Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Салт-дәстүр. Әдет-ғұрып. Жөн-жоралғы. Ырым-тыйым. Наным-сенім. Жазылмаған ереже. Қазақ халқы өркениетіндегі осындай ұлттық құндылықтардың сан алуандылығы таңдайды қақтырады. Ал бұл мәдени мұраның елдің бүкіл тірлік-тынысы, қадір тұтатын ардақты жебеушісі, бұзылмас тірегі, ата-бабалар мен өскелең ұрпақты байланыстыратын көпірі болып табылатыны айдан анық. Ежелден елімізде балғын бүлдіршіндірге осы рухани тағылым тумысынан ана сүтімен беріліп, ес білгенінен құлағына құйылса да, қазіргі таңда жастар ата-баба мызғымас заңын бағаламайды, жадына сақтамайды. Өздерінің ұстанымын дәлелдеу үшін тозығы жеткен салт-дәстүрлердің көрнекті өмір даму ағымына ілесе алмайтындығын мысалға келтіреді. Осы өрімдей жастардың айтқаны сенуге келеді ме? Еңкейіп барып батқан күндей әдет-ғұрыптарды ұмытқан дұрыс па?Әлде халық болып өркендеуімізге көмектескен мәдениет элементтерін жандандыру керек пе?
Үндістан премьер-министрі, политик Джавахарлал Неру дәуірден қалған дәстүрлер туралы өз пікірін өсиет ретінде қалдырған: «Өткенмен байланыстыратын өткелдерді сақтау керек, бірақ біздің алға жылжуымыз үшін кері әсерін тигізетін салт-дәстүрлердің құлдығынан қашу керек». Бұл сөзді жоққа шығаруға болмайды. Бұл тұжырымға «қыз алып қашу» мысал бола алады. Дәстүрді дұрыс жорымаған жігіттер қыз келісімін алмай, зорлықпен алып қашып жатады. Бұл қылықтың соңы Қазақстанның қылмыс кодексі, 125 бап, «адам ұрлығы» жайты бойынша 7-12 жылға дейін қылмыскерлердің бас бостандығын айыртқызуына әкеледі.

Халқымыз «бала беру» дәстүрі бойынша балалы отбасы перзентін ұрпақсыз жанұяға беретін болған. Бұл жағдай баланы 9 ай көтерген, туысқандық байланысы бар анаға үлкен соққы болатын. Өсе келе асыранды екенін білген балаға да бұл жағдай оңай емесі анық.
Күнделікті өмір сүру салтымыздан алып тастануы керек ережеге Зейнеп Ахметова қозғаған той мәселесі жатады. Қазақтың әр дәстүрді тойға ілестіруі алқымызды қысады, нағыз өркениет өрнектері бейнесін бұзады, қажетті мен қажетсізді шатастырады.

Салт-дәстүрлердің адамзатқа берер пайдасы зор.Айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай ғибрат маңыздылығы туралы құнды ой сыйлаған: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды». Сондықтан бабаларымыз бағы басым, ғибраты асыл дәстүр-салтымыз  бен тәрбиені ұштастырды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей кейінгі буынға адастырмас тура жолмен жүру, жөн-жосықты білу, ел қамын ойлау, мәрттік, ерлік, қамқоршылық, адалдық, жомарттық, адамгершілік, имандылық, әділдік сынды қасиеттерді дарытып, ұлағатты ұл мен инабатты қызды көкірегіндегі көзін ашып, теріс бағытқа түсірмеген. Мысалы, бір бақытсыздыққа ұшырап, үй-жайын, мал-мүлкінен айырылғанға көрші-қолаң, туған-туысқанның көмек беруін дәріптейтін, көпшілік біле бермейтін «жылу жинау» салт-дәстүрі бұқара халықтың ауыр жағдайдан тез шығуына орасан зор көмек көрсетеді, бірлікке шақырады, ел болып тізе қосуды пайымдайды. Ауылға алыстан біреу көшіп келсе, жергілікті тұрғындар жаңа үйге табақ тартып, қонақасы бергізетін «ерулік беру» дәстүрі  басқа жерден келген кісіні бөтенсімей, жаңа ортаға тез сінісуін қадағалап, бауырмал, көпшіл болуға үйретеді. Алғаш көктеиде күн күркірегенде босағаға ағаш шөміш тигіздіретін «шөміш қағу» жоралғысы табиғатты қастерлеудің ұрығын себеді. «Халықты қадірлеу- салтты қадірлеу», «Халқың дана болса, салтың сара болады», «Дәстүрі жараспағанның дәм-тұзы жараспайды», «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» сияқты халық даналығы қазақ халқының әртүрлі наным-сенімдерге көп көңіл бөлетінін аңғаруға болады.

Академик Әбдімәлік Нысанбаев мынандай ойын тарқатқан: «Мәдениет пен ғылым саласында қоғам құндылықтарының ықпалы артып отыр. Қазақ ұлтының дәстүрлі құндылықтары мен өзіндік мәдени мұраттары қатты қысымға ұшырауда, сондықтан біз рухани мұраны сақтап қалуға талпынуымыз керек». 

Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпсыз ел әдепсіздік пен берекетсіздікке салынады. Сондықтан ел абыройын бір сүйемге жоғарылататын, дәуірін мейіріне қандыратын, барлық дерттен тазартатын шипалы ем секілді пайдалы , озық салт-дәстүрлерді сақтауда әр адам енжарлық таныспауы тиіс. Ал осы ғасырдың талаптарына сай келмейтін ырым-тыйымдардың жойылуы жүрекке шаншудай қадалса да, бұл өсиеттер «ұмытылуға тиіс дәстүрлер» кемесіне мініп, «тарих» теңізінде жүзе береді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама