдеуге арналған схемалық, статистикалық дәрежеде жиі қалып қояды. Мұндай жақсы сөз иесі — жалаң схемалар көп шығармаларымызда кездескенмен, барлық шығармаларға тән емес. Қазақ әдебиетінің жақсы шығармаларында орыс адамдарының жағымды жасалған көркем образдары бар.

«Қазақ солдатындағы» орыс адамдарының образы біздің осы саладағы табыстарымызға қосылатыны анық.

Романдағы орыс адамдарының образдары — шетінен кесек, үлкен көркемдік жинақтауға көтерілген, жетіліп піскен образдар деп айтуға болмағанмен, жазушы біздің әдебиетіміздегі көп шығармаларға тән шартты түрде алынатын жалаң схемалардан аулақ, өмірдегі бар тірі адам бейнелерін жасады. Образдардың жалпы ұлттық сипаттарын көркем бояумен бейнелей отырып, әрбір образдың өзіне тән жеке-дара характерін, өмірдегі тірі сипатын аша білді. Романдағы орыстар белгілі бір үлкен халық өкілі ретінде бөлек шоғыр болып тұрмайды, я болмаса кейбір қазақ шығармаларында кездескендей аға халық өкілі есебінде ашықтан-ашық ақылшы, үйретуші болып та көрсетілмейді. Олар өздерінің күнбе-күндік өмірдегі орнында, іс-әрекеті үстінде табиғи қарым-қатынасы арқылы көрінеді. Мұның бәрі жазушының халық өміріне терең бойлап, оның жалпы ұлттық сипатын, негізгі жақсылық қасиеттерін аңғарып қана қоймай қатпар-қатпарына көз жүгіртіп ұлттық психологиямен қатар жеке адамдардың психологиясын, мінез-құлқын зерттеп түсіне білгенін, қысқасы халық өміріне алыс тұрғыдан көз жүгіртпей сол өмірге тұрмысқа араласып өз табиғатымен қабылдағанын аңғартады.

Майор Русаков сияқты эпизодтық образдар болсын яки оқиғаға ұзақ араласатын Мирошник образы болсын, жазушы кейіпкердің ұлттық сипаты мен өз басындық жеке характерін табиғи астастырып есте қаларлық әдемі образ жасайды. Бұл образдың ұлттық сипаты — іс-әрекетін, мінез-құлқын белгілей ме, не болмаса кейіпкердің әрекет-қимылынан, мінезінен оның ұлттық сипаты көріне ме бәрі бір, бірақ бұл жасалған образдың табиғи өмірден тірі қалпында алынғанын танытады.

Әрине, табиғи жанды бейне жасау жазушы үшін жақсы қасиет. Бірақ сонымен бірге сол жасалған образдардың қоғамдық орны, салмағы ашылған образдың сонылығы, жаңалығы ерекше ескеруді қажет етеді. Әп-әдемі, бірақ қоғамдық, әлеуметтік салмағы жоқ қаңбақтай жеңіл образдар немесе алынған шығармаларда тым жақсы суреттелгенмен одан бұрынғы әдебиет арқылы оқушыға таныс болып қалған сүрлеу образдар шығарманың жалпы қаңқасын тіреп ұстап тұра алады, бірақ оған өзіндік жаңа көркемдік мазмұн бере алмайды. Осы тұрғыдан алғанда «Қазақ солдатындағы» орыс адамдарының образдары негізінен әдеби көркемдік талапқа жауап бере алады. Володя Толстов, Мирошник, Русаков, өгіз арбалы кемпір — жанды түрде көркем бейнелеумен бірге жалпы әдебиет үшін тыңнан ашылған соны образдар. Бұлардың кейбіреулері терең жан-жақты, ал кейбіреулері аз да болса айқын характерімен көрінетін, бірақ қалай да болса әдебиетте жасалған образдардың орасан үлкен галереясынан өз орындарын алатын кейіпкерлер.

Бұл образдарды бейнелеуде автор әр түрлі суреттеу тәсілін қолданады. Мирошникті үлкен әрекет үстінде, шешуші кезеңдерде көрсетіп, оның кесек тұлғасын, ұстамды сараң суреттесе, Володя Толстов образын толып жатқан детальдер арқылы оның жастық аса бір тартымды, жайдары бейнесін ашып, кей кезде жас жүрегінің түбіне терең бойлап оқушының көз алдына Володяның жақсы жанын жайып салып, нәзік бояуларды неше түрлі құбылтып, тебірендіре суреттейді.

Осы бір сәтті салада сақа жазушының сақтанатын да жағдайы бар. Романда Петр Зонин, Ревякин образдары көп суреттеледі. Бұлар шығармада едәуір идеялық-көркемдік міндеттер атқаратын образдар. Бірақ романды көркейтіп тұрған жоқ. Өйткені бұл екі образды жазушы тыңнан ашпаған, өмірден өзі көріп, өзі тауып алмаған. Бұл екеуі орыс әдебиетінде бұрын жасалған, тіпті қайыра жасалған сүрлеу образдар. Кейіпкер шығармаға кітаптан келмей, өмірден келуге тиіс.

Роман өзінің көркемдік дәрежесі жағынан қазақ әдебиетінің алдыңғы аз ғана үлгісіне жатады. Жазушы бұл шығармада өзінің қалыптасқан шеберлігін танытты. Қазақтың тіл байлығын мол игеріп қана қоймай, оны өте орынды, байыпты пайдалана біліп, қазақтың әдебиет тіліне елеулі үлес қосты. Шебер образдар жасаумен бірге оқиғалардың сырын терең ашып, әр түрлі өмір құбылысына ой жүгіртіп, алуан түрлі табиғатты негізінен шебер суреттеу арқылы оқушының ой өрісін, дүние тануын, адам тануын, көркемдікті қабылдауын кеңейтіп, тереңдете түсерлік яғни эстетикалық биік талапқа жауап берерлік әсерлі де құнды шығарма жасады. Қандай шығарма болмасын ол қаншалық зор қоғамдық, әлеуметтік мәселені көтермесін, егер де бір-біріне ұнасымды гармониямен адам образдарын, іс-оқиғаларды, табиғат көріністерін көркем суреттеп оқушының көз алдына жаңа дүние ашпаса ол еш уақытта өз міндетін атқара алмайды.

«Қазақ солдаты» романында жазушы совет адамдарының кәрі, жас ұрпағының көз алдынан өткен өмірді суреттейді. Бұл көпшілікке таныс өмір. Бірақ оқушы сол өзіне таныс өмірдің көрінісіне басқа тұрғыдан қарап, сырын жаңаша ашады. Өмірде өзі көріп жүрген, бәлкім сырына қанықпаған адамдардың жан дүниесіне терең бойлап, олардың іс-әрекеттерінің сырын ұғады. Өзі көрген не көрмеген жерлердің пейзаждарына, кәрі табиғаттың алуан құбылыстарына жазушының көзімен қарап жаңаша, өзгеше әсерленеді. Көркем әдебиетінің осындай қашан да керек тұрақты қасиеттері «Қазақ солдатынан» мол табылады. Осы жалпы жақсы қасиеттермен қоса автордың өзіндік стилі, суреттеу әдісі, сөз қиыстыруы шығарманы ажарландыра түседі.

Жазушы көркем суретті лирикалық шегіністерді публицистикалық пікірлермен қабыстырып отырады. Жалпы Ғабит шығармаларында публицистикалық элемент кеңінен орын алады. Көбіне жазушы айтқысы келген пікірлерін, әр нәрсеге көзқарасын көркем суретке, диалогтарын шым-шымдап енгізіп байқатпай өріп жібереді. Оның өзі көбіне суреттеу күшін арттыра түседі. Ал бірақ пьесаларында, әсіресе «Қазақ солдатында» публицистикалық элемент кейде өте көп кіріп кетеді. Сондықтан да шығарманың кей жері емес-ау, тіпті едәуір жерінде суретшіліктен гөрі шешендік басым жатады. Осы негізгі кемшілік шығарманың көркемдік құнына зардабын тигізбей қоймайды. «Қазақ солдатында» жазушы ұзақ-ұзақ публицистикалық шегіністерге жиі ұшырайды. Орынсыз көп қолданылған пікір айтудың аяғы авторды патетикаға апарып ұрындырады. «Москва бекіністері екі жүз миллион халқымыздың жүрегі арқылы, ақындарымыздың жалынды жырлары арқылы өтеді. Әр жазушымыздың қаламынан тамған сия сол бекіністердің құрыш болат қоршауы болады». Мұндай қызыл сөз реалистік шығарманың денесінде шынында да қып-қызыл болып бөлек тұрады.

Жазушы портрет жасауға, әсіресе сатиралық портрет жасауға шебер. Романда жағымсыз кейіпкер — оқу бөлімінің бастығының кескіні былай суреттелген: «Салбыраған аузына қоңқайған мұрны төніңкіреп келіпті де шөгіпті. Әрі тар, әрі қалың маңдайын баса біткен қалың қара шашына аздап қана ақ кірген». Ал, енді Ақботаның күйеуінің сиқы мынадай: «Аласа маңдайына кепкесін бастыра киген сіріңке қара жігіт маған бірден ұнамады. Жас баланың өкшесіндей тайпиған ғана кішкене иек, сояудай тістерін әрең жасырып тұр, құлағына дейін созылған қалың ерінді, — бақа ауыздау екен. Мойны қыл қиған айыр желке, ала көздеу... Желке мен төбесінің арасы төрт-ақ елі, қушық жауырын қалақша жігіт өте бір сүйкімсіз жан көрінеді». Бұлар әрине, жағымсыз кейіпкерлерді кейпінен-ақ танытатын шебер жасалған сатиралық портреттер. Мұнда сурет пен кекесін жігін жазбай, іштей қабысып жатыр. Бірақ бір ескертетін нәрсе жазушының жағымды кейіпкерлері ылғи сұлу, келбетті келсе, жағымсыз кейіпкерлері, олардың ішін сырты айтып тұратындай-ақ ылғи ажарсыз, көріксіз, ұсқынсыз келеді. Адамның мінезі, жан дүниесі, әсіресе оның іс-әрекетінің жақсы-жамандығы сыртқы пішінінің сұлу не көріксіз екеніне байланысты емес екені анық. Жағымды кейіпкерлерді сұлу, жағымсыз кейіпкерлерді сиықсыз етіп суреттеу адам ойының балалық дәуіріндегі шығармаларына тән нәрсе. Мәдениеті жоғары жазушының шығармасында жиі ұшырайтын осы жайт оның жазу әдісін де әдебиетіміздің балалық дәуірінен қалған бір белгі сияқты.

Жазушы шығармада жау жағының өкілдерін суреттемеген. Олар оқиғаға байланысты әр жерде кездесіп отырады. Бірақ жазушы сол жылт етпе қысқа көріністердің өзіне шыншыл бояу тауып бере алмаған. Қанша жерде фашист солдаттары мен офицерлері көрінсе де жазушы жалықпай-талмай оларды ылғи «сарала жыланға» теңейді де отырады. Мұның өзі автордың көркемдік бояуын әлсіретіп қана қоймай, шығарманың реалистік арқауына алалық енгізеді.

Романда әр түрлі әсермен, көркемдік бояулармен жасалған тамаша пейзаж көріністері көп. Тек пейзаж жағынан олқылық келтіріп тұрған Кавказ көріністері ғана. Жазушы Кавказдың алуан түрлі табиғатының жеке, тиянақты бір көріністерін өз көзімен суреттеудің орнына ғана жалпылама бояуды жағып, өзгесін Лермонтов мен Абайға сүйей салған. Ал, шығармадағы қазақ даласының толып жатқан құнарлы пейзажы, Тамань түбегінің шебер жасалған реалистік картинасы, әсіресе теңіз көріністері ерекше көз тартады.

«Қазақ солдаты» романы кейбір жеке кемшіліктері болса да, негізінен идеялық-көркемдігі жағынан қазақ әдебиетінің алдыңғы қатарлы шығармаларына қосылады.

Жазушының «Қазақ солдатынан» кейінгі жазған прозалық ірі шығармасы «Оянған өлке» романы. Бұл романның бірінші кітабы Қазақстан тарихының өте маңызды және қызықты кезеңіне — Қазақстанда алғаш өндіріс орындары ашылып, өндіріс жұмысшыларының пайда бола бастаған дәуіріне арналған. Бұл осы кезге дейін қазақ жазушыларының қаламы тимеген тақырып. Бұл тақырып жазушыдан сол дәуірдегі қазақ халқының салт-санасын, әдет-ғұрпын білудің ғана емес, сонымен бірге сол кездегі Қазақстанның қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық өмірінде қоғамдық күштердің ара салмағын, олардың әр қилы қарым-қатынасын да терең зерттеуді қажет етті. Қазақстанның Россияға қосылуының қазақ халқының тарихы үшін барлық прогрессивтік жағдайын да жете білу қажет.

Романның негізгі идеясы ұлы орыс халқы мен қазақ халқының достығы, сол достықтың негізгі тамырлары десек, жоғарыда айтылған тарихи әлеуметтік жағдай кең қамтылмай, ол идеяны көркемдік бейнеге келтіру мүмкін емес.

Қазақстанның Россияға қосылуы шын мағынасындағы прогрессивтік тарихи үлкен оқиға болды. Қазақ халқының болашақ тағдыры үшін бұл оқиғаның маңызын айтып жеткізу қиын. Бұл қазақ халқының қоғамдық дамуына да үлкен әсерін тигізді. Көшпелі өмірге, шаруашылықтың ең артта қалуына байланысты ғасырлар мызғымай келген ең мешеу құрылыс — патриархалдық — рулық қоғамның негізін күйретті. Экономикалық жағынан Қазақстанның Россияға қосылуының прогрессивтік жағдайы ең алдымен Энгельстің айтуынша «қанау мен деспотизмге ең кең негіз» беріп келген патриархалдық-рулық салтқа күшті соққы беруінде, кейін келе ғасырлар бойы қанаушы таптар — бай-феодалдар пайдаланып келген рулық бүркеншіктен арылып, қазақ аулындағы кедей таптардың жіктеле түсіп, өз мүдделерін ұғына бастауында. Қазақ даласында өндіріс жұмысшыларының пайда болуы қазақ халқы үшін тарихи прогрессивтік дәуір екені анық.

Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Қазақстанға орыс капиталы кеңірек кіре бастады. Әр жердегі тау-кен өндірістері ашылды. Қазақстанда алғашқы жұмысшылар шықты. Дәл сол кезде нағыз жұмысшы табы ретінде қалыптаспағанымен, сан жағынан аз болса да — олар болашақ қазақ жұмысшыларының негізгі ұйытқысы болды. Бұл өндіріс орындарында капиталистік озбырлық пен қанаушылық қанша күшті болғанмен де, олардың қазақ кедейлері үшін прогрессивтік, жаңалық жағдайы да болды. Қазақ кедейлері өндірісте жаңа өмір көрді, байырғы орыс жұмысшыларымен араласып, саналарына алдыңғы қатарлы орыс ойының жарық сәулесі кірді.

Мұның өзі еліміздің революциядан бұрынғы әлеуметтік өміріне белгілі ізін салды. «Оянған өлке» романының бірінші кітабын талдағанда оған ең алдымен осы жоғарыда айтылған тұрғыдан қарау керек.

Роман Қарағанды көмір бассейнінің алғаш табылуынан басталады. Романдағы оқиғаның арнасы кең. Бір жағы қазақ ауылындағы болып жатқан неше түрлі оқиғалар болса, бір жағы Қарағанды шахталарындағы Успен, Ақбұйрат мыс заводындағы жұмысшылар өмірі, капиталистердің өзара тартысы, кірешілер сияқты қосымша жұмысшылар өмірі.

Бұған қарағанда автор Қарағанды өмірінен үлкен эпопея жазуға кіріскен.

Шығармада алынған кезеңдегі әлеуметтік жағдайдың басты бір белгісі сол — Россияға қосылғаннан кейін де Қазақстанда патриархалдық-рулық қауымның қалдықтары күшті болды. Байлар қолында қанаудың ең бір күшті құралы — әлі де рулық жақындық. Романда байлардың ру адамдарын өз қолдарына ұстап, оларды аяусыз қанайтындығы, кедейлерді таптық мүддеден жаңылыстыру үшін ру араздығын қоздыруға тырысатыны нанымды суреттелген. Тап тартысына қарсы ескі қаруы осы ру араздығын қоздыруды байлар қазақ халқының сол кездегі ең саналы табы алғашқы шыққан жұмысшылар арасында да пайдаланбақ болады.

Ерекше ескертетін нәрсе — жазушы көзі сол дәуірдің әлеуметтік өміріндегі жаңа нәрселерді де қапы жібермеген. Рулық салттың сырты бүтін болғанмен, ішінде талай өзгерістер бар. Кедейлер өз мүдделерін түсінген. Қазақ аулында тап тартысы бар, Сүгірәлі мен Бұланбайдың, екі байдың мүддесі үшін болған төбелес үстінде табысуы көп нәрсенің символы сияқты. Екінші бір өзгеріс — кейбір қазақ байларының капитализмге қарай бейімделе бастауы. Игілікті шын мағынасындағы капиталист деп айтуға әлі болмайды, бірақ бұл феодалдық шаруаның мешеулігін, болашақ байлық капиталистік шаруада екенін түсінген, түбінде соған келетін адам сияқты. Әсіресе онда купецтік пен феодалдық аралас, феодалдық әлі басымырақ. Бұл екеуі оның бойында әбден сыйысып тұр... Ол бір жағынан үлкен кіреге подряд алып ақша тапса, екінші жағынан мыңғырған малы бар дала байы, бір жағынан шаруашылық салаларын басқаратын кіре бастығы. т.б. адамдары болса, екінші жағынан Омар сияқты сойыл соғар қарақшылары бар. Яғни оның шаруашылығында капиталистік және феодалдық элементтер аралас. Оның Феодалдық шаруашылығына капитализм еңсеріп кіріп бара жатыр.

Романдағы оқиғаның тарихи кезеңдеріне келсек — бұл крепостнойлық право жойылғаннан кейін Россияда капитализмнің жылдам дами бастаған дәуірі. Осы кезде орыс капиталистері шет аймақтарға ерекше көңіл бөліп, олардың табиғат байлықтарына ие болуға асыққан-ды. Орталық Россиямен қатар оған қосылған шеткері аймақтарда да өндіріс орындары өсе бастады. Капитализм отарлық аймақтарда да өзінің жерлеушісі — пролетариатты туғызды. Орыстың жас пролетариаты ол кезде өзінің күресу жолын, азаттық жолын әлі танып болған жоқ еді. Бастаушы марксистік партиясы да жоқ болатын. Бірақ өмір сүріп тұрған қоғамға қарсы наразылық, капиталистердің қанауына қарсылық белгілі түрде ол кезде бар еді. Ақыры орыс қауымының алдыңғы қатарлы күрескерлерінің, революцияшыл-демократтардың жалынды идеяларының ұшқыны сол кездің өзінде жұмысшылар арасына жеткен-ді. Осы ұшқынды Қарағандыға, қазақ жұмысшыларының арасына Оралдан келген орыс жұмысшылары, олардың алдыңғы қатарлы өкілдері Быков пен Елизавета Сергеевна алып келді. Оралдан келген орыс жұмысшылары арқылы біз Рязанов, Сикорский, пристав Соколовтардың Россиясын емес, халықтың Россиясын көреміз. Жұмысшылық трагедиялары бар, азаттық идеялары құлақтарына тиген, капиталистермен күресіп те көрген орыс жұмысшылары үлкен саяси оқиғалардан шет жатқан қазақ даласына көп жаңалықтар әкеледі. Жаңа туған қазақ жұмысшыларына қамқор аға, өнегелі ұстаз болады. Оралдағы орыс революционерлерінің қауымы өз адамдарын жібереді. Шет түкпірде қараңғы жатқан қазақ кедейлерінен шыққан жұмысшыларды аяғынан қақ тұрғызып, азаттық жолын анық көрсете алмағанмен де өз мүдделерін қорғау жолындағы күрестерге баулиды.

Орыс-қазақ жұмысшыларының достығы романда нанымды суреттелген. Бұл — таптық мүдденің бірлігінен, бірге көрген азаптан, мұңдастықтан туған достық. Сауатсыз, қарапайым, жай адамдар осыны өз санасымен, жүрегімен сезіп, бір-бірімен шын жақындасады. Бірінің тілін бірі жақсы біле қоймаса да, түсініп, ұғыныса алады. Қазақ жігіттері көз бөгер бұдыры жоқ жапан далаға алғаш келген үй-күйсіз орыс жұмысшыларының жер үйлеріне астына төсеуге қараған әкеліп береді. Алғашқы достық нышаны осындай бір болмашы нәрседен, бірақ шын ықылас білдірген әрекеттен басталады. Осы достық күрес үстінде нығая түседі. Орыс жұмысшылары қазақ жұмысшыларының мүддесін қорғап қалады. Әр нәрседе қапталына ала жүріп, үміт күткен інісінше баулиды. Осылай нығайған достық ірі-ірі ерлік әрекеттер туғызады. Михайлов Неволя, Бұланбай, Байжандардың айдалып бара жатқан Елизавета мен Быковты босатып алуы — қазақ жұмысшыларының күресте біраз шынығып қалғандығының белгісі.

Капиталистер де екі халықтың жұмысшыларының достығынан қатты қауіптенеді. Олар қолдан келгенше орыс, қазақ жұмысшыларын жақындастырмауға әрекет жасайды. Осы себеппен де бір жылдан кейін орыс жұмысшыларын Оралға қайтаруға дейін барады.

Біз жоғарыда айтып кеткендей, роман сол кездегі қоғам өмірін кең қамтиды. Онда сол қоғамдық басқыштың әр сатысында тұрған адамдар суреттеледі. Осы арада ескере кететініміз, әрбір кейіпкердің образдары туралы, тіпті кейбір оқиғалардың қорытындылары туралы үзілді-кесілді пікір айту қиын, өйткені бұл романның бірінші кітабы, әрбір кейіпкерлердің болашақта әлі талай өмірі, әрбір үлкен оқиғаның келешекке етер әсері, өрбуі бар. Автор романдағы алынған дәуірді суреттегенде заман шындығын «түзеп-жөндемей», тарихи оқиғаларды уақытынан бұрын тудыруға асықпай, бірақ шындықты қою етіп, дәуірдің жаңа нышандарын және сол жаңаның болашақ перспективаларын ашып беруге көп көңіл бөлген, көп жерінде жеткізіп бере де білген.

Бір кезде байдың қолшоқпары болған Бұланбай екі байдың мүддесі үшін болған айқас үстінде өз қатесін түсініп, бұрынғы қате жолынан безуге ант еткен-ді. Бірақ ер көңілді, батыр тұлғалы бұл жігіт момын кедейлерді нысапсыз қанап, езіп келе жатқан байларға қарсы тұру керек, күресу керек деген ойға жеткен жоқ еді. Өндіріске келе орыс жұмысшыларының ықпалымен ол күрес жолын таниды, көп мүддесінің қорғаушысы болады. Бай малының соңында жүрген, көнбісті малшы Жабай өз қорлаушыларына қарсы ірі қимыл жасайды. Кеше ғана егіндері ру басыларының қолындағы момын кедейлер өндіріс бастығы — «қожайынның» алдында өз талаптарын батыл айтып қалатын, ретті жерінде ел ішінде «аруағы асқан» Игілік сияқты ірі феодалдардан да ығыспай өз мұқтаждарын қорғайтын дәрежеге жетеді. Осылай жеке адамдардың өсу жолы әлеуметтік үлкен өзгерістерді жаңартып, заманға тән жаңалықтарды әсерлі елестетеді.

Романдағы ең бір айқын есте қаларлық образ — Бұланбай образы. Бұланбай басында қазақ халқының толып жатқан жақсы қасиеттері жинақталған. Ол ақ көңіл, адал, адамгершілігі күшті жігіт, тек қана білекті жігіт емес, үлкен, кең жаны бар, ірі қайрат иесі, қиын-қыстауда мойымайтын ер мінезді адам. Ол өзінің осы қасиеттері арқылы өндірістегі қазақ жігіттеріне басшылық ететін дәрежеге көтеріледі, алдыңғы қатарлы орыс жұмысшыларымен шын дос болады. Бұланбайдың қазақ сахарасынан алып келген кесек мінезі сол күйінде қалып қоймай, оның ой-өрісінің кеңіп, жарық сәулеге шын талпынғанын романның өн бойынан ылғи сезіп отырамыз.

Ол Оралға қайтпақ болған орыс жұмысшыларына:

«Қайтатын болғандарың қазақ жұмыскерлеріне қатты батады. Бірақ оған дейін ананы-мынаны үйретіп кетпейсіңдер ме? Бір із салып берсеңдер, адасып-адасып болса да қайта тауып алармыз...» —дейді. Бұл бір жағынан дұрыс өмір жолын тауып, орыс жұмысшыларының арқа сүйер аға, жол көрсетер ұстаз еткен адамның сөзі болса, екінші жағынан көпшілік қамын, оның болашағын қалаған басшының сөзі. Бұл кешегі ел арасында білек қайратымен ғана танылған Бұланбайдың бүгінде ойлы басшы болғанын танытады.

Ақыры Бұланбайдың жолдастарымен қосылып айдалып бара жатқан Елизавета Сергеевна мен Быковты жандармның қолынан босатып алуы жай ғана қызба көңіл, өжет ойдан туған дарқан ерлік емес, саяси қимыл.

Романдағы ең бір тартымды, шебер жасалған — Байжан образы. Мұның өзі сырт қарағанда жақсы мен жаманның ортасындағы аралық образ болғанмен, түптеп келгенде жағымды кейіпкер. Байжан күлдіргі кейіпкер. Автор кейде жылы, кейде ренішті күлкімен сол дәуірдің қатардағы бір момын адамы Байжанның бойындағы сол заманнан, ортасынан мұра еткен кемістіктерін міней отырып, кейде оның өзінің жеке басындағы олпы-солпылығын ажуалай отырып, халықтың қалың ортасынан шыққан қалтқысыз ақ көңіл, мейірбан адамды көрсетеді. Осы адамның Быков, Бұланбайлармен ниеттес болуының өзі жұмысшылардың алға қойған мақсатының халықтың қалың бұқарасының тілегіне үндес екенін көрсетеді. Байжан — өзінің қанымен де, сөлімен де, сыртқы қимыл әрекетімен де, ішкі ой дүниесімен де жеке дараланып, талантты жасалған нағыз жанды образ. Осы образ арқылы автордың жалпы образ жасаудағы шеберлігі ғана емес, сонымен бірге шынайы юмористік таланты да айқындала түседі. Бұрынғы шығармаларында Ғ. Мүсреповтің күлкісі орынсыз ащылау, шым-шымдап шағып алатын тікенектеп келуші еді, ал бұл жолы жазушы өз жанынан сәулесі жан сергітетін шапағатты жылы күлкі тапқан.

Романда орыс революционерлері мен орыс жұмысшыларының өкілдері Елизавета Сергеевна мен Шило қарт жақсы қасиеттерімен көрінеді. Елизавета Сергеевна декабристерден басталған орыс революционерлерінің ұрпағы. Ол декабристің қызы болып, әке жолын қуса да, әрине, дворян революционері емес, жетпісінші жылдардағы революцияшыл — разночинецтер тобынан. Автор Елизаветаны революция жолына шын берілген, халық бақыты үшін өз өмірінің бар қызығын құрбан еткен, кіршіксіз таза жанды адам етіп суреттейді. Біз Елизаветаның басынан еңбекші халыққа деген үлкен махаббатты, күрестегі табандылықты көреміз. Ол қазақ еңбекшілерінің ауыр халін ұққан, өзіне бұрын бейтаныс, әдет-салты бөлек халықты тез танып, жатсынбай шын сүйген адам. Жұмысшылар арасындағы істері оның күрескерлік қасиетін көрсетсе, Байжан үйімен араласып, Байжан балаларына деген ықыласы адамшылық қасиеттерін танытып, Елизавета образын толықтыра түседі.

Шило қарт өмірдің ащысын көп татқан адам. Заманның бар ауыртпалығына, зұлымдығына ащы мысқылмен жауап қайырады. Сол өткір тілін ретті жерінде өкімет пен дәулет иелеріне де қадап алудан тайынбайды. Бірақ ол жарқын болашақтан күдер үзіп, әрекеттен безінген адам емес, қайта революционерлермен ниеттес, күреске дайын жұмысшы. Оның ащы мысқылы мен зілді ызасы өмірдің зұлымдық жағына арналса, тілегі бір жұмысшы Жолдастарына деген шын ықыласы, мейірбан жаны бар.

Бұланбай, Байшегір, Жабай, Сейіт сияқты қазақ жұмысшылары жарыққа талпынған жас өсімдіктей алдыңғы қатарлы орыс жұмысшыларына бейімделеді; Елизавета Сергеевна, Быков сияқты саналы күрескерлерден үлгі-өнеге алуға ынтығады. Бұларға қарама-қарсы полюс есебінде қанаушы таптардың өкілдері тұр. Обыр капиталист Рязанов образы арқылы автор қанаушылар дүниесінің айуанның сипатын әшкерелейді. Рязанов образы ерекше бір әдіспен жасалған. Романның бас жағында бір көрінгені болмаса ол оқиғаға өз басы тіке араласпайды. Бірақ сонау Орал, Петербург жағында жүрген Рязановтың кім екенін оқушы сырт хабардан жақсы біліп алатын сияқты. Автор алғашқы кезде оқушының көз алдына Рязановтың түр-сипатын бір көрсетіп алды да оның образын іс нәтижелері арқылы ашады. Рязанов «жұмсақ қоңыр дауысты, кербез киінетін, езу тартқанына дейін ақсүйек екенін көрсетіп тұратын» адам. Ол еш уақытта даусын көтермейтін, әдеппен сыпайы ғана сөйлесетін, тіпті самарқаулау кісі сияқты. Бірақ оның сыпайы нәзік қолы мыңдаған адамның қан мен сөлін сығып алып жатса, жымиып күлімсірегенде өзінен қорқаудың азуы көрінеді. Оның өзі көрінбегенмен тойымсыз озбырлығы, қара жүрек қаталдығы романда ылғи елес беріп отырады. Пасық, арам, қатал, жексұрын Сикорский Рязановтың сенімді өкілі ғана емес, оның қарайған көлеңкесі, бір қасиеті сияқты. Яғни сұмырай Сикорский арқылы оқушы Рязановтың кім екенін таниды. Ал, Рязанов бейнесі арқылы капитализмнің қорқаулық заңы айқын көрінеді.

Романдағы капитализмнің екінші бір өкілі Никон Абрамович Ушаков, автордың суреттеуіне қарағанда бұл жаңа шығып келе жатқан көбең капиталист. Орта қолды, ұсақ купецтер арасынан шығып, байлықтың дәмін татып, үлкен өндіріс иесі болуға бой ұрған адам. Автор оның сипатын былай береді: «Қызылжар байы Никон Ушаков қазақ даласын көптен бері көкжал бөрідей кезіп жүрген адам еді. Бар қомағайдың әдетінше, көп жортты, көпке кездесті, көпті тапты. Бар байлығы қарпусыз қаймағы мен жатқан қазақ даласына қадала бастаған көп көздің алдын орап, Сарыарқаның әрбір қырқасына бір қазық қағып, көмірді темірге, темірді мысқа, мысты қорғасынға қосақтап, арқандап тастады».

Ушаковтың бойында капитализм дүниесіне тән тойымсыз обырлық, құныққан қызылшылдық қасиеттер мол аңғарылады. Бірақ бұл қорқаулар дүниесінің бар арамдығын, екіжүзділігін бойына толық сіңіріп бола қоймаған, әлі де адамшылық нышандарынан түгел жұрдай бола қоймаған тип. Ушаков образының қилы-қилы қатпары көп. Ол жұмысшылармен олардың өз тілінде сөйлесе біледі. Жай қазақ бұқарасымен кездескенде де тілін тауып кетіп отырады. Бірақ осы сыртқы көріністі «бұқара шындығының» өзі оның баю жолындағы тәсілі екені анық. Рязанов пен Ушаков арасындағы тартыстың бірі жұмысшылардың жалақысын кеміту жөнінде болады Ушаков қазақ жұмысшыларының жалақысын кеміткісі келмейді. Қазақ арасынан түпкілікті маман жұмысшылар шығару ойын көздейді. Мұның бұл әрекеті «атқа сұлыны тәуір берсе, жұмысты жақсы істейді» деген ойдан туған, бірақ кей кездерде ол осы ойынан жоғарырақ, көтерілмек болады. Оның қазақ балалары үшін компания мектебін ашуы да осыған мысал. Бірақ капитализмнің өз заңы бар, Ол заң — адам айтқысыз қанау арқылы барынша баю заңы. Ушаковтың мардымсыз жақсылығы мен шолақ бұқарашылдығы осы заңмен түйіскенде күл-талқан болады. Ушаков — жан-тәнімен капиталист. Сондықтан да оның жоғарыдағы аталған «игілікті істері» баю мақсатына қарсы келгенде, оны ол өз қолымен жояды. Ушаковтың моральдық жағынан құлауы, ақыры өзі күш салған істерін өз қолымен жойып, өзін сорлатқан Рязановқа босқа итаршы болуы байлардың шолақ демократизмінің құнын анық көрсетеді.

Екінші жағынан Ушаковтың компания мүшелігінен қуылуы да сол заманның бір шындығы. Өйткені ол кезде қазақ даласына Россияның ірі капиталистері кіре бастады. Әрине, олардың жергілікті купецтері, шағын предпринимательдерді жалмап жұтып отырғандары да шындық.

Автop осы капиталистермен қатар сол кездегі патшалық Россияның топырағында туған Сикорский, пристав Соколов, Акула, Зубов сияқты жексұрын жауыз типтерді де көрсете кетеді.

Жазушы орыс капиталистерімен қатар қазақ байларының да типтерін жасаған. Романда суреттелетін екі бай Жұман мен Игілік өздерінің қоғамдық жағдайларында, іс-әрекет, ой-пікірлерінде дараланып, әсіреленіп алынған. Жұман қазақтың нағыз патриархалдық ескі феодалы болса, Игілік жаңа жағдайға, сауда-саттыққа бейімделген бай. Жұман өте дөрекі, ақылы шолақ, тоңмойын томырық адам болса, Игілік көреген, айлалы, сабырлы, әккі адам. Автор бұл екеуінің әлеуметтік бет алысын ғана қарсы қоймайды, олардың мінез-құлықтарын да, ақыл дәрежелерін де қарама-қарсы қояды. Жұман образын жасағанда автор сатиралық ащы сықаққа көтеріліп, оның ақымақтығын, алаңғасар адуындығын қатты әшкерелейді. Игілік бай Жұманның қарама-қарсы полюсі. Ол ең алдымен патриархалдық шаруашылықтың болашағын, оның көпке төтеп бере алмайтынын түсінген болатын. Оның бір кезде Кенесары қимылын жақтамағандығы да осында. Ол бетін негізінен капитализмге қарай бұрса да рулық патриархалдық салттың жұқанасындағы өзіне пайдалы жақтарын сарқа пайдаланады. Оның дәуірінің негізгі қайнар бұлағы да сол. Рулық, салттың бүркеншіктері, қазақ даласындағы мешеу қоғамдық қарым-қатынас оған әлі де өте пайдалы. Игілік сырт қарағанда құшағы кең, қайырымы мол кісі сияқты көрінгенмен, оның обырлығы мен озбырлығы Жұманның обырлығын он орап алады. Ол нағыз құшақтап отырып тұншықтырып өлтіретін жауыздың өзі.

Автор Игілікті өте мәдениетті адам етіп суреттейді. Қазақ байы капитализмге қарай қанша бейімделсе де күлдібадамдау болуы керек сияқты еді. Қулық-сұмдығын, құлқынын қанша жасырса да кей кезде дәл өз мінезінен дала жыртқышының азуы көрініп қалуы керек емес пе?

Екінші жағынан қазақ даласында өндіріс орнауын, кедейлердің жұмысқа баруын Игілік ылғи жақтап отырады. Жұмысқа барған кедейлердің бұрынғы момын шаруа емес екендігін, олардың бірлесіп бір-біріне пана боларлық дәрежеге жеткенін Игілік көрмейді емес. Сейіт, Жабай, Бұланбай баласы Нартай сияқтылар Игілікке қарсы бой көрсетіп те кетеді. Осы сияқты қазақ даласына енген, игіліктерге жағымсыз жаңалықтар Игілік басында қайшылық, наразылық туғызуға керек еді. Заманның жаңа нышаны оған байлық пен дәулет қана емес, сонымен бірге кейбір қауіптер әкеле жатқанын сезсе керек еді. Осы жағдай оны заңды түрде Сикорскийлер лагеріне апарып, қазақ жұмысшыларының қимылына қарсы одақтас етуге керек еді. Бірақ романнан біз оны көре алмаймыз. Мүмкін, автор мұны екінші кітапта сөз ететін болар, бірақ бірінші кітапта бұл жағдайдың еш бір ертелігі жоқ, қайта керек сияқты. Бірінші кітапта автордың бір-екі жерде өз сөзімен ғана айтып кеткені болмаса, сыртқы түрі иман жүзді, қайырымды Игіліктің ішкі психологиясы айқын көрінбейді. Оның азу тісі мен қанды шеңгелі бүркеулі қалған.

Жазушы сол кездегі қазақ аулының өмірін, әлеуметтік қарым-қатынастарын, тұрмыс салтын сараң да бөлек айқын бояулармен суреттейді. Бір жағынан қазақ жалшыларының ауыр тұрмысын, хал-жағдайын суреттесе, екінші жағынан Сейіт сияқты шағын қорғансыз шаруалардың кедейлену процесін, Омар сияқты образдардың қоңданып, баю процесін де көрсетеді; яғни сол қауымның ішкі өміріндегі өзгерістерді анық көрсетуге тырысады.

Феодалдық елдердің ежелгі трагедиясы — әйелдердің бас азаттығы болмауы да романда қамтылған. Бұл Назыкеш басындағы оқиға. Бұл оқиға да өте трагедиялық жағдайда алынған. Мұнда бойжеткен қызды өзі сүймеген бай баласына не болмаса байдың тоқалдығына беру сияқты өткен дәуірде жиі кездесетін оқиғалар ғана сөз болмайды, дені сау, өн бойы өмір күшіне толы сұлу қызды жаратылысынан кеміс, рухани нақұрыс мәжнүнге қосу сияқты жалпы адам табиғатына қарсы оқиға қозғалады. Осы фактының өзі ескі қазақ өміріндегі үлкен қасіреттің бірі. Бұл озбырлық заманның, феодалдық қоғамның әйел басына жасаған қысымның шегі, ең жиренішті көрінісі еді. Бірақ бұл оқиға суреттеу күші жағынан қоғамның өмірдегі жауыздықты барынша өртей әшкерелейтін, адам жанын тебірентетін жалынды памфлетті күшке жете алмаған. Оның ең негізгі бір себебі Назыкеш образының олқылығында. Автор Назыкеш тағдырын, оның барлық ой-арманын, іс-әрекетін әсерлі көрсете алмаған. Назыкеш тағдыры басынан-ақ оқушыны қызықтырып әкете алмайды. Балғын сұлу қыздың әсем сыртқы қимылы мен кейбір назды, тартымды мінездері ғана көрінеді. Жас кезінен-ақ басына тағдырдың талай ауыртпалығы түскен қазақ қызының жан сырына автор оқушысын дұрыстап қандыра алмайды. Назыкешті жарымжан Тілеукеге айттыру да және Назыкештің одан құтылып кетуі де оңай, қатардағы оқиға дәрежесінде суреттелген. Міне сондықтан да әлеуметтік зор маңызы бар оқиға және әдебиет үшін де өте бір ұтымды материал, солғын болып шыққан.

Жазушы артта қалған мешеу патриархалдық өмір туғызған қулық-сұмдық, керенаулық, жалқаулық, настық сияқты мінездерді де тартынбай көрсетеді. Қазақ ауылының өткен өмірі идиллия емес, оның толып жатқан жағымсыз қасиеттері болды. Тұрсынбай сияқты екі қожаға бірдей қызмет етіп, ол екеуін бір-біріне сатып, ел арасынан бүлік іздеп жүретін алаяқ зымияндар — сол дәуір туғызған бір белгі. Болыс, билердің төңірегіндегі жүрген, еңбексіз күнелтуге бейімделген арамтамақтар да бойларына тән мінездерімен көрінеді. Болыс төңірегіндегі жарамсақ, жандайшаптарды автор былай суреттейді: «Быртық бет семіз қара жігіт Ордабайға әдейі ұттырғысы келіп, оңай күйіп кетіп отыр. Бұл кіреші ЬІбырайдың баласы Ботақара. Ордабайдың нөкері болуға құмартып жүрген жігіт... Шенқұмар, мансапқор топтың өмір иесіне, жағымпаз бейшара мінезі де осы: күрессе — жығылады; ойнаса — ұтылады; қалжыңдаса — жеңіледі. Ұтылар жағына, жеңілер жағына өзі бейімделе береді. Қатарға сонысымен қосылады, сонысымен азамат аталады». Автор жарамсақтарға осылай өлтіре берген мінездемесін олардың психологиясын айнытпай көрсететін шебер диалогтар арқылы көркем түрде дәлелдейді:

— Апыр-ай болысекең тіпті қорықпайды!

— Біліп отырады.

— Мырзаның теңгеліктері қалай әдемі дөңгелейді өзі!

— Кімге бара жатқанын білетіндей зырлап кетті! — десіп Ордабайдың жандайшаптары мәз болып қалды.

Осыған орай атының сыры өзіне мәлім, осы жарамсақтардың табынған қожасы да ар-ұятқа сыймайтын істі көріне көзге істейді. Ұятсыз істерінің қошеметшілеріне ұнайтынын біле тұрып мақтанмен істейді.

Өтірікші, ұрлықшы, қоянжүрек Мұсақай да сол жаманның мінезіне ұнағандардың бірі. Ақырында оның тым тәуір саудагер бола бастағаны да осыдан.

Қауымға істерлік онша көп зияны болмаса да, тілін безеп қысыр сөзбен мал тапқысы келген жарамсыз әдеп те Берденнің бойына сол заманнан сіңген еді. Ондай қысыр сөздің үлгісін жазушы аса бір алғыр байқампаздықпен, өте шебер береді. Жаз бойы түк таба алмай қысылып жүрген Берден аңшы, әрбір ісі оңалмай жүрген адамның байырғы әдетінше, Ушаковты сөзбен қарық қып тастағысы келіп, өзгелерден бұрын сөйлеп кетті:

«Бауырым Ушаков, биыл құдай берейін деп тұр саған. Біржола үйе салмаса қайтсін! Суыр дегеніңіз қаптап кетіпті, адам аяғын салмаған жердей он бес ұя ордалы суыр апан қазып жатқанын көріп келдім. Үш күн, үш түн бір бұйратым бар еді, соны әшейін жан-жағынан кеулеп барады екен... Ол жерден бірдеме шықпай қоймайды енді, құдай қосса бір қойыңыз Берденге қарап маңырап тұрған шығар...»

Романда сол қоғамдағы әйелдер жағдайы: олардың теңсіздік хәлі, ауыр өмірі де қамтылған. Қазақ әйелдерінің семьядағы, қоғамдағы правосыздығы, олардың байлардың есігіндегі көрген қорлығы Көпей, Күнше, Нәзікеш т. б. басындағы хал арқылы айқын суреттелген.

Роман өзінің көркемдігі жағынан қазақ, әдебиетіне елеулі үлес қосарлық шығарма. Жазушы қазақтың әдеби тілінің көркем ойының соңғы табыстарын орынды пайдаланған. Бұл кітап өзінің жазылу мәдениеті жағынан да көптеген қазақ жазушыларына үлгі боларлық дәрежеде. Қай шығарманың болмасын көркемдік жағын талдағанда оны шығарманың негізгі идеясының іске асырылуынан, негізгі тартыстардың дұрыс өрістеп шебер шешілуінен, образ жасау әдістерінен — қорытып айтқанда шығарманың жалпы идеялық құндылығы мен маңыздылығынан бөліп алып қарауға болмайды. Бұл шығарманың көркемдік қасиетін айтқанда біз ең алдымен автордың сол кездегі қоғамдық өмірдегі оқиғаларды дұрыс көре білгенін, әлеуметтік күштерді әрқайсысының өз орындарына сай сұрыптап ала білгенін, жаңа туып келе жатқан тарихи күштердің болашағын дұрыс аңғарта білгенін айтамыз. Екіншіден, шебер суретшінің қолынан шыққан толып жатқан тамаша образдар жасағанын айтамыз. Тіл жазушының идеясын көркем бейнеге келтірудегі ең негізгі құрал екені анық. Романның тіл мәдениеті мамандығынан алдыңғы қатарлы әдебиетке сай.

Ғабит Мүсреповтің жазушылық өмірінде бұл роман кезеңді шығарма болатыны анық. Жазушы соңғы кезге дейінгі шығармаларында қоғамдық өмірге осындай терең бойлап, оны осынша кең қамти алған жоқ-ты. Сонымен бірге жазушының көркемдік құралының, тіл мәдениетінің көп екендігін көреміз. Мүсрепов жолдастың осыған дейінгі бір елеулі шығармасы «Қазақ солдаты» романында әлеуметтік оқиғалар көбінесе автор тарапынан баяндалатын да, кейіпкерлердің образдары да автор айтқан мінездемелермен берілетін. Ал, «Оянған өлке» романында үлкенді-кішілі оқиғалардың бәрі кейіпкерлердің тағдыры мен іс-әрекеттері арқылы беріліп, адам образдары әрекет, қимыл үстінде ашылады.

Жалпы қазақ әдебиеті үшін ерекше ескеретін нәрсе, автор өз бояуын былапыттамай орнымен пайдаланады. Әр оқиғаны, табиғат пен адам суреттерін, адамның ой құбылыстарын, қарым-қатынастарын суреттегенде орынсыз әсірелемей, көркемдік дәлдікке, әсерлілікке тырысады.

Әр адамның қимылы — мінезі мен тұлғасына сай; іс-әрекеттері де өз бойына шақ келіп отырады, сөйлеген сөзі де — ой-өрісіне, жан құбылысына лайықты келеді. Осыдан барып романдағы көп образдар жеке-жеке дараланып, жанды әсерлі түрде есте қаларлықтай дәрежеге көтеріледі. Жұман, Игілік байлар, Байжан, Бұланбай сияқты басты кейіпкерлер ғана емес, сонымен бірге Сандыбай шебер, жуан сары Қолбаң, пристав Соколов сияқты ұсақ кейіпкерлер де өз келбетімен есте қалады.

Бұл шығарманың көркемдік жағы туралы айтқанда ерекше бір көңіл бөлетін нәрселер диалогтар. Кейіпкерлердің диалогтары шебер жазушының қолында шығарманың негізгі идеясын ашудағы күшті құрал. Диалогтар арқылы кейіпкердің жанды образдары ашылады. Диалог олардың ой-өрісінің, мінез-құлықтарының, жан құбылыстарының айнасы. Бұл шығармада әрбір кейіпкер өз тілімен және сол заманның тілімен сөйлейді. Бұланбай сөздері өзінің мінезі мен қимылына сай ірі келсе, Байжан сөздері де өз бойына шақ. Жұман сөздері дарақы, аңғал келсе, Игілік сөздері байыпты, сабырлы, қалтарысы көп жұмбақты келеді. Шығармадағы орыс капиталистері мен орыс жұмысшылары да әрқайсысы өз тілдерімен сөйлейдi. Автор оларды қазақыландырмаған, әрқайсысының әлеуметтік орнына, іс жағдайына, ой өрісі мен мінездеріне сәйкес тілдерін де таба білген.

Шығарманың қай түріне болмасын деталь керек те және оның атқаратын елеулі қызметтері де бар. Деталь роман сияқты үлкен шығармаға да өте қажет сияқты. Ол шығарманың негізгі жүйесіне қатысы шамалы болғандықтан жазушы көп тоқтала алмайтын бірақ романдағы өмір картиналарын толықтыра түсетін жайттарды қысқа, ұтымды етіп айтып кетуге мүмкіндік береді. Әр нәрсені кішкене ғана деталь арқылы аңғартып кету оңай емес. Ол үшін автордың сөз арасындағы бір айта салған кішкене оқиғасы тың да, әсерлі де болу керек. «Оянған өлке» романында осы деталды орынды, шебер пайдаланғандықты көреміз. Атақты бай Игіліктің сатып әкелген пәуескелерін, оның төңірегіндегі жандайшаптары былай тамашалайды: «Біреу пәуескенің сыртқы былғары сын, біреу ішіндегі қызыл-күрең сапиянын сипайды.

— Мыналары алтын ба өзі! — деп, өтірік білмегенсіп, мақтағысы келіп тұрғандар да бар.

— Қайтесіңдер жігіттер қолдарыңды тигізіп... Мұның өзін ит терісінің жонынан илеген, жұмсақ жарғақпен ғана сүртіп ұстайтын көрінеді, адамның алақаны деген у ғой... — деп Батыраш пәуескелерге қол тигізбей тұр».

«Бір жерде кірмен өлшеніп шөп тасылып жатыр, керілдескен дауыстар да сол маңайдан басымырақ шығады.

— Әй, құдайың бар ма, жоқ па?

— Алдыңа келсін!

— Ұмытпа осыңды!

— Кірің тіпті көтін де көтерген жоқ қой! — дескен наразы дауыстарға бір-ақ жауап қатып тұр.

— Он тиын! Оттамай ақшаңды әкел».

Мінеки, үлкен оқиғалардың арасында оқушының құлағы шалып қалатын осы екі түрлі сөзден үлкен-үлкен жайттар аңғарылып тұр. Урядник Боткиннің Жабайды ауруханаға әкелгендегі акты жасауы, Берден аңшының Ушаковты қысыр сөзбен қарық қылғысы келген әрекеті, Байжанның Омбының көшесінде Ушаковтың үйін іздеуі, ең ақырғы Күреңкөз қожаның баласы Кенжеқараның Игілікке тартып кетуі сияқты детальдер сол заманның картиналарын толықтыра түседі.

Романда Игілік, Жұман, Рязанов, Ушаков, Сикорский сияқты жағымсыз кейіпкерлердің образдары шебер, әсерлі жасалып, дараланып көрінсе, жұмысшылар арасынан шыққан жағымды кейіпкерлер жөнінде оны толық айту қиын.

Көркемдік жағынан бірқатар елеулі образдар — Бұланбай, Елизавета, Шило қарт сияқты адамдар. Ал, Байшегір, Быков, Михайлов сияқты басты кейіпкерлер дәрежесінде алынған адамдар алдыңғы үшеуінің көлеңкесінде қалып қояды. Мінез-құлықтарымен дараланбайды. Осы арада ескерте кететін нәрсе, Омар мен Күреңкөз қожа сияқты, Игіліктің тасасында жүрген адамдар әрқайсысы өз мінезімен, өз өрісімен жеке көрінеді. Ал, біз жұмысшылардың соңғы аталған үш уәкілінің есте қаларлық өзіндік мінездері мен іс-әрекеттерін көре қоймаймыз. Тіпті ең басты кейіпкерлердің бірі Елизаветаның жеке өз басының қасиеттері мен мінезіне келгенде автор бояуы солғын тартқан. Романның бас кезінде оқушыға үлкен үміт күттірген Сейіт пен Назыкүл образдары еді. Бірақ бұл екеуі оқиғаның кең арнасында кішірейіп кеткен.

Жабай, Назыкүл, Сейіт арасындағы қарым-қатынастар шынайы таза достықты, рухани ерлікті көрсету планында алынған сияқты. Бірақ, оқиғаны басында шиеленістіріп алмағандықтан автордың ол ойы күткен нәтижесін толық бере алмаған. Шынында романның бас кезінде Жабай мен Назыкүл арасында жөнді махаббат болған емеc. Оқушының барлық білетіні ата-ананың құлақ қағысымен, Жабай жараланғандағы Назыкештің бір түршігіп қалатыны ғана. Сондықтан да Жабайдың өзі мүгедек болып қалғаннан кейін Назыкешті бақытсыз еткісі келмей, одан безінуі және Сейітпенен достығы оқушыны тебірентер ерлік болып көрініп тұрған жоқ. Оның үстіне романның ең басында бір кездесіп қалатын осы Жабай мен Назыкүл ұзақ уақыт жоғалып кетіп, кітаптың орта шенінде барып көрінгендіктен екеуінің арасындағы болмашы оқиға ұмытылып та қалады.

Жоғарыда айтылды — автор ескі қазақ аулындағы мешеу заман туғызған жаман мінездерді айқын суреттейді. Бірақ, соның өзін тым шамадан тыс қазбалап, ерінбей тәптештеп, жалықпай суреттейтін сияқты. Көп жерде ондай суреттердің адам образдарын, романның идеясын ашуға соншалықты қажет болып тұрғаны шамалы. Оның есесіне халықтың адалдық, ерлік, достық, адамгершілік, қайырымдылық тағы басқа шынайы қасиеттері Бұланбай мен Жабайдың екі-үш ірі қимылы мен Байжан үйінің меймандостығынан басқа, ой тебірентіп есте қаларлық айқын эпизодтарымен көріне бермейді. Ал шынында да халық бізге ескі өмір таңба етіп салған кейбір жаман мінездерді ғана емес, ең алдымен, тар заманда, озбырлық тепкісінде өз бойында жоғалтпай сақтаған және сол ауыр тұрмыста өзі тапқан талай-талай шынайы халықтың жақсы мінездері мен асыл қасиеттерін әкелген жоқ па? Автор осы екеуінің арасын дұрыс салмақтай алмаған.

Ғабит Мүсрепов жазушылық тәжірибесінде ретті жердің өзінде жалынды публицистикаға бара беретін. Өмірдегі жаман құбылыстарды отты ызалы сөзбен өртей әшкерелеуден гөрі байсалды ащы мысқыл айтып, көбіне кекетіп қана өтетін. Онысынан барып автор өз кітаптарында өмірдегі жауыздықпен қызу арпалысып жүрген күрескерден гөрі сырттан қарап, кекете күліп, саусақпен түртіп көрсететін тосын адамға ұқсайтын. Соңғы романында автор бұл дағдысынан көп арылған сияқты, әйтсе де кей жерлерде ескі салқындықтың ізі бар. Әділ ызасын ақтарып жалынды өшпенділік отымен қаритын жерде әлі де кекесін айтады, не болмаса күрсініп қана қояды.

Жазушының шеберлік әдісіндегі бір кемшілігі аллитерация қуып, сөздің жеңіл, екпінді ырғағымен oй тоқтаттырмай дедектетіп әкететіні. Әдетте прозада дыбыс, ырғақ қуаласа ой жағы олқыланып қалады. «Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонып жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін тіккен жоқ еді. Жаз бойы Құланөтпес пен Құдайменденің кең шиырына сыйыса алмай күнде қанат серпісіп, күнде қамшы сілтесіп қақтығысып келген екі байдың аядай жерге арқа тіресіп қонып жатқандары жай да емес сияқты.

Алшақ жайласып, араласпай араз отыратын екі бай...» Бір қуанышты нәрсе — осы сияқты қызыл cөзге құмарлықтан автор бұл жолы көп арылған. Дыбыс қуалаушылық романда сирек кездеседі.

«Оянған өлке» романы жазушы творчествосындағы аса ірі белес. Бұл шығарма суреткердің ұзақ жылдары ойлануының, ізденуінің, өз халқының өткені мен бүгінгісіне, болашағына толғана ой жүгіртуінің жемісі. Өмірден түйгені, мол көркем сөз тәжірибесінің қорытындысы. суретшілік өрісі, өмірге көзқарасының тереңдеп дамуы жазушыға үлкен эпопеяны сәтті бастауға мүмкіндік берді. Әлі бітпеген бұл еңбек, халық өмірін, ел тағдырын кең қамтуы жағынан, көркемдік шеберлігі, тереңдігі жағынан, құнарлы жасалған ұлттық характерлері, ірі тұлғалы образдары жағынан қазақ әдебиетінде М. Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» романдарына тетелес.

Ғабит Мүсірепов қазақ, совет әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Оның көптеген шығармалары әдебиетімізден, рухани мәдениетімізден келелі орын алады. Мүсіреповтың пьесалары, романдары, әңгімелері әдебиетіміздің үлкен жанрлары проза мен драматургияның санын ғана толықтырып тұрған жоқ, сол жанрларды, өрісін кеңейтіп, жаңа белеске көтеріп тұр.

Қазақ совет әдебиетінің бастаушыларының бірі Мүсірепов жас әдебиет тіліміздің қалыптасуына, дамуына үлкен еңбек сіңірді. Ол өзіндік стиль тауып қана қоймай, халықтың бай тілінің негізінен биік мәдениетті әдеби тіл жасауда, тіл образдарының жасырын сырын ашып, көркем бейне жасауда, яғни тіл құралын шебер пайдалана білуде қазақ жазушыларына елеулі әсер етті. Ғабит тілі классикалық жағынан ғана бай емес, сонымен бірге бояу, сурет, бейне, ой жағынан да әсерлі, бай. Жазушы «Ақан сері — Ақтоқты» драмасында қазақ тіліндегі ақ өлеңнің (ұйқассыз өлең) тамаша үлгісін жасады. «Ақан серідегі» ақ өлеңнің ырғағы бай, екпіні алуан түрлі. Жазушының бұл тәжірибесін ақындар өлеңге жаңа интонация, ритм енгізу үшін, сол арқылы жаңа тың поэзиялық образдарды, ойларды беруге пайдалануларына болар еді.

Ғабит Мүсірепов қазақ халқының мәдениетінің өркендеуіне, оның көркем ойының дамуына елеулі үлес қосқан жазушы. Ғабит шығармаларында аса шебер, құнарлы жасалған Баян, Қодар, Қарабай, Ақан, Науан, Ақтоқты, Қоңқай, Бұланбай, Игілік, Жұман, Байжан, Аманкелді, Кете, Қайырғали сияқты, әр дәуірдің, әр ортаның өкілі — кесек тұлғалар, лирикалық, трагедиялық сырлар, әр түрлі адам тағдыры бар. Бұл жазушының қолы жеткен табысы.

Әрине, Ғабит шығармаларының жақсылық жақтары да, кемшіліктері де жoғapыдa біз сөз еткеннен анағұрлым басым. Жазушы творчествосының негізгі салаларын көпке таныстыру ниетінде жазылған бұл алғашқы еңбек оның бәрін жан-жақты, жете талдау мақсатына жете алмағанын да айтқан мақұл. Біз көбіне жaзyшының азды-көпті уақыт сынынан өткен шығармаларына тоқталдық. Әлі алда да өз тұрғысын, өз сынын айтатын уақыт көп. Ғабит Мүсірепов қазір творчестволық есейген шағында. Жазушының қуантарлық қасиеті — өзіне қатал талап қоя біледі. Кейде бір жазған шығармасына қайта оралады, қайтадан жазады. Мысалы «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Аманкелді» пьесаларын, «Қазақ солдаты» романын автордың екі-үш қайтара өңдеп жазғаны, олардың өңдеген сайын жақсарып, кемелдене түскені көпке мәлім. Бұдан әрі де автор осы жақсы әдетінен жаңылмай, соңғы биігінен кейінгісіне көз тастап өзі байқаған, өзгелер аңғартқан мінін жөндей түседі деген сенім бар. Ал ең негізгісі — жазушының ойлаған жоспарлары, әлі де айтылмаған сөзі, ашылмаған сырлары бар. Алдында тың образдар, соны суреттер, үлкен өмір шындығы — жайлы шығармалар күтіп тұр.

1955


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама