Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Ауыр қаза

Ауыр қаза үстінде сөз айту қиын. Бұл бір семьяның, болмаса бір ғана өнер саласындағы қауымның азасы емес — көптің азасы. Мұхаңның алып шығармаларын, халқының сіңірген азаматтық зор еңбектерін де айтып жатпаймыз. Ол туралы сап зерттеулер болады алда.

Қазақтың жазба әдебиеті жас қой. Осы әдебиетті бастаушылардың бірі Мұхаң еді. Ойлап қарасаң, бір адамың еткен еңбегіне, жеткен биігіне қайран боласың. Осы кісі бірнеше ұрпақтың істейтін ісін атқарып кеткен сияқты. Дүние жүзілік әдебиеттің алтын қорына сол кісінің қолымен «Абай жолын» қосқан жоқ па едік.

Осындай ұстазымыз барын зор мақтаныш етуші едік. Ол шын мағынасындағы мақтаныш. Кейінгі шыққан жастардың шығармалары сәтті болса — ол ұстаздан ауысқан қасиет, алып таланттың шапағаты болатын.

Қазақ халқының үлкен бір мұрасы — тіл ғой. Сол бай тілдің бар асыл қазынасын ақтарып, құлпыртып беріп еді. Көбіміздің-ақ тіліміздегі нәріміз сол кісіден бе деп ойлаймыз. Баршамыз да көп-көп борыштымыз сол кісінің алдында.

Жаңа бір әзірде тұстас досым қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов Фрунзе қаласынан телефон соқты.

Халқымызға көңіл айтып, қайғыға ортақ болды; ол да Мұхаңның сүйікті шәкіртінің, үміт күткен інісінің бірі. Пейілі кең, шарапаты мол Мұхаң өз төңірегіне ғана емес туыстас әдебиеттерге де, сол әдебиетте өсіп келе жатқан жастарға да ұстаз болатын. Азербайжанның Мехти Гусейн бастаған бірсыпыра жазушылары Мұхаңа кітабын әкеліп, ақыл-кәдесін тыңдаған шақтарына куә болып едік. Бүгін солар да бізбен бірге үлкен қазаны азалайды.

Мұхаңды ұзақ сапарға аттандырғалы отырмыз. Алдымызда үлкен ағамыз бар еді, ол бірсыпыра салмақты өзi арқалап келе жатыр еді. Енді сол салмақ бәріміздің арқамызға бөлініп түспек. Әдебиетімізді Мұхаң көтерген биік дәрежеден төмендетіп алмай, сол кісінің биігін алдымызға қатал таразы қып ұстап, аса көрнекті жазушының ізін суытпай қызмет ету, шыбын жанды азапқа салып, бойдағы бар күшімізбен, жан күшімізбен халыққа қызмет ету сол болады да ауыр күнгі айтар сөзіміз.

1961


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама