Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Дұрыс таңдау – адами арманның биік шыңы

Ілияс Гауһар Абайқызы

Қызылорда облысы

 Жаңақорған ауданы Аққұм бекеті

№221 негізгі орта мектебі 9- сынып оқушысы

 

Өмірде кездескен  қиындықтарды көре жүріп,  дұрыс қабылдаған шешіміміз- ертеңгі күннің бағдаршамы. Өйткені, сенің таңдауыңа қарай өмірдің кілті ашылады. Сол кілт бізді өз ортамызға жетелейді. Олай болса, дұрыс таңдау жасау – адами арманның биік шыңы.

Шешім дегенде бәрінің ойына түсетін бірінші таңдау мамандыққа келіп тіреледі. Мамандық таңдау – маңызды іс. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», - деп Жүсіпбек Аймауытов айтып кеткендей ол – сенің алға қойған мақсатың. Мақсатқа жету- тек жақсы маман болу емес, сол мақсатқа жету жолындағы  сенің адамдық қасиетің мен қажырлылығың. Ал, менің мақсатым – ұстаз болу. Ұстаз – таусылмайтын кен, тоқтамайтын бұлақ. Менің ұстаз болғым келетін себебі, мұғалім қоршаған ортаға, бүкіл әлемге нұр шашып тұратын жарқыраған күн секілді. «Ұстаз... Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі», - деп әлемнің екінші ұстазы Әл – Фараби атамыз айтқандай, бар әлемге өз білгенін үйретіп, қаншама жандарды тәрбиелеп, білім көзін ашқан аяулы жан – ұстаз. Мен де осылай өз еліме, соңымнан ілескендерге ұлттық қадір- қасиетіміздің өзге ұлт өкілдерінен артық тұратын ең құнды ерекшеліктерін таныта алатындай  үлесімді тигізгім келеді. Бұған себеп, соңғы кездері жаңалықты, телебағдарламаларды  қарап отырсаң, ұлттық құндылығымыздың- адами сана-сеніміміздің еуропалық анайы, ұлттық ерекшелігімізге жат әдеттерімен араласып, жартылай жалаңаш киім киген немесе түрлі салпыншақтармен сәндеген жалтырбас қыздарды, сырға таққан жігітерді көрсетіп жатады. Олардың барлығының мектепте оқығаны ақиқат, бірақ ұлттық намыс, ұлттық құндылық дегенді бойына сіңірмегені анық.   Сондықтан мен сабақтан тыс уақытта көне жырлар мен салт-дәстүрімізді оқып, үйренгенді әдетке айналдырып келемін. Өйткені, адамдық құндылық өзіміздің салт-дәстүрімізде терең сақталған деп ойлаймын. 

«Адами капитал – жаңғыру негізі»,- дейді  мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында. Олай болса, адами капиталды дамытуда жетекші қызмет атқаратын мұғалімдік мамандық- менің мақсатым. Менің өмірлік ұстанымым болған бұл мамандыққа, мені қоршаған орта өз үлесін тигізді. Себебі, мен өзімнің аяулы ұстаздарыма қарап, бой түзеп келемін. Олар- өмірдің ақ пен қарасын үйреткен, менің дұрыс таңдау жасап,  дұрыс шешім қабылдауыма себепші болған ұлы адамдар. Ендеше, менің жүрген ортам, мектебім- арманымның алғашқы баспалдағы.            

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біздің келешегіміздің келбеті,өркендеуі біздің шешімімізге байланысты. Сондықтан да дұрыс таңдау жасау - болашағымыздың асқар асуы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама